17Мау

Мұғалімдерге National Geographic сертификаттары тапсырылды

Интернет өмірімізге етене еніп, қай салада болмасын, қатаң бәсекелестік орнаған заманда алған білімді үнемі жаңарту, біліктілікті ұдайы жетілдіру маңызды болып барады. Соның ауанында сапалы, сенімді ресурстарға деген қолжетімділіктің де өзектілігі артты.  Осы орайда, әлемдік деңгейдегі National Geographic журналының қазақстандық редакциясы қалың көпшілікке, оқушылар мен мұғалімдерге шетелдердің озық тәжірибелерін, ғылыми-танымдық материалдарын қолжетімді ету мақсатында бірқатар бағытта жұмыс істеп келеді. Соның бірі – оқу-ағарту, білім беру, медиа саласындағы озық ойлы шетелдік мамандардың тәжірибесін қазақстандық аудиторияға таныстыру.

Осы мақсатпен Қазақстанға шақырылған National Geographic Emerging Explorer 2020 конкурсының жеңімпазы Алишиа Прессел бүгін «Өрлеу» Ұлттық біліктілікті көтеру орталығы» АҚ аясында Алматыда мұғалімдер мен оқытушы-тренерлерге National Geographic-тің ғылыми-танымдық, зерттеу ресурстарын оқу-ағарту ісінде қолдану әдістері жөнінде тренинг өткізіп, өзінің жеке тәжірибелерімен бөлісті.

Іс-шара қорытындысы бойынша курсқа қатысушыларға арнайы сертификаттар тапсырылды.

Алишиа Прессел – АҚШ-тың Флорида штатындағы Джексонвилл қаласының Creekside High School мемлекеттік мектебінде қоршаған орта ғылымы жөніндегі оқытушы болып жұмыс істейтін сертификатталған оқытушы. National Geographic Emerging Explorer конкурсының 2020 жылғы жеңімпазы. Бұл марапат әлемнің түкпір-түкпіріндегі зерттеушілерге планетамызды сақтау үшін қоршаған орта проблемаларын ғылым, білім және көрнекі баяндау (сторителлинг) арқылы қалың көпшілікке жеткізу жолында атқарып жүрген қажырлы еңбегі мен күш-жігері үшін беріледі.

National Geographic Emerging Explorer конкурсының 18 жылдық тарихында оқытушылар арасында осы марапатқа ие болған екінші адам. Ол сондай-ақ National Geographic Society жанындағы Мұғалімдердің консультативтік кеңесінің мүшесі.

Айта кетейік, National Geographic Qazaqstan журналының шақыруымен келген  Алишиа Прессел маусымның 13-і мен 16-сы аралығында Көкшетаудағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары мен мұғалімдері үшін «Young Explorers-2022» зерттеу курсын өткізді.