24Там

Теңбілсіз керік. Соңғы 50 жылда болмаған құбылыс

АҚШ-та, Теннессидің солтүстік-шығысындағы хайуанаттар бағында туған керікке небәрі бірнеше апта болды. Оған әлі ат қойылған жоқ.

Брайтс зообағындағы теңбілсіз керік
Фото: BRIGHTS ZOO/COVER IMAGES/AP

Керіктерге тән теңбілі жоқ бұл керік шымқай қоңыр түгімен мақтана алады. Бұл құбылыс соңғы 50 жылдан астам уақытта бірде-бір керіктен байқалған емес. Ол өткен айда Теннесси штатындағы Лаймстоун қаласындағы отбасылық меншіктегі Брайтс хайуанаттар бағында дүниеге келген. Теңбілсіз керік туралы соңғы рет 1972 жылы Токио хайуанаттар бағы хабарлаған болатын.

 «Теңбілсіз керік бұзауы, әрине, қызық жағдай. Табиғатта мұндай түсті (керік) ешқашан ешкім көрген емес», – дейді Сара Фергюсон. Ол Керікті  қорғау қорының жабайы табиғат ветеринары әрі денсаулық сақтау жөніндегі үйлестірушісі.

Оның айтуынша, жануардың осы түсі бір немесе бірнеше гендегі мутацияға байланысты болуы мүмкін. Алайда Шығыс Африкада тіршілік ететін түршеге жататын керіктің мына жаңа туған төлінде медициналық қиындықтардың немесе генетикалық кемістіктің ешқандай белгісі жоқ.

Брайтс хайуанаттар бағының директоры Дэвид Брайт кішкентай керіктің енесі Шенна 9 жаста екенін, оның бұған дейін туған үш бұзауы да теңбілді болғанын айтады. Оның айтуынша, хайуанаттар бағындағы керіктер қатарын толықтырған мына төлінің туғандағы салмағы шамамен 190 фунт болған. Тек түсінің таңдандырғаны болмаса, ветеринарлар оны «сап-сау әрі қалыпты» деп бағалады.

Теңбілі неге жоқ?

Генетика жануарлардың түсіне әртүрлі жолмен жиі әсер етеді. Ақ түсті керік тұмса табиғатта бұрындары да кездескен. Сондай екеуі 2017 жылы Кениядағы қорықта байқалған. Бұл жануарлардың тері жасушаларындағы пигменттерді өндіруге кедергі келтіретін лейкизм деп аталатын генетикалық ауруы болған.

(Толығырақ: Браконьерлік қысымға ұшыраған пілдер азу тістерінен айырылуда)

«Теннессидегі теңбілсіз керікке қатысты мұның қандай да бір генетикалық мутацияға немесе мутацияларға байланысты болуы мүмкіндігінен басқа, әзірге мәлім түсіндірмесі жоқ, – дейді керіктерді сақтаумен айналысатын коммерциялық емес ұйым – Anne Innis Dagg қорының тұмса табиғатты қорғау биологі Фред Беркович. (Оқыңыз: Мына керіктер неліктен бірыңғай ақ?)

Теңбілсіз керік туралы соңғы белгілі жағдай –Токиодағы Уэно хайуанаттар бағында 1972 жылы дүниеге келген Тосико есімді жануар, деп хабарлайды CBS News. Брайттың айтуынша, әлгі жирафтың енесі бірнеше жыл бұрын тағы бір теңбілсіз төлді дүниеге әкелген.

«Ішінде 9 керік те бар, 126 түрге қатысты 700-ден астам жануар мекендейтін Брайтс хайуанаттар бағы өзінің Facebook парақшасында жұртшылықтан керік бұзауының төрт ықтимал атауына дауыс беруді сұрады. Сөйтіп бірінші күні-ақ 17 000-нан астам дауыс жинады», – дейді Брайт. Төрт үміткер есім бар, бәрі де суахили тілінде: Кипеки (бірегей), Фирали (ерекше), Шакири (ол ең әдемі) және Джамелия (ғажайып сұлудың бірі).

Теңбілде тұрған не бар?

2018 жылы PeerJ журналында жарияланған зерттеу керік теңбілінің белгілі бір аспектілері енесінен төліне берілетінін анықтады. Мысалы, теңбілінің  дөңгелектігі мен тегістігі (бұл техникалық тұрғыдан «иректік» деп аталады) қаншалықты дегендей. Сондай-ақ зерттеу авторлары әлдеқайда үлкенірек әрі дөңгелек теңбілдер сірә да өміршеңдігі жоғары жас керіктерге тән болуы мүмкіндігін атап өтті. Алайда «бұл жақсы камуфляж ба, әлде дене қызуын реттеу қабілетінің жетілгендігі сынды басқа да белгісіз факторларға байланысты ма» деген сұраққа әлі күнге жауап жоқ.

Бұл зерттеуге қатыспаған Беркович аталған керік тұмса табиғатта,  медициналық көмектен жырақта туған күннің өзінде де, оның денсаулығына алаңдамайтынын айтады. «Сүтқоректілердегі жылу реттеуші негізгі нәрселер түгінің түсі емес, жүні мен қылшығы», – дейді ол. – Керіктер дене температурасын тұрақты түрде бірнеше градусқа көтере алады… Олар терлемейді. Керіктерді ағаш саясынан көруіміздің бір себебі осы –  олар дене қызуын белгілі бір шекте ұстағысы келеді».

Оның айтуынша, тіпті камуфляждың болмауы да керіктің тұмса табиғатта қолайсыз жағдайда қалғанын білдірмейді. Өйткені жас керіктердің арыстандардан өлу көрсеткіші онсыз да жоғары.

Жабайы аңдар ветеринары Фергюсон таяу жылдары жираф туралы көбірек білеміз деп үміттенеді. «Егер инфрақызыл сәулелі фотосуретін немесе термографын түсіріп, біздің көзге көрінбейтін теңбіл дақ суреті бар-жоғын білсек, тіпті керемет болар еді», – дейді ол.

Автор: Дина Файн Марон