Даңқты балуанымыз Қажымұқан Мұңайтпасұлын білмейтін қазақ жоқ. Француз (классикалық) күресінен әлем чемпионы, көптеген халықаралық жарыстың жеңімпазы, бар қазақ күш атасы деп құрмет тұтқан Қажымұқанға да қилы тағдыр бұйырғаны мәлім. Оның өмірі түрлі аңыз-әңгімелерге, көркем шығармалар мен мақалаларға, арқау болды. Біз бүгін балуанның көп айтылмаған, әсіресе кейінгі жастар біле бермейтін жеке өмірінің бір тұсына – оның алғашқы жары, поляк қызы Надежда Чепковскамен қалай танысып, шаңырақ көтергені туралы қазақ-поляк қарым-қатынастарын зерттеуші Жандос Қарынбаевтың мақаласын ұсынып отырмыз. Материалда балуанның әлем алыптарымен болған боз кілемдегі кездесулері туралы да мәліметтер қамтылған. Редакция.
Надежда Чепковска
Тағдыр қазақ жігіті Қажымұқан Мұңайтпасұлы мен поляктың жас бойжеткені Надежда Чепковсканы Рига қаласында 1909 жылы жолықтырады. Бірақ біз бұл кездесу турлы айтпас бұрын, Мұқанның күреске қалай келгені жөнінде аз-кем айтып өтпесек болмас.
Ресми мәліметтерге сәйкес, Қажымұқан 1871 жылы қазіргі Ақмола облысы Қараөткел ауылында Мұңайтпастың шаңырағында дүниеге келген. Балуанның әкесі Мұңайтпас бар өмірін жоқшылық пен жалшылықта өткізгенімен, ауыл арасындағы той-думандарда күреске түсетін, жауырыны жер иіскемеген балуан болған. Мұңайтпас 1914 жылы дүние салады.
Мұқан да тірлікке жараған жас шағынан бастап алдымен Ыбырай сұлтанның ұлы Жар есімді кісіге қолғанат болып жұмыс істейді. Араға уақыт сала Жардан кетіп, Қараөткелдің (қазіргі Астананың батысында 12 шақырым жерде орналасқан ауыл) байы Қалипаға жалданады. Соңынан Скаковский, Степан Кожылин, Масляков атты байларда жұмыс істейді. 1888 жылдан бастап жалшылықты қойып, өздігінше еркін өмір сүреді. Ел арасында қазақша күреске түсе бастайды. Қарсылас шақ келтірмейді. 1889 жылы сондай сәттердің бірінде «Омбыда ат ойындары ашылыпты» (цирк болса керек) деген жаңалықты естіп, балуандар күресін тамашалау мақсатында Дала генерал-губернаторлығының және оның құрамындағы Ақмола облысының орталығы болған Омбыға арнайы барады.
Межелі орынға жеткен соң, төрешілермен сөйлеседі. Жас жігіттің қайраты таңғалдырып, Қажымұқан бақылаушыдан қатысушы балуанға айналады. Төрт күн күресіп, төрт балуанды жеңеді. Оның әлеуетін көрген төреші: «Күш көп, бірақ күрес білмейсің. Петерборға бар, сонда балуандар мектебі бар. Екі жылда французша күрес үйренесің», – деп кеңес береді. Осылайша, Қажымұқан бойға біткен қайратының арқасында Ресей империясының астанасы Санкт-Петербургке аттанып кете барады.
Қажымұқан Санкт-Петербургте 1889 жылдың тамызынан бастап, 1890 жылдың ақпанына дейін өмір сүріп, алты ай бойы француз күресінің тәсілдерін үйренеді. Ал 1890 жылы ақпан-сәуірде Одесса қаласында болып, Ветлижинский есімді азаматтың күрес мектебінде өзге күрес түрлерінің де қыр-сырын меңгереді. Сол жылдың шілде-қыркүйегінде Гамбургте тұрып, күрес машықтары мен тәжірибесін шыңдай түседі.Жекелеген деректер бойынша Қажымұқан алғаш рет ірі жетістікке 1905 жылы Харбин қаласында (қазіргі ҚХР-дің солтүстік шығысындағы қала) өткізілген турнир барысында қол жеткізіп, алтын медаль таққан. Жеңіс оның даңқын аспандатып, «Маньчжурия чемпионы», «Ямагата Муханура» сынды лақап есімдер беріледі. Балуандардың есімдері «мен мұндалап» тұруы үшін жарнама мақсатында осындай лақап ат қолдану сол кезеңнің ерекшелігі болатын.
