1Там

ҚАЗАҚТАРДЫ ЕУРОПАҒА ТАНЫСТЫРҒАН ПОЭМА

Биыл қазақ халқы туралы алғашқы шетелдік поэманың жазылғанына 181 жыл толып отыр. Ақын Әбдікәрім Ахметов 1964 жылы қазақ тіліне аударған сол «Қырғыз» («Қазақ», осы мақала ХІХ ғ. мәтіндерге негізделгендіктен, оның өн бойындағы «қырғыз» этнонимін «қазақ» деп қабылдау қажет) поэмасының авторы, танымал поляк ақыны – Густав Зелинский (Gustaw Zieliński) болатын. Ал поэманың алғашқы түпнұсқалық басылымы Вильно қаласында Адольф Янушкевичтің інісі Януаридің қолдауымен 1842 жылы жарық көрді.

Густав Зелинский деген кім?

Густав 1809 жылы 1 қаңтарда қазіргі Польша мемлекетінің Куяв-Помор воеводтығына қарасты, Могилен повяты, Марковице елді мекенінде, Норберт пен Казимера Зелинскийлердің отбасында дүниеге келеді. Зелинскийлер әулеті шляхтаның, яғни поляк ақсүйектерінің өкілдері. Отбасы атадан балаға мирас болып келе жатқан жер иелігі бар, өз заманының ауқатты әулеттерінің қатарында болды. Жақсы оқу орындарынан білім алған Густав жастықтың оты ойнап тұрған шағында тарихта «Қараша көтерілісі» атауымен белгілі поляк халқының ұлт-азаттық көтерілісіне белсене араласады. Алайда көтерілісшілер жасақтарының жанкештілігіне қарамастан, он айдан астам уақытқа созылған азаттық күресі жеңіліспен аяқталып, империяның тұрақты әскерінің күшімен аяусыз басып жаншылды.

Густав Зелинский. «J. Kaufmann i Spółka» фотосалоны. Варшава, 1860 ж.

Көтерілісшілерді жазалау іс-қимылдарының алғашқы толқыны Густавты айналып өткенімен, кейінгі тағы бір сәтсіз көтеріліске  қатысқаны үшін ұсталып, Сібірге жер аудару туралы үкім шығады.

1835 жылы шілдеде Густав сот үкіміне сәйкес бастапқы жаза өтеу пункті – Есіл қаласына жеткізіледі. Есіл Тобольск қаласынан 325 шақырымдай оңтүстікте, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысымен көршілес орналасқан аумақтағы қалашық еді. Есілге жеткен Г. Зелинский онда өзі сынды «Қараша көтерілісіне» қатысып, саяси жер аударылған поляктардың тобына қосылады.

Дәл сол уақыттан бастап, оның туыстарына жазған хаттарында, далалы аймақта орналасқан қала маңайының табиғаты, іргелес аумақтарда көшіп жүрген қазақтар туралы мәліметтер көрініс таба бастайды. Алғашқы хаттарының бірінде: «Есіл Тобыл губерниясының оңтүстік бөлігінде өзі аттас өзеннің бойында орналасқан, өзен қаланы үш жағынан қоршай ағады. Ал төртінші өзен Қарасу [Есілдің саласы, кей ақпарат бойынша Қарасула] қаланы аралға айналдырады. Есіл қаласы…үлкен емес: екі үлкен көше және жанасқан бірнеше көшелер оның тұтас аумағын құрайды» деген ақпарат берген.  

Әсіресе, Зелинскийді тұтас Еуропада кездесе бермейтін ауқымдағы ұшы-қиыры жоқ қазақ даласы өзіне баурап алады. Ақынның хаттарынан: «Есілдің маңайына қарасаң көзің талатын, қыс ауасында шағылысқан сәулелер жарқырай мыңдаған жұлдыздар мен формалардың кейпіне енетін, кристалды қар жамылатын дала… Маңайды мекендейтін түз қояндарының тіпті санына жетіп болмайсың. Қыстың келуімен олардың терісі қардың түсіндей ақ түске боялады. Мұндағы шаруалар қоян етін жемейді. Бірақ қоян терісімен жәрмеңкелерде сауда жасайды.

