28Июл

Шарын ұлттық паркіндегі бір күн – National Geographic Traveller (Ұлыбритания)

Алматыдан келетін жол жаңартылып, сүрлеу-соқпақтағы белгілер жақсартылғандықтан,  Шарын ұлттық паркінің сай-саласы мен қысаңдарына, зәулім қорғандарына жаяу турист енді оңай жете алады.

Автор: ДЖЕССИКА ВИНСЕНТ

Қаршығаның сарғыш көзіне тесіле қарап тұрмын. Ол күнге күйген шалқар даладағы жалғыз жартастың үстінде шайқасқа қамданған жауынгердей кеудесін керіп, басын биік ұстап тұр. Жақын тұрғандықтан, қауырсын дақтарын да көріп тұрмын: қайырылған қанатының ұшы қою қоңыр; құрсағы жолбарыстікіндей қоңыр-ала жолақты. Тырнағы сары, ал имек сұр тұмсығы дөңгелекті тесердей өткір. (Мақаланың ағылшын тіліндегі тұпнұсқасын мына сілтемеден оқыңыз: Hiking Kazakhstan: a day in Charyn Canyon National Park (nationalgeographic.com)

Біз оны Алматыдан шығысқа қарай 200 шақырымдағы Шарын ұлттық паркіне бара жатқан жолда жүргізушіміз көлігін кілт тежеген соң көрдік. «Бүркіт», – деді жүргізуші шай түстес жазықта қарайып көрінген бір сұлбаны нұсқап. Камераларымызды алып, Қазақстанның ұлттық құсын көріп қалу үшін жүрек дүрсілдей шаңдата жүгірдік.

Құсты анық көру үшін тақай бергенде: «Қаршыға екен», – деп сыбырлады Сергей есімді гидіміз. Оның қуанышы су сепкендей басылғаны байқалды. Бірақ биылдыққа көрген ең қызықты құсы Брайтон-Бичтегі шағала болған мен сияқты адамға ашық түздегі қаршығаны көрудің өзі жеткілікті еді.

Көлікке оралып, Қытай шекарасына жақын, қар басқан Тянь-Шань тауларына қарай жаңа төселген асфальтпен келе жатырмыз. Қазақстанның туризм инфрақұрылымына құйылған көлемді инвестицияның бір бөлігі саналатын осы жол елдің ең ірі қаласынан Шарын ұлттық паркіне тезірек жету үшін COVID-19 індеті кезінде салынды. Сексен шақырымдық шатқалда соғды шағанының әлемдегі ең үлкен тоғайларының бірі, сондай-ақ тауешкі мен қарақұйрық сияқты сирек аңдардың ондаған түрі бар.

Келушілердің шатқалдағы сүрлеулерді оңай табуы үшін жаңа белгілер ілінген парктің кіреберісіне таяғанда: «Қазақстан тез өзгеріп жатыр», – деді Сергей. Жақсартылған дәретхана мен GPS құрылғы желісі де кейінгі жылдары паркті қолайлы ете түскен. «Өткен шағымыз мұнай болды, бірақ болашағымыз – туризм, әсіресе осындай туризм», – деп жалғастырды сөзін Сергей жаңа орнатылған су стансасы мен шолу алаңдары бар жаяу жүру бағытының картасын көрсетіп.

Біз Шарын ұлттық паркіндегі бес шатқалдың бірі – Қорғандар алқабындамыз. Көкжиекпен астасқан жазықпен жүріп келген соң, көз алдыңнан бірде-бір тегіс жер көрмей тұрғаныңа сене алмайсың. Оның орнына қызыл құмтастың ірі-ірі тақталары аяғымның астындағы 90 метр төмендегі шатқалда жартастан қашалған зәулім қаладай бой көтерген. Шарын өзені 12 млн жыл бұрын мүсіндеген қызыл да сұр қыртыстарды сипай, шатқал табанына қарай тік сүрлеумен түсіп барамын. Мені бәрінен бұрын тыныштық таңдандырды. Мүлгіген тыныштық, мен тіпті жүрегімнің дүрсілі мен жартас арасынан өткен желдің ысқырығын естіп келемін. Егер мен қазір Шарын ұлттық паркінен 100 есе көп адам баратын Аризонадағы Гранд Каньонда болсам, айналамда жүздеген турист жүрер еді. Бірақ мұнда,  32-ақ жыл бұрын Кеңес Одағының құрамында болған Қазақстанда, мен өз жүрегіме бастайтын сүрлеуде тұрмын.

«Қазақстан – әлі жас мемлекет, бірақ ұсынарымыз көп, – дейді Сергей. Шашын буып, былғары күртеше мен саусақсыз қолғап кигеніне қарап, серуенге емес, метал музыка концертіне бара жатыр ма дейсің. – Бізде тау, шөл, орман, заманауи қала, ежелгі мәдениет бар. Еліміздің қандай алуан айшықты екенін сезінуге уақыт қажет болды деп ойлаймын. Бірақ  туризмге өткесін бәрі өзгеріп жатыр».

Келесі аялдама – Сары шатқал, парктің алыс түкпірінде. Оған бару үшін толық жетекті көлік керек. Қаршығаны көргендегі сәттен бері  тіл қатпаған байсалды жүргізушіміз кенет күлімсіреді. Кәдімгі жай жолда жылдамдықты арттырып, жүзуге болатындай үлкен жыралар мен шұңқырларға сүңгідік. Ауадан күйген топырақтың дәмі сезіліп, көліктің желдеткішінен кірген шаң көзімді ашытып келеді.

Көлік бір кезде баяулап, шаң басылып, арасынан Сары шатқалдың күннен оңып кеткен құмтасы көрінді. Қорғандар алқабы қалаға ұқсаса, мынау айдың бетіне қонғанмен бірдей. Шеті көрінбес құм түсті таулардың беті пілдің терісіндей терең сызықтар мен жыралаға толық. Сергей бұл сызықтар тауешкілердің соқпағы екенін айтты. Мен шатқалдың қырына жабысқан мүйізді альпинистерді көріп қалам ба деген үмітпен көзімді біраз сығырайтқаныммен, бүгінге оның сәті түспеді.

Біз Сары шатқалдың жоталарында соңғы жарық сәулесін Тянь-Шань таулары қалқалап қалғанға дейін жүрдік. Осы мезгілде батып бара жатқан күннің алғашында қою сарғылт, кейін қызғылтым сәулесін шағылыстырған бозғылт сары құмтас аспан үшін тап-таза кенеп сияқты. Миллиондаған жұлдызға толы аспан астында Алматыға қайтып бара жатып, іштей бір өкініш барын сеземін. Осынау көк аспаны шексіз, айбарлы жауынгер-қаршығасы қалықтаған жұлдызды шатқалда ұзағырақ болғым келеді.

Материал National Geographic Traveller-дің (Ұлыбритания) 2023 жылғы маусымдағы нөмірінде жарияланған.