1909 жыл Қажымұқан Мұңайтпасұлы үшін ерекше жыл болды. Себебі, сол жылы француз (қазіргі грек-рим немесе классикалық күрес) күресінен Швецияның Гетеборг қаласында өткен әлем чемпионатында алтын медаль иемденіп, күрестен әлем чемпионы атанған алғашқы қазақ спортшысы ретінде тарихқа енеді. Сонымен бірге өзінің болашақ жары Надежда Чепковсканы кездестіреді.
Бұл туралы Чепковска: «1909 жылы біз гастрольмен Рига қаласына келдік. Көп ұзамай қалаға цирк келіп, французша күрестен чемпионат басталды. Жарысқа сол кезде жұртшылыққа аты әйгілі болған Лурих, Аберг, Медведьев, Петерсон, Чемберс Ципс, Лацгальд сияқты балуандардың қатысатындығы туралы хабарланды. Мен сонда осы балуандардың арасында жүрген Қажымұқанды алғаш рет көрдім…Осы чемпионатта Қажымұқан үлкен табысқа жетті. Ол жарыста үздік шығып, бірінші жүлдені, яғни бас бәйгені жеңіп алды. Мен онымен осы жарыс барысында таныстым» деген естелік айтқан.
Надежда Чепковска өзі туралы «Мен 1894 жылы [жекелеген дерек көздерінде 1890 жылы] Белоруссияның Полоцк облысының Бреславль ауданындағы Герчаня ауылында кедей шаруаның отбасында тудым. Әке-шешеден жастай айырылып, жетім өстім. Содан 12 жасымда циркке жұмысқа орналастым. Алғаш цирк әртістерінің жеңіл-желпі жұмыстарын атқарып жүрдім де, кейіннен ат үстінде билейтін цирк әртісі болып өнер көрсете бастадым. Біздің цирк көшіп-қонып, Ресей қалаларын аралап, ойын қойып жүрді» деген мәлімет келтірген.
Надежда Чепковска өздерінің алғаш кездескендегі болашақ жарының бейнесі туралы: «Қажымұқан өте сымбатты, бойшаң, қараторы жігіт болатын. Бойының биіктігі 1 метр 86 сантиметр, салмағы 130 килограмм еді. Шынымды айтсам, мен оны бір көргеннен-ақ ұнатып қалдым… Цирк ойыны мен күрес екі айға созылды, біздің танысқанымызға да екі айдай уақыт болды. Осы мерзім ішінде екеуміздің арамызда махаббат оты тұтанып, өмірлік дос болуға бел байладық. Қажымұқан мені өз еліне, Омбыға алып баратынын айтты. Мен болсам Мұқанға сенгенім соншалық, ұлты, салты басқа адам болса да енді маған ешкімнің зекіп сөйлеп, зәбірлік жасай алмайтынына көзім жеткендіктен, шексіз қуаныш үстінде едім. Цирк иесі мені қызметтен босатпаймын, саған әлі тұрмыс құру ерте, жасың болса он алтыға да толған жоқ, қайдағы бір жапонға ғашық болып тентірейін деген екенсің, басымды ауыртпай, ертең ертемен қызметіңе кіріс деп бұлқан-талқан ашуланды. Өз еркіммен кете алмайтынымды білген соң, Қажымұқан мені алып қашатын болды», – деп ерекше толғаныспен еске алған.
Осылайша, балуан бабамыз қалыптасқан жағдайға байланысты қалыңдығын халқымызда бар дәстүрге сай алып қашады. Қажымұқан өмірінің осы бір кезеңін оқи отыра, он бестен енді асқан жас бойжеткеннің өз бақыты үшін қабылдаған батыл шешіміне еріксіз таңғаласың. Дегенмен қазіргі тұрмыс құру жасы тұрғысынан түсініксіздеу болып көрінетін он бес жас ол кезең үшін қалыпты әрі кең таралған жағдай еді.
Жас жұп сол жылдары Қажымұқан мекен еткен Омбыға Баку, Тифлис және Орынбор арқылы ұзақ саяхаттап жетеді. Омбыға келгендегі алғашқы көргендері, әсері туралы Надежда апамыз өз сұхбатында: «Әлі есімде. Омбыға келген соң ғана өмірімнің өзгеріп, нұрланып, шаттыққа, жақсылыққа бөленгенін сезіндім. Қазақ халқының жайдары жүзді меймандостығы, бауырмалдығы бірден баурап әкетті. Омбы қазақтары мені басқа ұлттың баласы деп жат көрмей, бауырына басып, туысқандай қарсы алып, келін келді, той болады деп қуанысып жатты», – деген жылы сезімге толы лебіздерін қалдырған.
