2Там

ФАУНАНЫ ТҮГЕНДЕУ

Мұздықтардың еру қарқынын арттырған жаһандық климат өзгерісі, ағаштар мен бұталардың белсенді оталуы мен малды бей-берекет жаю тау экожүйелерін деградацияға ұшыратпай қоймайды. Антропогендік әсер табиғаттың қандай түкпіріне болса да жетіп, экожүйелердің құрылымын өзгертуге мәжбүрлейді.

Фото: Ерболат Шадрахов

Түптеп келгенде, мұздықтар көлемінің өзгеруіне тікелей жауапты негізгі фактор климаттың ауытқуы екені белгілі. Мұны көптеген зерттеу растап отыр. Айталық, Солтүстік Тянь-Шаньға қатысты деректер  тіпті де мәз емес: Іле Алатауындағы мұздықтардың орташа ауданы 1950 жылғы шамадан ХХ ғасырдың аяғына дейінгі аралықта 30-35%-ға, ал Ішкі Тянь-Шаньдағы мұз қату ауданы 1977 жылдан 2000 жылға дейін 9%-ға қысқарған. Бұған қоса, мына бір алаңдатарлық үрдіске – жылдық жауын-шашын мөлшерінің 41-47%-ға төмендеуімен қатар, ауаның орташа жылдық температурасының 1,2 °С жоғарылағанына да назар аударған жөн.  Бұл – биоиндикативті әдістерді, яғни тірі организмдерді қоршаған орта ахуалының маркерлері ретінде бақылауға негізделген әдістерді пайдалана отырып, тау экожүйелеріндегі процестердің динамикасын зерттеу үшін ерекше өзекті жайт.

Осы орайда түр құрамын түгендеу, жануарлардың барлық тобын қамтитын электронды мәліметтер базасын құру, фаунаның өзгеру процестерін және оның экономикалық-шаруашылық әлеуетін зерттеу бойынша кешенді жұмыс жүргізуді көздейтін, ҚР ҒЖБМ Ғылым комитеті «Зоология институты» РМК 2021 жылдың күзінде қолға алған «Генетикалық әртүрлілікті сақтау мақсатында Солтүстік Тянь-Шань жануарлар дүниесінің кадастрын әзірлеу» бағдарламасының нәтижелері көптеген жайттың бетін ашқанын атап өткен жөн.

Мәселен, Солтүстік Тянь-Шаньда омыртқасыздардың 1500-ден астам түрі және омыртқалылардың 276 түрі тіркелген. Тиянақты күш-жігердің нәтижесінде 2022 жылдың қазан айындағы электронды деректер базасында Солтүстік Тянь-Шань тауларын мекендейтін 11 түрлі топтағы 935 жануар түрі туралы құнды ақпарат жинақталды. Бұл аймақтың жануарлар дүниесінің байлығын жақсырақ түсінуге және ерекше қорғауды қажет ететін осал компоненттерді анықтауға бағытталған маңызды қадам болып отыр.

Жергілікті (байырғы) балық түрлерінің құрамын анықтау. Кеген өзені аңғары. Фото: Марина Чирикова

Бағдарламаның мақсаты жануарлар дүниесінің сенімді кадастрын құрастыру ғана емес, сонымен қатар өсіп келе жатқан экологиялық проблемалар мен климаттың өзгеруі жағдайында өте маңызды мәселеге – аймақтың генетикалық әртүрлілігін сақтауға үлес қосу. Мұндай деректерді жинақтау және талдау табиғатты қорғау шараларын әзірлеу, Солтүстік Тянь-Шаньның бірегей табиғи мұрасын болашақ ұрпақ үшін сақтау жұмыстарын жалғастыруда шешуші рөл атқарады.

Қосмекенділерді зерттеу. Қарқара өзені. Фото: Салтөре Сапарбаев

Ғалымдар ақпаратты архивтік дереккөздерден алады, өйткені Зоология институтында 90 жыл бойы жинақталған ауқымды мұрағаттық деректер бар. Сонымен қатар қазіргі заманғы өзекті ақпарат көздері, соның ішінде далалық зерттеулердің нәтижелері қолданылады. Жануарларды бақылау үшін мамандар Солтүстік Тянь-Шань тау жоталарына, соның ішінде Іле Алатауы, Күнгей және Теріскей Алатау, Кетпен (Ұзынқара) жоталарына экспедицияларға шығады. Мұндай экспедициялар кезіндегі бақылаулар фаунадағы өзгерістер мен аймақтың экономикалық-шаруашылық әлеуетін зерттеуге мүмкіндік береді.