Жергілікті өзендер балықтың сан түріне бай. Кең далада өсірілетін мүйізді ірі қараның өнімі маңайдағы сауданың елеулі бөлігін құрайды. Жәрмеңке уақытында мұнда орыс көпестерінен өзге татарлар мен қырғыздарды, кейде Орта Азиядан түрлі тауарларды сатуға немесе сатып алуға келген бұқарлықтарды да кездестіруге болады» деген шаруашылық-экономикалық мазмұндағы мәліметтерді кездестіруге болады.

Густав Зелинский өмірінің Есілде өткізген кезеңінде онымен бірге жазасын өтеуші поляктардың саны оннан астам еді. Солардың бірі, танымал поляк ақыны – Адам Мицкевичтің досы, «Қазақ даласына саяхаттан хаттар мен күнделіктер» атты еңбектің келешек авторы Адольф Янушкевич болатын. Поляк зиялыларының қос өкілі Густав Зелинский мен Адольф Янушкевичтің Есілден басталған достығы өле-өлгенше жалғасты.

Есілде айдауда болған поляктар, солардың қатарында Густав та философия, көркем әдебиет пен тарих бойынша Еуропа классиктері еңбектерінің мол қоры, мерзімдік басылымдар жинақталған А. Янушкевичтің бай кітапханасын пайдаланады. Адольф өзінен жасы кіші Густавтың салиқалы ақылшысына, туындыларымен алғашқы болып танысып, кәсіби тұрғыдан жіліктеп беретін нағыз сыншысына айналады. Адами қасиеті жоғары, терең білімді Янушкевичтей досты әрі көршіні табуы Густавтың өміріне мән беріп, оны ширата түседі. Бос уақытында өзі сияқты саяси жер аударылған: Адольф Янушкевич, Евгениуш Лемпицкий, Михал Морачевский және Павел Чеплинскиймен  бірлесе, кейде жалғыз аңға шығып, сейілдеуді әдетке айналдырады.

«Қазақ» дастаны

«Қырғыз» (Қазақ) поэмасының алғашқы басылымының мұқабасы.  G. Zieliński. Kirgiz. Wilno, 1842 ж.  

Осылайша, жас поляк ақыны теріскейдегі қазақ даласымен және жергілікті халқымен етене жақын таныса бастайды. Шетсіз, шексіз иен даланың өзіндік сұлу табиғаты, саф таза ауасы, өлкені мекендеуші көшпелі халықтың өмір салты Густавтың қиялына қанат бітіріп, шығармашылығына тың серпін береді. Нәтижесінде, оның атын шартарапқа мәшһүр еткен «Қазақ» поэмасы дүниеге келеді. Ондағы:

Қытымыр қыспақ түнегінде құлшылық –

«Құл бала» боп, тар қапаста тұншығып,

Жүрген жігіт тұтқын жаны парша боп,

Ат көсілтті кең далаға құлшынып.

Қандай жақсы қыр соңынан қыр асқан,

Төбесінде төңкерілген көк аспан….

Жүйрік атпен желдей жүйткіп келеді,

Кең далада көкжиекпен ұласқан...

– деген өлең шумақтары Густавтың өз өмірінің сол бір күрделі кезеңіндегі көңіл толғаныстарын дәл суреттегендей.

Қолда бар деректерге талдау жасай отырып, Г. Зелинскийдің қазақ сахарасына жасаған саяхаттары айдаудағы ақын үшін ең бір қызықты сәттер болғандығына көз жеткізе аламыз. Себебі, ол еркіндікті, бостандықты сүйетін. Хаттарында: «Мұнда тынысты кере демалған қандай десеңші! Егер мен табиғат зерттеушісі болғанда мұндағы жайқалған миллиондаған гүлдерді зерттеген болар едім!» – деп толғана жазған.

