18Шіл

Маңғыстаудың тұт бағы. Қаңға баба. Ағаспайыр

National Geographic түрлі себептермен Қазақ даласына тап болып, осынау ұланғайыр өлкенің ғажайыбын тамсана хатқа түсірген, тұмса табиғатын суретке айналдырған шетелдік тұлғалардың еңбектерін таныстыруды жалғастырады. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – ХІХ ғасырда өмір сүрген поляк халқының тағы бір қоғам қайраткері, жазушы, суретші, публицист әрі баспагер Бронислав Залесский.

Поляк азаттық қозғалысына қатысты ұйымның белсенді мүшесі болған Б.Залесский де қуғынға ұшыраған. Түрмеге қамалып, жер аударылады, кейіннен саяси сенімсіз адам ретінде сот үкімімен Орынбор жеке корпусының құрамындағы шеп бойы батальонына қатардағы жауынгер ретінде жіберіледі (қысқаша өмір дерегін осы материалдың соңғы бөлімінен оқуға болады). Ал бұл кезде, яғни ХІХ ғасырдың 40-50 жылдары Ресей патшалығы Орталық Азияға өктемдік орнатуды көздеп, аймаққа ішкерілей ену үшін бар күшін салып жатқан еді. Ол осы Орынбордағы әскерде жүріп, бірнеше экспедицияға қатысады. Соның бірі – Қаратау экспедициясы.

1851 жылдың 27 сәуірінде тау-кен инженері А. Антипов басшылығына тағайындалып, құрамында Б. Залесский бар Қаратау экспедициясы Орсктен Новопетровск бағытында жолға шығады. 28 мамырда Новопетровсктен Хиуа жолында орналасқан Қаратауға бет алған экспедиция құрамына Тарас Шевченко да келіп қосылады.

Қаратау экспедициясында.
Сол жақтағы бірінші Б.Залесский. Т. Шевченко, 1851 ж.  

Қаратау экспедициясы туралы сөз еткенде, оның негізінен қалың оқырманға Т. Шевченко мен Б. Залесскийдің суреттері, мәтіндері арқылы танымал екендігін айту қажет. Алайда экспедицияның нақты бағытын айқындап, жүйелі зерттеу оңай іс болмағандығын айта кетуіміз керек. Кейінгі жылдары, негізінен ХХ ғасырдың екінші жартысында Қаратау экспедициясының жүріп өткен жолын, тоқтаған тұрақтарын зерттеп, зерделеуде маңғыстаулық танымал тарихшы, өлкетанушы – Есбол Өмірбаевтың (1916-1988) орасан еңбек сіңіргендігін жеке атап өткеніміз жөн. Ол – экспедиция жұмысы басталған Форт-Шевченко қаласында ұзақ жылдар мұғалім, мектеп директоры, 1962-1982 ж. Т.Шевченко музейінің, ал 1982-1988 ж. Форт-Шевченкодағы Маңғыстау этнографиялық музейінің директоры қызметтерінде еңбек етіп, өңірдің географиясын жетік білген азамат. Маңғыстау тарихы жайында қайраткердің ұзын саны 100-ден астам мақаласы жарық көрген.

Қаңға баба

Қаратау экспедицияның алғашқы тоқтаған жері – Новопетровсктен 4 верст (4,2 км) қашықтықта орналасқан Шүйлі шатқалындағы тұщы бұлақтар болды. Таң ата экспедиция қайта жолға шығып, Новопетровск бекінісінен шығысқа қарай 30 шақырымдай қашықтықта орын тепкен Қаңға баба аталатын жерге келіп тоқтайды. Бұл жердегі  Қаңға баба табиғат және мәдениет ескерткіштер кешені X-XVIII ғасырлардың аралығын қамтиды. Шатқал кішігірім жасыл жазира. Қаңға баба маңайының ертеректегі сипатталуына қарағанда, мұнда жергілікті қазақтар ерекше қадір тұтқан тұт ағашының үлкен шоғыр тоғайы болған.

Экспедиция мүшелері өз сапары барысында тек көмір кенін іздеумен ғана айналыспай, жергілікті халықпен де ұдайы кездесіп, олардың аузынан өңірге қатысты аңыз-әңгімелерді, тарихи оқиғаларды жазумен шұғылданды. Осыған байланысты Б. Залесский мынадай мәлімет қалдырған: «Жазира перзенттері өмірінің еріксіз куәгері ретінде олардың тіршілігін қалауымша бақыладым. Олардың аузынан шыққан жүйрік қиялдарының жемісіндей кейбір ертегілерін тыңдадым. Бұл жазбада мен өзім байқаған кей жайлардың және жинап қағазға түсірген аңыздардың бір бөлігін ғана ұсынып отырмын…».

Ал Қаңға баба кешеніне қатысты: «Осынау ғасырлар бойы жасап барып қураған ағаштарға жақын жерде Қаңға баба үйінің [мешіт кешені] орны жатыр. Бұл сайға ол кісінің есімі берілген көрінеді. Кішкене-кішкене он шақты бөлмесі бар бұл үй тастан салынған. Бөлменің ең үлкені ортасында орналасқан. Қабырғада қуысы бар бұл бөлме кезінде иесіне дәріс өткізетін немесе намаз оқитын орынның қызметін атқарса керек… Бұл орын қазір де әулиелі жер саналады. Осынау қирап жатқан ескі үйдің іргесіне жүрелеп отыра қалып, дұға оқып отырған діндарлар мен шөгіп жатқан бірнеше түйе соның куәсіндей… Ештеңе өспейтін шөл далаға жан бітіру үшін жасаған осынау еңбегі үшін-ақ оның рухына табынуға тұрардай» деп жазған.