Паразиттердің жаңа түрі

Зерттеу гидробиологиялық объектілерді, жануарлар паразиттерін, сондай-ақ жәндіктерді, өрмекшітәрізділерді, қосмекенділерді, бауырымен жорғалаушыларды, құстарды және сүтқоректілерді зерттеуді қоса алғанда, түрлі бағытты қамтиды. Бұл тәсіл жануарлардың түрлі топтары туралы қызықты деректер беріп, олардың тіршілігіндегі  көптеген жайттың бетін ашады. Мысалы, Іле Алтауында тіршілік ететін акклиматизацияланған маралдарды зерттегенде алғаш рет трематодтардың 2 түрі ашылды: Fasciola hepatica және Paramphistomum cervi. Жан-жануарлардың ең кең тараған және массивтік топтарының бірі саналатын жәндіктерді талдау 7 отрядтың 400-ден астам түрін анықтауға мүмкіндік берді. Дегенмен, бұл айсбергтің бір ұшы ғана. Зерттеулер жалғасып жатқандықтан, әлі талай түрі ашылады деп күтілуде.

Ғалымдардың паразиттік материалдарды бастапқы зерттеу барысы.

Жәндіктер арасында түр саны жағынан шатырқанат немесе түнгі көбелек отряды ерекше бай деуге болады. Дүние жүзінде бұл отрядтың 35000-нан астам түрі болса, Қазақстанда оның 950-ге тарта түрі бар. Ал Іле Алатауы жотасына келетін болсақ, бұл аймақта қабыршаққанаттылардың шамамен 400-450 түрі бар деп болжануда.

Мұндай деректер түрлердің құрамы мен таралуы туралы білгенімізді толықтырып, қоршаған орта мен биоалуандықты сақтау бойынша маңызды шешімдер қабылдауға негіз болатындықтан, зерттеулердің табиғат пен ондағы түр алуандығын түсіну тұрғысынан маңызы аса зор.

Мысалы, осы жобаның арқасында Зоология институтында арахнология және басқа да омыртқасыздар зертханасы ашылды. Оның нәтижелері зерттеудің бірінші жылында-ақ көрінді. Солтүстік Тянь-Шань мен оған жақын аумақтарға қатысты дерекөздерінде өрмекшітәрізділердің 21 түрі, 13 тұқымдасы және 7 туысы туралы мәлімет берілсе, қазіргі таңда жасалған фаунистикалық тізімге өрмекшітәрізділердің 75 тұқымдасына, 22 туысына және 3 отрядына жататын 111 түр енгізіліп отыр.

Төменгі Көлсайда қабыршақсыз осман қалмады

Таулы жер көптеген жергілікті балық түрлері үшін соңғы тіршілік ортасы, тапқан панасы іспетті.  Төменгі су қоймаларындағы жерсіндірілген жаңа түрлер оларды осы жерге дейін ығыстырып тастады. Алайда мұнда да жағдай олар үшін айтарлықтай мәз емес. Бұған мысал ретінде Төменгі Көлсай көлін келтіруге болады. Мұнда жергілікті ихтиофауна қабыршақсыз османнан (Gymnodiptychus dybowskii) және тибет талма балығы (Triplophysa stoliczkai) тұратын. Алайда құбылмалы бақтақтың климатқа бейімделуімен бірге жоғарыда аталған екі балықтың саны біртіндеп азая бастады. Қабыршақсыз осман көлдің ихтиофаунасынан мүлдем жоғалып кетті, ал тибет талма балығы өте сирек кездесетін болды. Арагідік бақтақтың асқазанынан табылып қалады.

Дегенмен, жақсы жаңалық та бар: Текес және Бестөбе суқоймаларында кейбір жергілікті түрлердің саны жоғары деңгейде. Бұл жағдай аталған суқоймаларын жергілікті балық популяциясын сақтау үшін қажетті резервуар ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.

Орталық Азия бақасы жойылып барады

Таулы аймақтарда қосмекенділер мен бауырымен жорғалаушылар фаунасында түр саны көп емес, небәрі 18-дің айналасында. Соған қарамастан, Солтүстік Тянь-Шань Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген екі түрді сақтауда маңызды мәнге ие болып отыр. Солардың бірі – Орталық Азия бақасы. Өткен ғасырда Іле Алатауының етегінде осы бақаның саны салыстырмалы түрде жоғары болса, 1950 жылдары ол айтарлықтай азайды. Ал қазіргі кезеңде бұл түр мұнда тіршілік етпейді.

Орталық Азия бақасы. Фото: С.Сапарбаев

Дегенмен бақалардың кейбір популяциялары Күнгей Алатауының солтүстік беткейлерінде, Қарқара мен Кеген өзендерінің аңғарларында, сондай-ақ Тұзкөл көлінің маңында сақталған. Бірақ Орталық Азия бақаларының саны 2002-2005 жылдармен салыстырғанда, бұл жерлерде 2022 және 2023 жылдары айтарлықтай азайған. Бұл бақа Шалкөдесу өзенінің аңғарында да кездеспеді. Себебі Шалкөде аңғарында қой мен сиыр, жылқы тым көп жайылатындықтан, бақаның осы түрі үшін тіршілік ортасы қолайсыз мекенге айналып, едәуір нашарлаған.

