3Нау

Арқар

Материал Toyota Kazakhstan компаниясының қолдауымен дайындалды.

Арқарлар (латынша атауы – ovis ammon) – ашатұяқтылар отрядының қуысмүйізділер тобына, қой тұқымдасына жататын сүтқоректілердің ең ірісі. Олар әдетте таулы, далалы аймақта мекендейді.

Халықаралық табиғатты қорғау одағының (IUCN) Қызыл кітабында арқарлар «жойылып кету қаупіне жақын» санатында тұр. Ал біздің ел аумағында кездесетін арқардың барлық түрі Қазақстанның Қызыл кітабына әртүрлі санаттар бойынша енген.

 Ертеректе қазақ даласында мың-мыңдап жайылған жануарлардың азайып кетуіне табиғи жауы саналатын жабайы жыртқыштардан гөрі, адамдардың әсері зор болған. Адам тіршілігі салдарынан экологияның нашарлауы, заңсыз аңшылық, сондай-ақ мал шаруашылығының дамуы тау тағыларының өрісін тарылтып, популяциясының кемуіне әкелді.  

Қазақтар арқардың аталығын – құлжа, төлін қозықа деп атайды. Құлжасының мүйізі ірі, бұралып иілген, айшықты болса, ұрғашысының мүйізі шағын әрі қысқа, бозғылт қоңыр түсті болып келеді. Аналықтары 2,5 жаста, ал аталықтары 4-5 жаста жыныстық жағынан жетіледі. Қазан-қарашада күйлеп, 5-6 айдан соң жалқы,  кейде  (әсіресе жаз айларында) егіз туады. Табиғи -жағдайда орташа 10-13 жыл  тіршілік етеді. Әдетте құлжалары бөлек, ұрғашылары бөлек: бірнеше бастан құралған үйірмен жүреді. Тек күйек кезінде шамамен екі айдай бір үйірге бірігеді де, кейін қайтадан бөлініп кетеді. Көбіне таңғы және кешкі уақыттарда жайылымға шығады. Негізгі қорегі – дәнді дақылды шөптер, қияқтар, өсімдіктер (жусан, көде, бидайық, арпа, т.б.) Қыста  бұталарды да қорек етеді.

Бойы 85-тен 135 см-ге дейін болса, басынан құймышағына дейінгі ұзындығы 136-дан 200 см-ге жетуі мүмкін. Ұрғашысы еркектеріне қарағанда шағындау, салмағы 43-тен 100 кг-ға дейін, ал құлжасы 97-ден 180 кг-ға дейін жететіндері кездеседі.

Қазақстанда арқардың Үстіріт арқары, Алтай арқары, Тянь-Шань арқары, Қазақстан арқары және Қаратау арқары деп аталатын бес түршесі кездеседі. Қызылқұм арқары деп аталатын алтыншы түрше ел аумағынан ХХ ғасырдың ортасында жойылып кеткен деген болжам бар.

Төменде біз осы арқарлар туралы Қазақстанның Қызыл кітабынан мәліметтер ұсынамыз.

Ескерте кететін жайт, Қызыл кітапта түрлер саны азаюына, жойылу қаупіне байланысты бірнеше санатқа бөлінген:

  • І санат –жойылып кету қаупі бар немесе жойылып кеткен;
  • ІІ санат – саны аса қарқынды қысқарып барады;
  • III санат – сирек кездеседі, саны аз;
  • IV санат – белгісіз (толық зерттелмеген);
  • V санаты – тұрақты бақылауды қажет ететін жерсіндірілген жануарлар.

Үстірт арқары (ovis vignei arkal)

IІІ санат. Сирек кездестін түр. Саны тұрақты азайып барады. Өзбекстанның, Түрікменстанның Қызыл кітаптарына енгізілген. Шөлейтке бейімделген, аласа тауларды мекендейтін арқар.

Үстіріт арқары (латынша ovis vignei arkal аталатын бұл арқарды арқар түршелеріне жатқызғанымен, ол негізінде қой тұқымдастардың бөлек түрі. Себебі оның хромосомасының саны 58, ал басқа арқарларда – 56. Қазақстанда тек Маңғыстау облысының аумағында таралған. Олар әдетте әктасты, құмды қайнар, тақта және сортаң тастардан тұратын тау мен шыңдардың беткейлерін мекендейді. Үстірттің Батыс шыңы, Тұзбайыр соры, Жабайұшқан, Қауынды ойпаты секілді жерлерде арқарларға қолайсыз ауа райы мен жыртқыштардан жақсы қорғануға болатын үңгірлер, құздар, шұңқырлар өте көп. Жоталарда өсетін әртүрлі шөптер олардың басты қорегі, ал тау бұлақтары – негізгі су көздері.

ХХ ғ. басында елімізде бұл арқардың саны 7-10 мыңдай болған, бірақ 70-шы жылдардың аяғында саны 2-3 есеге қысқарды. Негізгі себеп – Үстірт пен Маңғыстауда өндірістің қарқынды дамуы. Одан кейінгі жылдары, мысалы, 1991 жылы 5,5 – 5,6 мыңға дейін көбейіп, 2002 жылы тағы да 2 – 2,5 мыңға азайғаны байқалды. 2007 жылы Маңғыстау облысындағы Үстірт арқарының саны 700-1000 бас болған.

Алтай арқары (Ovis ammon ammon)

I санат. Саны аз, жойылып кету қаупі төнген түр.

