30Нау

Шоқанның Қашқар сапарының керуені жасақталған қыстау

 XIX ғасырдың ортасында атақты Семей көпесі мен Ресей империясының саяхатшы-топографтары Шоқан Уәлихановтың құпия миссия арқалаған экспедициясын Қашқар сапарына дайындаған бір қыстақтың тұрған орнын бүгінгі тілмен айтқанда, GPS-координат түрінде келер ұрпаққа қалдырды. Өлкетанушылар бірнеше жыл бұрын осы деректі тауып, бар екенін білгенмен, қайда екенін ешкім таба алмай жүрген сол жерге жол тартты.

Фото: Владимир Боровинский

Ресей империясының қызметіндегі екі инженер 1850 жылдардың көктемгі күндерінің бірінде Семей маңындағы қазіргі Абай облысының жерлерінен өтеді. Бұл уақыттары топографтар бүкіл Орталық Азияны аралап, егжей-тегжейлі карта жасау үшін әрбір километрді өлшеп, тіркеген болатын. Енді жақсылап тынығып алу керек. Жолаушылар әдетте Сергиополь сауда жолының бекет-қосындарына тоқтайды. Сондай қосындардың біріне жақын маңда қалаға аты мәлім көпес, Семейдегі тәшкендіктердің басшысы, қонақжайлығы аңызға айналған Мирқұрбан Аюповтың қыстауы орналасқан. Сондықтан бұлар да Бұқаштың (Аюпов іс жүргізудегі табандылығы, ақылы мен сұңғылалығы үшін ел арасында Бұқаш аталып кеткен) қыстауына тоқтап, тынығып алуды жөн көреді.

Жолаушылар оның қонақжайлылығына сүйінгені соншалық,  ризашылықтарын айрықша іспен білдіруге ұйғарады. Сөйтіп, көпеске оның қыстауының координаттарын есептеп береді. Ол кездері мұндай ерекше сыйлықпен мақтана алатындар кемде-кем еді.

Фото: Владимир Боровинский

Миркурбан Аюповтың меценаттығы, сол кезеңде аймақтың алдыңғы қатарлы саудагерлерінің бірі болғандығы, кедейлерге көмектесіп, дарынды балаларға қолдау көрсеткені мәлім. Оның үйіне Шоқан Уәлиханов, Федор Достоевский, Александр Врангель, белгілі ғалымдар мен ақындар қонақ болған. Ол өз үйі орналасқан татар слободасындағы өзен жағасында екі самалдығы бар қос мұнаралы сарт мешітінің құрылысын қаржыландырды. Бұл – 1800-1811 жылдары салынған Семей қаласындағы алғашқы мұсылман мешіттерінің бірі. Аңыз бойынша ол осы «Бұқаш-мешіттің» арнайы бөлмесінде Мұхаммед пайғамбардың екі тал қасиетті шашын сақтаған. Мешіт жүз жылдан астам уақыт қызмет етіп, 1937 жылы қиратылды.

Бір таңғаларлығы, Семей тарихында Мирқұрбан Аюповтың бірде-бір суреті немесе басқалай кескіні қалмаған. Есесіне, қыстауының координаттары көрсетілген құжат мұрағатта сақталып қалыпты.

Өткен заманның дәйегін жеткізген осы құжатты өлкетанушы, «Прииртышье» өлкетану қоғамының негізін қалаушылардың бірі Виктор Кашляк туған қаласы туралы кезекті кітапты дайындау үшін мұрағат деректерімен жұмыс істей жүріп тауып алады да, өз пікірлестеріне көрсетеді. «Іздегенге – сұраған» демекші, дәл сол уақыттары туған өлке тарихына қызығушылар Шоқан Уәлихановтың Қашқарияға жасырын экспедициясы дайындалған Бұқаш қыстауының орнын іздеп жатқан болатын. Қыстаудың анық болғаны, Бұқаштың жиі барып, көп уақытын сонда өткізгені белгілі болғанымен, қыстаудың орны дәл қай жер екенін ешкім нақты білмеді. Міне, сол жұмбақтың шешімі бір жарым ғасырдан кейін табылып отыр. Өлкетанушыларға координатты GPS-навигаторға салып, жолға шығу ғана қалды.

Айта кетейік, «Прииртышье» өлкетану қоғамы» қоғамдық бірлестігі 2004 жылы құрылған. Бұл – барлық бос уақытын туған өлкесінің құпиялары мен деректерін ашуға жұмсайтын энтузиастардың бірегей тобы. Олар көне жазбаларды, жергілікті тұрғындардың күнделіктерін, газеттерді, мұрағат құжаттарын, спутниктік суреттерді және ежелгі карталарды зерделейді, экспедицияларға шығып, ежелгі ескерткіштерді табу арқылы жаңа туристік маршруттарға жол ашады. Ең бастысы, тапқан олжалары мен жаңалықтарын жұртқа жариялап отырады.  

