27Сен

Шоқан және поляк зиялылары

Шоқан (шын есімі Мұхаммед Қанафия) Шыңғысұлы Уәлиханов – қазақ халқынан шыққан белгілі қайраткер, көрнекті тарихшы, шығыстанушы, этнограф және географ. Өзінің жарқ еткен жұлдыздай болған қысқа ғана ғұмырында артына үлкен ғылыми мұра қалдырған дарынды ғалым.

Шоқан Уәлиханов Санкт-Петербургте.

Оның тұлға ретінде қалыптасуына поляк зиялылары, ұстаздары Карл Гутковский мен Гилярий Гонсевский де едәуір ықпал етті. Осы мақаланың мақсаты – Шоқанның тұлғасын ашу арқылы тарихи деректердің негізінде поляк ұстаздары мен қазақ шәкірті арасындағы достық байланысты көрсету.

Шоқанның қазақ хандары әулетінен шыққандығы белгілі. Арғы аталары Шыңғыс ханның ұлы Жошыдан тарайтын хан-сұлтандар ХІІІ ғасырдың алғашқы ширегінен бастап қазіргі қазақ жерлерін басқарған. Арғы бабасы Жәнібек хан Кереймен бірге қазақ мемлекеттігінің негізін қалаған тарихи тұлға.

Қазақ хандарының генеологиясын зерттеуші Ғизат Табылдиннің дерегіне сәйкес Жәнібек хан Шыңғыс ханның он үшінші ұрпағы, ал Шоқанның он бірінші бабасы. Жәнібек ханнан Шоқанның әкесі – Шыңғыс сұлтанға дейінгі генеологиялық тармақ келесідей ретте тарайды: Жәнібек хан – Жәдік сұлтан —  Шығай хан – Есім хан (Еңсегей бойлы ер Есім) – Жәңгір хан (Салқам Жәңгір) – Уәлибақы (Уәли бақи) – Абылай (Қанішер Абылай) – Уәли (Көркем Уәли) —  Әбілмансұр (Абылай хан)  –  Уәли хан – Шыңғыс сұлтан.

Жасы ұлғайған Шыңғыс Уәлиұлы (ортада).

Шоқанның үлкен атасы Абылай хан жоңғар шапқыншылығынан әбден қалжырап, бірлігі бұзылған елдің басын қайта біріктірген ұлы билеуші, дұшпанға шапқан жаужүрек батыр, соғыс стратегиясын жете меңгерген даңқты қолбасшы әрі дипломат. Ресей және Цин империяларының ашық пиғылдағы отаршыл саясатымен бетпе-бет келгенімен, іс жүзінде мемлекетінің тәуелсіздігін сақтай білген сарабдал саясаткер.

Абылай хан 1781 жылы дүние салған соң, билікке ұлы Уәли келеді. Бірақ оған елді әкесінің тұсындағыдай басқару бақыты бұйырмады. Уәли билігі кезінде Ресей империясының қазақ даласын отарлау саясаты күшейді. 1821 жылы хан дүние салған соң, Орта жүздегі хан сайлауы тоқтатылады.

Шоқанның отбасы туралы сөз қозғағанда, әжесі Айғаным туралы айтып өтпеу мүмкін емес. Ол ақылды, алысты болжай білетін, бірнеше шығыс тілдерін меңгерген және өз заманы үшін білімді әйел болған. Жергілікті халық арасында үлкен беделге ие еді. Архив құжаттарындағы мәліметтерге сүйене отырып, Айғанымның қоғамдық-саяси қызығушылығы аясының кең болғандығын көруге болады. Тіпті, император І Александр Уәли ханның жесіріне үй тұрғызып берген.

Шоқанның әкесі Шыңғыс 1811 жылы дүниеге келген. Сөз болып отырған Уәлидің кіші әйелі Айғанымнан туған. Уәли дүние салып, Орта жүзде хандық билік жойылған уақытта ханнан мұраға қалған жерлер ұрпақтары арасында бөліске салынады. Қызылағаштағы қара шаңырақ үлкен ұлы Ғұбайдолла мен оның ұрпақтарына көшкен болса, Сырымбетті ханның Айғанымнан тараған ұрпақтары еншілейді.

Шыңғыс Уәлиұлының бар өмірі Ресей империясының қазақ даласына билігін күшейту кезеңімен тұспа-тұс келеді. Түбегейлі саяси өзгерістер жағдайында өз балаларының болашағы үшін алаң болған Айғаным, 1827 жылы Шыңғысты Сібір казак училищесіне оқуға береді. Шыңғыс 1834 жылы аталған оқу орнын бітіріп, әдебиет пен тарихтан, өз елінің статистикасынан жақсы хабардар маман болып шығады.

Училищені аяқтаған 23 жасар Шыңғыс жаңадан құрылған Аманқарағай округінің аға сұлтаны қызметіне тағайындалады. Сол жылы жас шағынан атастырылған Зейнеп Шорманқызымен шаңырақ көтереді. Зейнеп теріскейде кең танымал, Баянауыл жерінің бас биі, аға сұлтан болған Шорман Күшікұлының қызы еді.

1835 жылы Аманқарағай округінің орталығы Құсмұрынға көшіріліп, әкімшілік бірліктің атауы Құсмұрын округі деп атала бастайды. Шыңғыстың отбасы көлдің солтүстік-батыс жағалауына орнығады. Өз мекендерін оның нулы, көлеңкелі болуына байланысты Уәлихановтар отбасы «Күн тимес» деп атайтын.

Сол жылы Шыңғыстың шаңырағында, Құсмұрында оның тұңғышы – Шоқан дүниеге келеді. Шоқан – әжесі Айғанымның еркелетіп қойған есімі, ал шын есімі – Мұхаммед Қанафия. Шоқан жас шағынан еті тірі әрі ақылды бала болды. Оның рухани тәрбиесінде әжесі Айғанымның рөлі үлкен еді. Табиғатынан талантты, білімге ынтық бала үшін әжесі халық даналығының сарқылмас көзіне айналды. Білімді Айғаным немересіне қазақ аңыз әңгімелерін, өзі куәгер болған тарихи оқиғаларды ерекше ыждаһаттылықпен әңгімелейтін. Халық салт-дәстүрін берік ұстанатын әжесінің жарқын бейнесі Шоқан санасына терең сіңеді. Немересі арқылы Орта жүзде беделімен, білімімен кең танылған Айғаным тарихқа мейірбан ана, ең алдымен Шоқанның дана әжесі ретінде енді.