Шөлді өңірдің ортасындағы шұратта дамылдаған Б. Залесский өзінің «Қаңға баба» деп аталатын офортымен қатар, кешеннің табиғатына, көненің көзі болған ескерткіштеріне жіті мән берген. Залесскийдің назар аударған нысандарының бірі – қазақ зираты. Ол туралы зерттеуші еңбегінен: «Жақын тұрған жоталар мен ары қарай созылып жатқан жазықта көптеген мола бар. Шамасы, қазақтар соңғы сапарға аттанар алдында ұрпақтарына өзін әулиеге жақын маңға жерлеуді тапсыратын болса керек» деген деректі кездестіреміз. Б. Залесскийдің жасаған бұл пайымы дұрыс, өйткені шынында да халқымызда дүниеден қайтар алдында қасиетті деп тапқан орындарға жерлеуді өсиет ету дәстүрі кездеседі.

Қаңға баба кешенінде бір күн болған экспедиция 30 мамырда таң атысымен Қаратау сілемдерін бетке ала жолға қайта шығады. Тоқтаусыз 12 верст (12,8 км) жүріп өткен соң, Құдық қыштым аңғарына жетіп дамылдайды. Келесі күні 35 верст (37,3) қашықтықты артқа тастап, Апазир (дұрысы, Апажар) аңғарына жетіп орнығады. Бұл жазық Батыс Қаратау тау сілемінің оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан аумақ. Жазықты Б. Залесский: «Маңғыстаудың ұсақ төбешіктері мен әктасты жыра-сайларының арасында жатқан бірнеше жазықтық осылай аталады… Бұл далада жусанның көп өсетіні соншалық – ауаның өзі кермек татиды» деп суреттеген. Тіпті, әрбір қазақтың жанына жақын, жусан исі мүңкіген туған жер тақырыбына байланысты жергілікті халықтың аузынан естіген бір аңызды да жазып қалдырған.

Жүгері мен тары еккен жұрт

Бронислав Залесскийдің Апажар жазығында назарын аударған тағы бір жәйт табиғаттың қаталдығына, судың тапшылығына қарамастан жергілікті қазақтардың аз да болса егін салуы еді. Ол туралы автор былай баяндап кеткен: «Апазир [Апажар] жазығында аз да болса өңделген жерлер кездеседі, ал таулы жерлерде ол көбірек ұшырасады. Қазақтар мұндай егістіктерде негізінен Хиуадан әкелген тарыны, сонан соң бұл маңда «жүгері» деп аталатын қонақ жүгеріге ұқсас дақыл егеді. Жүгеріден жарма даярланады… Маңғыстаудың күйіп тұрған күні жылына егісті екі дүркін салуға мүмкіндік береді. Әрине, ол үшін су мол болып, үнемі суғарып тұру қажет. Қазақтар осынау игілік жолында мол тер төгумен бірге, кішкентай егістігі үшін тау бұлақтарының әр тамшы суын далаға жібермейтіндей суландыру жүйесі жөнінде кереметтей білгірлік те көрсете білді. Осылайша олардың арықтары жер нәрін кемі 6-8 шақырым жерге дейін жеткізіп, тау етегіндегі жазықтықты да пайдаланады».

31 мамырда Апажар жазығына жеткен Қаратау экспедициясы, таскөмір кенін іздей отырып, оның аумағын үш апта ішінде тұтасымен кезіп шығады. Б. Залесский 1851 жылы 10 маусымда Апажар жазығынан өз досы Зыгмунт Сераковскийге жазған хатында келесідей мәліметтерді келтірген: «Жолда құдықтан құдыққа дейін қашық емес 25, кейде небәрі 10 немесе 12 верст Людвигпен [Турно] бірге, көп шалдықпастан, салт жүріп отырдық. Киіз үйіміз бар, онда Тараспен және топографпен бірге тұрамыз, себебі Тарас бізбен бірге тау-кен жұмыстарына бөлінген солдаттар қатарында.., біз мұндай серіктестікке өте разымыз…».

Осылайша, экспедиция мүшелері Апажар жазығында таскөмір кенін анықтау мақсатында бірнеше ұңғымалар жасаған. Олардың жекелегендерінің ізі күні бүгінге дейін сақталған.

22-23 маусымда экспедиция 42 верстке жуық қашықтық жүріп өтіп, Ағаспайыр аңғарына келіп тоқтайды. Жолшыбай қазақтардың бірнеше көшін кезіктіреді. Сол жерде Залесский Ағаспайыр бейітін жүйелі суреттеп, хатқа түсірген. Кесенеге қатысты оның келесідей жазбасы сақталған: «Маңғыстаудың ең бір айтулы бейіттерінің бірі – Ағаспайыр күмбезі. Күмбез тұрған жазықтықты Ақтау жоталары әдейі ортаға алып тұрғандай, жан-жағынан қоршап тұр. Бұл жердегі молалардың көптігінде есеп жоқ, тек біз суретімізде солардың ең бастыларын бейнелеуге тырыстық. Бұлардың басқалардан ерекшелігі – құрылыстың алдыңғы жағына ою-өрнектер көтеріңкі бедер түрінде түсірілген де, кереметтей бір ашық бояумен әрленген. Бұл маңның үрдісі бойынша күмбездер қашалған тастан жиналып, құм, топырақ және әкпен мызғымастай қып бекітіледі. Сыртынан өңделген үлкен-үлкен әктастармен қоршалады… Бұл ескерткіштердің төбесіне міндетті түрде ойық, шұңқырша қалдырылады…». Осылайша, ХІХ ғасырдың ортасында Маңғыстау жерін аралаған Б. Залесский оның тұрғындарының аңыз-әңгімелерінен бөлек, жергілікті ескерткіштердің сәулетіне де мән берген. Қылқаламымен бейнесін түсіріп, қағазға жазбаша сипаттамасын қалдырып отырған.

