Кескінді өңдеу үшін 13 миллисекунд керек. Көбірек үңілсеңіз, сізді таңғалдыратын нәрсе де көп.
Күн өткен сайын жалған фотосуреттердің шынайылығы артып барады. Бүгінде кез келген адам Midjourney немесе Dall-e сияқты веб-бағдарламаға қол жеткізіп, еш қиындықсыз жасанды не өңделген кескіндерді жасай алады.
Бір жақсысы – адамдарда оларды анықтайтын табиғи түйсік бар, – дейді Баффало университетінің информатика және инженерия профессоры Сиуэй Лиу. Ол ЖИ-мен ЖИ арқылы күресетін зерттеушілер тобына жатады. Олар ЖИ-ға синтетикалық бейнелерді табуды үйретудің ең тиімді жолы – оған мұны адамдар қалай жасайтынын көрсету екенін анықтады.
Біз баяғыдан бері жасанды суреттермен жағаласып келеміз. Кескінді бұрмалау фотография пайда болғаннан бері бар. Мысалы, Авраам Линкольннің басы басқа адамның денесіне қойылған 1860 жылғы мына фотосуретті алайық – оны сенімді ету үшін қажырлы еңбек пен шеберлік қажет болған.
Бірақ қазір бәрі өзгерді: тәжірибесі жоқ адамға да шынайы болып көрінетін бейнені жасау оп-оңай, нәтижесінде жасанды суреттер тым көбейіп барады. Бірақ Лиу бізді үрейленбеуге шақырады. Қисыныз нәрселерді табу үшін табиғи түйсігімізді қалай пайдалану керек және көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан ЖИ-ге қалай ілесуге болады?
Сол жақта: Бұл – фотограф Франс Лантиң Намибияда түсірген қабыланның шынайы фотосуреті. Сіз дұрыс болжай алдыңыз ба?
Оң жақта: Бұл «Африкадағы қабыланның National Geographic стиліндегі профильдік фотосуреті» деген нұсқау арқылы DALL·E 2 жасанды интеллект көмегімен жасалған. ЖИ үшін шынайы көрінетін көздерді жасау қиын, сонымен қатар ол жарық пен шағылысу секілді физикалық құбылыстарды да дұрыс бере алмайды.
ФРАНС ЛАНТИҢНІҢ СУРЕТТЕРІ, NAT GEO IMAGE COLLECTION
Жалғанды анықтау үшін
Біріншіден, асықпаңыз. Біздің миымызды күні бойы медиа толтырып жатыр. Ал әрбір суретті қорыту үшін бізге небәрі 13 миллисекунд қажет. Бұл уақыт оның не екенін тануға жеткілікті болуы мүмкін, алайда оның шынайы не жасанды екенін анықтауға жетпейді. Шын деп сенген фото да «тосынсыйларға» толы болуы мүмкін, сондықтан өз түйсігіңізді елеусіз қалдырмаңыз.
«Келесі жолы біз қызықты не күлкілі бірдеңені көрсек, аздап кідіріп, ол туралы ойланамыз деп үміттенемін, – дейді Лиу. – Егер біз күдік тудыратын нәрсені байқасақ, бірден ретвит жасамаймыз, сол арқылы мәселенің бір бөлігіне айналмай, оның таралуына тосқауыл қоя аламыз».
ЖИ бағдарламалары сансыз көп шынайы фотоны қарау арқылы оларды жасауға үйретіледі. Лиудің айтуынша, бағдарламалардың осал тұсы – олар тек өзіне тапсырылғанды ғана бейнелей алады, қосымша қандай ұсақ-түйекке назар аудару керектігін білмейді. Бұл «артефактілерден» байқалып тұрады, кескіндерді мұқият, жақынырақ қарағанда кілтипандарын көресіз. Мысалы, дипфейк бейнежазбаларда адамдар көзін сирек жыпылықтады, өйткені ЖИ көбіне көзі ашық тұрған адам суреттерімен жаттығады.
Жалған вирустық жазбаларды жоққа шығаратын Twitter-дегі @picpedant аккаунтын жүргізетін веб-әзірлеуші әрі кескінді тексеру бойынша сарапшы Пауло Ордовеза жасанды суретті әшкерелейтін ондағы екі нәрсенің бір-бірімен қабысатын, астасатын тұсы екенін айтады. Мәселен, мыжырылған жең теріге айқын аражіксіз астасып кетуі мүмкін. Ол сондай-ақ «шаш, көзілдірік, бас киім, әшекейлердегі және фондағы оғаш нәрселерге» назар аударуды ұсынады.
Егер суретте адам болса, Лиу олардың қолы мен көзіне қарауға кеңес береді.
Қазіргі ЖИ бағдарламалары адам қолын шынайы бейнелеуге шебер емес. Олар кейде алты саусақты немесе барлық саусағының ұзындығы бірдей болатын, сондай-ақ оғаш қалыпта тұрған қол салуы мүмкін. Наурызда ЖИ арқылы жасалған Рим Папасы Францисктің Баленсиаганың мамық күртесін киіп тұрған суреті интернетке тарады. Егер оның қолына мұқият қарасаңыз, ол кофесін қақпағындағы кертіктен ұстап тұр. Тіпті қалбыр бос болса да, оны бұлай ұстау табиғи емес.