Нажеджа ислам дінін қабылдап, Бәтима деген есім алады
Жас жұбайлар қаладағы 15-линияда №124 үйде тұрған. Қалаға келісімен олар мешітке барып, Хасен атты молдаға некелерін қидырады. Осылайша, ислам шартына сай Надеждаға мұсылман есімі беріліп, ол Бәтима атанады. Өздерінің некесі туралы қартайған шағында әңгімелеген Бәтима апайымыз сол уақыттың өзінде: «Осының өзін де әлі күнге дейін менің басыма Қажымұқаннан қонған зор қасиет санаймын»ғ – деп еске алған.
Қажымұқан 1910 жылы Оңтүстік Америка құрлығында орналасқан Аргентина мемлекетінің астанасы Буэнос-Айрес қаласында өтетін Америка еркін күресінен чемпионатқа жеделхатпен шақырту алады. Бұл кезде зайыбының ұлы Халиоллаға аяғы ауыр еді. Қазақ балуанының сапары сәтті болып, еркін күрестен Американың чемпионы атанып, үлкен алтын медальді кеудесіне тағып қайтады. Бұл жеңісті өзге дерек көздері де растайды.
Поляк алыптары
Қажымұқанның сол кезеңдегі өмірі қатысатын жарыстар, іс-шаралар бойынша өте қауырт болған. Сол жылы желтоқсанда және 1911 жылы қаңтарда Мәскеудегі халықаралық чемпионатқа қатысады. Салыстырмалы түрде алғанда қысқа уақыттың ішінде Разумов, Шнейдер, Иоганесов, Винтер және Апполон сынды балуандарды жеңеді. Ал балуанның танымал поляк атлеті, балуан, «Циклоп» лақап атымен күресуші Францишек Беньковскиймен (полякша, Franciszek Bieńkowski) күресі ауыр тартысты жағдайда өтеді. Бас аяғы жиырма минутқа созылған текетірес тең нәтижемен аяқталады.
Осылайша, Қажымұқан финалдық белдесуге шыққанымен, қандай амалмен болса да жеңіске жетуді мақсат еткен қарсыласы Лурих түрлі қулықтарға барып, төрешілердің бұра тартуымен жеңіске қол жеткізеді.
Кәсіби спорт саласында айтарлықтай үлкен жетістіктері болмағанымен, поляк спортшысы Францишек Беньковский алапат күшті, қарулы адам болған. Францишек 1862 жылы 5 шілдеде (1882 ж. деген ақпараттар да кездеседі) сол кездегі Шығыс Пруссияның Данциг қаласының (қазіргі Польшаның Гданьск қаласы) маңында дүниеге келеді. Ұстаның ұлы болғандықтан бала кезінен ауыр жұмыстарға әбден шынығып өседі. Жас жігіттің дене күші мен ерекше мүсіні туралы әңгіме кең таралып, өңірде танымал болады.
Беньковскийдің қандасы, тағы бір танымал поляк балуаны Станислав Цыганевичтің (лақап аты «Збышко») өзі Францишекті Дарвиннің эволюциялық теориясына енбей қалған жан иесі ретінде суреттейді екен. Себебі, тіке мағынасындағы «төртбұрыш» Беньковскийдің 115 кг салмақта бойы 168, бицепсі 50-51, кеуде айналымы 140 см. құраған екен.
Оның қара күші туралы поляктар арасында аңызға бергісіз әңгімелер жетіп артылады. Францишек бірде Польшаның Краков қаласында болған кезінде қорасынан қашып шығып, қалада тұрғындардың зәресін ұшырған ашулы өгізді буындырып тастаған екен.
Ол кезеңдегі балуандардың бір бойында күрес шебері мен күш иесінің, цирк өнерпазының өнерін тоғыстырған әмбебап жандар болғандығын жақсы білеміз. Ал Циклоптың балуан ретінде болмасын, цирк өнерпазы ретінде болмасын алаңға шығуы ешбір көрерменді бейжай қалдырмаған. Замандастарының айтуынша, Беньковскийді әріптестерінен ерекшелейтін өнерлерінің қатарында тиындарды қағаздай жырту мен шынжырларды шықырлата үзу болған екен. Тіпті, сол кезеңде аталғандай өнерді одан аса көрсететін жан болмапты деседі.
Өзінің балуандық ғұмырында Францишектің Қажымұқанмен бірнеше рет кездескендігі және жеңіліске ұшырағандығы жайында ақпараттар бар. Бірақ дерек көзінің жетімсіздігінен ол кездесулер барысы туралы толыққанды ашып көрсету қиын.