Ағаспайыр бейіті. Б. Залесский. La vie des Steppes Kirghizes, 1865 ж.    

24 маусымда экспедиция Ағаспайыр аңғарын тастап, ол жерден 50 верст (53.3) шамасындағы Сиырсу (деректерде, Сюн-кукх аталатын) деп аталатын жоталар арасындағы орынға келіп тоқтайды. Мұнда Шевченко, Залесский мен Турно жергілікті халықпен сұхбаттасып, төңіректі зерттейді. Экспедиция Сиырсу аумағында екі аптаға тұрақтайды.

6-7 шілдеде Қаратау экспедициясының мүшелері Көгез аңғарына келіп, ол жерді бірнеше күн тұрақ етеді. Ал 8-9 шілдеде Қаратау сілемдерінің ең биік нүктесіне көтеріліп, жергілікті тұрғындармен кездеседі. Арада екі күн өткен соң, 11 шілдеде Бронислав экспедицияға қатысушыларға хат-хабар әкелу мақсатында Новопетровск бекінісіне аттанады.

Шілденің алғашқы жартысында экспедиция Қайрақтау, Ақмыштау және Шерқалада болады. Залесскийдің еңбегінде Шерқала туралы да мәліметтер берілген. Ол бүгінгі Шетпе ауылының маңында орналасқан Шерқала қырқасы. Шерқала өзінің сыртқы формасы бойынша төңкерілген кесеге (трапеция) ұқсайтындықтан, оның ерекше сыртқы көрінісі жергілікті халықтың көптеген аңыз-әңгімелеріне себеп болған. Бұл туралы Залесский өз көргендерімен үйлестіре отырып былай деп жазған: «Қазақ аңызына қарағанда, тау басында бекініс болған көрінеді. Ол жау қоршауында қалып, көп уақыт берілмей қояды, тек дұшпандар таудың астын үңгіп, қорғаныстағылардың құдыққа түсірген шелектерінің арқанын кесіп, оларды шөлден қатырады…Таудың әр тұсынан бір кезде салынған басқыштың ізі байқалады. Бор сияқты жұмсақ жер қыртысын қашап басқыш жасау әрине, қашан да болса қиынға түсе қоймайды… Ол жерден жақында оқ өткізбейтін ескі сауыт пен бірнеше ұсақ тиындар табылыпты. Шерқаланың сыртқы алып тұлғасы Рим Пантеонына, болмаса сол сияқты ерте дәуірдегі атақты бір ескерткішке ұқсайды…».

Ал сол маңайдың жер бедері туралы: «Аппақ тауға Ақтау деп қалай дәл ат қойған. Бұл да геологиялық құрамы, сыртқы келбеті жағынан бір-бірінен айырғысыз таулар тізбегі. Бұл өзі бірнеше бөліктері және араларында қазан шұңқырлары бар аспалы қабырғалар сияқты көрінеді. Ол келте болғанмен өзінен биік Қаратауды ортаға алып қоршап тұрғандай… Жеке-жеке тұрған жоталардың әрқайсысының өз аттары бар. Біз суретін салып отырған жоталарды қазақтар Ұзынтау, Ақмыштау, Қайрақтау деп атайды» деген жазбасымен бөліскен.

Экспедиция барысында Бронислав Дәніспан әулиенің қорымымен де танысып шыққан. Бұл қорым қазіргі Маңғыстау облысы Таушық кентінен қашық емес Дәніспан тауының (Ақтаудан 85 шақырым) батыс жағында орналасқан. Аталмыш әулиелі орын туралы Залесский: «Далисман [автор жазбаларында осылай аталады] деген кім болған және оның қай кезде өмір сүргенін ешкім біле бермейді. Қабырғаға жазылған жазуға қарағанда, ол сұлтан болған көрінеді. Ол өзі жерленген жерге таяу тұстағы күн сәулесі төбесінен ғана түсетін бір үңгірде өмір сүріпті. Қазақтар бұл мекенді өте қадірлеп, қасиетті орын ретінде, әсіресе, басына қиыншылық түскен сәтте, оның басына келіп құрбан шалады. Ыстан қап-қара болған үңгір қабырғаларына қарап, мұнда ондай құрбан шалудың жиі өтетінін байқауға болады…» деп жазған болса, әулие сөзінің мағынасына үңіле отырып: «Әулиелік туралы түсінік әрдайым кісілік қасиетке келіп тіреледі. Батыр атану үшін ерекше қара күштің, айла тәсілдің, кейде ақылдылықтың қажеттігі шарт болса, әулие болу үшін керісінше, өз өмірінің бар қызығын құрбан етіп, ел игілігі үшін жанын аямайтын болуы керек…» деген мәлімет келтірген. Осы ақпаратты жазу барысында Б. Залесский әулиенің басына барып, онда жүрген адамдармен немесе әулие туралы хабары мол жергілікті тұрғындармен кездесіп, сұхбаттасқанын, пікірлерін тыңдағанын аңғару қиын емес.