Қазақ даласында орныққан дәстүрге сәйкес сұлтандар өз балаларына бірнеше шығыс тілдерін үйрететін. Қазақтағы «жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деген қағида сол кезден сақталған. Шоқан алдымен Құсмұрындағы қазақ мектебінде сауатын ашып, онда араб әліпбиінің негіздерін үйренеді. Мұндай мектептерде әдетте қыпшақ және шағатай тілдерінде жазылған ортағасырлық әдебиет мұрасын, сонымен қатар араб және парсы тілдерін оқытатын. Аталған тілдерді үйренумен қатар, Шоқан, уақыт өте (Қашқар сапарының барысында) ұйғыр тілін де меңгереді.

Шоқан бала кезінен қарындашпен сурет салуға әуестенеді. Бұл өнерді меңгеруіне Құсмұрында ұзақ жұмыс істеген суретші-топографтардың да ықпалы болған көрінеді. Сондықтан болар, бейнелеу ісі Шоқанның өмірлік серігіне айналады.

1847 жылы Шыңғыс 12 жасар Шоқанды Омбыға апарып, сол замандағы Сібір өлкесінің үздік оқу орны саналған Сібір кадет корпусына оқуға түсіреді. Бұл оқиға туралы танымал орыс географы, ботаник әрі этнограф, Шоқанның сыныптасы Григорий Потанин: «Менің ол кезде корпуста тұрып жатқаныма бір жыл болған… Шоқан орысша бір ауыз сөз түсінбейтін және сол кездің өзінде қарындашпен сурет салғанды жақсы көретін» деп еске алады.

Шоқан үшін Кадет корпусындағы алғашқы айлардың оңайға түспегені түсінікті. Қалай дегенмен де, отбасында қызметшілері болған, орыс тілін меңгеруді енді ғана бастаған жас қазақ сұлтаны әскери оқу орнының қатал тәртібіне біртіндеп бейімделе бастайды. Тегіне тартқан Шоқан бұл қиындықтарды абыроймен жеңіп шығып, оқытылатын пәндердің көпшілігі бойынша үздіктер қатарынан табылады.

ХІХ ғ. 50-70 жылдары Омбы Еуропа, тіпті империя астанасы Санкт-Петербург үшін де қиырдағы Сібірдің қатардағы провинциялық қаласы болғанымен, шын мәнісінде едәуір зиялы қауым өкілдері тұрақтаған, өзіне тән мәдени-ғылыми ортасы бар қала еді. Оның себебі, өңірде жұмыс істеген бірқатар білікті мамандармен қатар, Батыс Сібір қалалары арқылы Орталық пен Шығыс Азияны зерттеуге бел буған ғалымдар, әскери шығыстанушылар, саяхатшылар жиі келіп-кетіп тұратын. Зерттеулері мен саяхаттарын аяқтаған соң, қысты Батыс Сібірдің қалаларында өткізетін. Ал ХІХ ғ. 50-60 жылдары жергілікті өндіріс орындары ашылып, тасымал жолдарының дами бастауымен Сібір өңірін игеруге қызыққан адамдардың саны бұрынғыға қарағанда айтарлықтай өсті. Сонымен бірге бұрынғы Речпосполита құрамында болған аумақтарда патша билігіне қарсы «Қаңтар көтерілісі» атауымен белгілі (1863-1864)  ұлт-азаттық күрес күшпен басылған соң, мыңдаған білімді азаматтар жер аударылып, «Сібірге жолдама» алған еді. Айдаудағы «бүлікшілердің» көпшілігі жергілікті жерде кәсіби мамандардың тапшылығынан түрлі лауазымдарды атқарғандығы белгілі.

Жоғарыда айтылғандай, түрлі факторлардың ықпалымен Шоқан білім алған ХІХ ғасырдың 50-60 жылдары Омбының да зиялы ортасы қалыптаса бастаған-ды. Ол туралы осы бөлімде жан-жақты баяндайтын боламыз.

Жасынан зерек Шоқан кадет корпусында барымен бөлісіп, терең білім берген ұстаздарымен жақынырақ танысады. Олардың бірсыпырасымен Шоқан өмірінің соңына дейін байланыста болып, жақын араласады.

Корпустағы оқу үдерісін ұйымдастырушы подполковник Ждан-Пушкиннің қалауымен кадеттерге тарих пәнін дарынды жас мұғалім Гилярий Гонсевский (Hilary Gąsiewski) оқытады. Жалпы оның өміріне қатысты ақпарат тапшы. Поляк ұлтынан болғандығы белгілі. Гонсевскийді оқушысы Григорий Потанин былайша еске алған: «Гонсевский бастапқыда Вильно университетінің студенті болады. Бірақ оқу орнының жабылып, Қазан университетіне ауысады». Өзге дерек көздеріндегі мәліметтермен салыстыру арқылы Г. Потаниннің өз ұстазына қатысты берген бұл ақпараты дәл еместігіне көз жеткіземіз. Себебі, ол Қазан қаласына гимназиядан кейін келген. Оның дәлелін 2009 жылы Краснодарда жарық көрген «Поляки в России: эпохи и судьбы» еңбегінен таба аламыз: «1845-1846 жылдары Қазанға пансионерлер ретінде Вилен оқу округінің гимназия түлектері Юзеф Петрович, Анджей Петерман, Гилярий Гонсевский және Игнаций Чигирь жіберілді». Демек, Г. Гонсевский Қазан университетіне гимназиядан кейін барса, онда оның жүздеген қандастары татар жеріндегі жоғары оқу орнына саяси қызметтеріне байланысты Вильно университетінің студенті кезінде жіберілген.

