Жергілікті халықтарды бағындырудың, жері мен ресурстарын қанаудың қатыгездікке толы ұзақ тарихы бар.
Отаршылдықтықтың анықтамасы – «белгілі бір аймақты немесе халықты бір күштің бақылауда ұстауы немесе тәуелді етуі». Бұл бір державаның бір елді өзіне бағындырып, халқын жаулап, қанауға салуы және көп жағдайда сол халыққа өз тілі мен мәдени құндылықтарын күштеп енгізуі арқылы көрініс табады. 1914 жылға қарай дүние жүзіндегі халықтардың басым бөлігі еуропалықтардың отары болды.
Еуропалықтардың отарлауына Жапония, Корея және Таиланд қана ұшыраған жоқ.
Отаршылдық тұжырымы империализм тұжырымымен тығыз байланысты. Ол отаршылдықтың негізінде жатқан идеяның, яғни бір елдің өзге бір елді немесе халықты бақылауында ұстау үшін күш пен ықпалын пайдалану саясатының айқын көрінісі.
Отарлау тарихы
Бұрынғы өткен замандарда Ежелгі Грекия, Ежелгі Рим, Ежелгі Мысыр, Финикия сияқты империялар отаршылдықты қолданды. Бұл өркениеттердің барлығы б.з.д 1550 жылдан бастап, өз шекараларын жапсарлас аумақтар арқылы кеңейтіп, өз күш-қуатын арттыру үшін сол жаулап алған елдерінің байлығы мен халқының ресурстарын пайдаланатын колониялар құрды.
Мысалы, Ежелгі Грекияда қала-мемлекеттер тіршілігіне қажетті қосалқөы кеңістіктер құру және экономикалық пайда табу үшін жиі отар құратын. Оракулдарымен кеңескеннен кейін қала-мемлекет мүшелері таңдаулы тұрғындарынар құралған топты жаңа жаңа құруға жіберетін. Қала мен отары арасындағы байланысты нығайту үшін оның негізін қалаушылар жаңа жердегі отты негізгі қаланың орталық ошағындағы оттан алған тамызықпен тұтатты, басқа да рәсімдерге қатысты.
Бүгіндері «Ұлы географиялық ашылымдар дәуірі» деген атпен белгілі болған сол кезеңдерде жаңа отар құру «бос жерлерді іздеу үшін бай қолдаушының, әдетте патшаның демеушілігімен алып кемелерге міну» секілді рәсімнен басталатын.
Португалия XV ғасырдан бастап жаңа сауда жолдары мен Еуропадан тысқары өркениеттерді іздей бастады. Португалдық зерттеушілердің 1415 жылы Солтүстік Африка жағалауындағы Сеута қаласын жаулап алуы 1999 жылға дейін созылған империялық дәуірдің бастауы болды. Көп ұзамай португалдықтар Мадейра мен Кабо-Верде сияқты аралдарды жаулап алып, қоныстанды. Бұл кезде оларға бақталас Испания да барлау жұмыстарын жүргізуге шешім қабылдады. 1492 жылы Христофор Колумб Үндістан мен Қытайға апаратын батыс бағытты іздеуге шықты. Бірақ ол оның орнына Багам аралдарына тап болып, Испания империялық дәуіріне жол ашты. Уақыт өте келе Испания мен Португалия жаңа аумақтар үшін бәсекеге түсіп, Америка, Үндістан, Африка және Азиядағы байырғы халықтардың жерлерін басып алды.
Батыс Еуропаның қалған бөлігі де кідіріссіз осы жолға түсті. Англия, Нидерланд, Франция, Германия да отарлап алған жерлеріне иелік ету құқығы үшін Испания және Португалиямен соғыса жүріп, тез арада өз империясларын құруды бастады.
Отарларды көп жағдайда еуропалықтар шағын топтарымен-ақ жаулап алды. Олар кемелерімен, қаруларымен қорқытып, саудамен алдап, шағын қақтығыстардан кейін өз талаптарын қойып, бодан етті. Мысалы, Колумбтың 1492 жылғы әйгілі саяхатындағы экипажы небәрі 90 адамнан тұрды, оның 39-ын ол қазіргі Гаитиде қоныс салуға қалдырды.
Бағындыру және революциялар
Отарлаудың тағы бір тартымды тұсы жергілікті халықты жұмысқа тарту немесе тіпті құлдыққа салу мүмкіндігі еді. Мысалы, Бразилияда bandeirantes деп аталған зерттеушілер португалдықтар құрған плантациялар мен кен орындарында құлдыққа салу үшін жергілікті халықтарды басып алу экспедицияларына шықты. Бүкіл Еуропадан келген құл сатушылар Атлантика құл саудасына қатысты. Олар Орталық және Батыс Африка халықтарын топ-тобымен басып алып, күштеп әкету арқылы өздерінің империяларын шетелде байыту үшін жұмыс істеуге мәжбүрледі.