Атты қырғыз (қазақ). Казимеж Бахматович, 1836 ж.  

 «Қазақ» поэмасының оқиғасы ақынның қиялынан туындаған. Онда дала халқының өмір салтын, еркіндікті, бостандықты мадақтаумен қатар, махаббат пен өшпенділік, кек өзара үйлестіріле драмалық сарында берілген. Поэмамен жіті танысу арқылы автордың қазақ халқының салт-дәстүрінен біршама хабардар болғандығына көз жеткіземіз. Густав Зелинский шытырман оқиғалы өз туындысында табиғатты, түнгі аспанда жерге құлап кетердей болып жымыңдасқан жұлдыздар мен әсем айды, қазақ сахарасының күрт континенталды ауа райының өзгерістерін барынша шынайы суреттей білген.

Поэманың жылдам өзгермелі оқиғасы, жатық тілі оқырманын баурап алатындығы сөзсіз. Ал дастан кейіпкерлері есімдерінің қалай табылғандығы өз алдына қызық оқиға. Ол туралы Есілде айдауда бірге болған серігі Павел Чеплинский: «…біз құс аулағанды жақсы көретінбіз. Нақты қашан екені есімде жоқ, бірақ таң қылаң берісімен жолға шықтық. Жолай қырғыз ауылдарын іздеп келеміз. Бақытымызға орай ауыл бірден кезіге кетті. Үйлердің бірінің қожайынын тауып, киіз үйін екі күнге жалдадық. Сол уақытта үй иесінің ұлы және үш қызымен таныс болдық. Олардың есімдері…Ныхымелі [мүмкін Нығымелі], Дәмелі және Картанка [автор есімді шатыстыруы мүмкін] болатын» деп еске алады. Нәтижесінде, Дәмелі (есім туындының қазақ тіліне аудармасында Жәмила деп берілген) Густав жазған «Қазақ» поэмасының басты кейіпкерлерінің біріне айналады.

1841-1842 жылдар – Густавтың шығармашылық ғұмырындағы ең бір жемісті кезең. Себебі, осы уақыт аралығында «Кенпелік Ян» тарихи поэмасы, сонымен қатар Плоцкідегі князь Семовиттің билігі кезеңін баяндайтын «Гермек», «Бедуиннің аты» поэзиялық туындылары және «Збигнев» тарихи драмасы жазылды. Автордың араға жылдар сала аяқтаған, оқиғасы қазақ сахарасында өтетін «Дала» поэмасының алғашқы бөлігі де осы уақытта жазылған. Алайда, аталғандардың арасында ақын үшін «Қазақ» поэмасының орны ерекше еді.

Поэма көрнекіліктерінің бірі. G. Zieliński. Kirgiz. Lwów, 1867 ж.

Шамамен 1841 жылы дастан дайын болғанда Зелинский өз туындысын шығармаларының қатал әрі әділ сыншысы, жақын досы А. Янушкевичке көрсетеді. Адольф болса поэманың қызықты, поэзиялық бояуының қанық екендігін атап өтеді. Дегенмен, досына сын ретінде дастандағы оқиғаның қазақ халқының өмірі мен салт-дәстүріне дәл сәйкесе бермейтіндігін ескерткен екен.

«Қазақ» поэмасы Густав туған жеріне оралатын 1842 жылы, Вильно қаласында Адольфтың туған бауыры Януаридің қолдауымен алғаш рет жарық көреді. Шыққан кезден-ақ ол өз дәуірінің ең танымал туындыларының біріне айналады. Әдебиет сыншылары да поэмаға көбіне оң баға берген. «Пшеглёнд Познански» (Przegląd Poznański) атты поляк басылымының 1846 жылғы санынан: «…қайталанбас туынды, мазмұны бай, ал оқиғасы жаңа» деген сипаттаманы оқыр болсақ,  ақын Антони Одынец: «Қырғыз»  біздің үздік поэмалардың бірі» деген пікір қалдырған. 