Ал Вильно университеті поляк зиялы қауымының нағыз қайнаған ортасы еді. Әлемге әйгілі поляк ақыны Адам Мицкевичтің аталған оқу орнының түлегі екендігі тарихтан мәлім. Бір қызығы, ХІХ ғасырдың 20-30 ж. университетте студенттердің «Филоматтар» және «Филореттер» сынды жасырын ұйымдары жұмыс істеген. Бірақ 1830-1831 жылдарғы ұлт-азаттық күресіне студенттер мен оқытушылардың қатысуы оқу орнының жұмысын тоқтатып, император І Николай 1832 жылғы 1 мамырдағы өз рескриптімен университетті жапқан болатын. Ал көтеріліске қатысқан студенттер мен оқытушылар саяси қудалауға ұшырап, едәуір бөлігі қазақ жеріне жер аударылады.

Шоқанға қайта оралатын болсақ, ол сол дәуір зерттеушілерін тәнті еткен ғылыми еңбектерді өмірге әкеліп, шытырманға толы ізденіс жолында болды. Алайда Шоқанның өмірден мезгілсіз ерте кетуі, оған білім берген ұстаздары туралы естелік мәлімет қалдыруға мүмкіндік бермеді. Сол себептен де, кадет корпусындағы оқытушылар туралы сөз қозғағанда біз ең алдымен, Г. Потаниннің естеліктеріне сүйенеміз. Оның Г. Гонсевскийге қатысты мынадай естелігі бар: «Ол біздің оқытушыларымыздың ішіндегі ең көп оқығаны еді; меніңше, ол провинцияның орта оқу орнында сабақ беруден маңыздырақ мамандық алуға дайындалса керек, кітапты көп оқитын… Оның дәрістері біз үшін үлкен маңызға ие еді. Кадет корпустарында тарихты 1815 жылға дейін ғана оқытуға рұқсат етілетін. Бірақ ол Ждан-Пушкиннің рұқсатымен 1830 жылға дейінгі тарихты оқыды. Әсіресе Ұлы Француз революциясының тарихын, оның Еуропа қоғамы үшін мәдени ықпалын, маңызын оқиғаның басты қайраткерлерімен суреттей отыра, жүйелі оқыды…».

Кадет корпусындағы алғашқы кезең күрделі болғанымен, уақыт өте Шоқан өзінің орыс жолдастарымен салыстырғанда, білім үдерісінде алға шыға бастайды. Мұның сыры тек Шоқанның туа біткен қабілетіне ғана емес, оның өз атамекенінен алыста болуына да байланысты еді. Өйткені, корпустың Ережесіне орай кадеттерге қалада туыстары болса, барып тұру құқығы берілген.  Ал өз туған-туысынан алыста болған Шоқан бос уақытын білім мен өзін-өзі дамытуға арнады.

Оқудың алғашқы жылы Шоқанды алып жүрген Сотников Қырғыз (қазақ) басқармасында жұмыс істей отырып, Қазан Императорлық университетінің Шығыс факультетінде білім алып жатты. Сотников қазақ халқын жақсы көретін. Жыл сайын Шыңғыс сұлтанның ауылына келіп, киіз үйде тұратын. Қазақтарша киініп, Шыңғыс ауылымен бірге Құсмұрын округінде бірнеше ай көшіп-қонатын. Шоқанның Кадет корпусына оқуға түсуіне Сотниковтың да өзіндік ықпалы болса керек.

Шоқанды Сотниковтан кейін Померанцев өз қамқорлығына алады. Ол жайлы Г. Потанин келесідей мәлімет береді: «Ол біздің бейнелеу өнерінен мұғаліміміз болған, Бас штабтың жас, көңілді әрі қамсыз офицері еді. Оның пәтері бейне бір суретшінің нағыз шеберханасына ұқсайтын».

Померанцевтен кейін тарих пәнінің оқытушысы Г. Гонсевский Шоқанға өз пәтерінде тұруға рұқсат береді. Жас қазақ сұлтанының досы Григорий Потанин өз естелігінде: «Меніңше, Шоқан үшін, оның ой-өрісінің дамуына соңғы таныстық ең маңызды болатын», – деп ой қорытқан.

Поляк зиялысының Шоқанға ықпалы туралы Г. Потанин келесідей естілік қалдырған: «Гонсевскиймен сұхбаттары оны [Шоқанды] түрлі саяси көзқарастармен біздер үшін аталған тақырып жабулы кітап болған кезде таныстырған еді. Ол сол кездің өзінде ересек адамдардай болатын, ал біз жас жағынан үлкен болғанымызбен, оның жанында шалбарсыз жас баладай едік… Оның бізден білімінің жоғары екендігі байқалатын… ол, біздер, яғни достары үшін «Еуропаға терезеге» айналды». Шоқан туралы оның бала кезіндегі жан досы, кейінгі танымал ғалым Потаниннің осылай ағынан жарыла естелік  қалдыруының өзі неге тұрарлық?!

«Егер Гонсевский мен Сулоцкийден үлкен білім иелерін танысақ, Костылецкий бізге өзінің танымымен ықпал ететін… Гонсевский мен Сулоцкийден ойлануды үйренсек, Костылецкийден өмір сүруді үйрендік. Аталғандай құрамдағы оқытушылардың арқасында корпустан қоғамдық істерге деген үлкен ынтық сезіммен шықтық. Мектептегі кездің өзінде прогреске қалай қызмет ететінімізді ойланатынбыз», – деген Григорий Потанин өз ұстаздарын жылы шәкірттік сезіммен еске алады.

Гилярий Гонсевскиймен қатар, Шоқанға ұстаз болған поляк ұлтының тағы бір өкілі – Подоль губерниясының тумасы Карл Казимеж Гутковский (Karol Kazimierz Gutkowski) еді. Ол туралы мәліметтер тарихи әдебиетте тым тапшы. 2017 жылы Мәскеуде жарық көрген «Высшие чины Российской империи» атты өмірбаяндық анықтамалықтың 1-томында: «Карл Казимеж Гутковский (1815-1867) – генерал-майор (1866 ж.)» деген қысқа мәліметті ғана кездестіреміз. Осылайша, 1866 жылы Карл Гутковский орыс әскерінің ең жоғары шендерінің бірі – генерал атағына қол жеткізген.