Тіпті бұрынғы отар елдер де ақыр соңында отарлаушыға айналды: бұрын Ұлыбританияның боданы болған АҚШ Тәуелсіздік үшін соғыста жеңіске жеткен соң, өз аумағын кеңейтті, көп ұзамай Тынық мұхиты мен Латын Америкасына көз тікті.
Еуропаның өзге елдері де1880 жылдардан бастап табиғи ресурстарға қол жеткішу үшін Африка елдерін жаулап, отар құруға кірісті. Олар өз отарларын шамамен 1914 жылдан 1975 жылға дейін, яғни халықаралық отарсыздану кезеңіне дейін ұстады.
Әлбетте, ең табысты отарлаушы Британ империясы болғаны сөзсіз. Ол Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі өзінің дәуірлеу кезеңінде әлемнің кез келген уақыт белдеуінде территориясы бар екендігімен мақтана алатын. Англияның британдық отар үкіметтердің көмегімен іске асырған саяси һәм экономикалық амбициялары ешқашан бәсеңсіген емес.
Батыс жарты шарда еуропалық отарлардың өскеніне қарамастан, отарланған елдердің көпшілігі 1776 жылғы АҚШ революциясы мен 1781 жылғы Гаити революциясынан бастап ХVIII бен XIX ғасырларда тәуелсіздік алды. Алайда Шығыс жарты шарда еуропалық отаршылдық жалғасып жатты.
Отаршылдықтың орнығуы һәм оған қарсы тұру
Отаршыл державалар байырғы халықтарды жаулап алуын олардың жері мен мәдениетін бақылауға заңды және діни міндеттемеміз бар деп ақтауға тырысты. Жаулап алушылар өздерін «варвар» немесе «жабайы» халықтарды өркениетке жеткізуші деп санады, өздері қанап жатқан халықтар мен жерлердің мүдделеріне сай әрекет етеміз деп сендірді.
Тарихи тұрғыдан алғанда, шіркеу жетекшілері де шетелдік жерлерді және жұмыс күшін басып алу мен пайдалануды құптады әрі христиандыққа шоқындыру деген желеумен өздері де қатысты. XV ғасырда католик папалары отарлауды діни тұрғыдан ақтайтын, бүгінде «Ашылымдар доктринасы» деген атпен белгілі жарлықтар сериясын шығарды. Онда отарлау мен жерлерду басып алу адамдарды құтқару мен шіркеуді кеңейту үшін қажет деп мәлімдеді. Жаңа жерлерге көбіне бірінші болып христиан миссионерлері аяқ басты. Жергілікті халықты мейлінше көбірек христиан дініне енгізуге тиіспіз деп шабыттанған олар діни және мәдени әдет-ғұрыптармен бірге, жергілікті тұрғындарға қатысты патерналистік көзқарастың таралуына да себепкер болды.
Алайда осы бодандыққа қарсылық та отаршылдық тарихының ажырамас бөлігі болды. Отарсыздану басталғанға дейін де барлық құрлықта байырғы халықтар жаулап алушыларға кейде күшпен, кейде бейбіт қарсылық көрсетіп жатты. Солардың қатарында 1680 жылы қазіргі Нью-Мексикодағы Испан билігін құлатқан Пуэбло көтерілісін, Гаитидегі 1791 жылғы құлдар көтерілісін, Үндістандағы ағылшын билігіне қарсы бірнеше көтерілісті, басқа да ұжымдық немесе жеке қарсылық оқиғаларын айтуға болады.
Эфиопия өз императорының бірқатар тиімді одақтар құруының арқасында еуропалық отаршыл биліктен аман қалған екі африкалық елдің бірі болды. Ал 1896 жылы бұл ел Адуа шайқасында Италияның басқыншылығын тоқтата алды.
Отаршылдан қалған «мұра»
Отаршыл үкіметтер инфрақұрылым мен саудаға инвестиция салып, медициналық және технологиялық білім таратты. Кей жағдайларда сауаттылықты, адам құқықтарының батыстық стандарттарын қабылдауды ынталандырып, демократиялық институттар мен басқару жүйелерінің іргесін қалады. Кейбір бұрынғы отарларда, мысалы Ганада отаршыл басқарудың арқасында азық-түлік пен денсаулық сапасы жақсарды. Ал дамуадғы кейбір жетістіктер отаршыл еуропалық қоныстанушылармен байланысты болды.
Алайда бұл жетістіктер көбіне-көп мәжбүрлеу, күштеп ассимиляциялау үдерісімен қатар жүрді. Сондықтан ғалымдар отаршылдықтың көптеген салдарын әлі талқылап жатыр. Қоршаған ортаның нашарлауы, ауру таралуы, экономикалық тұрақсыздық, этностық бәсеке және адам құқықтарының бұзылуы – бір топтың отаршыл билігінен әлдеқайда ұзаққа созылатын салдарлар.
Оңтүстік Азия тарихшысы Джон Маккуейд жазғандай, «Отаршылдық бодан елдердің көпшілігі үшін гуманитарлық апаттан басқа нәрсе болды деп айту үшін дәйектерді әдейілеп бұра тартып оқу керек».
Автор: Эрин Блейкмор