Экспедицияның Қаратау сілемдерін теріскейге қарай айналып, батысты бетке алған бағытында қазіргі Бейнеу ауданындағы Тұрыш құмын, бүгінгі Маңғыстау ауданы жеріндегі Құлат тауын басып өтеді. Одан кейін зерттеу-барлау тобы Тарла аңғарына келіп тоқтайды. Сол жерде экспедиция үш аптаға тұрақтап, таскөмір қорының бар-жоғын анықтау мақсатында аңғардың жер қыртысын барлайды.

 Экспедицияның Тарла аңғарынан кейінгі жолшыбай тоқтап, хаттаған нысандардың бірі – Долы апа мазары. Қазіргі Ақтау-Қаражанбас тас жолының 95 шақырымында орналасқан бұл орынға экспедиция 1851 жылы тамыздың алғашқы жартысында келеді. Б. Залесский бұл мазардың суретін бейнелеп, қорымға байланысты мынадай ой қорытқан: «Бейіттердің мұндай үрдісі тек Маңғыстауда ғана бар шығар, себебі бұларға ұқсас зираттарды даланың еш жерінен кездестірмедім».

Тарла аңғарынан жолға шыққан зерттеу тобы Каспий теңізіндегі Қошақ шығанағына жетіп, өз жүктерінің бір бөлігін су көлігімен Новопетровскке жөнелтеді. Соңынан, кері бұрылып құрлық жолымен сол бағытта жүріп отырады. Тамыздың соңында экспедиция аттас құдықтар мен жерлеу орындарында орналасқан Үдек және Бөрілі шатқалдары арқылы бастапқыда болған Қаңға Баба кешеніне оралып, онда он күн тұрақтайды.

7 қыркүйекте Новопетровск бекінісіне келген Қаратау экспедициясы өз жұмысын аяқтайды. Осылайша, құрамында Б. Залесский болған Қаратау экспедициясы 1851 жылдың 28 мамыры мен 7 қыркүйегі аралығында Маңғышлақ түбегінде зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жалпы ұзындығы 400 шақырымдай қашықтықты жүріп өткен. Қазіргі әкімшілік-аумақтық бөлініс бойынша экспедиция Маңғыстау облысының Түпқараған, Маңғыстау, Қарақия және Бейнеу аудандары аумақтарында зерттеу жұмыстарымен айналысқан.

Маңғыстау бағы. Б. Залесский. La vie des Steppes Kirghizes, 1865 ж.  

Экспедиция мүшелері Новопетровск бекінісіне оралған соң, Б. Залесский онда 19 қыркүйекке дейін болып, уақытты барынша пайдалы өткізуге тырысады. Бекіністе жүріп ол көрген білгендерін қағазға бейнелеп, қосымша жазып отырған. «Маңғыстау бағы» және «Маңғыстау жыралары» жазбалары соның дәлелі бола алады.

Б. Залесскийді әсіресе оқшау жартастан алыс емес әктастардың жарықшағына өскен тұт ағаштарынан құралған шағын орман таңғалдырады. Оған мынадай жолдарды арнаған: «…жүз шамасындағы тұт ағашы бар. Көпшілігінің сыртқы бітімі қызық. Оларды кімнің отырғызғанын ешкім де білмейді…Новопетровск бекінісінің салынуына байланысты адамдар осы бір жасыл мүйісті өздері үшін кәдеге асырғылары келіп, тастардан кертіп кенерлер, кішкентай көпіршелер, тіпті әктастың үлкен кесегін ойып, отырғыштар жасаған. Сөйтіп еш жерге ұқсамайтын ғажайып бақ жасалып, оған Александр бағы деген атау берілген».

Залесский суреттеген бақ жергілікті тұрғындар арасында «Дубский бағы» атауымен танымал. Бақ Форт-Шевченко қаласынан солтүстікте он шақырымдай қашықтықта орналасып, алғашында[XIX ғ. басы] бұл бақ Разуманов деп аталған. Бекініс пайда болған соң, бау-бақша Өтепберген Қаңлыбаевтың қолына өткен. Біраз уақыттан кейін, Ресейден қоныс аударып келген орыс шаруасы Белунин Өтепбергеннен бұл жерді сатып алып, оны кеңейтіп, бассейн салып, бағбандықпен қатар көкөніс өсірумен де айналысқан. Баққа 1884 жылы ірі балық өндірісінің қожайыны Захар Дубский ие болып, мұнда саяжай салады. Кеңес билігінің алғашқы жылдарында саяжай қараусыз қалып, балалар үйінің иелігіне берілген. Соңынан нысан «С. Киров атындағы бақ» деп аталып кеткен. «Дубский бағы» Т. Шевченконың да бірнеше суреттерінің салынуына арқау болған. Осылайша, Б. Залесскийдің жекелеген жазбаларын өлкетану саласындағы салмақты дерек көзі ретінде де қолдануға болады.