Мәселен, «Прииртышье» өлкетану қоғамының Бұқаш қыстауына алғашқы сапары 2016 жылдың көктемінде өтті.

Қыстаудың орны қаладан аса алыс та емес, Семейден Абай тас жолымен оңтүстік-шығысқа қарай шамамен 65 км жерде, Арқалық тауының етегінде болып шықты.

«Шығыстың әр тарапына апаратын бағыттар көрсетілген, XIX ғасырдың басындағы карта бар: Қытайға, Ташкентке, Бұхараға бастайтын осы бағыттар мен жол тораптары Семейге жақын маңдағы Балтатарақ ауылы арқылы өтеді де, әрі қарай тарамдалып кетеді. Шоқан Уәлихановты Қашқарға жеткізген Сергиополь сауда жолы қазіргі Алматы тас жолының маңынан өткен. Біздің жолымыз бастапқыда осы көне картамен сәйкесті», – дейді сапардың егжей-тегжейін түсіндірген «Прииртышье» қоғамының төрағасы Марат Сасанов.

Өлкетанушылар барлық сапар мен экспедиция кезінде діттеген жерге барар жолда міндетті түрде аялдамалар жасап, карталарды мүмкіндігінше дәл жасау үшін жерді көзімен сканерлеген XVIII-XIX ғасырлардағы саяхатшылар сияқты әрбір шақырым жолды зерттейді. Мұның бәрі туристік маршруттарды толықтыру, туған өлкенің тарихы мен бірегейлігіне назар аударту үшін істеледі.

Сонымен, Арқалық тауына барар жолдағы 7-шақырымда тұзды көл – Сор көрінеді. Аса үлкен болмағанымен, табиғаты өте көркем.

Өлкетанушылар жолдың 20-шақырымында оң жақ беттен көне үш құдық тапты. Құдықтардың іші-сырты таспен көмкере өрілген. Бұл белгі – осы жермен сауда жолы өткендігінің тағы бір айғағы. Марат Сасанов картадан құдықтар желісін тауып, оларды бір сызықпен байланыстырса, онда ол сауда керуендерінің жолдары қалай өткенін көрсетер еді деп пайымдайды.

Заманауи карталардан мұны енді көре алмайсыз, қазіргі жолдар мүлдем басқа бағытта жүреді.  Дегенмен кей жерлерде асфальт жабыны ата-бабаларымыздың сауда-саттық тіршілігі қайнаған, өткен заманның әлеуметтік-қаржылық тамырлары сияқты ескі сүрлеулердің үстіне төселген.

Семей қаласынан 23 шақырым жерде, жолдан 5 шақырым қашықта осы өңірге аты мәлім болған Хазірет Ишам сүйегі жерленген, жергілікті тұрғындар оны әулие санайды.

Фото: Андрей Куряшкин

Бейітпен бір қоршау ішінде үй бар. Онда бір бөлме, екі төсек, әрдайым таза көрпе-жастық, отын-су бар. Бірақ мұнда ешкім тұрмайды, өйткені үй арып-ашып сапар шеккен кез келген жолаушыға арналған. Үйдің күтімін, керек-жарағын жергілікті тұрғындар сайлап отырады, ал Хазірет әулие үйіне қонғанның барлығына батасын береді. Сондықтан жұрт мұнда маңызды істердің алдында дұға етуге, тілек тілеуге келіп тұрады.

Фото: Андрей Куряшкин

Тағы екі шақырымнан кейін, Балтатарақ ауылының маңында өлшемі 50 де 50 метрге дейінгі төртбұрыш пішінді төрткүлдің ізін көруге болады. Биіктеу жерде орналасқан бұл керуен сарайда саудагерлер өз тауарларын сақтаған. Сарайдың есіктерін тіреген ақ кварцты екі тас сол қалпы кіреберісте жатыр.

Діттеген жерге таяғанда, Семей қаласынан 40 км ұзағанда, оң жақтан Мұқыр өзені көрінеді, ал оның биіктеу жағасында біраз тарихтың сырын бүгіп, күмбез түріндегі екі саман мазар тұр.

Негізгі локацияға жете бергенде өлкетанушылар арнасын тау етегінен тартқан тап-таза Қушықбай бұлағына кезікті.