Ш. Уәлихановтың шығармалар жинағының 5-томындағы ескертпелерде құрастырушылар Карл Гутковский туралы мынадай мәлімет берген: «Ресейдің шекаралық әкімшілігінің прогрессивті өкілі, қазақ даласының, тұрмыс-салтының білгірі. Кадет корпусын, Бас Штабтағы Николаев әскери академиясын тәмамдаған. Қазақ жеріне 1838 жылы жіберілген. Түрлі лауазымдарда жұмыс атқарған. 1851 жылдан 1863 жылға дейін Сібір қырғыздарының (қазақтарының) облыстық басқармасының төрағасы болды. Гутковский әкімшілік жұмысты зерттеу және педагогикалық қызметпен үйлестіретін. Сібір кадет корпусында дәріс оқыды».

Қызығушылық аясы мен өрісі кең, жан-жақты білімді К. Гутковский Кадет корпусында физика, артиллерия мен әскери тактикадан, сонымен қатар география мен геодезиядан сабақ берген. Дәрістері барысында Гутковский зеректігімен ерекшеленген Шоқанға назар аударады.

Карл Гутковский Батыс Сібір Бас басқармасының бөлім басшысы статтық кеңесші Яков Капустиннің үлкен қызы Екатеринаға үйленген еді. Өзінің әр демалысын ұстазының үйінде өткізген Шоқанның Гутковскийлермен таныстығы көп ұзамай туыстық дәрежесіне дейін өседі. Отбасы жас қазақ сұлтанын өз туған ұлындай жақсы көріп, жақын тартатын. Осылайша, Шоқанның іс жүзінде қос бірдей отбасы болады: бірі – даладағы өз туыстары және екіншісі қаладағы отбасы. Уақыт өте Омбыдағы Гутковскийдің отбасы мен Шыңғыс әулетінің де қарым-қатынасы шын достық пен туыстық деңгейіне дейін жетеді.

Алдында жазғанымыздай, Капустиндер мен Гутковскийлер өзара жақын туысқандық байланыста болып, қос отбасы да Омбы зиялы қауымының белді де беделді мүшелері еді. Олардың үйлерінде Бас штаб офицерін, суретші мен әдебиетшіні, Орталық Азияға барар жолда Омбыға соққан саяхатшы ғалымды, немесе «еріксіз кезбеге» (саяси жер аударылғандар) айналған ақынды жиі кездестіруге болатын. Басқаша айтқанда, олар Омбы зиялыларының өзіндік шағын клубы еді. Клубтың үйлестірушісі міндетін философиялық талғамы бойынша Кювьені қастерлеуші, энциклопедист Карл Гутковский атқарды. Бірде-бір танымал саяхатшы аталған үйге соқпай кетпейтін. Омбы арқылы қандай да бір саяхатшы сапармен өтер болса, Гутковский қарсы алып, өз үйіне, содан соң Капустиндердің үйіне ертіп келетін.

Жоғарыда сөз еткен, Омбыдағы танымал шенеуніктердің бірі болған Яков Капустин екі мәрте үйленіп, қос некесінен де ұрпақ сүйген жан. Екінші әйелі әлемге танымал химик Дмитрий Менделеевтің туған әпкесі – Екатерина Иванқызы Капустина (тұрмысқа дейін Менделеева) Яковқа 2 ұл мен 4 қыз сыйлаған. Екатеринаның әкесі Иван Менделеев Сібірге аты шыққан танымал ұстаз болып, заманында Сібірдегі ең бай жеке кітапханаға иелік еткен. Отбасында бала тәрбиесі мен білім алуға, рухани дамуға көп көңіл бөлінетін. Яков Капустин болса, уақыт өте, дәлірек айтқанда 1859 жылы Томск қазына палатасының басқарушысы қызметіне тағайындалуына байланысты Омбыдан көшіп кетеді.

Карл Гутковскийдің жұбайы Екатерина Яков Капустиннің бірінші некесінен туған қызы еді. Оның інісі Семён Қазан университетінің Заң факультетін аяқтаған соң Омбыға оралып, Батыс Сібір Бас басқармасында өз қызмет жолын бастайды. 1864 жылы ол Санкт-Петербургке жұмыс бабымен ауысып, Әділет және Ішкі істер министрліктерінде, сондай-ақ мемлекеттік бақылау ведомствосында еңбек етеді. 1869 жылы С.Капустин «Правительственный вестник» журналының бөлім редакторы қызметіне тағайындалып, халық тұрмысының экономикалық мәселелері жөнінде тұрақты жазған мақалалары арқылы бүкіл Ресей таныған публицистке айналады.

Осылайша, Омбыдағы алдыңғы қатарлы зиялы отбасылармен таныстық Шоқанның ой-қарымының жылдам дамуына ықпал етті. Шоқанның білім алу үдерістеріне куә болған досы Г. Потанин өз естелігінде: «Шоқанның 14-15 жасқа толған бозбала шағынан Кадет корпусының басшылығы оған болашақ ғалымға қарағандай көзқараста болды. Ол кезеңде Шоқан көп оқитын. Оқу дағдысы оның бойында сыни машықтарды дамыта бастаған еді. Өнегелік саласындағы, өзі маман болған шығыс филологиясы саласындағы әлеуетімен ол біздерді таңғалдыратын», – деп тамсана жазған.

Шоқанның әдеби талғамына келер болсақ, ол тұрғыда Григорий Потанин былайша естелік қалдырған: «Шетелдік беллетристикадан бізге Диккенс [Чарльз Диккенс] пен Теккерей [Уильям Теккерей] ене бастаған еді. Ағылшын әдебиетін, әрине аударылған нұсқасында, бізде Шоқан насихаттады; оған Англия және ағылшын өмір салты туралы оқыған, ағылшын саяхатшыларының өзіндік әдеттеріне еліктеу ұнайтын».

Шоқанның мінез-құлқына, жаратылысына қатысты археолог және этнограф, қоғам қайраткері Николай Ядринцев мынадай мәлімет келтіреді: «Ол әңгімеге тапқыр, аңғарымпаз әрі әзілқой еді. Бұл қасиеті оның шығу тегімен байланысты болса керек. Жалпы қырғыздар [қазақтар] үлкен әзілкештер, дегенмен білімнің ықпалымен Уәлихановтың бұл қасиеті дамып, шарықтау шегіне жетті. Шоқанда ол сатира мен Гейне әзілінің сипатында еді. Ол өткір әзілдейтін, мен дәл ол секілді ұстарадай өткір тілді адамды сирек кездестірдім».

