Адамдар мыңдаған жыл бойы өлген адамның бет-пішінін қайта жасауға тырысып көрді. Ақыры заманауи технология мен көне ДНҚ-ның арқасында көздегеніне жетті де. Бүгінде бұл ғылым мен өнерді тоғыстырған іске айналды.
Оскар Нильсон үшін осы бір мезет – археология мен өнер тоғысатын тұс ешқашан тоқтамақ емес.
Нильссон Стокгольмдегі студиясында атам заманда о дүниелік болған адамның бет құрылысын қалпына келтіріп жатыр. Силикон бюстке терінің ең беткі қабатын кигізу ғана қалды. Ол адам терісіндегі әрбір әжім мен ұсақ тесіктерін жасау үшін өте жіңішке инелерді қолданады, эпидермисті айнытпай салатын бояу жағып, әр тал түкті еппен енгізеді. Сосын барып қабағын айшықтайды. «Ол бірден бет-әлпетке айналады, – дейді ерте заманда өмір сүрген адамның бетін 3Д қалпына келтірумен айналысатын тәжірибелі археолог әрі мүсінші Оскар Нильсон. – 20 жылдан асты, осы студияда өткен күндеріме ештеңе жетпейді».
(Оскар Нильсонға бассүйектерді археологтер береді – ол оны «тірілтуге» кіріседі)
Нильсон сияқты мамандар баршылық: бетке реконструкция жасау өткен тарихқа жанасудың тиімді әдісіне айналды. Дегенмен оны қайта жасап шығуға дұрыс материал мен шебер қол жеткіліксіз. Бұл күрделі процесс өнерді ғылымға, ғылымды өнерге айналдырады, ал нәтижесі таңғаларлық. Осылайша археологтер өмірде болған адамның бетін қайта жасау арқылы тарихтың тереңіне үңіледі.
Ежелгі адамдардың келбетін қайта жасау не үшін қажет?
Адам келбетін реконструкциялау тәжірибесі сіз ойлағаннан да ерте дамыған. Биоархеолог ғалымдардың бір тобы «бассүйекті реанимациялау идеясы мыңдаған жыл бойы адамзат тарихының бір бөлігі саналып келді» дейді. Олар шамамен 10 800 жыл бұрын неолит дәуірінде Левантада, 8 500 жыл бұрын неолиттің соңғы кезеңдерінде Анатолияда «бассүйекті жерлегеннен біраз уақыт өткен соң қайта қазып алып, гипс, топырақ пен пигменттердің қосындысынан қоймалжың зат жасап, бетке құяды да бояу жағады. Сөйтіп қайтыс болған кісінің түр-келбетіне жақын пішін жасайтын болған» деп түсіндірді.
(Қазақстандық антрополог Оразақ Смағұловтың сұхбатын оқыңыз: Оразақ Смағұлов: Ғылым нақтылықты сүйеді — nationalgeographic.kz)
Қазіргі бет-әлпет реконструкцияның аталары да XIX ғасырда осыған ұқсас әдіс қолданған. Дегенмен бұл кезеңде білікті дәрігерлер мен анатомдардың білімі мен тәжірибесі процесті жетілдіре түскен. Қоғам мойындаған тұлғалар дүниеден өткен соң олардың атын асқақтату мен насихаттау үшін, марқұмның мүсінін жасамастан бұрын алдымен сүйегі зерттелетін болған.
(700 жыл бұрын кісі қолынан өлген адамның бетіне реконструкция)
Бұлайша сирек мүсіндеу әдісі аты аңызға айналған композитор Иоганн Себастьян Бахқа жасалған. 1894 жылы анатом Вильгельм Хиз неміс мазарында «эксгумация жасалған адам сүйегі шынымен Бахтікі ме» деген сауалға жауап іздеп, композитордың бет-әлпетін реконструкциялауға тырысты. Анатом 27 мүрденің бет құрылысын зерттеп, бұлшықет тінінің орташа қабаты туралы дерек жинады. Реконструкция жасалған әлпет Бахтың портреттеріне ұқсас болып шықты. Осылайша тарихшылар табылған қаңқа әйгілі композиторға тиесілі деген тұжырымға келіп, оның сүйегі Лейпцигте қайта жерленді.
Бұл оқиға адам бет-әлпетінің анатомиясына, атап айтқанда, әр адамның келбетін даралап тұратын тіндер пішіні мен бұлшықет қабатына ғылыми қызығушылық артты. Анатомдардың сол кезеңде зерттеп, қалдырған деректерін Нильссон сынды реконструкторлар әлі күнге азық қылып келеді.