Әйгілі Семей көпесі Мирқұрбан Аюповтың қыстауы – 4 құрылымнан тұратын қараусыз қалған қоныс. Үйлердің іргетасы зерттеушілерге жергілікті тұрғындар қарапайым жайлылықты қалай жасағаны, қандай ыдыс-аяқты пайдаланғаны, суды қайдан алып, малды қалай жайғаны туралы «баяндап» жатыр. Өлкетанушылар қыстаудан шеткерірек жерден жергілікті қызыл граниттен өрілген қорымдар тапты.

Ең бастысы, өлкетанушылар жасөспірім жігіт кейпінде Аягөз ауылының маңында саудагерлерге қосылған Шоқан Уәлихановтың құпия экспедициясы қай жерде дайындалғанын көрді.  Керуен тауап тиелген 101 түйе мен 65 жылқыдан тұрды. Мирқұрбан Аюпов жас этнографтың сапарын толығымен қаржыландырды. Сондай-ақ Уәлихановтың Қашқарияға кедергісіз кіруіне және ол жақтан аман-есен оралуына септігін тигізген аңыз ойлап табуға көмектесті. Осы аңыз бойынша, ғалым жас кезінде туған жерінен бала күнінде кетіп, енді қайта оралып жатқан 17 жастағы қашқарлық Әлімбай кейпіне енді. Бұқаштың Уәлихановты экспедицияға дайындаудағы көмегі ұшан-теңіз. Сол үшін де оны 1860 жылы патша үкіметі марапаттаған. Виктор Кашляктың кітабына енген мұрағат құжаттарында:  «Семей көпесі Бұқашқа ортаазиялық иеліктерге өз есебінен керуен аттандыруға ерік білдіргені үшін хорунжий шенін және мойынға тағу үшін владимир лентасындағы медаль» деп жазылған.

Мирқұрбан Аюповқа 10 жылдан кейін осы сыйлықтарға қоса, Алжан тауындағы 1 мың десятина жер учаскесі өтеусіз пайдалануға берілді, бұлар кейіннен XIX ғасырдың соңындағы карталарда көрсетілген.

 Оның қыстауы орналасқан аймақтың табиғаты керемет пейзаждарға бай емес, ал ландшафтта көз тоқтатар ештеңе жоқ.  Арқалық таулары – жылқы үйірлері еркін жайылатын аласа жоталар.

Фото: Владимир Боровинский

Жерүсті іздеу әдісімен және металл детекторының көмегімен табылған олжалар – сақиналар, ат әбзелдерінің элементтері, ыдыс-аяқ сынықтары, фарфордан жасалған ыдыс-аяқ таңбалары, өте көп асық  XVIII-XIX ғасырлардағы жергілікті тұрғындардың өмірі туралы мәлімет береді. Алайда әуесқой археологтарды екі ерекше олжа көбірек қуантты. Соның бірі – диаметрі бір метрге жуық шойыннан жасалған қазан. Осы қазанда  Бұқаштың қызметшілері жиі келетін қонақтар үшін ет асқан болуы әбден мүмкін.

Екіншісі – XIX ғасырдың 60-жылдарындағы Қашқар шақасы. Оның мұнда қалай келгенін тек болжауға болады. «Қашқардың жабықтығына» байланысты мұндай ақша іс жүзінде сыртқа шығарылмағандықтан, өте сирек кездесетін бұл жәдігер нумизмат үшін керемет олжа болып саналады. Табылған тиын – қытайлық цаньның ұйғыр баламасы, шамамен 1864 жылы құйылып, Шыңжаңның солтүстік және шығыс аймақтарында 1867 жылы қашқарлық Якуб-бек жаулап алғанға дейін айналымда болған.

Фото: Владимир Боровинский

Бәлкім, бұл шақаны Семей көпесінің кезекті бір қонағы дастарқан басынан тұрғанда түсіріп алған шығар. Ол тіпті Қашқар қаласының билеушісі Хакімбек Зурдунның өзі болуы да мүмкін. Ресми деректерге сүйенсек, ол Семей қаласындағы көпес-сарттың үйінде жиі болған. Демек, қазақ жеріндегі досының қала сыртындағы қыстауына барам десе де ешкім кедергі емес еді.  

Айтпақшы, Бұқаш қыстауының орналасқан жері оның 50 шақырымға дейінгі кеңістікті көзбен шолуға мүмкіндік беретіндігімен де ерекшеленеді. Сондықтан көпес жолаушыны қыстауына келмей тұрып-ақ алыстан көріп, қонақ қамына алдын ала дайын болатын еді. Мәселен, жолаушы жеткенше самауыр да қайнап тұрады.

Автор: Альбина Халел, журналист

Абай облысы Семей қаласы