Поляк қайраткерінің қазақ даласын суреттеуі Қаратау экспедициясы маршрутынан әлдеқайда кең болғандығын жеке атап өткен жөн. Оның «Қазақтардың киелі ағашы», «Ырғыз өзені» атты жазбалары сөзімізге дәлел бола алады. Мысалы: «…суретте бейнеленген бұл өсімдік – Ор өзенінің Жайық өзеніне құяр сағасында орналасқан Ор қамалынан Арал теңізінің жағасына дейін, мөлшері мың шақырымдай жерде ұшырасқан жалғыз ағаш. Ол Висла өзенінің бойында кең тараған терек ағашының бір түріне жатады. Татарлар «сидерик агач» деп атайтын, бұтағына әртүрлі шүберектен «ақтық» байлап, «безендірілген» мұндай киелі ағаштарды Орта Азияның әр жерінен кездестіруге болады. Олар [қазақтар] киелі ағашқа ақтық байлау бақыт әкеліп, ауру сырқаудан қорғайды, өмір жасын ұзартады деп ойлайды» деген мәлімет берген. Киелі ағаш тақырыбына қатысты Б. Залесскийдің қазақ халқының бойында ежелден бар діни жоралғыны аңғарып, «ақтық байлауды» дәл сипаттағандығын айту қажет.

Қырғыздардың [қазақтардың] киелі ағашы. Б. Залесский. La vie des Steppes Kirghizes, 1865 ж.

«Ырғыз өзені» офортында Торғай өзенінің қазіргі Ақтөбе облысы аумағындағы оң жақ салаларының бірі Ырғыз өзені бейнеленген. Алайда, жазба мәтіні тек Ырғыз өзенімен ғана шектелмей, жалпы Батыс Қазақстан аумағындағы өзендердің ерекшелігіне арналған. Шөл және шөлейтті аумақтарды кесіп өтіп, төңірегіне тіршілік нәрін сыйлайтын өзендердің маңызын Б. Залесский былайша сипаттаған: «Осынау жалаңаш та, жабырқау далаға жан кіргізіп, көгалдандыратын да осы ірілі-ұсақты өзендер. Олардың жағалаулары тастақты келеді, кей тұстарына өскен қалың қамыс басқа өсімдіктерді күннің көзінен қорғап, өсуіне жағдай жасайды. Ондай жасаң жерлерде дем алып, ат шалдырған жолаушы бір рақаттанып қалады. Мұндай жерлерге Бұқар мен Хиуадан шығып Троицк немесе Орынбор қалаларына бет алған керуендер тоқтап, қазақтармен сауда жасайтын көпестер шатырларын құрып тастап, жайланып жатады. Қазақтар өзен жағалап көшіп қонады, ақбөкен мен құлан үйірлері суатқа құлайды, тіпті жағалау бұталарына бұлбұлдар да ұя салады».

Апажар жазығы. Б. Залесский. La vie des Steppes Kirghizes, 1865 ж.

Саяси жер аударылған саяхатшының қазақ жерінде болған уақытында қағазға түсіріп, соңынан өз еңбегінде кең сипаттаған, тақырыптардың бірі – қазақ халқы туралы жазған дүниелері. Қазақтарға қатысты Б. Залесский еңбегінің өн бойында сөз қозғалғанымен, «Қазақтың киіз үйі», «Киіз үйдің ішіне кіргенде», «Қазақ әйелі» жазбалары және жоғарыда сөз болған «Қазақ мазары», «Қазақтардың киелі ағашы» тақырыбындағы мәтіндер даланың иелері туралы мейлінше кешенді ақпарат берген.

Жоғарыда аталған жазбалар «Қазақ даласының өмірі» альбомына еніп, Б. Залесскийдің қылқаламынан шыққан офорттарымен көркемделіп жарыққа шығуы Еуропаның талғампаз оқырманын таң қалдырғаны еш талас тудырмасы анық. Еңбекте көрініс тапқан тақырыптардың бірі – қазақтың киіз үйі. Ол туралы автор: «Көшпелі қазақтар басқа да мал бағып, тіршілік ететін тайпалар сияқты үскірік аяздан, аптапты ыстықтан өздерін қорғайтын, сонымен бірге бір жерден екінші жерге жұрт ауыстырғанда лып еткізіп жинап, тез тұрғыза қоятын баспана ойлап табуға мәжбүр болған. Бұл талапқа олардың киіз үйлері қалтқысыз сай келеді… Киіз үйдің үлкендігі, әрине, оның иесінің дәулетіне байланысты, байлардың кейбірінің үйінің есік пен төрге дейін жиырма қадамдай ауқымды болатыны бар. Көбіне, мұндай үйлерге ақ туырлық жабылып, шығыс үрдісімен оюланған үзік, басқұрлармен әшекейленеді, ішіне кілем тұтылып, түрлі қару-жарақтар мен күнделікті тіршілікке қажетті заттар керегеге ілінеді» деп суреттеген. Осылайша, автор Орталық Азия мен Моңғолияның барша көшпелі жұртына ортақ баспана – киіз үйге ерекше қызығушылық білдіре отырып, оны бейнелеп жазған.

Қырғыздардың [қазақтардың] киіз үйі. Б. Залесский. La vie des Steppes Kirghizes, 1865 ж.    

Ал қазақ халқының қонысы, ежелден келе жатқан әкімшілік-аумақтық бөліністің бастапқы бірлігі, әр қазақ үшін ерекше ыстық мекен – ауыл туралы Б. Залесский мынадай мәліметтерді келтіреді: «Киіз үйлер далада көбіне бір-бірден жетімсіреп жалғыз ұшырасса, бірнешеуі бірігіп, ауыл болып та отырады… Күндізгі ауыл көбіне бейжай… Күн бата ауыл жандана бастайды: отар-отар қой, үйір-үйір жылқы, маң-маң басқан түйелер өрістен қайтып, айналаны шуға толтырады. Төрт түліктің қалың нөпірі басқан осынау шақта қойшылардың айғай-ұйғайлары жиілеп, қой мен бие сауатын қыз-келіншектер ерсілі-қарсылы жүгіріседі. Кісінеген жылқы, маңыраған қой, сызылта боздаған түйенің даусы адамдардың үнімен араласып, батып бара жатқан күн сәулесімен жандана түскен ауыл өмірінің суретіне өзгеше әр беретіндей».

