14Қыр

Тағы бір «мінсіз» керік. Бұл жолы тұмса табиғатта кездесіп отыр

Бірнеше апта бұрын ғана Теннесси хайуанаттар бағында да осындай ерекше керік туған болатын. Мұндай құбылыс ғалымдар ойлағаннан да жиі болуы мүмкін бе?   

Намибияда фотоға түсірілген мына «мінсіз» керік  –  АҚШ хайуанаттар бағында туған теңбілсіз керіктен кейін,  бірнеше аптадан соң тұмса табиғатта кездесіп отырған алғашқы теңбілсіз керік.
ЭККАРТ ДЕМАЗИУ мен КЕРІК ҚОРҒАУ ҚОРЫНЫҢ СУРЕТІ

Бұрын-соңды тұмса табиғатта байқалмаған осы ерекше жағдай Намибияның орталығындағы Mount Etjo Safari Lodge жекеменшік қорығында болды. Керіктерді қорғау қорының мәліметінше, гид Эккарт Демасиус шамамен 90 000 акр (364 шаршы км) қорықта сафари кезінде керіктің теңбілсіз шабдар бұзауын көріп қалып, суретке түсіріп алған. Бұл туралы дер кезінде пікір айтуға уақыты болмаған Демасиус фотосуреттерін керік қорғау ұйымына жолдаған.

Тұмса табиғат ветеринары және қордың денсаулықты қорғау жөніндегі үйлестірушісі Сара Фергюсон теңбілсіз керік оқиғасының екеуі де таза кездейсоқтық екенін айтады.  Оның айтуынша, бұл түстің қазір бұрынғыға қарағанда жиі болатындығына дәлелдер жоқ. Бұл жаңалық «әлемнің біртүрлі» екендігінің тағы бір мысалы ғана.

Генетикалық ауытқулар

Осы жаздың басында Теннесси штатындағы Лаймстоун қаласындағы Брайтс хайуанаттар бағында дүниеге келген теңбілсіз керік естеріңізде болар. Оған суахили тілінде «бірегей», яғни Кипеки деген ат қойылған еді. Ал енді осы жолы тұмса табиғатта кездескен ерекше керік Африканың оңтүстігін мекендейтін тағы бір кіші түр – Ангола керігінен байқалды.

Осы екеуінен бұрын, 1972 жылы Токио хайуанаттар бағында теңбілсіз керік болғаны белгілі.

Ғалымдар, соның ішінде Фергюсон да бар, бірыңғай шабдар түс әлі анықталмаған бір не бірнеше генетикалық мутацияға байланысты болуы мүмкін деп санайды.

2018 жылы PeerJ журналында жарияланған зерттеуге сүйенсек, керік теңбілінің белгілі бір аспектілері енесінен төліне беріледі және әлдеқайда үлкенірек әрі дөңгелек теңбілдер тіршілікке бейім жас керіктерге тән болуы мүмкін. Бірақ мұның себебі беймәлім күйінде қалып отыр.

Пенн Стейт университетінің биология профессоры және PeerJ зерттеуінің авторларының бірі Дерек Ли соңғы екі мысал бұл жануарлардың мүлдем теңбілсіз емес, «бір үлкен теңбілді керік екенін» білдіретінін айтады. «Бұл генетикалық ауытқу жануар денсаулығына қалай әсер ететінін айту мүмкін емес.  Бірақ осындай түспен тууы керікке зиянды екені туралы да ешқандай дәлел жоқ, – дейді ол. – Әзірге біздің назарымызда нысан бар, болатынын уақыт көрсете жатар».

Автор: Дина Майн Фарон