19Қаз

Сенек құмы

Маңғыстау облысының Қарақия ауданындағы Сенек ауылының тұсында жатқан, көлемі 8 шақырымнан асатын құм.

Ақтау қаласынан осы жерге дейін 200 шақырым болады. Негізінен, жол талғамайтын көлікпен келген жөн.

Сенек құмының шағылдары алыстан қарағандағы ерекше пейзажымен ғана емес, сусымалы-көшпелі қасиетімен де танымал. Туристер Сенектің осы алтын түсті құмын көзбен көріп, қолмен ұстау үшін алыс-жақыннан арнайы барып жатады.

Осы құм біраз жыл бұрын баяу жылжып, Сенек ауылын баса бастағаны белгілі. Бірақ әйтеуір үкімет деңгейінде назар аударылып, құм тоқтату жұмыстарын жүргізудің, атап айтқанда, сексеуіл, жүзген сынды шөлге төзімді, тамыры тереңге кететін өсімдіктер егудің арқасында бұл қауіптің беті қайтқан болатын.

Сенекке келем десеңіз, жол Жаңаөзен арқылы өтеді. Жаңаөзеннен әрі қарай 20 шақырым жүріп, Қызылсай ауылының тұсынан Сенек ауылына қарай бұрыласыз. Одан әрі азырақ жүрсеңіз, биіктігі 25-30 метрге жететін құм шағылдар алыстан-ақ көзге түседі.

Мұнда келген адамға Сенекке тиіп тұрған Боқтыға да соға кетуге кеңес береміз.

Фото: Ерболат Шадрахов