Қажымұқан Мұңайтпасұлының араға жылдар сала Буэнос-Айрес қаласына сапар шеккендігі туралы ақпарат бар. 1914 жылы аталмыш қалада өткен халықаралық жарысқа Лурих, Циклоп, Поспешил және Қажымұқан сынды танымал балуандар қатысқан. Бұл туралы мағлұмат «Русский спорт» журналының 1914 жылғы №41 нөмірінде жарық көрген.
Қажымұқан қатысқан көптеген жарысқа жары да ере жүрген. Олардың қатарына Варшавада өткен жарыстарды қосу керек. Қажымұқанның Варшавадағы алғашқы қатысқан біріншілігі есте қаларлықтай атышулы жарыс болған. Онда балуан финалда әлем чемпионы Шульцпен белдесіп, ойламаған жерден қарсыласы жеңіп кетеді. Осылайша, кіші алтын медалға Қажымұқан, күміс медальге Лубе, ал Поль Абс сынды атақты балуан тек қоланы місе тұтады.
Варшаваға кезекті сапары туралы Бәтима апамыз: «Жарты жылдан соң Варшава біріншілігіне қатысу үшін біз Польша астанасына қайтып оралдық. Халиолла болса кішкентай, жаңа ғана қаз-қаз басып жүрген кезі, бұл жолы Халиоллаға бас-көз болсын деп көршінің он алты жасар қызы Жәмиланы ала келгенбіз. Қажымұқан бұл жолы да жүлделі орынға ие болды. Бірақ одан жоғары болған чех палуаны Поспешил мен атақты Лурих еді. Осы жарысқа қатысқан қытай алыбы Ли Хун-Синг пен Лаубе Қажымұқаннан кейінгі орындарға ие болды» деген мәліметтер қалдырған.
Варшава біріншілігіне Қажымұқанның қатысқаны туралы «Варшавское слово» газеті ақпарат берген.
1913 жылы Қажымұқан Иван Поддубный, Иван Заикин, Николай Вахтуров және Алекс Аберг сынды атақты балуандардың қатарында бірнеше ірі халықаралық жарысқа қатысып, тек жүлделі орындар алады. Әсіресе 1913 жылдың соңында Троицк қаласында өткен жарыста үлкен жеңіске жетіп, даңққа бөленеді. Он сегіз рет белдесіп, қарсыластарының барлығын жеңеді. Аталған жарыста Қажымұқаннан жеңілгендердің қатарында танымал неміс, француз және орыс спортшылары бар еді.
Қажымұқанның мол дерек қалдырған белдесулерінің бірі 1914 ж. Нижний Новгород қаласында өтеді. Жарыстың шешуші сәтінде оның қарсыласы неміс балуаны, жоғарыда аты аталған Вестергард Шмидт болды. Қажымұқанның күш-қайратын, жойқын шабуылдарын жақсы білетін дәулетті Шмидт жеңіліп қалмау мақсатында айлаға басып, қазақ балуаны орындай алмайтын талап қояды. Ол сол кезеңде үлкен қаражат болған 100 рубль жеке жүлде тігілгенде ғана күресетіндігін мәлімдейді. Ал Қажымұқан болса жиналған қауымға бет бұрып, жиналғандардан аталған соманы төлеуді сұрайды. Сол сәтте көпшілік арасынан қазақтар, ағайынды Нұрлан және Абдулла Есбергеновтер көтеріліп, арбитрге қажетті қаражатты тапсырады.
Осылайша, семейлік қазақтардың қолдауымен Қажымұқан Шмидпен күресуге мүмкіндік алады. Атақты балуандардың күресін тағатсыздана күткен, делебесі қозған қауым шулай жөнеледі. Балуандардың айқасы ұзаққа созылғанымен, соңында Мұқанның жойқын тегеурініне шыдай алмаған Шмидттің жауырына жер иіскейді.
Осы жарыстардағы жеңістер Қажымұқанның даңқын асырып, аңыз адамға айналдырады. Бұл туралы 2015 жылы Воркутада жарық көрген «Борцы царской России» атты еңбектің авторы В. Сидоренко Қажымұқанның замандасы орыс балуандарының бірінің жазбасына сүйене отырып: «Сол кезеңде тұтас әлем бойынша орыс алыбы Иван Поддубный мен қазақ батыры Қажымұқанның даңқы жер жарды» деген жолдарды келтірген.
Қазақ балуанының күрес ерекшеліктері, қайраты оның көптеген әріптесінің жазбаларында кездеседі. Бірақ жоғарыда айтылғандай чемпионаттардың іскер директорларының, журналистердің жарнамасы арқылы Қажымұқан жапон балуаны ретінде де танылған.