Оқиғасының сюжеті мен бай мазмұнынан болар, романтизм кезеңінің осы бір поэмасы 1842-1924 жылдар аралығында поляк, неміс, француз, итальян, чех, ағылшын және орыс тілдерінде 23 рет басылып, Еуропаның талғампаз оқырманының көңілінен шығады. Туындыны оқыған әрбір жанның сол заманда әлі беймәлім қазақ халқы мен оның салт-дәстүріне қызығушылығы оянғаны сөзсіз.

Осылайша, өзінің талантты қандасы Бронислав Залесский сынды Густав Зелинский де отарлық бұғаудағы қазақ халқын Еуропада танытуда үлкен жұмыс атқарды деп айтсақ, еш қателеспейміз. Ал аталмыш туындыны ана тілімізге белгілі ақын Әбдікәрім Ахметов аударып, поэма тек 1964 жылы ғана жарыққа шыққан. Қазақшасы Георгий Гребенщиковтің француз тілінен орыс тіліне аударып, 1910 жылы Томск қаласындағы «Бытовая Сибирь» серіктестік баспасынан шығарған нұсқасының негізінде жасалады. Қазіргі уақытқа дейін түрлі тілдерде жарық көрген дастан басылымдарының саны жиырма бестен асты.

Поляктың танымал әдебиет тарихшысы әрі жазушысы Януш Одровонж-Пененжек өз мақалаларында «Қазақ» поэмасын байрондық бағытта жазылған А.Пушкиннің белгілі «Кавказ тұтқыны» және «Сығандар», М.Лермонтовтың «Мцыри» және «Измаил Бей» туындыларымен бір деңгейге қойып, бір дәуірдің дастандары ретінде салыстыра сипаттаған.

«Қазақ» поэмасы өмірінің сегіз жылын, нағыз жалындаған жігіттік шағын шалғайдағы Тобыл мен Есіл далаларында өткізіп, қоғам назарынан тыс қалған Густав Зелинскийдің атын әйгілі етеді.

«Қазақ» поэмасының алғашқы басылымы жарық көрген 1842 жылдың күзінде ауқатты отбасы мүшелерінің араласып, құзырлы органдарға хат жазуымен ақын еліне оралады. Осылайша, ұзақ мерзімдік саяси жер аударуды бастан өткерген Зелинский 33 жасында туған жерімен қауышады.

Поляк жеріне оралысымен, Варшавада оны зиялы қауым әдебиеттегі тың бағыттың өкілі әрі ұлт азаттығы жолында қуғын көрген батыр ретінде зор ықыласпен қарсы алады. Жиындарда айдаудағы уақытта өз қаламынан шыққан туындыларын оқып, тұрақты оқырманын табады. Алайда әулет кәсібін жүргізетін адамның жоқтығынан, Густав күнделікті отбасының шаруашылық істерімен айналысуға мәжбүр болады.  

Отбасы кәсібін өрге домалатқан соң, Густав өлкедегі ең бір дәулетті адамдардың қатарына қосылады. «Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді» дегендей адами қасиеттері жоғары, зиялы Г. Зелинский айдауда болған сәттегі достарын бір сәт те есінен шығармаған. Қаржы тұрғысынан қиын жағдайда қалған достарына қолдау жасап, олардың біразын қасына алдыртып, жұмыспен және баспанамен қамтамасыз етеді. Айдаудағы жан досы А. Янушкевичпен хат алмасуын да тоқтатпайды. Екі дос арасындағы хаттардың қолда бар мәтіндеріне талдау жасау арқылы олардың мазмұны негізінен шығармашылық тақырыпта болғандығына көз жеткіземіз.

Ол кәсіпкерлігімен қатар, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Дәулетті жан болғанымен қарапайым өмір сүреді. Қаражатының үлкен бөлігін әдебиет пен өнер, баспасөз салаларын демеп қолдауға жұмсайды.

«Дала» дастаны

Кәсібінен және қоғамдық қызметінен қолы босаған сәттерде ақын шығармашылығына құлшына ден қоятын. Сондай мезеттерде «Грюнвальд түбіндегі шайқас» дастанының фрагменттерін және «Сиқыршы Твардовский»  драмасын жазады.