Шоқанның айтылғандай өткір әзіл иесі болуына жоғарыда айтқан ағылшынның танымал сатирик жазушысы Уильям Теккерейдің шығармашылығы да ықпал етсе керек.

Батыстың классикалық туындыларын көп оқығанымен, Шоқан негізінен Шығысқа қатысты зерттеу еңбектерін оқумен әуестенетін. Бұл тұрғыда Г. Потаниннің естеліктерінен: «Әрине, Шоқанның салыстырмалы түрде провинциалды қаладан шықпай-ақ, шығыс бойынша көп оқығандығы өзгелердің таңданысын тудыратын. Бұл ретте Петр Семенов-Тянь-Шанскийдің оның Омбыда өз мамандығы бойынша арнайы және қала үшін бай кітапхананы қалай жинағандығына таң қалғаны бар» делінген мәтінді оқимыз.

Шоқан Кадет корпусында білім алған кездің өзінде туған халқының, Орталық Азия халықтарының тарихын, салт-дәстүрін зерттеуге ден қояды. Кадет Шоқан жаз уақытында елде болған кезде қазақ халқының тарихы, салт-дәстүрі бойынша мәліметтер жинақтап, жиғанын қызығушылық танытқан ғалым-зерттеушілермен бөлісіп отырды. 1852 жылы Шоқан танымал шығыстанушы, Санкт-Петербург университетінің Түрік-татар әдеби шығармашылығы кафедрасының профессоры Илья Березиннің өтініш білдіруімен «Тоқтамыс ханның жарлықтары» атты мақала жазды. Аталған еңбек Шоқанның жарық көрген алғашқы ғылыми жұмысы болып саналады.

1853 жылы Омбы кадет корпусындағы оқу курсын тәмамдаған Шоқан, императорлық әскердің корнеті офицерлік шеніне қол жеткізеді. Корпусты аяқтаған соң Батыс Сібір генерал-губернаторы Густав Гасфордтың адъютанттығына тағайындалып, оған генерал-губернатордың хаттарын жазу мен келген хаттарға жауап дайындау міндеті жүктеледі. Оның қызметіне  әкімшілік-аумақтық бірліктің тарихнамашысы құзыреті де кіретін. Аталған лауазым Шоқанның туған халқының және өзге де жергілікті халықтардың тарихымен мейлінше терең айналысуына мүмкіндік берді.

Жергілікті атқарушы билікте жұмыс істеген Шоқан өз достарын да бір сәт есінен шығармайды. Әскери қызметте жүрген досы Григорий Потанинді К.Гутковскийдің қабылдауына кіргізіп, Омбыға оралуына көмектеседі.  Гутковский болса, Потанинге Омбы облыстық архивіндегі жинақталған істерді жүйелендіру жұмысын тапсырады. Аталған архивтің алғашқы материалдарын ХVIII ғасырдың ортасындағы «Генерал Киндерманның әскери-жорық кеңсесінің құжаттары» (Христиан Киндерман, 1744-1752 ж. Сібір шебінің қолбасшысы болған) құрайтын. Ал шекара шебінің көршілері сол жылдары Шоқанның арғы атасы Абылай хан басқарған Қазақ хандығының Орта жүзі мен Жоңғар хандығы еді.

Шоқанның досы Григорий Потанин

Г. Потаниннің облыстық архивте жұмыс істеуі екі досты одан да жақындастыра түседі. Бұл туралы Потаниннің мынадай естелігі бар: «Шоқан менің жаңа, қызықты материалдар тапқан-таппағанымды білу үшін жиі соғатын. Мен қырғыз халқын [мұнда қырғыз халқы хақында] бір жоңғар генералының Енисей губерниясынан Шу алабына күштеп көшіргендігі туралы ақпаратты кезіктіргенде екеуміз қалай қуандық…».

Замандастарының естеліктерінде Шоқанның Омбыда бірқабатты ағаш үйде тұрғандығы айтылады. Бірақ тумысынан талғамы көркем Шоқан өз үйінде ыңғайлы, салтанатты жағдайды қалыптастыруға күш салған. Әдетте, оның үстелінің бетінде әдемі симметриядағы қымбат заттар орын тапқан. Түймесіне дейін көркемдікті ұнататын сері Шоқан қыста құндыз жағалы әскери шинель киген. Көркем заттарға да әуес болып, темекі сауыттарының коллекциясын жинауды сүйікті ермегіне айналдырған екен.

Жеке қызығушылығымен қатар, Шоқан қызмет бабымен де Орталық Азия халықтарының тарихы мен мәдениеті туралы мол білім жинақтап, бірте-бірте осы бағытта кәсіби зерттеулерді жүргізу ісін қолға алады. Өз қызметі барысында жас зерттеуші империя деңгейінде танымал ғалымдармен танысуға ұмтылып, бірде оған Петр Семенов-Тянь-Шанский сынды атақты ғалыммен жақын араласу мүмкіндігі бұйырады.

Ғалым алдымен Батыс Сібірді аралап, Омбы арқылы өтіп, Іле өңірінде (Жетісу) және Ыстықкөл маңайында, Хантәңірі шыңында зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Кейін Батыс Сібірге оралып, Барнаулда қыстайды. Аталған сапардан жол-жөнекей Омбыға соғып, онда К. Гутковскиймен танысады. Танысу рәсіміне арналған асқа Шоқан да шақырылып, құрметті қонақпен дастарқандас болады. Жас қазақ зерттеушісінен үлкен таным иесін көрген Семенов оған Санкт-Петербург университетінің Шығыс факультетіне оқуға түсуге кеңес береді. Бұл жайлы Г. Потанин былайша еске алады: «Мен Шоқанды жаңа ғана сапармен өткен саяхатшы туралы қуанышты сезімге толы көңіл күйде кезіктірдім… Шоқан екеуміздің қалай Петербургке университет лекцияларын тыңдауға аттанатынымыз туралы жоспар құрумен болды; оған сәйкес, мен – физика-математика факультетінің жаратылыстану-тарих бөліміне, ол шығыстану факультетіне түсуге тиіс болатын. Университетті бітірісімен, бірден Орталық Азияға, жан иесі өтпейтін Қытайға саяхатқа шығу ұсынылды… Шоқан өзінің асқақ мақсаттарын дауыстап армандауды ұнататын».