Танымал эстон балуаны, әлем чемпионы Георг Лурихтің Қажымұқан туралы: «Шығыстың ұлы – жапон Муханура. Ол мығым әрі сирек бітімдегі балуан, күресте тағылығымен, дүлейлігімен ерекшеленеді» деген жазба қалдырған болса, орыс балуаны, Нижний Новгород қаласының тумасы Николай Турбас (шын тегі Турумбасов): «Біздің арамызда өзінің бітімімен және күшімен қырғыз [қазақ] балуаны Қажымұқан жеке дара болатын. Ол кең иықты, ерекше қайратты, күрес үшін үлкен маңызға ие ұзын қолды еді, көптеген балуан одан қорқатын әрі онымен күресуге құлықсыз шығатын» деп еске алған. Бұл мәліметтер оның әріптестерінің балуанға қатысты естеліктерінің бір парасы ғана.
Қажымұқан Мұңайтпасұлы 1914-1916 жылдары зор табыстарға ие болады. Бұл жылдары әлем чемпионы Габриэль Лассартес, Чемберс Ципс, Джо Моро, әлем чемпионы, француз Жан Сабатье сияқты балуандармен кездесіп, олардың барлығын жеңеді. Балуанның жары Бәтима сол жылдары қасында жүріп, аталған белдесулердің көпшілігінің тікелей көрермені болады.
Станислав Цыганевичпен белдесу
Қажымұқанның балуандық ғұмырындағы ең бір тартысты кездесулері сол кезеңдегі әлемнің дақты спортшыларының бірі, поляк Станислав Цыганевичпен (полякша, Stanisław Cyganiewicz) белдесулері. Поляк балуаны туралы қысқаша мәлімет берер болсақ, 1879 жылы 1 сәуірде Польшаның Йодлова елді мекенінде (қазір Подкарпат воеводтығының құрамында), орманшының отбасында дүниеге келген. Станислав жас шағынан қайратымен ерекшеленген. Балуанның дүниеге келіп, азамат ретінде қалыптасқан уақыты поляк жерлерінің сөз болған бөлігінің Аустро-Венгрия империясының құрамында, ал Польшаның мемлекет ретінде Еуропа картасында болмаған уақыты еді.
Станислав өзінің авторларының бірі, танымал поляк жазушысы, Нобель сыйлығының иегері Генрик Сенкевичтің «Кресшілер» (полякша «Krzyżacy») деген шығармасындағы бас кейіпкер Збышконың есімін өзіне лақап ат ретінде таңдап, «Збышко» есімімен де кеңінен танылған.
Туған жері Австро-Венгрия империясының құрамында болғандықтан, сәйкесінше, поляк балуаны сол мемлекеттің атынан күреседі. Балуандық жолда үлкен табыстарға жетіп, беделі әлемге таралады. Классикалық күрестен бір рет және америкалық еркін күрес түрінен (catch wrestling) екі рет әлем чемпионы атанды. Әсіресе, 1905 ж. Санкт-Петербургте Иван Поддубныймен екі сағат алысып, белдесуді тең аяқтауы, Станислав Цыганевичтің есімін шартарапқа жаяды.
Міне, осындай атышулы поляк балуанымен Қажымұқан Мұңайтпасұлы да бірнеше рет белдескен. Бұл туралы революцияға дейін Санкт-Петербургте шығатын «Геркулес» және Мәскеуден басылатын «К спорту» журналдарының арнаулы тілшісі болған Иван Булгаков Қажымұқан туралы: «Мен оның Поль Абс, Алекс Аберг, Георг Лурих, Жан Сабатье, Збышко-Цыганевич I, Черно-Яну, Лац-гальф, Андерсон сияқты Еуропаның атышулы балуандарымен күресін де көрдім. Темір-Болат Кануков, Али-Осман, Сали-Сулейман, Робине Хосаев, Ли-Хун-Синг, Чемберс Ципс, Мурзук, Кахута, Манада, Саракики, Джо Моро секілді Азия мен Африка елдерінің күш аталарын қалай басынан асыра лақтырғанының да куәсі болғанмын…» деген құнды мәліметтер келтірген.
Қажымұқанның Станиславпен белдесулерінің біріне балуанның жары Бәтима да куә болған. Оның естелігіне қарағанда белдесу өте шиеленісті жағдайда өткен. Бұл туралы ол мынадай мәлімет қалдырған: «Поляк спортшысының күші де, салмағы да, оның үстіне айла-тәсілінің басымдылығы да орасан болған… Алайда, Қажымұқан оңай қарсылас емес еді. Ол әдіс жағынан көптеген қарсыласынан осал соққанымен, күш жағынан ешкімге дес бермейтін… Оны, әрине, Станислав Збышко Цыганевич те жыға алмады». Осылайша, белдесу тең аяқталды деп топшылауға негіз бар.