Құстар: Сирек кездесетін 22 түрдің 8-і ғана көзге түсті

Солтүстік Тянь-Шань құстардың неше алуан түріне бай десек болады. Мұнда  құстардың 110 түрлі тұқымдасқа жататын 178 түрі ұя салады. Олардың ішінде 22 түр аңшылық үшін ауланса, 21 түр сирек және жойылып бара жатқан түрлер санатында екенін айта кеткен жөн. Біз 2022 жылы сирек кездесетін 8 түрді ғана байқай алдық.

Осы сирек кездесетін, жойылып бара жатқан түрлер ішінен біз Тұзкөл көлінің алабынан сұр және ақбас тырналарды көрдік. Мұнда ақбас тырналардың жекелеген жұптары, ал сұр тырналардың жылы жаққа ұшар алдындағы шағын шоғырлары байқалды. Сондай-ақ саны жағынан екінші орында қара ләйлектер болғанын атап өткен жөн. Көзге түсе бермейтін, сирек кездесетін құстарға қатысты бұл көрсеткіш – қуантарлық нәтиже.

Біз сондай-ақ екі жерден жалпы саны 5 көк құсты байқадық. Ал орақтұмсық, бүркіт, сақалтай және қыран секілді құстар бақылау барысында бір-бірден ғана көзге түсті.

Ілбістің тіршілік аумағы

Солтүстік Тянь-Шаньның баурайында Қазақстан Республикасының «Қызыл кітабына» енген сирек кездесетін және жойылып бара жатқан сүтқоректілердің 10 түрі мен түр тармағы мекендейді. Олардың қатарынан Тянь-Шань қоңыр аюын, тас сусарды, Орталық Азия сусарын, сабаншыны, Түркістан сілеусінін, ілбісті, Тянь-Шань арқарын, қарақұйрықты, үнді жайрасын және Азия қалқанқұлақ жарқанатын кездестіруге болады. Зерттеу барысында осы аталғандардың алтауына қатысты қызықты материалдар жинақталды. Жұмыс барысында ілбіске айрықша назар аударылды. Солтүстік Тянь-Шаньда ілбіс көрінген 314 орынды негізге ала отырып, оның таралу аймағының моделі жасалды. Бұл модель ілбістің көзге түсуі көп жағдайда негізгі инфрақұрылым объектілерінен алыс орналасқан биік таулы аймақтардағы көптеген фактормен тығыз байланысты екенін растады. Ілбістің шамамен 14 000 шаршы шақырымды қамтитын, жарамдылығы жоғары тіршілік аумағы алғаш рет назарға тартылды.

Ілбіске спутниктік қарғыбау тағу. Фото: М.Сальменова

Осындай модельдер Түркістан сілеусіні мен ақ тырнақты қоңыр аюға қатысты да әзірленді. Бұл да осы айрықша жануарлардың таралу аумағы мен тіршілік ерекшеліктерін кеңірек түсіну үшін маңызды қадам болып отыр.  Солтүстік Тянь-Шаньда жүргізілген зерттеулер аймақтың сирек кездесетін түрлері туралы білімімізді кеңейтіп қана қоймай, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға қосу үшін қажетті аймақтарды мейлінше нақтырақ белгілей отырып, табиғатты тиімді қорғау шараларын әзірлеуге негіз қалайтыны анық.

Сөзімізді түйіндей айтсақ, зерттеу барысы көптеген жаңа ғылыми мәлімет жинап, өңірдің экологиялық ахуалын бағалауға мүмкіндік берді. Қазақстанның жануарлар дүниесінің кадастрын жасау – зоология ғылымының шаруашылық тұрғысынан аса өзекті әрі төтенше маңызды міндеті. Бірыңғай деректер базасына жинақталған мәліметтер түрлі географиялық, әкімшілік аудандардағы немесе экологиялық жүйелердегі түрлердің тіршілігі туралы кадастрлық ақпарат алумен бірге, табиғи ресурстарды басқару саласындағы саясатты сауатты жүргізуге де мүмкіндік береді. Осы орайда, Солтүстік Тянь-Шаньнның жан-жануарлар ресурсын сақтау және орнықты пайдаланудың сапалы тұжырымдамасы мен бағдарламасын әзірлеген жағдайда экожүйенің биологиялық алуандығы жоғары экономикалық тиімділікпен артуы ықтимал екенін айта кеткен жөн.

Автор: Марина Чирикова, биология ғылымдарының кандидаты (Қазақстан Республикасы Зоология институты)