21Мау

Сұлтан үпі

          Сұлтан үпі жерасты мешіті – Маңғыстау өлкесінің киелі орындарының бірі, діни сәулет өнерінің ескерткіші. Ол Таушық ауылынан 30 км солтүстік-батыс бағытта, Форт-Шевченко қаласының солтүстік-шығыс жағынан 57 км жерде Сарытас шығанағына таяу, Сұлтан үпі сайының жиегінде орналасқан.

          Сұлтан үпі сайы Сарытас бұғазына жақын жерде ұзындығы 5 шақырымға созылып жатыр, әрі қарай теңізге ұласады. Сай терең әрі тартымды, түбінен жылғалар ағады. Сол себепті де шілденің шіліңгір ыстығында да қоңыр салқын болып тұрады. Бұл арада Маңғыстаудың басқа аймақтарында көп ұшыраса бермейтін бірнеше флора өкілдері кездеседі. Сай іші бабажапырақ, шатқал, мойыл, бүлдірген, таңқурай, майда қатран, палас жуасы, жалынгүл, тұт секілді әртүрлі шөптер мен баттауықтың қалың бұталарына толы. Өсімдіктердің қаулап өсуіне сайдың әктасты, борлы қабатынан ағып жатқан бұлақтары да себеп. Бұл көгалды тауешкі, қарсақ, түлкі, қара кірпі, су қарақұсы, ала торғай секілді көптеген аң-құс түрі өз мекеніне айналдырған.

          Сұлтан үпі сайының жыралы жартастары, жиектеріндегі шатқалдары мен көк шалғынының тамаша үйлесімі көз сүйсіндіреді. Осы сайдан 3 шақырым қашықтықтан теңіз жағалауының көркем көрінісі ашылады.

          Сайдың жоғарғы ұшпаларынан тас дәуіріне тән бірнеше қорым мен қорғанды кездестіруге болады. Тереңдеу жерлерде ежелгі қоныс орындары бар.

          Сұлтан үпі құдығы – жардан ойып салынған түбектегі ең тұщы, ең мөлдір, ішуге жарамды таза су. Тереңдігі 10-12 м. Стиліне қарап ғалымдар  оны XIX ғасырда салынған деп бағамдайды, алайда нақты кім қаздырып, ашқаны жайлы ақпарат жоқтың қасы. Аса шеберлікпен жасалған құдықты қоршаған тастар біртегіс, жоғары қарай тарыла, тегістеліп салынған.

          Оның қасына салынған осы жердің басты нысаны – Сұлтан үпі жерасты мешіті діни сипаты бойынша XIII-XV ғасырларда салынған сопылардың ғибадатханасына ұқсайды. Ол жердің тастақ қабатынан ойылып салынған. Мешіт сол кездегі бірден-бір құрылыс материалы ұлутастан қаланған. Әркелкі өлшемдегі өңделмеген тастардан тігінен қаланған арнайы баспалдақ бірден биік күмбезді залға түсіреді. Қабырғасының биіктігі 3 м-ге дейін жететін залдың пішімі – тіктөртбұрыш. Залдың солтүстік қабырғасында да ойығы бар, тар бөлмеге апарады. Мешіт бірнеше камералық бөліктерден – 11 бөлмеден тұрады. Ал бөлмелердің ішінде тіреп тұру мақсатында бірнеше тастан қашалған бағандар тұрғызылған, төбесі жарық түсуге ыңғайланып ойылған. Бізге жеткен деректер бойынша осындай тамаша сәулет өнерін Хайролла есімді сопы тұрғызған.

          Қорым 1982 жылы, ал ол орналасқан табиғи сай 1993 жылы жергілікті дәрежеде мемлекет қамқорлығына алынды.

Сұлтан үпі деген кім?

Ел аузында тараған аңыз-әңгімелерге сүйенсек, Сұлтан үпі адамзатты су апатынан құтқарушы. Тасқын болса, күн күркіресе, адамдар осы кісінің атын атап, «Сұлтан үпі, сақтай гөр су апатынан» деп жалбарынған деседі. Аңыз бойынша Сұлтан үпі бір кездері Маңғыстауға қонақ болған Қожа Ахмет Иасауидің  шәкірттерінің бірі болған, ал деректер ол шамамен 12-13 ғасырларда өмір сүрген Сүлеймен Бақырғани – Хакім атаның баласы екенін айтады.

          Сұлтан үпі табиғи сайы мен ондағы діни-тарихи құрылыстар – еліміздің көрнекті мәдени мұрасы. Орта ғасырлардағы сәулет өнеріне куә болып, неолит дәуірінен келе жатқан тарихи орындарды тамашалап, шөлдегі шұратты көргіңіз келсе, Сұлтан үпі сайы таптырмас мекен.