Бірақ өкінішке қарай, дерек көздерінің аздығынан аталған кездесудің қай жылы және қай жерде өткендігін дөп басып айту қиын. Дей тұрғанмен, Станислав Цыганевичтің және Қажымұқан Мұңайтпасұлының сол жылдары жарыстарға белсене қатысқандығын ескеріп, сол кезеңнің афишаларын зерттеу арқылы олардың көптеген жарысқа бірге қатысқандығына көз жеткізуге болады.
Өмір ағынымен қос балуанның ғұмыры түрлі бағыттарға дамиды. Егер, Қажымұқан Ресейдегі азамат соғысынан кейін құрылған Кеңес Одағының азаматы атанған болса, Станислав Цыганевич мұхит асып, Америка Құрама Штаттарын мекен етеді. Сол жақта күресті қойған соң промоутер болады, кейін киноға да түседі. Фермерлікпен айналысады.
Халықтың ықыласына бөленген балуан
Ал Мұқанның өмірі мүлде басқа сарында әрі сипатта өткен. Жары Бәтиманың естеліктеріне оралар болсақ, қазақ халқының даңқын шығарған атақты балуан қандастары арасында үнемі ерекше ықыласқа бөленгендігіне көз жеткіземіз.
Қажымұқан Мұңайтпасұлы 1916 жылы Орынбор қаласындағы Камухин циркінде өткен үлкен халықаралық чемпионатқа қатысады. Бұл туралы жары: «Чемпионат 80 күнге созылып, біз Орынборда ұзақ болдық. Біз қонақ үйде тұрмай, Қажымұқанды қатты сыйлайтын қазақтардың үйлерінде тұрдық. Осы жолы Қажымұқанға Ресей жерінде қанша жыл күреске қатысып жүріп, бірінші рет үлкен сый құрмет көрсетілді» деп ықыласпен еске алған.
Сол жылдары балуан құрметіне «Бенефис» кешін өткізіп, барлық түскен қаражатты балуанның өзіне беру дәстүрі болған. Бенефистер әдетте тек дүниежүзі чемпиондарының құрметіне өткізілген. Орынбордағы аталған жарыс барысында Қажымұқанға сондай сый құрмет көрсетіледі.
Дақты балуан, қара күш иесі – Қажымұқан Мұңайтпасұлы әлемнің 24 елінде белдесіп, сол кезеңдегі спорт биіктерінің барлығын бағындырады. Осылайша, көзі тірісінде аңыз адамға айналған балуан өз отанының нағыз патриоты ретінде тарихта қалған.
Шығыс елдерінде оны мұсылман халықтарының аса күшті балуаны ретінде өз мемлекеттерінің атынан белдесуге талай рет үгіттейді. Бірақ ешбір байлық оны жолдан тайдыра алмады. Ол үнемі еліне оралатын. Батырдың еліне деген ыстық ықыласын өзі шығарған келесідей өлең шумақтары дәл берсе керек:
Болып өсті несібем менің түзден,
Кім бар екен елінен күдер үзген?!
Есіме туған елім түскен уақытта,
Жас домалап түседі екі көзден.
1917 жылы Ресей империясында мемлекеттік төңкерістің барысында патша тақтан тайдырылып, билікті Уақытша үкімет өз қолына алған өліара тұста қазақ халқының зиялылары бірігіп, көрнекті саясаткер Әлихан Бөкейхановтың басшылығымен сол жылдың қарашасында алдымен «Алаш» партиясын құрып, желтоқсанда «Алашорда» автономиялық үкіметі жарияланды.
Алашордамен байланыс
Алаштанушы Тұрсын Жұртбай Қажымұқанның алашордашылардың рухани демеушісі болғанын алға тартады. Ғалымның мәліметіне сәйкес балуан Алашорданың барлық жиындарына қаржылай көмек беріп отырған. Қажымұқан ХХ ғасырдың басында орыс отаршылдығына, қазақ жерлерін иемдену есебінен жүргізіліп жатқан көші-қон саясатына қарсылық білдіріп, қазақ ұлтының саяси, діни құқықтарын сақтауды талап еткен 1905 жылғы әйгілі «Қарқаралы петициясы» түзіліп, қол қойылған Қоянды жәрмеңкесінде қазақ зиялыларының бастамасын қолдап, халықты жинау мақсатында арнайы өнер көрсеткен.
Бірақ Алашорда үкіметінің ғұмыры ұзақ болмады. Большевиктердің азамат соғысында жеңіске жетуі және қазақ даласында билікті өз қолына алуы Ұлттық үкіметтің тағдырына нүкте қойды. Алашордалықтарға басында кешірім жарияланғанымен, олардың басым бөлігі ХХ ғасырдың 30 жылдары сталиндік қызыл қырғынның құрбанына айналды.