1855 жылы Шоқан Батыс Сібір генерал-губернаторымен бірге Семей, Аягөз, Қапал арқылы қазіргі Алматыға дейін барып қайтады. Өз халқы мекен еткен аумақтарға жасаған сапарларының барлығында да ұлтының ауыз әдебиеті туындыларын жазып, жинақтап жүреді. Аталған материалдар негізінде «Тәңірі» және «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» тақырыптарында еңбектер жазады.

1856 жылы Шоқан полковник М.М. Хоментовский басқарған әскери-ғылыми экспедицияға қатысып, Ұлы жүз қазақтары мен қырғыздардың тұрмыс-тіршілігі туралы мәліметтер жинайды.  Ауыз әдебиетінің жергілікті нұсқаларын жазумен айналысады. Осы орайда Шоқан қырғыздың «Манас» жырын алғаш рет қағазға түсіріп, оны кәсіби тұрғыдан зерттеген тұңғыш ғалым болғандығын айта кету орынды. Экспедиция барысында жиналған материалдардың негізінде Шоқан «Жоңғария очерктері», «Қырғыздар туралы жазбалар», «Қазақтың халық поэзиясының түрлері туралы», «Ыстықкөл сапарының күнделігі» және т.б. еңбектер жазды.

Шоқанмен танысқаннан кейін, П.П. Семенов-Тянь-Шанский ол туралы ерекше зерттеушілік таланты бар азамат ретінде Орыс Императорлық географиялық қоғамына хат жазып, нәтижесінде ғалымның ұсынысымен Ш. Уәлиханов 1857 жылы аталған ұйымның толық мүшелігіне қабылданады. Сол жылдары Шоқанның Шығыс Қазақстан және Жетісу өңірлеріне, Қырғыз еліне жасаған саяхаттары барысында жазған еңбектері жарияланып, оның жас әрі дарынды ғалым ретінде аты шыға бастайды. 

1858 жылы 28 мамырда Шоқан өз атын шығарған әйгілі Қашқар (қазіргі ҚХР, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы) саяхатына аттанады. Он айдан ұзақ мерзімге созылған бұл саяхат 1859 жылы 12 сәуірде аяқталады. 1758 жылы Жоңғар хандығы талқандалған соң, Қашқар немесе Кіші Бұхар Цин империясының қоластына өткен болатын. Шоқан өмір сүрген уақытта Орталық Азиядағы ықпал мен өктемдік үшін Ресей мен Британ империялары арасында жасырын бәсекелестік қарқын ала бастады. Ал Қашқар картада бар болғанмен, қос мемлекет үшін шын мәнінде, мүлдем бейтаныс аймақ еді.

Шоқан сапарының қарсаңында Қашқардың жергілікті халқы қытай билігіне қарсы бас көтеріп, ауыр жағдайды бастан кешіріп жатты. Қытай билігі аймаққа жатжерлік ықпалдың енуінен қауіптеніп, шетелдіктердің Қашқарға келуіне қатаң тыйым салған болатын. ХІІІ ғасырдағы әйгілі Марко Полоның, ХVIІ ғасырдағы португал иезуиті Бенедикт Гоиштің сапарларынан кейін, ХІХ ғасырға дейін Қашқарға еуропалықтардың аяғы тиіп көрмеген еді. Ал барлық тыйымдарға қарамастан Қашқарға барған атақты неміс ғалымы Гумбольдтің шәкірті – Адольф Шлагинтвейтті Қашқар әмірі Уәлихан төре шетел тыңшысы деп айыптап, өлім жазасына кескендігі тарихтан мәлім. Осындай күрделі жағдайда патша билігі үшін Қашқар сапарына барлық жағынан ыңғайлы болатын адамды табу қиынға соқты.

Аталғандардың барлығын ескере отырып, өзінің бай экспедициялық тәжірибесіне сүйенген П. Семенов-Тянь-Шанский К. Гутковскийге Қашқарға Шоқанды аттандыруды ұсынады. Сапардағы көптеген қиындықтарды жеңе білген Шоқан Қашқарды аралап, аймақтың тарихы, географиясы, этнографиясы, экономикасы мен мәдениеті және өзге де мәселелер бойынша мол мәлімет қорын жинақтап қайтады. Сапарға барар алдында Шоқанның Жетісудан Карл Гутковскийге жазған хаты сақталған.

Қашқарға саяхаты барысындағы Шоқанның ғылыми қызметінің нәтижесі «Алтышар немесе Қытайдың Нан-Лу провинциясының (Кіші Бұхар) шығысындағы алты қаласының 1858-1859 жылғы жағдайы туралы» кешенді жазылған есебі болды. Ш. Уәлихановтың аталған еңбегі өз уақытының ғылым әлеміне Қашқар туралы, атап айтқанда, өлкенің географиялық сипаты, тарихы, халқы, билік құрылымы мен саяси ахуалы, ондағы өндіріс пен сауданың жайы туралы аса маңызды ақпарат беретін алғашқы ғылыми жарияланым еді. Шоқан қайтыс болған соң, арада жылдар өте аталған еңбек оның жинағына енгізілді. 

1860 жылдың басында Шоқан империяның астанасына келеді. Санкт-Петербургте ержүрек саяхатшы даңққа бөленіп, Қашқарды ашып, әлемге танытқаны үшін император ІІ Александрдың арнайы қаулысымен «Қасиетті Владимир» орденімен марапатталады.

Санкт-Петербургте Шоқанға Бас Штабтың тапсырмасы бойынша дайындалып жатқан Азияның картасын редакциялау міндеті жүктеледі. Шоқан империя астанасында дипломат Егор Ковалевский, Мырза Казым-бек, Василий Васильев, Василий Григорьев, Владимир Вельяминов-Зернов сынды атақты да танымал шығыстанушы-ғалымдармен танысып, жақын араласа бастайды. Сонымен қатар әйгілі ботаник әрі педагог Андрей Бекетовпен де кездесіп, бірнеше рет сұхбаттасады. Сібірлік студенттер қауымына арнап жерлестік кештерін өткізеді.

Әрине, петербургтік кезеңде Шоқан Орыс географиялық қоғамының вице-президенті, өзінің жақсы танысы Семенов-Тянь-Шанскиймен де кездесіп тұрады. Ал ол жас қазақ ғалымын астанадағы ықпалды азаматтармен және әйгілі ғалымдармен таныстырады.

