3Там

Сайрақ әлі болмаған дауылды болжай алады. Қалайша?

Атлант мұхитындағы қауіпті дауылдарды айналып өту үшін қоңыр сайрақ қоныс аудару уақытын айлар бұрын белгілейді.

Делавер мемлекеттік университетінің профессоры және экологі Кристофер Хекшер Уайт Клэй Крик мемлекеттік паркінде (Пенсильвания) сайраққа GPS жапсырып жатыр, 25 мамыр 2023. Трекер арқылы Хекшер құстың Оңтүстік Америкаға миграциясын бақылайды. Құстар келер жылдың дауыл маусымын сол жерде болжауы мүмкін.

Солтүстік АҚШ пен оңтүстік Канадада жазда жұптасқан қоңыр сайрақтардың биылғы балапандары әне-міне жұмыртқасын жарып шығады.  Көп ұзамай қоңыр қауырсынды, ақ құрсақ құстар қанатын кеңге жайып, күнгейді беттей, мыңдаған шақырымға – Мексика шығанағы мен Кариб теңізінен асып, Оңтүстік Америкаға көшеді.

Салмағы шамамен 30 грамм кішкентай сайрағыш құс үшін бұл қауіпті сапар: жолын дауыл тосар болса, құстардың кейбірі діттеген жерге жете алмай қалуы мүмкін.

Әр дауыл маусымы әртүрлі және зерттеулер көрсеткендей, сайрақтар маусым қаншалықты қауіпті болатынын болжауға мүмкіндік беретін жаһандық климат циклдерін сезеді.

Scientific Reports журналында 2018 жылы жарияланған зерттеуге сай, 20 жыл бойы Делавер мен Оңтүстік Америка арасындағы сайрақтардың миграциясы Атлант мұхитындағы дауыл маусымының қарқынын дәл болжаған. Дауыл күштірек болатын жылдары құстар көбею маусымын тезірек аяқтап, Оңтүстік Америкаға ерте ұшса, жайлы жылдары Солтүстік Американың шығысында ұзағырақ қалған.

«Дауылдар олардың миграциясымен тұспа-тұс келеді. Көбею маусымын ерте аяқтаса, барар жеріне ерте жетеді. Олар бұны қандай да бір жолмен анықтайтын болса керек», – дейді Делавер мемлекеттік университетінің экологі, зерттеу жетекшісі Кристофер Хекшер.

Хекшердің зерттеуі жарияланғаннан бері де құстар дауыл маусымын дәл болжап келеді. Оның айтуынша, құстардың 2023 жылғы болжағанын анықтауға әлі ерте, бірақ сайрақтар соңғы төрт дауыл маусымының үшеуін метеорологиялық модельдермен бірдей, ал біреуін тіпті одан да дәлірек болжаған.

«Бұл құстар бұны бірдеңеге сүйеніп біліп отыр, онысы біз әлі анықтамаған нәрсе болуы мүмкін», – дейді Хекшер.

Сайрақтар – салмағы 20-50 г кішкентай құстар. Олар дауылды қалай болжайтынын түсіндіретін бір теория: Оңтүстік Америкадағы мекендерінде жаңбыр көп жауса, жеміс те мол болады, сөйтіп олар Солтүстік Америкада ұзағырақ қалады.

Хекшер басқа жыл құстарының көші-қонын зерттеп көрмегенімен, олар да сайрақ секілді болжай алады деп пайымдайды.

Құстардың қоныс аударуы Мексика шығанағы сияқты аялдайтын жерлерде көп зерттелгенін айтады: «Біз дауылды болжау белгілерін осы деректерден іздесек, таба аламыз деп ойлаймын».

Қоңыр сайрақтан сәл ірі болатын орман сайрағын зерттеушілер ұстап алып, тексеріп жатыр. Орман сайрағы да жылда жылы жаққа ұшып, күз бен қысты Орталық Америкада өткізеді.

Сайрақ қалай болжайды?

Хекшердің ойынша, құстар метеорологиялық мәліметті Оңтүстік Америкадағы қыстайтын жерлерінен алады, мұнда дауыл маусымына әсер ететін кең ауқымды ауа райы үлгілері дауылдың өзінен біраз бұрын қалыптасады. Осылайша, Эл-Ниньо не Ля-Нинья секілді тұрақты жаһандық циклдердегі аз ғана өзгерістерді сезу арқылы болжауы мүмкін.