Қажымұқан кеңес билігі орнаған тұстан 1925 жылға дейін отбасымен бірге Омбының Дробышев елді мекенін (осы күнгі Нововаршав ауданы) қоныс етті. Сібірді Колчак басып алып, азамат соғысы барысында халықтың жағдайы қиындаған шақта балуан арбакеш болып, ат арба айдайды. Алтын медальдерінің бір бөлігін айырбастап, азық сатып алады. Қазір сол өмір айғақтарының көпшілігінің ізі де қалмаған.
Әлеуметтік қиыншылық әлде саяси қысым – қайсысының тікелей себеп болғандығы белгісіз, бірақ Қажымұқан 1925 жылдан теріскейден күнгейге жиі қатынап, халық алдына қайта шыға бастайды. Сол кезеңнен Ташкент циркінде өнер көрсетіп, кеңестік Қазақстанның қоғамдық өміріне араласады.
1926 жылы Қазақстанның сол кездегі астанасы Қызылордада Қазақ драма театры ашылады. Бұл өнер ұжымына Қажымұқанның да қатысы бар. Оның дәлелі – актер болмаса да сол жылы театр әртістерімен бірге Қызылорда, Әулиеата және Қарақалпақ жерінде өнер көрсетуі. Балуанның театр өнерпаздарымен байланысы бірнеше жылға ұласса керек. 1929 жылы орын алған солардың бір туралы танымал биші, Қазақстанның халық әртісі Шара Жиенқұлованың естеліктерінен оқып біле аламыз. Автор өзінің «Өмірім менің – өнерім» атты кітабында: «Тұңғыш рет гастрольдік сапармен елге шыққанымды қалай ұмытайын! Құрекең [күйеуі Құрманбек Жандарбеков] екеуміз қосылғаннан соңғы «қол ұстасып, судай тасып» демекші, бірге шыққанымыз өзінше бір қуаныш болса, бүгіндері аты тарихқа айналған Иса Байзақов, Әміре Қашаубаев, Қажымұқан Мұңайтпасов сынды арамызда жоқ ардагер ағалардың өнерін көзбен көру неткен бақыт еді, енді ойласам!» деп ерекше толғаныспен жазған.
Бұл балуанға саяси негізде жала жабылып, 6 ай шамасында Новосибирск түрмесінде отырып шыққанынан кейінгі өнер көрсетуі болатын. Сол жолы құрамында күміс көмей әнші Әміре Қашаубаев, ақын Иса Байзақов, актер әрі биші Құрманбек Жандарбеков, биші Шара Жиенқұлова сынды шағын құрамдағы өнерпаздармен бірге Семей, Кереку, Ақмола және Қызылжар жерлерінде болып, өнер көрсетеді. Қайда барса да зор ықыласқа бөленеді.
Ел аузынан жеткен мәліметтерге арқа сүйесек, балуанның айтар сөзін өлеңдетіп жеткізетін ақындық қабілеті де болған. Қолына домбыра алып әу дейтін өнерден де кенде емес. Бір сөзбен айтқанда, балуан нағыз сегіз қырлы бір сырлы тұлға болғанына көз жеткіземіз.
Қажымұқанның спорттық ғұмыры ұзақ болды. Он бес жасынан жарысқа түскен балуан жетпіс жасқа келгенше күресті тастаған жоқ. 1927 жылы Орынбор қаласында өткен одақ чемпионатында ауыр салмақта бас жүлденi иеленген кезде балуан елу алты жаста екен. Сол жылы денешынықтыру мен спортты дамытуға сiңiрген ерекше еңбегі үшін Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитетi президиумының арнайы шешiмiмен Қажымұқанға «Қазақ даласының Батыры» деген құрметті атақ берiлдi.
Саяси сүргін балуанды да айналып өткен жоқ
1937 жылы даңқты балуан бірнеше ай Омбы жағында өз отбасының қасында болады. Сол кезеңде басына тағы да қара бұлт үйіріліп, мемлекеттік қауіпсіздік органдары тарапынан қудалау науқаны басталады. «Шетелдерде болып, жасырын әрекеттер жасады; контрреволюциялық элементтермен ауыз жаласты; Мұстафа Шоқаймен кездесіп, Батыс Еуропа жерлерінде жасырын істерге араласты; Совет Үкіметінің саясатына қарсы болған «Алаш», «Үш жүз» партияларымен мүдделес болды» деген айыптар тағылды. Осы жағдайлар оның 1937 жылы біржола оңтүстікке ойысуына себеп болады.