Қазақ халқының шаруашылық ерекшелігіне байланысты маңызды үдеріс көш туралы: «…Өрістің оты [шөбі азайғанда мағынасында] қайтқан кезде олар жаңа жұртқа көшу жайын ойлана бастайды. Ауыл ақсақалдары атқа қонып, жаңа қоныс іздеуге аттанысады. Әдетте, бұл шаруа бірнеше күнге созылады. Қарттар қоныс көріп, қайтып оралған соң ауылдағы еркек атаулы жиналып алып, жаңа жұрттың жайын кеңінен талқылайды, бірақ дала жайын жақсы білетін ақсақалдардың айтқаны көбінде өзгере бермейді. Олар көші-қонға рұқсаттарын берісімен-ақ, ауыл тіршілігінде ерекше қарбалас басталады» деген мәліметтер берген.

ХХ ғасырдың 30-жылдары алапат аштыққа ұласқан ұжымдастыру науқаны барысында қазақ халқы үшін біржола келмеске кеткен өмір салтынан сыр шертетін Б. Залесскийдің мағлұматтары тікелей көзбен көргендіктен, өз шынайылығымен, тек өзіне тән бояуымен ерекше тартымды.

Б. Залесский ұлттық сусынымыз қымыз туралы да жазған. Ол туралы: «Бие сүтінен жасалған қымызды қазақтардың ең сүйікті сусыны, өмірлерінің нәрі деуге болады. Әрбір үйде жылқы терісінен тігілген «саба» деп аталатын үлкен ыдыс болады… Сабаға жаңа сауылған саумалды құйып, жиі-жиі пісе берген соң, дәмі ашыған сүтке ұқсайтын, бірақ әбден күшейген кезінде шампан сияқты бұрқырап, көбіршік ататын сусын дайын болады… Қымыздың құрамында құнарлы заттардың көптігі соншалық – ол көкжөтел сияқты ауруларға мыңда бір ем» деп сипаттап, қымыздың адам ағзасына пайдасы туралы өз пікірін білдірген.

Қазақ халқы ежелден ердің қанатына балайтын атты баптап мінуге, оның әбзелдерін салтанатын келтіре қолдануға үлкен мән бергендігі белгілі. Бұл туралы сал-серілеріміздің өмірінен сыр шертетін көркем туындылар көп. Ал Б. Залесский болса, өзінің нақты көргенін бөліскен. Оның еңбегінде аталған тақырыпта: «Жылқыны, атқа салт мініп жүруді жақсы көретін бұл халық ең алдымен көлігінің әбзеліне көбірек көңіл бөледі. Ер-тұрман олар үшін барлықтың, байлықтың белгісіндей болып безендірілуге тиіс. Ердің алдыңғы қасын көбіне күміс қаптырып өрнектейді, тіпті қолы жеткендерінің тас орнататындары да болады. Жүген, өмілдірік, құйысқан – бәрі де шебер өріліп, шығыс үлгісіндегі өрнектермен безендіріледі» деген жолдарын оқимыз. Қазақ ат әбзелдерінің көркемдігі Б. Залесскийдің жадында берік сақталып қалса керек. Олай дейтініміз, оның «Қазақ даласының өмірі» атты альбомының тысындағы суретте қазақы ер-тұрман көрініс тапқан.

 Қазақ әйелі туралы да автор бірқатар құнды мәліметтер берген. Оның жазбаларында: «Басқа мұсылмандар сияқты қазақ қыздары үйге қамалып отырмайды, оларды көлденең көк аттыдан қызғанатын тәртіп жоқ… Осындай еркіндіктерінің бәріне де қарамастан, әйелдерінің тағдырлары күйеулерінің ашса – алақанында, жұмса жұдырығында деуге болады… Қыздар моншақ, шолпы әсемдік заттарын өте жақсы көреді, кішкене алтын, күміс тиындардан мойнына алқа, шашына шолпы, құлаққа сырға тағып, көбіне білезіктің бір түрін тағып жүреді…» деген жолдар кездеседі. Сонымен қатар, «Қазақ әйелі» бөлімінде Залесский қазақ қоғамындағы көп әйел алушылық, қалыңмал, қызды ұзатудың жөн-жоралғылары және т.б. тақырыптарда да мағлұмат берген.

Есет Көтібарұлы туралы

Б. Залесскийдің еңбегінде жекелеген азаматтардың аты-жөні, олармен жасалған сұхбаттар да көрініс тапқан. Әсіресе, қазақ қоғамындағы қайраткерлігімен аты шыққан Есет Көтібарұлымен (1807-1889) сұқбаты өз алдына бір төбе. Осындай белді азаматпен тарихи кездесуі туралы Б. Залесский мынадай мәлімет келтіреді: «Мен Есет Көтібарұлы деген кісімен бір күн бірге болғаным бар. Дала төсіне есімі кеңінен мәлім, осы бір дәуірдегі әйгілі кісі… ұзақ уақыт орыс билігін мойындамағандықтан, оны әскери отрядтар тектен тек іздеп, біраз әуре болған еді. Ол әрдайым тез тайқып, өзін таптырмай, орнын сипатып кете беретін…».

