15Нау

Текетірес

Ареалы тарылған жабайы шимпанзелер Киямаякадағы үйге жақындап келеді.

Адамзат пен шимпанзе қақтығысқа түскен Уганда ауылдарының бірінде фотограф үрей мен қайғыға, ақыр соңында, мойынсұнушылыққа куә болады.

Мәтін мен фото авторы: Ронан Донован

Мен бұл суретті Уганданың батысындағы ауылдың бірінде, қараусыз қалған үйдің терезесінен түсірдім. Бақылап тұрғанымда аулаға бірінен соң бірі екі шимпанзе келді. Олар терезеге мұқият үңілгенімен, әйнектің арғы бетіндегі мені көре алмайтынын біліп тұрдым.

Алдыңғы далалық жұмыс кезінде мен көптеген жабайы шимпанзені жақын қашықтықтан бақылағанмын. 2017 жылға дейін шимпанзелерден ешқашан жасырынып көрмеппін.

Бұл менің Семата отбасын кездестіргенге дейін, яғни азық-түлік тапшылығының адам мен примат арасында тартыс тудыра алатынын өз көзіммен көргенге дейін болды.

Ес білгелі мен өзімді табиғат аясында еркін сезінетінмін. Университеттен соң сегіз жыл бойы далалық биолог қызметін атқарып жүріп, Йосемит ұлттық паркіндегі таңдақты ірі жапалақты, Африка жағалауындағы су сүтқоректілерін, Уганданың Кибале ұлттық паркіндегі шимпанзелерді зерттедім. Приматолог Ричард Рэнгемнің ұзақ мерзімді зерттеу жобасы жабайы шимпанзенің мінез-құлқын түсінуді мақсат ететін.

2011 жылдың басым бөлігін мен адами ортаға үйренген шимпанзелерді бақылаумен өткіздім. Бізде қорқу деген атымен жоқ еді.

Алайда, Рэнгемнің Кибаледегі зерттеуі растағандай, адам мен шимпанзенің мінез-құлқы жағдайға қарай өзгереді екен. Біз секілді шимпанзелер де әлдебір тамақ көзі жоғалса, жаңасына үйренеді. Шимпанзе – өз территориясын басқа жан-жануардан қорғайтын, азық талғамайтын мақұлық. Олар агрессияны түсінеді. Үйретілген шимпанзеге тас лақтырсаңыз, әдетте, ол кері лақтырады. Ірі немесе көп болмасаңыз, шимпанзе сіздің де ізіңізге түсіп, артыңыздан қуалауы мүмкін. Мүмкіндік туа қалса, олар жемтігін аулаудан да кетәрі емес.

Угандада алты жыл далалық биолог болып жұмыс істеген мен елге тұмса табиғат һәм қоршаған ортаны қорғау фотографы болып оралдым. Бүгін менің алдымда жаңа миссия тұр – National Geographic райтері Дэвид Куаммен екеуіміз адамзат пен шимпанзе арасындағы қақтығысты баяндап жүрміз.

Киямаяка ауылы «Кибале» зерттеу жобасынан алыс жатқан жоқ. Бірақ, оның төңірегіндегі шимпанзелер адамға басқаша үйреніскендей әсер қалдырады. Олар күнделікті кездестіретін адамдарға аса сақ. Мұндағы шимпанзелер адам көршілерін бәсекелес көреді екен. Ауыл шаруашылығы үшін жергілікті орман оталғандықтан, олар адам еккен егінмен қоректенуге мәжбүр. Ымырт үйіріле олар үйлердің маңына жақындап, қолға тигеннің бәрін асай бастайды да, тойған соң 20 шақты ағашы бар титтей тоғайда тасаланады.

Мен суретке түсірген үй Омухереза мен жұбайы Нтегека және төрт жеткіншегі бар Семата отбасына тиесілі. Нтегека приматтардың аулаға келіп, терезесінен үңілетінін және үй ішін біраздан бері шошытып жүргенін айтты.

Ал 2014 жылдың 20 шілдесінде ақылға сыймайтын оқиға болды. Нтегека бақшада жұмыс істеп жатқанда, шимпанзенің біреуі қасында ойнап жүрген балаларының кенжесін – Муджуниді ұрлап қаша жөнеледі. Артынан қуған ауыл тұрғындары екі жасар баланың қансыра­ған денесін жақын маңдағы бұтаның астынан тауып алады. Ауруханаға бара жатқан жолда ол көз жұмады.

