18Қаз

Үнді жайрасы. Өте сирек кездесетін аң Іле-Алатау аумағында көзге түскен

Тамыз айында Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында Үнді жайрасының екі бірдей дарағын кездестірген адам оларды телефонның бейнежазбасына түсіріп алыпты. Авторы белгісіз осы  бейнежазбаны Қаскелең қаласы тұрғындарының бірі орманшылықтың жетекшісіне жіберген. Аталған аумақты барлап, анықтау жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта інінің маңайына фототұзақ орнатылады. Бұған дейін тек жалғыз дарақтан кездесіп жүрген болатын.

Бейнежазба ile_alatau_nationalpark аккаунтынан алынды

 Үнді жайрасы Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағының Ақсай, Медеу филиалдарының бірнеше шатқалында, оған іргелес Алматы облысының оңтүстік аумағындағы жерлерде кездеседі. Күндіз көрінбейтіндіктен, түн қараңғысында аңның ұшырасуы өте сирек.

 Үнді жайрасы (лат. Hystrix indica, 1792) – кеміргіштер отряды (лат. Rodentia), жайратектестер тұқымдасына (Hystricidae) жататын, IV санаттағы сирек кездесетін, аз зерттелген түр. Қазақстан фаунасындағы тұқымдастың жалғыз түрі. Мекендейтін жерлері – таудың шатқалдары мен қойнауының теңіз деңгейінен 2000 м биіктіктегі жер бедері ойлы-қырлы аласа таулар мен тау етегі. (ҚР Қызыл кітабы, Алматы, 2010)

  Көбіне түнде белсенді. Дене-тұрқының ұзындығы – 80-90 см, орташа салмағы – 13-30 келі тартады, кейде 25 келіге дейін жетеді. Жайраның түр-түсін денесіне өзгеше шаншыла орналасқан сояудай инелерінен аңғаруға болады. Сол арқылы сытырлаған дауыс шығарып, жауынан қорғанады.   Бір қызығы денесіндегі мыңдаған инелердің жалпы салмағы 100 граммдай ғана екен. Денесі қоңырқай қара болып келеді. Аяқтары қысқа, ін қазуға арналған тырнақтары мықты (Ана тілі газеті, 2014 ж 13-ақпан).

Фото бейнежазбадан алынғандықтан, сапасы төмен екендігін ескертеміз.

Жайраның негізгі жаулары – шибөрілер мен қаңғыбас иттер. Десе де, шатқалдарда тұрақты күзет жолға қойылған. Сондай-ақ, үнді жайрасын қолда өсіретін Есік қаласының тұрғыны жайраны табиғатта көбейту мақсатында бірнеше дарағын ұлттық парк аумағына жерсіндіру турасында басшылыққа ұсыныс білдірген болатын. Әзірге тек ұсыныс ретінде қалып отыр. Егер іске асатын болса, Зоология институтының биологиялық негіздемесі бойынша Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің арнайы рұқсатымен ғана іске асады. Қазақстанның «Қызыл кітабына» кіретін түрді қорғау, таралуына септігімізді тигізу  –  баршамыздың міндетіміз.

Автор: Тұңғышбек Жапарқұлов, «Іле-Алатау» МҰТП ғылыми қызметкері