Б. Залесский  батырмен кездескенде оның күресі аяқталып, патша билігіне мойынсұнған кезі еді. Ол батыр туралы ақпаратында мынадай жазба қалдырған: «Өзіне [Есет батырға]барлық атақтарының ішінен батыр деген сөз қаттырақ ұнайтындықтан, оны ағайындары осылай атайтын. Есет өз руының салығын жинайтын, басшылық ететін көсемі әрі дау-дамайды шешетін әділ соты, яғни биі болған. Ол серігіміз екеумізді аға-бауырларымен және барлық ет-жақын ағайындарымен бірге Шығыстың дархан қонақжайлылығымен, ақ жарқын пейілімен қарсы алып, үйіне кіргізді де төрге отырғызды… Оның айтқан бейнелі сөздерін былайша өрнектеуге болар: «Адам ішінде не бары беймәлім сандық тәрізді… Сандықты ашып көрмей тұрып, ішіндегісін білу қиын. Адамның басында қандай ой, қандай хикмет жатқанын да әңгімелескенше білу қиын, демек сөз деген адам жанының кілті».

Қос тұлғаның ұзаққа созылған әңгімесі, философиялық ой-толғаулары тек алдарына ас келгенде ғана саябырсыған екен. Қонақтар үлкен асқа құрмет көрсетіп, қазақ дастарқанының этикетін ұстанғандары туралы да жазған.

Қазақ арасында ұзақ жүрген Б. Залесский халықтың музыканы ерекше жақсы көретіндігі туралы да айтып өткен. Осы тұрғыда: «…жұртшылықтың шын жақсы көріп, қарсы алар қадірлі қонағы – жыршы-жыраулар. Олар мұнда көп-ақ, дала әдебиеті солардың көкірегінде қатталып қойылғандай. Бұл халық музыканы жақсы көріп, кез келген сәтте оны көңіл қойып тыңдай біледі» деген жолдары бар.

Б. Залесский қазақ жерін аралаған ХІХ ғасырдың орта тұсы халық музыка өнерінің қаймағы әлі бұзылмаған кезең еді. Қазақтың ұстанған өмір салтына сай ұшы-қиыры жоқ кең далада ақын-әншілер саяхаттап, өнерімен қалың жұртшылықты тәнті ететін. Б. Залесскийдің еңбегінен жыршы-жыраулардан өзге қиссашы, ертекшілер туралы да деректерді кезіктіреміз. Солардың бірі – ертекші Мырзақай туралы. Автор оның ертеректе шыр бітпеген кедей болғандығын, бірақ өзінің ертегілерінің арқасында мал жинағандығын, халқына қадірлі болғандығын тілге тиек еткен. Ал оның сырт бейнесін: «Мырзақай кең маңдайлы, жайдары жүзді жас жігіт…» дей келе сөзін: «…ол бұл ертегілерді қарттардан ұғып алғандығын айтады» деп жалғайды. Б. Залесский ертекші Мырзақайдың аузынан: «Батыр Шора туралы» және «Көгұлы туралы» аңыздарды жазып алып, өзінің еңбегіне қосқан. Осылайша, Залесский халқымызда ежелден бар ертегі жанры туралы да мәліметтер береді.

Қаратау экспедициясы аяқталып, Орынборға қайтқан Б. Залесский қалаға 1851 жылғы қазанның басында жетеді. 1856 жылы араға сегіз жыл сала Б. Залесский туған жеріне оралу мүмкіндігін алады. Бұл сүйінші хабарды Т. Шевченкоға 9 маусымда жазған хатында Зыгмунт Сераковский жеткізген.

Алпауыт империяда жүріп жатқан саяси үдерістерге көңілі толмағандықтан ба, әлде өзге де факторлардың ықпалымен бе, 1860 жылы Бронислав Залесский демалысқа шетелге кетіп, сол кеткеннен Ресейге оралмайды.

Бронислав Дрезденде, Рим мен Парижде өмір сүріп жатқан кезеңде, ХІХ ғасырдың 60 ж. ішкі және сыртқы саясаттың ықпалымен оның тарихи отанында жаңа көтерілістің алғышарттары қалыптаса бастайды. Б. Залесский Польшаның саяси егемендікке қол жеткізуін қызу қолдаушылардың қатарынан табылып, шетелдегі өмірі кезеңінде эмиграциядағы поляк зиялы орталарымен тығыз әріптестік орнатады. Өз заманында баспагер, жазушы, тарихшы әрі қоғам қайраткері ретінде кеңінен танылады.

Қазақ жерінде болған уақытта жинаған дүниелерін, атап айтқанда салған суреттерін, сұхбаттары мен аңыз-әңгімелерін жүйелеп, 1865 жылы «La vie des Steppes Kirghizes» (түпнұсқадан аударғанда «Қазақ даласының өмірі» мағынасында) атты альбомын Париж қаласында жарыққа шығарады. Осылайша, өзінің қандастары Густав Зелинский, Адольф Янушкевич сынды қазақ халқын, оның тіршілігі мен салт дәстүрін, материалдық және рухани мәдениетін еуропалық жұртшылыққа танытуда орасан зор еңбек атқарады.

Бронислав Залесский.
М. Баймұхан, Ж. Каринбаев. Қазақ – поляк байланыстарының тарихы танымал тұлғалардың мысалында, Варшава, 2021. 147-б.  

Елінің азаттығын аңсаған күрескер

Тұлғаның айдаудағы кезеңі мен шетелдегі өміріне, шығармашылығына қатысты мәліметтер мол болғанымен, оның шыққан тегіне, балалық шағына қатысты деректер аз.

