22Қар

Тоғай кермаралы

Материал Toyota Kazakhstan компаниясының қолдауымен дайындалды.

Тоғай кермаралы (Cervus hanglu bactrianus) – Қазақстанның, Тәжікстанның, Түркіменстанның, Өзбекстанның, Ауғанстанның құрғақ ормандары мен жазықтарында, кейде тау беткейлері мен батпақты аймақтарында мекендейтін түз тағысы, Орталық Азия эндемигі. Оның әлем бойынша саны аз. Халықаралық табиғат қорғау одағының «қызыл тізіміне» тіркелген.  Қазақстанның «Қызыл кітабына» жойылып бара жатқан түр ретінде І санатта енгізілген.

Санының кемуіне антропогендік әрекеттер, оның ішінде, тоғай ағаштарын кесу, өртеу, жағалау маңындағы жерлерді жырту, шөп шабу, есепсіз мал жаю кесірінен тіршілік аймағының тарылуы секілді факторлар әсер еткен.

Қазақстанда ХХ ғасырдың басына дейін Сырдария өзеннің бойын мекендеген. Көктемде су тасқыны мен өсімдіктер гүлдейтін кезде Қызылқұмға қарай қоныс аударса, су қайтқан соң Сыр бойына қайта оралатын еді. Алайда өткен ғасырдың ортасында тоғай бұғысы республикамызда толықтай жойылды. Оның санын қалпына келтіру жұмыстары 1981 жылы ғана қолға алынды. Тәжікстаннан 22 тоғай бұғысы әкелініп, Іленің ортаңғы ағысында орналасқан «Қарашеңгел» мемлекеттік аңшылық шаруашылығында жерсіндіріле бастады. 2010 жылғы «Қызыл кітап» дерегіне сәйкес, 2000 жылдардың басында еліміздегі кермарал саны 350-ге жеткен. Бүгінде олар Отырар ауданынан бастап, Қызылорда облысындағы Шиелі, Жаңақорған аудандары аумағында мекендейді. 

Оның денесі басқа бұғылардікіне қарағанда шағындау. Аталықтарының бес тармақты, барқыт мүйізі болады, ал аналықтарына мүйіз шықпайды. 4-7 бастан тұратын шағын топ болып жайылады, әдетте аталықтары мен аналықтарының үйірлері бөлек болады.  Негізінен, мекен ортасы жайлы болса, бір жерде тұрақты тіршілік етеді, бірақ тоғайда өрт шықса не жазғытұрым өзен тасқыны болса, қоныс аударады. Жиде, сексеуіл, жыңғыл бұтақтары, терек жапырағы скілді өсімдіктермен қоректенеді. 1,5-2,5 жасында жыныстық жағынан жетіледі. Тамыздың аяғынан бастап, қыркүйек-қазанға дейін күйекке түсіп, мамыр-маусымда төлдейді. Аналығы жалқы (сирек жағдайда егіз) төлдейді.

Тоғай кермаралының табиғи жаулары – қасқыр мен жабайы иттер, ал төлдерін шибөрі мен түлкі де жем қылуы мүмкін. Бұрын ол жойылып кеткен тұран жолбарысының (Panthera tigris tulliana) негізгі азығы болған.

Одан бөлек, Бұқар бұғыларына браконьерлік, заңсыз сауда, өрісінің тарылуы мен нашарлауы да қауіп төндіреді. Ауыл шаруашылығының кеңеюіне, мал жаюына, суды жасанды реттеуге және отын үшін бұталар мен ағаштарды кесуге байланысты оларға қолайлы тіршілік орталары қысқарып жатыр. Сонымен қатар, экономикалық жағдайдың нашарлауы мен қару-жарақтың кең таралуына байланысты Тәжікстан мен Ауғанстанның кейбір аймақтарында браконьерлік күрделі мәселеге айналған. Әрі осы тоғай бұғысының мүйізі дәстүрлі қытай медицинасында қолданылатындықтан,  «қара базарда» заңсыз сатылады. Тоғай бұғыcы – өз экожүйесіндегі ең ірі шөпқоректі. Олар өсімдік динамикасына, сондай-ақ экожүйенің басқа компоненттеріне ықпал етеді. Жайылу ерекшеліктері, тезегі жергілікті қоректік заттар құрамын қалыптастыратындықтан, өсімдіктердің өсуіне, тұқымының таралуына септігін тигізеді.

Материал Toyota Kazakhstan компаниясының қолдауымен дайындалды.