Материал Toyota Kazakhstan компаниясының қолдауымен дайындалды.
Қарабас өгізшағала (Ichthyaetus ichthyaetus) – татреңтәрізділер отрядының шағалалар тұқымдасына жататын құс.
Ел аумағында сирек кездеседі, жылдан-жылға саны кеміп бара жатқан түр ретінде Қазақстанның Қызыл кітабына ІІ санатпен енгізілген. Ал әлем бойынша жағдайы аса мүшкіл емес: Халықаралық табиғат қорғау одағының (IUCN) «қызыл» тізімінде «жойылу қаупі төмен» деген санатта тұр.
Қара теңізден Оңтүстік Сібірге дейін жекелеген топтармен ұялайды. Қазақстанда Балқаш, Алакөл су алаптарында, Еділ – Жайық өзендерінің суқоймаларында, Науырзым мен Қорғалжын қорықтарында, Павлодар мен Қарағанды облыстарының суқоймаларында және Батыс Қазақстан облыстары мен Каспий теңізінің солтүстік-шығыс бөлігінде мекендейді. Ұшып келу және ұшып кету кезеңдерінде еліміздің барлық суқоймаларынан, оның ішінде Оңтүстік Алтайдың таудағы көлдерінен де кездестіруге болады. 2010 жылғы «Қызыл кітаптың» мәліметінше, елімізде 4 мыңдай жұп қарабас өгізшағала тіршілік еткен.
Көлемі қазбен шамалас ірі шағала – сирек ұя салатын жыл құсы. Оның ғылыми атауы ikhthus ежелгі грек сөзі – «қыран балық» деген мағынаны білдіреді. Қазақша атауындағы «өгіз» сөзі де оның ірілігін меңзесе керек.
Оның ұзындығы 55–72 см, қанатының құлашы 142–170 см-ға жетеді. Салмағы 0,96–2,1 кг аралығында болуы мүмкін, әтештері орта есеппен 1,6 кг болса, мекиендері 1,22 кг болады. Жазда ересек қарабас өгізшағалаларды жазбай тануға болады, өйткені басқа осы секілді ірі шағалалардың бас бөлігі қара болмайды. Қанаттары сұрғылт, ұшында ақ «айналары» бар; сирақтары мен тұмсығы сарғыш түсті болып келеді. Түлегеннен кейін басының түсі ашылып, қарадан қою сұр түске боялады.
Басқа ірі шағалалар сияқты, олар да негізінен өлген немесе ауру, аулауға оңай балықтармен қоректенеді. Сондай-ақ шағын сүтқоректілер, жәндіктер мен теңіз шаяндары да азығына айналуы мүмкін.
Далалық көлдердің аралдарында ірі әрі тығыз колонияларда, көбіне басқа шағала құстарының маңында ұя салады. Бір аумақты тұрақты мекен етпейді, белгілі бір су алабында бір маусым ғана жүріп, келесі жылы мүлдем басқа аймаққа қоныстануы мүмкін. Елімізде ақпанның ортасынан наурыз айының басына қарай оңтүстік аймақтарға, ал сәуірде солтүстікке қарай ұшып келеді. Ұсақ топпен не жалғыз ұшады.
Ұяны таяз шұңқырға салады, оған құрғақ шөп пен қамыс сабағының сынықтары төселеді, ұялар бір-бірінен 15-20 см қашықтықта орналасады. Сәуір-мамыр айларында 1-3 жұмыртқа салады. Жұмыртқаны қоразы да, мекиені де бір айға жуық басады да, балапандары мамыр-маусымда жарып шығады. Балапандарының түрі сұр түске тез боялғанымен, олардың толық жетілуі үшін 4 жыл керек. Күзгі көші-қон тамыз айынан басталып, су қоймалары қатқанға дейін жалғасады.
Материал Toyota Kazakhstan компаниясының қолдауымен дайындалды.