Өткен ғасырдың 50-жылдарына дейін Нарын, Күршім тауларының оңтүстік беткейлерінде, Тарбағатайда (Алтай бөлігі), Азутауда, Бұқтырма өзенінің жоғарғы ағысындағы тауларда кездесетін. Бірақ ХХ ғ. 60-70 жылдары ол жақтардың біразынан жойылып кетті. Бүгінде тек Қалжыр өзенінің орта және төменгі ағысында орналасқан тауларда және Бұқтырма өзенінің жоғарғы жағындағы биік тауларда кездеседі. Таулы аймақтарда теңіз деңгейінен 800-3000 м биіктікте мекендейді. Далалық белдеуде биік тау тундрасын жайлайды. Жылдың жылы маусымында альпі белдеуінде қоныстанса, қыста қары аз далалық күнгей беткейде көбірек болады.

Саны жыл өткен сайын азайып бара жатыр. Соңғы деректер бойынша Алтайдың қазақстандық бөлігінде 50-55 арқар мекендейді, оның 30-35-і Оңтүстік Марқакөл тауларында тіршілік етеді.

Қызылқұм арқары (Ovis ammon severtzovi)

I санат. Қазақстанда жойылған түрше, бірақ Өзбекстанда саны біртіндеп қалпына келіп жатыр. Халықаралық табиғат қорғау одағының, Қазақстанның, Өзбекстанның Қызыл кітаптарына енгізілген.

Бүгінде бұл арқар Қазақстан аумағын тұрақты мекендемейді. Кейде Өзбекстанның Нұратау мен Ақтау қырқалары арқылы еліміздің территориясына – Қарақтау мен Қойтас алқаптарына енетіні байқалады. Нұратауда теңіз деңгейінен 2169 м-ге дейін кездессе, Қызылқұм қыраттарында 992 м биіктікке дейін мекендейді.

Северцов арқары деп те аталатын тау тағысы ХХ ғасырдың ортасында Қазақстаннан жойылып кетті. 1959 жылы Өзбекстандағы Ақтау мен Нұратауда тек бірнеше жүзі ғана қалды. 1960 ж. Нұраты қорықшасын ұйымдастырғаннан кейін оның саны көбейе түсті. 2006 жылы қорықта 1500-дей арқар болған.

Қазақстан арқары (Ovis ammon collium)

IІІ санат. Таралу аймағы үлкенді-кішілі бөліктерден тұрады; саны қалпына келіп жатқаны байқалады.

Сарыарқа таулары, Балқаштың солтүстік жағалауы мен Алтайдың Қалба, Тарбағатай, Маңырақ, Сауыр алқаптарынада тарлған. Өткен ғасырдың 70-жылдары Ұлытауда жойылып кеткен.

Таудың далалық аумақтарын мекендейді. ХХ ғасырдың 60-80 жылдары мал шаруашылығының қарқынды дамуы, әсіресе қой шаруашылығы арқарлар мекендейтін жер көлемін азайтып жіберді, ал 90-жылдары мал санының азаюына байланысты арқар өрісі қалпына келе бастады.

Сарыарқа тауларында 90-жылдардың басында 9,7 мыңдай бас арқар мекендеген. Ал 2005 жылдың күзіндегі санақта 4,5 мың арқар тіркелген.

Тянь-Шань арқары (Ovis ammon karelini)

IІ санат. Саны азайып барады.

Тянь-Шань және Жоңғар Алатауында тіршілік етеді. 60-70 жылдары Өгем мен Піскем жоталарында, Жоңғар Алатауының орта бөлігінде, Қапшағай шатқалында, Малайсары қыратында жойылып кетті.

Таудың қары аз, азығы мол жерлерінде теңіз деңгейінен 200 м-ден 4000 м-ге дейін мекендейді. ХХ ғасырдың 70-жылдарының басында Қазақстанда 1,5 мың арқар мекендеді. 2004 жылғы мәлімет бойынша, елдің әртүрлі аймағында – Батыс Тянь-Шаньда, Ақсу-Жабағылы қорығында, Боралдайда, Кіші Қаратауда, Іле Алатауында, Теріскей Алатауда, Жоңғар Алатауының оңтүстік-батыс қыраттарында, Алтынемел ұлттық паркінде жалпы саны 1200-дей тяньшань арқары тіршілік етеді.  

Қаратау арқары (Ovis ammon nigrimontana)

I санат. Қазақстан эндемигі, таралу аймағы шектеулі түрше, саны азайып барады. Жойылып кету қаупі бар.

Негізгі мекені – Сырдария Қаратауы. ХХ ғасырдың 80-шы жылдарына дейін Қаратаудың оңтүстік-шығыс жағына және оған көршілес жатқан Боралдай тауына Талас Алатауынан арқарлар қоныс аударып, тян-шань арқарымен араласып кетті. Бүгінде сол аймақтарда екі арқар түршесінің будан тұқымдары мекендейді. Ал нағыз қаратау арқары тек Қаратаудың солтүстік-батыс жартысында тіршілік етеді. Негізінен, таудың жазық далалық бөліктерінде өмір сүреді,  бірақ үй малдары ығыстырғандықтан, тау беткейлерінде бұталар өскен тау шатқалында мекендейді.

ХХ ғасырдың 40-жылдарына дейін Қаратауда арқар саны едәуір болған, бірақ мал шаруашылығының дамуы оның санын азайтып жіберді. 1976 жылы таудың солтүстік-батыс бөлігінде 17,7 мың гектар жерде 27 арқар есепке алынса, 1979 ж. 5 мың га жерде  10, ал 1981-1982 жж. 100 мың га жерде  60-70 арқар саналды. 1998 жылы 77,6 мың га жерден 35 арқар есепке алынған. Бүгінгі таңда қолға алынған қорғау шараларының арқасында Қаратау қорығының аумағында арқар саны саны 766 басқа дейін көбейген.

Фото: Салтөре Сапарбаев

Материал Toyota Kazakhstan компаниясының қолдауымен дайындалды.