Алайда өз өмірінің сегіз жылын өткізген Есіл далалары, қазақ тақырыбы ақынның жадынан бір сәтке де кетпейді. 1856 жылы Есілде бастаған «Дала» поэмасын аяқтап, бастырып шығарады. Поэманы аяқтауда ұзақ уақытын қазақ даласында өткізіп, қажетті ақпараттарын бөліскен Адольф Янушкевичтің көп көмегі тиеді. Дастан «Дала», «Таулар», «Бәйге» және «Ән» (полякша нұсқасына сәйкес) атты төрт бөлімнен құралған.

Бірінші бөлімінде, өзі талай рет таза ауасымен көкірек кере демалып, аттың басын жібере желген қазақ даласының қысы мен көктемі суреттеледі. Дастанның екінші бөлімінде автор әлемнің жаратылысына қатысты шығыс дүниетанымы тұрғысынан ой толғайды. Туындының үшінші бөлімінде бірнеше рулардың басшысы Қадар (есім қазақ тіліндегі нұсқасында Қодар түрінде берілген) сұлтан туралы сөз қозғап, даладағы тұлпарлардың шабысын бейнелейді. Автордың мәліметінше мыңнан оза шыққан тұлпар өзінің иесіне жеңіс пен абырой, ал тұтас руға бедел алып берген. Дастанның соңғы төртінші бөлімі дала жырауының өмір ауыртпашылықтарын домбырада жырлауынан құралып, Қодармен қоштасумен аяқталады.

Дастанды оқу барысында ақынның көп ізденгендігіне, қазақ халқының әдет-ғұрыптарымен етене таныс болғандығына көз жеткіземіз. Оған Г. Зелинскийдің еңбегінде кездесетін қазақ халқының тіршілігіне қатысты терминдер дәлел бола алады. Поэмада арагідік ұлтымыздың сол кезеңдегі ауыр тіршілігі көрініс тапқанымен, жалпылай алғанда,  Зелинский қазақтардың өміріне үлкен оптимизммен қарайды. Олардың еркін өмір салтын жоғары бағалайды.

Кәсіби сыншылардың пікірінше, аталған шығармада автор даланы, ондағы өмірді шынайы суреттеуден көрі қиялға көбірек ерік берген.

Өз кезегінде Густав Зелинскийдің «Дала» поэмасы да бірнеше рет басылып шығады. Бұл туындының басты ерекшеліктерінің бірі – автордың негізгі мәтінге өтпес бұрын, қазақ даласының географиясы, қазақ тарихы, діні, өмір салты жайлы мол мәлімет беруі. Сірә, бұл қадам Еуропаның талғампаз оқырманына соған дейін аз мәлім болған ұлтымыз туралы толымды ақпарат беру ниетінен туса керек. Әсіресе алғысөздегі автор тарапынан берілген тарихи мәліметтер қызықты:

«…Алтын Орда ыдыраған соң, қырғыздар жеке, тәуелсіз, Мұхамедтің дінін ұстанушы халық ретінде қалыптасты…Өзінің бірнеше ғасырлық, бірақ еш жерде хатталмаған тарихында бірнеше даңқты есімдер қалған. Олар: Үндістандағы Ұлы Моғол мемлекетінің негізін қалаушы Бабырдың өзі куәлік еткен қырғыздың ең құдіретті билеушілерінің бірі, 400 000 сарбаз жасақтай алатын Арыстан хан [Бабырдың замандасы болған Қасым хан болса керек]. Он жетінші ғасырдың алғашқы жартысында моңғол тайпаларына жататын жоңғарларды жеңген Есім хан. Оның немересі, халқына [бастапқыда] толық билігі болмағанымен, өзінің ақылымен, әділдігімен және басқару өнерімен дәлелдей отыра, қырғыз ордаларына ықпалы жүріп, олардың бірлігін бекемдеп, өзара қантөгістерден сақтаған, мықтылардан қорғана білуі үшін әлсіз руларды біріктірген, ал қуаттыларын күшпен басқан, соңынан [біріккен] халқына заң жүйесін берген Тәуке хан… Оның өлімінен соң ханның жасаған ережелерінің ұмытылуға айналғаны  өкінішті-ақ».

