8Янв

Ішек микробиомы өте маңызды

Ішегіңізде, теріңізде, тіпті тыныс алу жолдарыңызда көзге көрінбейтін микротіршілік иелері өмір сүреді. Микобиом деп аталатын бұл кішігірім әлемнің жалпы денсаулығыңыздағы рөлі соңғы жылдары ғалымдардың қызығушылығын тудырып жүр.

Зерттеулер көрсеткендей, тітіркенген ішек синдромы бар науқастың ішегінде Candida albicans (мұнда суреттелген) жоғары деңгейде табылған. Соңғы жылдары ғалымдар ішек микробиомындағы саңырауқұлақтардың денсаулыққа қалай әсер ететінін мұқият зерттей бастады. ЭЛЕКТРОНДЫ МИКРОСКОПТА СКАНЕРЛЕНГЕН ТҮСТІ СУРЕТ MARTIN OEGGERLI UNIVERSITY HOSPITAL BASEL, SWISS NANOSCIENCE INSTITUTE, BASEL

Соңғы жылдары ішек микробиомын зерттеуге айтарлықтай көңіл бөлінді, себебі ғылыми зерттеулердің нәтижесінде ғалымдар оны тітіркенген ішек синдромынан бастап, неврологиялық бұзылуларға дейінгі көптеген аурумен байланыстырады.

Ішек микробиомын құрайтын микроскопиялық организмдердің ішінде бактерияларға айрықша көңіл бөлінеді. Бірақ ішектегі басқа кішкентай организмдердің де маңызы бактериялардікінен кем емес болғанымен, олар назардан тыс қалып жүрген болса ше?

Ішегіңіз, теріңіз, тіпті тыныс алу жолдарыңызда бөлек бір микробиом немесе саңырауқұлақ қауымдастықтары өмір сүреді. Соңғы зерттеулер микобиомның қауіпті микробтардан қорғануға және иммундық жүйені реттеуге пайдалы болғанына қарамастан, созылмалы ауруларға да себеп болуы мүмкін екенін көрсетеді.

(Ішек саулығы бүкіл тәніңізге әсер етуі мүмкін. Қалай дейсіз бе? — nationalgeographic.kz)

Ғалымдар ішектегі саңырауқұлақ қауымдастықтарын мыңдаған аурулармен, соның ішінде ауыздан түспейтін COVID және басқа да ондаған ішек, неврология және тыныс жолдары ауруларымен байланыстырады. Зерттеушілер саңырауқұлақтардың біздің денсаулығымызға қалай әсер ететіні туралы ақпаратты жақында ғана жинай бастағанымен, әзірге нақты білетініміз осы.

Ішек микробиомы неден құралады?

«Зерттеушілер ғасырлар бойы бактериялық микробиомды зерттеп келгенімен, саңырауқұлақтар әлемін елеусіз қалдырды», – дейді микробиолог, Case Western Reserve университеті медицина мектебінің және Кливленд университеті ауруханалары медициналық орталығының профессоры Махмуд Ганнум. «Микобиом» терминін енгізген де сол болатын.

Саңырауқұлақ қауымдастығы шамамен микробиомның 0,1% құрайды, бұл термин бактериялар мен саңырауқұлақтарды ғана емес, сонымен қатар тері, ішек, тыныс алу және несеп-жыныс жолдарын басып алатын архейлер, вирустар мен паразиттерді қамтиды. Ішекті мекендейтін саңырауқұлақтардың жүздеген түрі тіркелсе де, адамдарда бірнеше ондаған түрі ғана жиі кездеседі.

«Саңырауқұлақтар микробиомның азғантай бөлігін құраса да, олар айтарлықтай маңызға ие», – дейді зерттеушілер. Зерттеулер көрсеткендей, саңырауқұлақтар бактериялардың өсуіне және әр түрлерінің қалыптасуына әсер етеді. Бұлар біріге келіп, тағамды қорытуға көмектесіп қана қоймай, аурулардан да қорғайды. Профессор, Гонконг Қытай университетінің -дәрігері әрі университеттің ішек микробиотасын зерттеу орталығының директоры Сью Энжи (Siew Ng) микробиомды тропикалық орманның тіршілік экожүйесіне теңейді. «Олар бізді қорғау үшін жаралған», – дейді ол.