Жалпы, Шоқан өмірінің петербургтік кезеңі жемісті болды деп айтуға толық негіз бар. Бұл уақытта Шоқанның әйгілі «Абылай» атты ғылыми мақаласы жарық көреді. Орыс географиялық қоғамында Шығыс тарихы туралы дәрістер тыңдап, сирек қолжазбаларға бай кітапхана қорларымен танысады. Шоқан қазақтың алғашқы кәсіби тарихшысы саналатын, қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы мен оның алғашқы жылдары туралы құнды мәліметтер қалдырған Мырза Мұхаммед Хайдар Дулатидің өмірі мен шығармашылығына қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізеді.

Ресей мен Еуропаның саяси дамуына арналып жазылған еңбектерді үлкен құлшыныспен оқиды. Санкт-Петербургте жүріп өзінің ескі танысы, жазушы Федор Достоевскиймен де кездесіп, оның әдебиет үйірмесінің жұмысына араласады. Сонымен қатар, ХІХ ғасырдағы ғылым мен мәдениет тілі болған француз және неміс тілдерін игеруге күш салып, жақсы нәтижелерге қол жеткізеді.

Бірақ Невадағы қаланың ылғалды ауа-райы, қаладағы өмір салты мен пәтер жалдап тұруы Шоқанның Омбы Кадет корпусында бастау алған өкпе дертін қайта қоздырады. Денсаулығы күрт нашарлаған соң, бір жылдан астам тұрған Санкт-Петербургпен қош айтысып, елге қайтуға мәжбүр болады. Әкесінің аулында, жанына жақын таза ауада болуы, нәрлі тамақ пен қымыз Шоқанның сырқатын жеңілдетіп, жағдайын біршама жақсартады.

Сол жылдары жергілікті отаршыл биліктің халыққа қатысты жүргізген қоқан-лоқысы мен озбырлық саясаты Шоқанның азаматтық позициясын оятып,  Атбасар округінің аға сұлтанын сайлауда өз кандидатурасын ұсынуға шешім қабылдайды. 1862 жылы болған сайлау барысында Шоқан басым дауыс алғанымен, Батыс Сібір генерал-губернаторы Александр Дюгамель оның кандидатурасын ысырып, сұлтандыққа қарсыласын – Ерден Сандыбаевты алып шығады. Осылайша, жергілікті отарлық билік ғалымдығымен және білімімен танылған қазақ сұлтанының жұмыс атқаруынан сескеніп, Шоқанның жолын кесті.

Шоқанның елге қайта оралған кезі Ресей империясының Қазақ даласының оңтүстігін, сонымен бірге оған іргелес жатқан Орталық Азияның өзге де аумақтарын отарлау саясаты жаңа қарқын алған уақыт еді. Патша үкіметінің Қырым соғысында (1854-1856) әскери қуаты жағынан шамалас қарсыластарынан жеңілуі, оның сыртқы саясатын едәуір тежеп тастады. Дегенмен империяның ішіндегі нарықтық қатынастар жыл өткен сайын күшейе түскендіктен, мемлекеттің өнеркәсібі мен саудасы жаңа нарықтарды иелену қажеттігін алға шығарды. Британ империясының Оңтүстік Азия мен Орта Шығыстағы белсенді әрекеттері де патша үкіметін Орталық Азия аймағын игеруді күнтәртібіне қоюға мәжбүрледі.

Осылайша, ХІХ ғасырдың 50-60 ж. Ресей Орталық Азияны басып алу қимылдарын жандандыра түседі. Отарлау екі тәсілмен жүргізілді: біріншіден, оңтүстік аймақтарға көптеген әскери-барлау және жазалау экспедицияларын жіберу; екіншіден, стратегиялық қолайлы орындарға бекініс шептерін салу. Аймақты басып алуға дайындық жұмыстары Орынбор және Сібір шептері арқылы да қызу атқарылды.

Қазақстанның оңтүстік пен оңтүстік-шығыс аймақтары Қоқан хандығының қоластында болғандықтан, Ресейдің аймаққа ішкерілей енуі орыс-қоқан соғысына ұласты. Қос тарап та басқыншылар болғандықтан, жергілікті қазақ халқына қатысты қатаң саясат ұстанды.

Омбыда қызмет атқарған Шоқан полковник Михаил Черняевтан әскери экспедицияға қатысу туралы шақырту қағазын алады. Черняевтің Қоқан хандығына қарсы әскери жорығында Шоқан аудармашы міндетін атқарады. Алайда Пішпек пен Әулиеата (қазіргі Бішкек және Тараз) қалаларын басып алу кезінде орыс әскерінің жергілікті халықты аямай қырып, қаныпезерлік көрсетуі Шоқанның наразылығын тудырады. Сол себептен әскери қолбасшы Черняевпен бірнеше рет өткір пікірталасқа түседі. Бұл жерде бұрындары негізінен жоғары мәдениетті орыс зиялы қауымымен тығыз байланыста болған Шоқан, енді басқыншылық саясатты ұстанған орыс әскерінің шынайы қатыгез бейнесімен танысады. Өз қандастары үшін жаны ауырған Шоқан қанша талпынғанымен М. Черняевтің пікірін өзгерте алмай, соның салдарынан өз еркімен лауазымын босатып, Верныйға келеді.

Әскери қуат пен заманауи қару-жараққа ие орыс әскері басқыншылық жасаған аумақтарда өзіне сай келетін қарсыласты кезіктірмей, барған сайын Түркістанға ішкерілей ене түседі. Қарудың күшімен 1860 жылы 26 тамызда Тоқмақ, 4 қыркүйекте Пішпек, 1864 жылы 4 маусымда Меркі бекінісі, 6 маусымда Әулиеата, 12 маусымда Түркістан, 21 қыркүйекте Шымкент басып алынды. Араға уақыт сала, 1865 жылы 17 маусымда сол кездегі Орталық Азияның ең ірі қаласы Ташкент тіке шабуыл барысында орыс әскеріне берілді. Соның нәтижесінде, қазіргі Қазақстанның аумағы толықтай Ресей империясының құрамына енді.