Жоғарыдағы мысалдан поэманы жазу барысында Густавтың қазақ тарихы тұрғысынан да көп ізденгендігі айқын көрінеді. Зелинский поэманың қазақ тарихына қатысты тұстарын даярлау кезінде танымал тарихшы, этнограф әрі түркітанушы – Алексей Левшиннің «Қырғыз-қазақ немесе қырғыз-қайсақ ордалары мен даласының сипаттамасы» еңбегін кеңінен пайдаланған.

«Дала» поэмасы аударылымы мен таралым ауқымы бойынша «Қазақ» дастанының деңгейіне жете қоймағанымен, Еуропаның негізгі тілдеріне түгел тәржімаланып, қалың оқырманға жол тапқан. Осы тұста «Дала» поэмасын 1858 жылы, дүние саларынан бір жыл бұрын немістің әлемге танымал ғалымы Александр фон Гумбольдт оқып, оған жоғары бағасын берген екен.

«Дала» поэмасын ана тілімізге танымал ақынымыз Тайыр Жароков аударып, туынды 1964 жылы «Қазақ» поэмасымен қоса бір кітапта жарық көрген. 

Үлкен ұлы Юзефтің естеліктерінен мәлім болғандай, ақынның соңғы он бес жыл ғұмырында оның шығармашылығына қатысты көп сын айтылған. Бұл Густавтың әдебиет саласынан тарихқа ойысуына шешуші ықпал етеді. Туысы Ян Зелинскиймен бірлесіп, әулетінің үштомдық тарихын жазып шығады. Аталған еңбек 1880-1881 жылдары Торуньде басылған.

Алдында сөз болғандай, Густавты оның жас шағынан әдебиет саласы, жалпы кітап әлемі ерекше баурайтын. Кітаптарының саны ұлғая келе Г. Зелинский Скемпедегі өз иелігінің аумағында арнайы кітапхана ғимаратын салуға шешім қабылдайды. Кітапхана оның үйінен қашықтау саябақ маңындағы төбешікте тұрғызылады. Бір қабат етіп салынып, қасында кітап сақтайтын мұнара бой көтереді. Ал құрылымы бойынша ғимаратта арнайы кітапхана залынан бөлек, жұмыс істеуге лайықтап жабдықталған кабинет те болған. Отбасылық естеліктерге сәйкес кабинет арагідік Густавтың әріптестерімен бас қосып, саясат, тарих пен әдебиет туралы қызу пікір таластыратын орын міндетін де атқарған екен. 

Уақыт өте «Скемпе Белведері» аталған Густавтың бай кітапханасы 20 мың томға жетеді. Ал басынан сан түрлі қиындықтар өткенімен, мәнді де мазмұнды ғұмыр кешкен Густав Зелинский 1881 жылы 23 қарашада өзінің Скемпедегі иелігінде, ұрпағының ортасында дүние салады.

Ал кітапхана қоры кейінірек ұлы Юзефтің шешімімен 1907 жылы Плоцкінің Ғылыми Серіктестігіне сеніп тапсырылады. Сонымен қатар, мұрагердің өтінішімен Плоцктегі кітапхана «Зелинскийлер» атын иемденеді. Кітапхана бүгінде 120 мыңнан астам халқы бар қала тұрғындарына қызмет көрсетуін жалғастыруда. Ал шығармашылығымен поляк, қала берді әлемдік әдебиетте өшпестей із қалдырып, халық үшін атқарған игі істерімен жомарт атанған Густав Зелинскийдің есімі Польшада бірнеше көше мен мектепке берілген.

Автор: Жандос Қарынбаев – қазақ-поляк тарихи байланыстары тақырыбын зерттеуші ғалым, PhD кандидаты