Ал көз ше? Адамдар бет-әлпеттің ұсақ бөліктеріне шынымен сезімтал. Сан-Франциско мемлекеттік университетінің психология профессоры және микроэкспрессиялар сарапшысы Дэвид Мацумото «көз қадағалағыштарды пайдалана отырып, адамдар ақпарат алу үшін басқа адамның көздерінің ортасына қарайтынын байқадық, біз өзі солай эволюцияланғанбыз», – дейді. Біз көзқарас арқылы дос пен қасты айырып, алдымыздағы адамның эмоциялық жағдайын бағамдаймыз әрі мұны оларға қалай жауап беретінімізді шешу үшін барынша жылдам істеуге тиіспіз.
Адам көзінің қарашығы дөңгелек болып келеді, бірақ ЖИ әдетте оны біртүрлі пішінде бейнелейді. ЖИ сондай-ақ көздерге шағылысатын жарық әр көзде бірдей нүктеде болуы керектігін де «ұмытып» кетіп жатады.
Жалпы жарық пен көлеңкелерді ЖИ арқылы бейнелеу қиын. Әсіресе кескінде терезе не басқа шағылыстыратын нәрсе болса, жасанды суретте жарық пен көлеңке қисынсыз жерде болуы мүмкін. Бұл – ЖИ-дің гравитация секілді физика заңдарын ескермеуден туатын үлкен мәселесінің бір көрінісі ғана.
Көптеген синтетикалық суретте бедерлі болуға тиіс жерде табиғи емес жылмағайлық болады, ал түзу болуы керек нәрсе сәл қисық салынуы мүмкін. ЖИ салған Папаның бейнесінде оның алқасындағы крестің шеттері қисық екені байқалады, сондай-ақ кеудеге ілінуі де оғаштау (гравитация ескерілмеген).
Көмекші құралдар
Бірақ жоғарыда айтылғандардың кемшін тұсы да бар. Берклидегі Калифорния университетінің профессоры, медиа криминалистикасымен айналысатын Хани Фарид былай түсіндіреді: «Менің бүгінгі айтқандарым 1 айдан соң өзекті болмай қалады. Шындық сол – әлем қарыштап дамып жатыр. Сіз енді өз көзіңіз бен түйсігіңізге ғана сеніп жүре алмайсыз».
Анағұрлым прагматикалық және өміршең әдіс – жалпы ақпарат құралдарына күдікпен қарау, дереккөзіне күмән келтіріп, шынайылығын қайыра тексеру», – дейді ол.
Қолданысы оңай құралдардың бірі – Google кері кескін іздеу, мұнда пайдаланушылар суретті жүктеп, сол фото төңірегінде интернет беттерінде қандай әңгіме болып жатқанын тексере алады. Бұл Рим папасынікі секілді кең таралған кескінді іздеуде тиімді болар, алайда белгісіз не бірегей туындыларға қатысты көмектеспеуі мүмкін.
Мұндай жағдайларда Reality Defender сияқты компаниялар бизнеске ЖИ анықтау қызметтерін ақылы түрде ұсынады. MIT жанындағы Компьютерлік ғылым және жасанды интеллект зертханасының (CSAIL) директоры Даниэла Рустың айтуынша, бұл компаниялар жетілдірілгенсутаңба сияқты әдістерді ұсынып, салмақты зерттеулер жүргізіп жатыр. «Осы күрделі тәсілдер тиімділігін көрсетуде», – деп қосады ол.
Фаридтің айтуынша, ЖИ жасаушылар контентке сутаңба немесе цифрлы саусақ ізі секілді белгілер қоюға міндеттелуі керек. Әсіресе желіде таратылатын болса, контенттің компьютерде жасалғаны басқаларға түсінікті болуы қажет. Мысалы, Рим папасының суреті бастапқыда ЖИ жасаушылар қауымдастығында ғана бөлісілген болатын: жалған фото арқылы көпшіліктің басын қатыру көзделмеді де. Бірақ фото ешқандай түсіндірмесіз, белгілерсіз интернетке тарап кетті.
«Адамдарға өте күрделі аудио, сурет және бейнежазбалар жасауға мүмкіндік берілсе, не болары айдан анық: жаман мақсатқа пайдаланады», – дейді ол. «Компанияларға салсаң, «біздің кінәміз жоқ. Біз тек технология жасаушымыз» дейді. Бірақ мен бұл дәйекті қабылдамаймын».
Дәл қазір ЖИ жасаған контентті анықтауға арналған тегін ресурстар аз әрі аса сенімді емес.
Лиу мен оның командасы DeepFake-o-meter деп аталатын ақысыз веб-бағдарлама жасады, бірақ ол дәл қазір көпшілікке қолжетімді емес.
Лиудің айтуынша, мәселенің бір ұшы ЖИ жасауды қаржыландырғысы келетін инвесторлар жетіп-артылып, ал ЖИ-ге қарсы шаралар ешкімді қызықтырмайды. «Біздің жұмысымыз елеп-ескеріле бермейді. Қаржымыз да таусылып барады, – дейді Лиу. – Дипфейктерді жасайтын бағдарламалардан айырмашылығымыз, біз тікелей табыс әкелмейміз, тек адамдарды қаржысынан қағылудан немесе психологиялық адасудан сақтандыруға тырысамыз».
Жасанды интеллект дамыған сайын, Лиудің айтуынша, көзге түсе бермейтін ЖИ белгілерін дененің ішкі жұмысын паш ететін рентген аппараты секілді айқындай алатын, ақысыз веб-бағдарламалар мен басқа да құралдар қажет болады. Қазіргі бар бағдарламалар қарапайым адамның қолдануына қиын, әрі тегін немесе арзан бола бермейді.
Әйтсе де, сіз бұл ресурстарсыз-ақ бар болғаны мұқият қарау арқылы ЖИ жасаған кескіндерді анықтай аласыз: көрген нәрсенің бәріне сенбес бұрын, тексеріңіз.
Автор: Алли Яң