Бронислав Франчишек Залесский 1820 жылы (жекелеген дерек көздері бойынша 1819 ж.) бұрынғы Минск губерниясының Слуцк уезіне қарасты Вызна елді мекені маңындағы Рачкевиче (пол. Raczkiewicze) деп аталатын жерде, поляк ақсүйегінің отбасында дүниеге келген (осы күнгі Минск облысы, Слуцк ауданы, Рачковичи елді мекені). Өзінің көптеген замандасы секілді алғаш сауатын үй жағдайында ашып, соңынан гимназияда оқыған.

Бронислав өз білім жолын 1837 жылы Дерпт университетінде (бүгінде Тарту университеті, іргесі 1632 жылы швед королі ІІ Густав Адольфпен қаланған) жалғастырады. Залесский білім алған жылдары бұл оқу орны Варшава және Вильно университеттерінің жабылуына байланысты поляк жастары оқыған білім ордаларының біріне айналған-ды. Университет қабырғасында 1828 жылдан бастап «Филоматтар» және «Филореттер» сынды поляк жастары ұйымдарының мысалында «Конвент Полония» атты патриоттық ұйым өз жұмысын бастаған болатын. Студенттік өмірінің алғашқы күндерінен-ақ Бронислав аталған ұйымның жұмысына белсене қатысады.

1838 жылы Шимон Конарскиймен (поляк азаттық қозғалысының өкілі, публицист) байланысты ұйымның мүшелері жаппай тұтқынға алынып, бір бөлігі жер аударылады. Бронислав та куғын-сүргінге ұшырап, екі жылын түрмеде өткізеді. Тергеу аяқталған соң, Залесский полицияның бақылауымен Чернигов қаласына жіберіледі. Саяси айдаудағы уақытын бос өткізбеуге күш салған Бронислав, оқуын Харьков Императорлық университетінде жалғастырып, оны 1842 жылы заңгер мамандығы бойынша аяқтап шығады.

1845 жылы бостандығын шектеу мерзімі аяқталған соң, Бронислав Вильно қаласында тұрақтап, жергілікті поляк ұлт-азаттық қозғалысының өкілдерімен тығыз байланыс орнатады. Сол әрекеті үшін ол патша күзет органдарының қырағы бақылауына алынып, 1846 жылы Брониславтың белсенді қызметінен қауіптенген жергілікті билік оны кезекті рет тұтқындайды. Тергеу жұмыстарының нәтижесінде Залесский сот үкімімен Орынбор жеке корпусының құрамындағы шеп бойы батальонына қатардағы жауынгер ретінде жіберіледі.

1744 жылы Орынбор губерниясы құрылысымен, Ресей оңтүстік-шығыс шекараларын қорғау мақсатында Орынборда және Оралда казак әскерлерін орналастырған-ды. 1801 жылдан Ресей империясының жаяу әскері 14 аумақтық инспекцияға бөлініп, Орынбор инспекциясының әскері аттас губернияның әскери губернаторына бағынышты болды.

1829 жылы өлке гарнизонының полктері мен батальондары Орынбор шептік нөмірлік батальондары болып қайта құрылса, 1839 жылы Орынбор жеке корпусының 26 -шы жаяу әскер дивизиясының құрамына төрт бригададан құралған 15 шептік батальон кірді. Брониславқа келер болсақ, ол 1848-1856 ж. аталған әскери бөлімнің 2, 4 және 9-шептік батальонда әскери қызметін өтейді.

Орынбор ежелден қазақ халқы мекен еткен өңірлердің бірі. Орынборға келген алғашқы күндерден-ақ Бронислав көшпелі өмір салтын ұстанған қазақ халқымен таныса бастайды. Сурет салуға қабілеті болғандықтан, қазақ жеріне ішкерілей енген бірнеше экспедицияларға қатыстырылады. Маңызды тапсырмаларға келер болсақ, алғаш рет Брониславқа 1848-1849 ж. Алексей Бутаков басқарып, құрамына украинның танымал ақыны – Тарас Шевченко енген Арал экспедициясының материалдарын өңдеу ісі сеніп тапсырылады.

1849 жылы 5 қарашада экспедиция Райым бекінісінен Орынборға  оралғанда, А. Бутаков Орынбор жеке корпусының штабына рапорт жолдап, «Арал теңізін сипаттап жазу бойынша жұмыстарды біржола аяқтау» үшін өзіне Т. Шевченко мен Т. Вернерді іссапарға жіберуді, ал Арал теңізі жағалауының гидрографиялық көріністерін өңдеу үшін Т. Шевченкоға көмекке 2-ші батальонның қатардағы жауынгері Б. Залесскийді жіберуді өтінеді. А. Бутаковтың өтінішіне орай әскери басшылық 7 қарашада Т. Шевченконы, Т. Вернер мен Б. Залесскийді экспедиция басшысының қарауына жібереді.

Т. Шевченко мен Б. Залесскийдің осы кезеңде басталған өзара жақын таныстығының соңы берік достыққа ұласады. Танымал суретші Карл Брюловтан бейнелеу ісін үйренген Тарас Шевченко Бронислав Залесскийдің ұстазына айналып, оны офорт өнеріне баулиды. Бұл туралы қос тұлға туралы көптеген естеліктер мен хаттардан оқып білуге болады.

Бронислав Залесский 1880 жылы 2 қаңтарда дүние салып, Францияның оңтүстік-шығысындағы Ментон қаласында жерленген.

Автор: Жандос Қарынбаевқазақ-поляк тарихи байланыстары тақырыбын зерттеуші ғалым, PhD кандидаты