Шоқан болса, Верныйдан Құлжаның батыс жағында көшіп қонатын албан тайпасының сұлтаны Тезек төренің (Тезек Нұралыұлы) ауылына келіп, қонақ болады. Тезектің ауылында оның немере қарындасы Айсарыға үйленіп, шаңырақ көтереді. Шоқан өз ауылында да, Омбыда болған кезде де, Тезек сұлтанның ауылында болған уақытта да ұстазы мен сырлас досы Карл Гутковскиймен байланысын бір сәтке де үзбей, тұрақты түрде хат алмасып отырғандығын айта кеткен жөн.

1863 жылы К. Гутковский Сібір қазақтары облыстық басқармасындағы қызметінен кетіп, өмірінің соңына дейін (1867 жылы қайтыс болған) Орынборда қызмет атқарады. 1863 жылы 4 наурызда Шоқан К. Гутковскийге жазған хатынан: «Өздеріңіз қалайсыздар, мейірімді Катерина Яковқызының денсаулығы қалай?  Ал сүйкімді Катерина Карлқызы не істеп жатыр? Егер мамырда Санкт-Петербургке баратын болсам, Орынборға соға кетемін…» деген мәтінді оқимыз.

Шоқан Карл Гутковскиймен өз өмірінің соңына дейін тығыз байланыс ұстаған болса, оның екінші поляк ұстазы Гилярий Гонсевскийдің Омбы кадет корпусындағы қызметінен кейінгі өмірі туралы мәлімет жоқтың қасы. Гонсевскийдің тағдыры туралы Григорий Потанин: «…айтуынша, ол Ресейге кетісімен [Империяның еуропалық бөлігіне] өзін-өзі атып өлтірген» деген жазба қалдырған. Шынымен солай болды ма? Шоқанға қатысты деректердің негізінде Гонсевскийдің Омбы кадет корпусынан 1853 жылдан бұрын, яғни Шоқан мен Георгий Потанин әлі оқушы қатарындағы кезде кеткендігін оқимыз. Мақаланы жазу барысында Гилярий Гонсевскийдің Омбыдан кейінгі өмір жолы туралы көп іздендік. Ізденіс нәтежиелі болып, өзінің туған жері Вильно, қазіргі Вильнюс қаласы зираттарының базасынан Гонсевскийдің жерленген жерін, тиісінше оның 1868  жылы қайтыс болғаны анықталды. Және Гилярий Гонсевскийдің жерлеу орны туралы ақпарат Шоқанға арналған бөлім аясында алғаш рет ғылыми айналымға енгізіліп отыр. Оның құлпытасынан поляк және латын тілдерінен аударғанда: «D. O. M. [Барлық Өлілердің Үйі] / Гилярий / Гонсевский/ Оқытушы / Коллегиялық Ассесор / 27 наурызда қайтыс болды / 1868 ж. /  43 жасында/ Жаны жай тапсын» деген жолдарды оқимыз. Демек Гонсевский Потанин бөліскен ақпараттағыдай қысқа уақытта емес, арада 15 жыл өте дүние салған. Алдағы уақытта Шоқандай тұлғанының ұстазы болған, оның өмірлік ұстанымдарының қалыптасуында ықпалы еткен – Гилярий Гонсевский өмірбаянының толыға түсеріне сенім мол.

Гилярий Гонсевскийдің Вильнюстің Росса зиратындағы құлпытасы. М. Баймұхан, Ж. Каринбаев. Қазақ – поляк байланыстарының тарихы танымал тұлғалардың мысалында, Варшава, 2021. 117-б

Ал Гонсевскийдің жерлеу орны туралы қосымша жазар болсақ, ол Вильнюстегі Росса зиратында (литов. Vilniaus Rasų kapinės, поляк.Cmentarz na Rossie w Wilnie) жерленген. Аталған нысанда 2013-2016 ж. Варшавадағы С. Вышинский атындағы университеттің Өнер тарихы институтының ғалымдары инвентаризациялау жұмыстарын жүргізіп, соның нәтежиесінде Росса зиратының ескі және жаңа бөліктерінде 13720 нысан тіркелген. Гилярий Гонсевскийдің жерлеу орны Ескі Россаның 12-секторы, 070 учаскесінде орналасқан.

Ал Карл Гутковскийге оралар болсақ, Тезек төре  аулына бет бұрған Шоқан Шыңғысұлы онымен сол күйі кездесе алмайды. Ағзасы шаршағаннан әлде соңғы жылы болған жағдайларға байланысты уайымнан ба, өкпе дерті күрт асқынып, 1865 жылы күзде дүние салады.

Шоқанның қазасы оның туыстарына, жақын достарына, қала берді онымен байланыста болған барлық зиялы қауым өкілдеріне ауыр тиеді. Сүйегі бүгінгі Алматы облысы Алтынемел тауының баурайындағы Көшетоған деп аталатын жерге қойылған.

Шоқан мазарының суреті. Авторы Г. Потанин

Шоқанның басына алғашында шикі кірпіштен мазар көтеріледі. Араға уақыт сала, 1881 жылы Жетісу облысының әскери губернаторы Герасим Колпаковский мазар ішіне мәрмәрдан есткерткіш тақтайша орнатқызған. ХІХ ғасырдың соңында Шоқан  мазарының әбден тозығы жетеді. Ара-тұра нысанда ұсақ жөндеу жұмыстары ғана жүргізіледі. Тек 1958 жылы ғана Шоқанның басына гранит тастан мұнара тұрғызылады.

Шоқан Уәлиханов зиратының қазіргі қалпы

Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың ескерткіштері Қазақстаннан өзге, бірқатар көршілес мемлекетте орнатылған. Оның құрметіне қазақ тарих ғылымының қара шаңырағы, кезінде ҚР Ұлттық ғылым академиясының, ал бүгінде ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетінің қарамағындағы Тарих және этнология институтына, Көкшетау мемлекеттік университетіне, еліміздің ірілі-ұсақты елді мекендеріндегі мектептер мен көшелерге есімі берілген. Дарынды ғалымның ескерткіші ізденімпаздықтың символы ретінде Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясы ғимаратының алдында орнатылған.

Автор: Жандос Қарынбаев – қазақ-поляк тарихи байланыстары тақырыбын зерттеуші ғалым, PhD кандидаты

Материалдағы архивтік фотоларды автор ұсынған.