(Неліктен кейбір адамдар спортпен шұғылданғанды ерекше ұнатады? Мәселе  микробиомда болуы мүмкін.)

Бірақ кейде осы микробтық қауымдастықтарда тепе-теңдік бұзылуы мүмкін. Сөйтіп белгілі бір саңырауқұлақтар микробиом «билігін» қолға алғанда қиындықтар туындайды. Ганнум саңырауқұлақтар да, бактериялар да антибиотиктерге төзімді, қоректік заттардың сіңірілуіне кедергі келтіретін «биоүлдір» ретінде белгілі тосқауыл түзе алатынын айтады.

C. albicans жасушалық деңгейде осылай көрінеді. Бұл сурет ғылыми үлгі үшін жарықтың орнына электрондар шоғырын пайдаланатын сканерлеуші электронды микроскоптың көмегімен түсірілген. Оптикалық микроскоптың көмегімен бақылаулардың қажетіне қарай қанық түс алынады. ЭЛЕКТРОНДЫ МИКРОСКОПТА СКАНЕРЛЕНГЕН ТҮСТІ СУРЕТ MARTIN OEGGERLI UNIVERSITY HOSPITAL BASEL, SWISS NANOSCIENCE INSTITUTE, BASEL

Микробтық теңгерімсіздіктің бұл деңгейі дисбиоз деп аталады және оның пайда болуының кейбір себептері кең спектрлі саңырауқұлақ түрлеріне қарсы  препараттарды не антибиотиктерді қабылдауға немесе дұрыс тамақтанбауға байланысты болып келеді. Ғалымдар мұны тек ішек ауруларымен ғана емес,  басқа да ондаған аурулармен байланыстырады.

Микобиомның ауруларға әсері қандай?

Заманауи генетикалық реттілік құралдары ғалымдарға ішектегі және басқа дене мүшелеріндегі микробтардың профилін жасауға мүмкіндік береді. Зерттеу нәтижесінде дені сау және ауруға шалдыққан адамдардың микобиомдарын  салыстыра отырып, тітіркенген ішек синдромы бар науқастарда Candida albicans саңырауқұлақтарының деңгейі жоғары екені тіркелді. Сол сияқты дисбиоздың целиакия, ішек қабынуымен, колоректальды қатерлі ісікпен және басқа да ішек ауруларымен де байланысы бар екені анықталды.

Мысалы, Энжи семіздікке шалдыққан адамдардың ішектерін зерттеу барысында олардың микобиомдары сау адамдардікінен өзгеше екенін анықтады. Алдағы зерттеуде ол кей бактериялар мен саңырауқұлақтардың тағамды басқаларға қарағанда оңай ыдырататыны жөніндегі теориясын сынайды. Ол тіпті майды ыдыратуда рөл атқаруы мүмкін деп пайымдаған саңырауқұлақты бөліп алды.

COVID-19 пандемиясы арқасында микобиомның ауруға қалай әсер ететіні туралы қосымша ақпарат пайда болды. Шырыш иммунологі, Вейл Корнелл медициналық институтының микробиология және иммунология кафедрасының ассистент-профессоры Илиян Илиев саңырауқұлақтар мен тітіркенген ішек синдромын он жыл бойы зерттеді. Бірақ пандемия басталысымен ол назарын COVID зерттеулеріне аударды. Зерттеу кезінде таңғаларлық нәрсе анықталды: ауыр COVID пациенттерінде саңырауқұлақ инфекциясы табылмағанымен, иммундық жүйені саңырауқұлақтарға шабуыл жасауға үйрететін антигендердің деңгейі өте жоғары болып шықты. Науқастардың жағдайы неғұрлым ауыр болса, олардың ағзаларынан да соғұрлым көп антиген бөлінеді.

(Адамдар саңырауқұлақ инфекцияларынан туындайтын пандемияға дайын емес.)

Ауыр COVID науқастарының қаны мен нәжісін зерттеуді жалғастыра отырып, Илиев және оның командасы ішек саңырауқұлақтарының нейтрофилдер деп аталатын иммундық жасушаларды белсендіретінін анықтады. Осының салдарынан COVID-19 инфекциясынан кейін өкпеде деструктивті қабыну туындауы мүмкін. Бұл жасушалар қабынуды күшейтетін IL6 цитокин ақуызын жоғары деңгейде бөледі, ал мұндай ақуыздар ағзада инфекциядан кейін бір жылға дейін жоғарылауын тоқтатпауы мүмкін. «Иммундық жүйеңіз үнемі дабыл қағатын жағдайға тап боласыз», – дейді Илиев.

