20Июл

Мұхиттар мен өзендерде балық қырылуына не себеп?

Балықтардың жаппай қырылуы табиғи жолмен де жүреді. Бірақ бұл құбылыстың бүкіл әлемде жиілеп кетуі адамдардың кесірінен, дейді ғалымдар. Бұл нәубеттің себептері қандай, біз оның алдын алу үшін не істей аламыз?

Германияның Рюген аралындағы Клейнер Жасмундер-Бодден жағалауындағы қамыс арасында өлі балықтар қалқып жүр (2022 жылдың қыркүйегі). Балықтардың бұлай қырылуы көп жағдайда оттегі деңгейінің төмендігінен болады.  Фото: ДЕНИЕЛЬ МЮЛЛЕР, AGENTUR FOCUS/REDUX

Маусым айында Техастың оңтүстік-шығысындағы жағажайлар өлген балықтарға толып, шіріген өлекселерге жыртқыштар үймелей бастады. Техас саябақтары мен жабайы табиғат департаментінің мәліметі бойынша, көп ұзамай жағалауда «ұсақталған қаңқалар» ғана қалды.

Бұл апат – ғалымдар мен экологтардың дүние жүзіндегі өзендер мен мұхиттардағы балық денсаулығына қатысты алаңдаушылығын тудырған бірнеше жаппай қырылу оқиғаларының біреуі ғана.

Балықтардың өлімі құрғақшылық секілді төтенше ауа-райынан не балдырлардың гүлдеуінен кейін табиғи түрде де болуы мүмкін. Бірақ сарапшылардың айтуынша, әдетте мұндай нәубетті бақылауда ұстап тұратын экожүйелерді адамдар аяусыз бұзып жатыр. Соның салдарынан әсіресе жергілікті балықтардың тіршілік ету ортасы зардап шегіп, суы уланып, жаппай қырылу жиілеп жатыр.

Балықтардың қырылуы деген не?

Техас жаппай балық қырылып жатқан жалғыз жер емес. Наурызда Аустралиядағы Дарлиң Баака өзенін де өлген балық қаптады. Көптеген жерде миллиондаған өлексе тығыз жиналып қалғаны сонша, тез шіріген еттен көгеріп кеткен су әрең көрінді.

2023 жылғы маусым айы, Техастың Куинтана жағажайы. Мұндағы балық қырылуына таяз сулардың жылынуы, суды оттегімен қанықтыратын толқындардың аздығы және су астындағы өсімдіктердің фотосинтезіне кедергі келтірген бұлтты күндер себеп болды.
Фото: QUINTANA BEACH COUNTY PARK, HANDOUT/ANADOLU AGENCY/GETTY IMAGES

Техаста да, Дарлиң Баакта да, басқа көптеген жерлердегі секілді, балықтар тұншығып өлді. Аустралия ұлттық университетінің су экономикасы, қоршаған орта және саясат орталығының директоры Квентин Графтон: «Түптеп келгенде балықтар суда оттегі жетіспеуінен қырылып жатыр», – дейді.

Барлық балықтар бірдей тұншыға бермейді. Графтон жергілікті балықтардың тез әрі жиі қырылатынын, ал олардың орнын неғұрлым төзімді инвазивті түрлер басып жатқанын айтады. Осылайша мұндай апат биоәртүрлілік дағдарысының күшеюіне ықпал етеді. Қоршаған ортаны қорғаумен айналысатын жаһандық 16 ұйымның 2021 жылғы есебіне сәйкес, тұщы судағы балық түрлерінің үштен бірі жойылу қаупінде тұр.

Дарлиң Баакта өлген балықтардың көпшілігі – жергілікті сүйекті майшабақтар, олардың өлексесін инвазиялық тұқы балықтар қорек еткен.

Су ағынының бұзылуы

Көбіне өзендердегі оттегі тапшылығына адамның қоршаған экожүйеге араласуы себеп болады. Графтонның жақында жүргізген зерттеуіне сәйкес, Дарлиң Баактағы су көлемі күрт азайған, бұл негізінен өзен суын суару үшін пайдаланатын шаруашылықтардың суды шамадан тыс алуынан болған.

Графтонның айтуынша, мұндай шамадан тыс су жинау экстремалды ауа райына осал,  «сырқат» өзендерді қалыптастырады. Осы жылдың басында балық популяциясының өсуіне түрткі болған Дарлиң Баактағы су тасқыны жоғарыда атап өткен құбылыстың айқын мысалы. Тасқын топырақты, шіріген өсімдік қалдықтарын шайып әкеліп, өзенде бактериялар мен микроорганизмдерді күрт көбейтті. Ал су тартылған кезде бұл бактериялар мен микроорганизмдер өзенді оттегінен айырып, онсыз да саны көп балықтың тұншығуына себеп болды.

Әдетте, оттегі аз суға тап болған балық басқа жаққа жүзіп кетер еді. Бірақ Гриффит университетінің гидрологі Фрэн Шелдон Дарлиң Баактың көп бөлігін үлкен бөгендермен бөгеп тастағандықтан, балықтардың қамалып  қалғанын айтады.

Жаңа Оңтүстік Уэльс университетінің өзен экологі Ричард Киңсфорд әлемнің басқа бөліктеріндегі адамның араласуынан осындай қысымға ұшыраған өзендердің де жойылып кетуі мүмкін екенін ескертеді. Ол қауіп төніп тұрған экожүйенің мысалы ретінде Колорадо өзенін айтады: өзен соңғы 23 жылда климат өзгерісінен және ауыл шаруашылығы мен ауызсу үшін суды шамадан тыс алудан туындаған қатты құрғақшылықтан зардап шеккен.