Бет-жүзді қалпына келтірудің алғашқы қадамдары
Бетке 3D-реконструкция жасамас бұрын зерттеушілер таңдап алынған адамның өмірі туралы мейілінше көп дерек жинағаны жөн. Ол кім? Қайда өмір сүрді, қалай қайтыс болды? Не ішіп-жеді, өмір сүру салты мен денсаулығы қандай еді? Қазір археологиялық талдау саласындағы жетістіктер үлгінің изотоптарын зерттеу арқылы адам туралы барлық ақпаратты: сүйіп жейтін тағамынан бастап, өмір сүрген жеріндегі климатқа дейін анықтап беруге қауқарлы.
(4000 жыл болған бассүйекке жаңа бет-әлпет берілді)
Қазір бет реконструкциясы ДНҚ талдамаларына негізделеді, соның арқасында адамның шыққан тегі ғана емес, терісі, шашы мен көзінің түсіне дейін анықтауға болады. ДНҚ талдамалары «ойын ережесін өзгертті» дейді Нильссон. Бұл деректер бұрын суретшінің өз долбарына сүйеніп жасайтын жұмысына айтарлықтай өзгерістер әкелгені анық.
Адамның жынысы, этникалық тегі, қайтыс болған кездегі салмағы мен жасы қандай болғанын оның бет бұлшықетінің тереңдігі мен басқа да ерекшеліктерінен білуге болады. Сонымен қатар адамның бассүйегіндегі сүйекпен бітісе жалғасқан тінде көп ақпарат сақталады. «Бұлшықеттің қайда орналасқанын табу кейде қиынға соқпайды, оны бассүйектегі қысым немесе тарақ ізінен табуға болады», – дейді Нильссон. Бұл мәліметтер реконструктордың шешімдеріне әсер етеді, нәтижесінде нақты анатомиялық үлгі жасалады.
Археологиядан өнерге дейін
Келесі қадам – бет анатомиясында мына нәрсенің маңыздылығын түсіну: Нильссон сияқты мүсінді қалпына келтіруші мамандар нысанның 3D-көшірмесіне саздан жасалған шеміршек пен бұлшықеттерді жеке-жеке, мұқият жапсырып шығады.
Мұны, яғни 3D-реконструкцияны компьютер көмегімен жасауға да болады, алайда, Нильссон қолмен істейтін, практикалық әдіс дұрыс деп санайды. «Ес білгелі адамның кескін-келбетін бақылаумен келемін», – дейді ол.
(Ғалымдар 9000 жыл бұрын өмір сүрген жасөспірімнің бетін қалай қайта қалыпқа келтіргенін көріңіз)
Түрлі жорамалдар мен есептер біртіндеп адам бейнесін түзе бастағанда, реконструктор нақты деректерге сүйеніп, адамның көзі, ауызы, терісі сынды дене мүшелерін мүсіндеуге кіріседі. Мәселен, кәріліктен қайтыс болған адамға әжім мен дақтар, ал ДНҚ талдаулары арқылы оның ауырғандығы мәлім болса, сол дерттің белгілерін қосуға болады.
«Өзіме жұмысым екі кезеңнен құралатындай көрінеді», – дейді Нильссон. «Әуелі мен тек тексерілген деректер мен археология заңына бағынатын қатал бақылаушымын. Суретшілік түйсігім содан кейін ғана қосылады», – дейді ол.
Адамның силикон бюстін жасап шығуға бассүйек керек. Нәзік, жұқа бояу мен таралған шаш оған жаңа келбет береді.
Мұндай реконструкциялар этикасы ғылыми ортада түрлі дау туғызып жүр. Басты сауал – көшірме бейнелер негізгі түпнұсқаға сәйкес келетін-келмейтінін білу мүмкін емес әрі бейнесі сомдалып отырған адам бұл нәрсеге қатысты өз көзқарасын ешқашан айтып бере алмайды. Одан бөлек, тағы бір күрмеулі мәселе – қолдан жасалған бір кескін-келбет арқылы қоғамға адамзат тарихы туралы жалпылама түсінік таңып алмау.
Процесс аяқталғанда шығатын кейде қорқыныштылау бет-жүзге басқа көзқараспен де қарауға болады. Әрбір бет реконструкциясы сонау көне дәуірде өмір сүрген адамға қарап ойлану, тіпті құрмет таныту мүмкіндігін береді. Оған қоса, қалыпқа келтіру құр сүйекке аздап болса да адам реңкін («адамшылық») қосады. Бейнелі түрде айтсақ, өнер, анатомия және археология атты үштағанды түйістіре отырып, бұл сала бір ғана кірпік, әжім мен теріні қолдану арқылы тарихты «тірілте» алады.
Автор: ЕРИН БЛЕЙКӘМОР