Айлар жылдарға ұласып, шимпанзелердің шабуылы толастамады. Ақыры, Семата жанұясы қолын бір сілтеді. Олардың үйі бағалы иелік болғанымен, 2017 жылдың тамызында олар оны тастап кетті. Отбасы уақытша баспанаға көшкен соң, көп ұзамай, мен оларды көруге бардым.

Семата отбасындағы трагедия – адам мен шимпанзе арасындағы қақтығыстың ең сұмдығы. Менің суреттерім сол оқиғаны баяндауға сеп болды. Осындай жағдайларды ескере отырып, суреттерім өзгерістерге, яғни қақтығыс­ты болдырмау үшін шимпанзелерді көшіруге сеп болады деп үміттенемін.

Омухереза мен Нтегека бос үйдің кілтін маған беріп, онда сурет түсіруге рұқсат етті. Иығымды тіреп, біраз күш жұмсауыма тура келсе де көптен бері ашылмаған есік ішке кіруіме кедергі келтірген жоқ. Бірнеше терезенің әйнегін шимпанзелер сындырып кеткенін маған Нтегека айтқан болатын. Қараңғы әрі шаң бөлмеде тұрғанымда, Муджунидің тағдырын ойлап, оның әке-шешесі терезеден шимпанзенің жүзін көргенде қайғылы оқиғаны қайта-­қайта бастан өткергенін елестеттім.

Отбасының қараусыз қалған үйінің сыртында бас қосқан шимпанзелер әйнектегі өз бейнелеріне қыр көрсетуде.


Жергілікті үкімет пен халықаралық ҮЕҰ өкілдері фермерлерді шимпанзелермен қатар өмір сүруге шақырғанымен, оның қалай екенін біле бермесе керек. Мен тәуекелге барып, Семата отбасының шимпанзе келгенде, яғни үйдің ішінде өздерін қалай сезінгенін байқап көргім келді.

Шимпанзенің келгенін күтіп, екі терезенің арасында біраз жүрдім. Бір кезде ауланың бір бұрышында отырған шимпанзені көзім шалды. Көп ұзамай шимпанзелер үнсіз жинала бастады. Көңіл-күй құбылып сала берді. Екі аяғымен тұрған жасөспірім еркегі бір уыс көкті жұлып алып, үйге қарай бет алды. Жылдамдығын үдете отырып, үйге жүгіріп жетті. Бұталарды тастай салып, еңсесін көтеріп, бірден үйдің бір шетін өкшесімен соққылады. Тарс-тұрс! Үй сілкінді.

Дәл сол сәтте ерлігін паш еткісі келген альфа еркегі – топтың ең ірі аталығы қолын әрі-бері бұлғаңдатып тұрды да, жерден тас алып, лақтырып қалды. Тас үйге дәл тиді. Бұл шимпанзелердің әйнектегі өз бейнесіне қыр көрсетіп жатқаны еді. Ақырында, күн ұясына батқанда, олар орманға оралып, маған үйден шығуға мүмкіндік туды.

Қол жеткізген суреттерімді шимпанзелермен қатар бейбіт өмір сүруге шақырған әлгі басшылармен бөлісуге асықтым. Бірақ, суреттерді Семата от­басына көрсетуге дәтім бармады.

Ақыры, 2017 жылдың қарашасында, олармен соңғы рет кездескенімде, Нтегека менен шимпанзелердің суретін сұрады. Телефонымдағы суреттерді көрсетуіме тура келді. Ол қарқ-қарқ күліп алып: «Құдайым-ау, олар адамнан аумайды, – деген соң, мен басқа суреттерді де көрсете бастадым, – мына кішкентайынан басқасының бәрін танимын, мына төліне қараңызшы, терісі не деген ақшыл», – деді ол. Содан соң, отбасы маған жаңа жер телімі мен үй соғуға арналған үйілген кірпішті мақтана көрсетті. Олар қайта үй соқпақшы екен. Нтегеканың күлкісінен олардың жаңа өмірге толықтай бетбұрғанын байқадым.


National Geographic әлем кереметін паш етіп, қорғауды өзіне міндет еткен қоғам. 2014 жылдан бері ол зерттеуші Ронан Донованның жобасын қаржыландырып келеді. Монтаналық тұмса табиғат фотографы Донован – кинорежиссер, суретші әрі альпинист.

Құрметті оқырман, National Geographic Qazaqstan журналына жарияланған басқа да материалдарды оқығыңыз келсе, мына телефон арқылы жаздырып алуыңызға болады: +7 771 050 91 77