Сонымен қатар микобиом ішек-ми осінің маңызды құрамдас бөлігі, яғни екі мүше арасындағы екі жақты байланыс тәсілі секілді. Зерттеулер көрсеткендей, аутизмге шалдыққандардың микобиомдары да бұл қатерге шалдықпаған адамдардың ішек флорасынан ерекшеленеді. Ішектен бөлек, саңырауқұлақ теңгерімсіздігі демікпе және созылмалы обструктивті өкпе дерті сияқты тыныс жолы ауруларына, сондай-ақ кейбір тері ауруларына да әсер етеді.

Микобиомды жақсарту тәсілдері

«Осыған дейінгі зерттеулердің нәтижесіне қарасақ, саңырауқұлақ теңгерімсіздігі мен аурулар арасында даусыз корреляция бар», – дейді Энжи. Келесі қадам – микробтық теңгерімсіздіктің аурулар тудырудағы рөлін зерттеуді бастау. «Ғалымдар мұны ағзасында микробы жоқ тышқандарды зерттеу арқылы жүзеге асыра алады», – деп түсіндіреді ол. Бұл процесс тышқандардың ішегіне микроб енгізгеннен кейін, асқазан-ішек жолдарында ауру белгілері бар-жоғын анықтауға мүмкіндік береді.

«Бірақ ауруларды емдеуге микобиомды қолдану жолын табу қандай тамаша болар еді», – дейді Энжи.

Ол күн де алыс емес көрінеді. Ғалымдар микробиомның, соның ішінде саңырауқұлақтардың тепе-теңдігін қалпына келтіретін дәрі-дәрмек немесе тағамдық қоспа іздеу жұмыстарын бастады. Жақында Ганнум саңырауқұлақ пен бактериялық биоүлдірді жойып, ішек тепе-теңдігін қалпына келтіруге арналған тағамдық қоспалардың асқазан-ішек симптомдарын азайту мүмкіндігін көрсететін клиникалық сынақ нәтижелерін жариялады.

«Біз әлі  зерттеудің бастапқы сатысында ғанамыз», – дейді Ганнум.

Зерттеуге қатыспағанымен, Энжи бұл талпынысқа үміт артатынын атап өтті. «Меніңше, осы тәсілді қолдана отырып, болашақта әртүрлі ауруларды емдеуге әбден болады», – дейді ол.

Энжидің айтуынша, ол әріптестерімен бірге нәжісті трансплантациялаудың белгілі бір ауруларды емдеуде тиімді болуы мүмкін екенін көрсетті. Ол трансплантация алған науқастың ағзасы жаңа ұлпаны қабылдамағанда туындайтын трансплантацияға қарсы реакцияны емдеуде сәтті болды. Энжи дені сау адамдардың нәжісінен микроб бөліп алып, оларды науқастарға трансплантациялау балалардағы «трансплантацияға қарсы реакцияның»  белгілерін азайтуға көмектесетінін анықтады.

Сарапшылар дені сау адамның ішегін жақсы жағдайда ұстау немесе сау микробиом түзудің ең дұрыс жолы талшыққа бай жеміс пен көкөністі молынан жеу, спортпен шұғылдану және стресс деңгейін қадағалау деп санайды. Сонымен қатар, «алкогольді сусындар ішу, темекі шегу және өңделген қант пен тұзға толы тағамдар тұтыну микобиом тепе-теңдігін бұзуы мүмкін», – дейді Ганнум.

«Мен ылғи айтамын: бұл бау-бақша секілді. Жаздыгүні гүлдерге тыңайтқыш бересіз, арамшөптерді жұласыз, – дейді Ганнум. – Бәрі де өзімізге байланысты: ішектің тепе-теңдігін қалпына келтіріп, денсаулығымызды жақсарту үшін баққа күтім жасағандай, ішегіңізге де күтім жасап жүріңіз».

Автор: Наталия Меса

Фото: Мартин Оеггерли