Бұл – Қажымұқанның тұңғышы Халиолланың үйлі-баранды болған уақыт. Балуан тұңғышы 16-ға толысымен, Шәпен атты бойжеткенді айттырып үйлендіреді. Ал 1927 жылы немересі Шабдан дүниеге келеді. Қажымұқан мен Бәтима Шабданнан бөлек, Фарида, Рәзия, Жанайдар, Елтай және Құлымбет есімді ұзын саны жеті немере сүйген. Халиолланың екінші әйелі мен одан туған перзентінің есімі белгісіз.
Мұңайтпасовтар отбасының Халиолладан үлкен, асырап алған Ғабдолла (жекелеген дерек көздерінде Абдолла) есімді ұлы болған. 1908 жылы туған. Ғабдолла Мұқанұлы Мұңайтпасов Омбыда заң қызметкері болады. Бауыры Халиолла соғыста болғандықтан, арнайы сұранып 1941-43 жылдары сол кезеңдегі Дробышев, қазіргі Нововаршав ауданында тергеуші болып істейді. Оның бала-шағасына қамқорлық жасайды. 1944 жылы Ғабдолла қайта Омбыға ауысады. Соңынан қызметіне байланысты Батыс Украинаға жіберіліп, сонда қаза табады.
Балуанның ұлы Халиолла өз сұхбатында: «Әкем менің қолымнан 1937 жылы кетті» деген ақпарат берген. Балуан оңтүстікте жүргенімен, теріскейдегі ұлына жиі келіп тұрған. Ұрпақтарына материалдық тұрғыдан қарасқан.
Қажымұқан 1925 жылы Ырысты Тыныбайқызына үйленеді. Балуан туралы 1990 жылы жарық көрген «Күш атасы» атты еңбекте Қажымұқанның Ырыстыдан үш ұл, үш қыз көргені жазылған. Алайда «Қажымұқанның құпиялары» атты сұхбатта Қажымұқан отбасын жақсы білген Қалиақпар ақсақал балуанның Ырыстыдан тек София, Әзия және Рашида есімді үш қыз көргенін алға тартып, Софияның 1926 жылы, Әзияның 1928 жылы, ал кішісі Рашиданың 1930 дүниеге келгендігінен ақпарат берген. Аталған дерек көзіне сәйкес Ырысты мен кіші қызы Рашида 1942-1944 жылдары, ал үлкен қызы София операция үстелінде 1950 жылы қайтыс болған. Ортаншысы Әзия бертін келе әкесінің қасына келіп, Қызылорда облысының Шиелі жағына ұзатылған.
Осылайша, батырдың жары Бәтима, яғни поляк қызы Надежда Чепковска отбасындағы қиындықтарға қарамастан, Қажымұқан әулетінің түтінін түтетіп, ұлдары мен немерелеріне ақылшы ана, қамқор әже бола білген. Балуанн қазақ халқының, қала берді адамзаттың еркесі екендігін терең сезінген әрі үлкен түсіністікпен қабылдаған. Атақты балуанның жары деген жауапкершілік мен аманатқа адал күйінде дүниеден өткен.
Өзінің жоғарыда келтірілген «Мен қалай Бәтима атандым» атты сұхбатының соңында: «Өмірімнің отыз жылға жуық уақытын бірге өткізген қимасым, атақты балуан, ардагер азамат туралы қысқаша айтарым осы… Көп нәрсе есімнен шығып қалыпты, ұмыт болғаны қаншама…Бірақ та, бір нәрсенің басы ашық. Қажымұқанның жарқын да жалынды өмірі өзінің Отанын, туған елін, қасиетін, халқын шексіз сүйгендіктің, қалтқысыз қызмет еткендіктің тамаша үлгісі деп білемін. Кейінгі жас ұрпаққа тілерім де осы» деп ағынан жарылған.
Қазақ даласының батыры, кәсіби күрестен қазақтан шыққан алғашқы әлем чемпионы Қажымұқан Мұңайтпасұлының қиыншылық пен қуанышты шақтарды қатар көрген асыл жары, Бәтима 1964 жылы дүниеден өтеді. Қабірі Омбы облысының Тоқалы (Тюкалинский район) ауданының Қожа ауылында.
Ал Қажымұқанның өмір жолына оралар болсақ, ол 1937 жылдан бастап, оңтүстік өңірге тұрақтайды. Бірақ бұл енді өз алдына бір үлкен тақырып болғандықтан, мақаламызды осы тұстан аяқтамақпыз.
Автор: Жандос Қарынбаев – қазақ-поляк тарихи байланыстары тақырыбын зерттеуші ғалым, PhD кандидаты
Фотосуреттерді мақала авторы ұсынған.