Хекшер 25 жыл бойы сайрақтарды зерттеп келеді, ал олардың қоныс аудару заңдылықтары мен дауыл маусымдарының байланысын құстардың әдеттері жылда өзгеретінін байқап, кездейсоқ анықтаған. «Дауылдар олардың миграциясымен тұспа-тұс келетінін, көбею кезеңін ерте аяқтаса, барар жеріне ерте жетуі мүмкін екенін байқадым».

Эл-Ниньо болатын жылы Тынық мұхиттың суы орташадан жылы болады, ал жылы температурадан дауылдарды тарқататын желдер қалыптасып, дауыл жиілігінің орташадан төмен болуына әкеледі. Ал Ля-Нинья болатын жылдары жағдай керісінше. Осындай маусымдық өзгерістерден сайрақ мекендейтін жерлерде жауын-шашын да әртүрлі болуы мүмкін; жаңбыр неғұрлым көп жауса, соғұрлым сайрақтың негізгі қорегі – жеміс те мол болады. Демек, 8000 шақырым қашықтықтағы жауын-шашын мөлшерінің ауытқу нәтижесі – алдағы дауыл маусымын болжауға сенімді дәйек.

Бірнеше жыл сайын Тынық мұхиты орташадан жылы – Эл-Ниньо; және орташадан салқын болады – Ля-Нинья. Бұлар дауылдың жыл ішіндегі жиілігін қалыптастырады, бірақ олар сондай-ақ сайрақ мекендейтін Бразилиядағы жауын-шашын мөлшеріне де әсер етеді, ал ол сәйкесінше құстардың негізгі қорегі – жемістің аз-көп болуына әсер етеді.

Хекшердің долбарынша, азық көзі мол болса, сайрақтар Солтүстік Америкаға әл жинап қайтады, сәйкесінше көбею маусымы ұзаққа созылуы мүмкін. Ал жеткіліксіз қоректенсе, күш-қуаты жетпей, көбею маусымын қысқартуға мәжбүр болады.

«Қанының құрамында не гормондарында белгілі бір уақытта олардың көбеюін тоқтататын бір нәрсе бар», – дейді Хекшер.

Зерттеу үшін ол әріптестерімен бірге 1998 жылдан 2016 жылға дейін құстарды бақылап, жыл сайын дерлік сайрақтардың көші-қоны АҚШ-тағы дауыл белсенділігі орташадан төмен не жоғары болатынын дәл анықтайтынына куә болды.

«Бұл тамаша [зерттеу]», – дейді Корнелл орнитология зертханасының құстар миграциясы жөніндегі сарапшысы Әндрю Фарнсуот. Фарнсуот осыған ұқсас нәтижелерді көрсеткен басқа бірде-бір зерттеумен таныс болмаса да, Хекшердің зерттеуі қисынды деп санайды.

«Осындай бір қызық заңдылық болуының жөні бар. Көбелек эффектісі секілді өзара байланысты жайттар көп», – дейді ол.

Климат өзгерісі нәзік тепе-теңдікті бұзады

Ауа райының әдеттегі өзгерістерін сезіп, олармен әрекеттесетін сайрақ сияқты құстардың миграция дағдылары мыңдаған жыл бойы қалыптасқан.

«Қазіргі мәселе – климат өзгерісінің жеделдеуі. Құстар оған бейімделіп үлгере ме?» – дейді Фарнсуот.

Зерттеулер көрсеткендей, климат өзгерісінің кесірінен шағын дауылдардың үлкен дауылдарға ұласуы әдбен ықтимал, бұл олардың қозғалысын баяулатады.

Хекшер дауылдар Мексика шығанағында баяу қозғалса, сайрақ сияқты жыл құстарының жолдан адасуы не мерт болуы сияқты қауіпке толы кез әдеттегіден ұзаққа созылуы мүмкін екенін айтады.

Сайрақ популяциясы 1966 жылдан бері әлем бойынша үштен бірге қысқарған. Олардың Оңтүстік Америкадағы тіршілік ортасын ауыл шаруашылығы ығыстырып жатса, солтүстіктегі мекендері барған сайын бөлшектеліп жатыр.

Сайрақ сияқты жыл құстарының ғимараттарға соғылу қаупі де жоғары — ашық аспандай болып көрінетін әйнек терезелі үйлерге жыл сайын бір миллиардтай құс соғылып өледі. Соның кесірінен сайраққа жойылып кету қаупі төніп тұр, яғни ормандарымыз осы әнші құстан айырылып қалуы мүмкін.

«Мен бұл құстарды қатты уайымдаймын, – дейді Хекшер. – Оларды осал ететін жағдай көп».

САРА ГИББЕНС

ФОТО: ГРЕГ КАН