«Бүкіл әлемде өзендер төменнен жоғары қарай құрғап жатыр», – дейді Киңсфорд.

Қоректік заттардың  артуы

Адамдардың судан не алғаны ғана емес, оған не тастағаны да маңызды. Мысалы, шаруа қожалықтары мен өнеркәсіптік нысандар тыңайтқыш не қалдықтарды жақын маңдағы өзен-көлдерге жиі тастайды, ол балдырлардың гүлдеуіне әкеледі. Ал балдырлар өлген соң, бактериялардың қорегіне айналады. Бактериялар балықтарға «тиесілі» оттегіні азайтып, су жануарларының тұншығуын үдетеді.

Мәселен, өткен жылдың ортасында Польшадағы Одер өзенінің бойындағы тоғандардың жергілікті шаруашылықтар мен кәріз жүйелері қоректік заттары бар қалдықтарды суға тастағаннан кейін уланғаны анықталды. Шенеуніктердің пайымдауынша, қалдықтар алтын балдырлардың гүлдеп, мыңдаған балықтың қырылуына әкеп соқтырды, сөйтіп Польша мен Германия жүздеген тонна шіріген етті судан шығаруға мәжбүр болды.

Жоғары температура

Балықтардың қырылуының тағы бір себебі – температураның артуы, бұл көбіне климаттың өзгеруіне байланысты. Уеллиңтондағы Виктория университетінің климат зерттеушісі Джеймс Ренуик жылы суда оттегі аз болады деп түсіндіреді.

Температураның жоғарылауы өзендерде де, мұхиттарда да балықтарды өлтіруі мүмкін, бірақ Ренуиктің айтуынша, ол әсіресе теңіз балықтарына қауіпті. «Әдетте теңіз температурасы көп құбылмайтындықтан, балық шаруашылығы температураға өте сезімтал», –дейді ол. Соңғы төрт онжылдықта теңіз бетінің орташа жаһандық температурасы Фаренгейт бойынша шамамен 1,8 градусқа артты. «Жер бетіндегі температураның бір градусқа өзгеруі жаһандық мұхиттың көптеген бөліктерінде үлкен мәселе», – дейді Ренуик.

Температураның көтерілуіне байланысты оттегінің азаюы бүкіл әлемде (балықтарды) жаппай өлімге әкелді. Өткен жылы Жаңа Зеландияда ақсерке өсіретін фермалар су температурасының тез көтерілуінен зардап шекті, бұл фермерлерді мың тоннадан астам тұншыққан балықты жақын маңдағы полигондарға тастауға мәжбүр етті. Сол сияқты, маусым айында мыңдаған балық Техас шығанағы жағалауын «күміс кілемге» орады: оларға да мұхиттың кенет жылынуынан ауа жетпей қалған.

Уланған су

Дегенмен, балық өлімінің ең негізгі себебі – химиялық немесе уытты  заттармен ластанған су.  Бұл қоршаған ортаны қорғау жүйесі нашар елдерде жиі кездеседі. Мысалы, өткен наурызда Мадагаскар үкіметі Rio Tinto тау-кен компаниясына Мандромондромотра өзеніне қышқылмен және алюминиймен ластанған жүздеген миллион литр ағын су төгуге рұқсат берді. Бірнеше күннен кейін мыңдаған балық өзара жалғасқан көлдердің жағасында жайрап жатты. Бұл оқиға балық аулаумен күн көріп отырған жергілікті қауымдастықтарға ауыр соққы болды.

Алайда заң үнемі апаттың алдын ала бермейді. 2019 жылдың тамызында Индиананың солтүстік-батысындағы болат зауыты Кіші Калумет өзеніне цианид пен аммиак тастап, мыңдаған балықты өлтіріп, қоршаған ортаны қорғау туралы заңдарды бұзған болатын.

Болашақта балық қырылуын қалай болдырмауға болады?

Сарапшылардың айтуынша, балық қырылуын шектеу үшін адамдар өзен  және мұхиттармен өзара әрекеттестігін айтарлықтай өзгертуі қажет. Графтон мен Киңсфордтың пікірінше, бірінші кезекте адамдардың  өзен-көлдерге төгетін заттарын бақылау және олардан алынатын су мөлшерін шектеу керек. Сол арқылы адамзат пен олар тәуелді экожүйелер арасында неғұрлым орнықты қарым-қатынас орнату қажет.

Ал Ренуик екінші кезекте климат өзгерісіне қарсы күресті жеделдету керектігін айтады. «Егер біз жылымықтың жалғасуына жол берсек, теңіздегі ыстық толқындар кеңейіп, күшейе түседі, ал бұл өлім-жітімді көбейтеді, – дейді ол. – Біз қазба отынды тұтынуды дереу немесе  мүмкіндігінше тез тоқтатуымыз керек, өйткені жаппай қырылу секілді мәселелер әрі қарай тек ушыға бермек».

Авторы: Пит Маккензи

Қазақшаға аударған Нұржауған Мұқанова

Мақаланың түпнұсқасын мына сілтемеден оқуға болады: Fish are dying of suffocation in oceans and rivers. What’s causing it?