31Там

Ішек саулығы бүкіл тәніңізге әсер етуі мүмкін. Қалай дейсіз бе?

Ішек микробиомасы сіздің ас қорытуыңызға, иммундық жүйеңізге, тіпті көңіл күйіңізге де әсер етуі мүмкін. Ендеше оның саулығын сақтау үшін не істей алатыныңызды білгеніңіз жөн.

Адам микробиомасы дененің ішінде және оның бетінде өмір сүретін триллиондаған микроскопиялық организмдерден, соның ішінде вирустардан, саңырауқұлақтардан, паразиттерден және Streptococcus pneumoniae сияқты бактериялардан тұрады. Олар суретте көрсетілгендей еншілес жасушаларға бөлінеді. Біздің тән саулығымызды сақтауда осылардың үлесі зор. МИКРОГРАФ: МАРТИН ОГГЕРЛИ, NAT GEO IMAGE COLLECTION

Сіз толқығанда не қобалжыған кезде ішіңіз «біртүрлі болып кеткенін» талай сезінген боларсыз? Немесе теледидардағы пицца жарнамасынан кейін кенеттен аштық сезімі пайда болғаны есіңізде ме? Бұл сіздің ішегіңіздің миыңызбен байланысу тәсілі деуге болады.

Ішектің өз микробиомасы, яғни бактериялар, вирустар, саңырауқұлақтар және паразиттер сияқты микроскопиялық организмдер қауымдастығы бар. Олар біздің ішектерімізде өмір сүреді. Денеде одан бөлек төрт негізгі микробиома бар: тыныс алу, тері, несеп-жыныс және ауыз қуысы микробиомалары. Олардың бәрі бірге адам микробиомасын, дененің ішкі және сыртқы бетін мекендейтін триллиондаған микробиота өкілдерін құрайды.

Микробиомаңыз сіздің денсаулығыңыз үшін өте маңызды. Бірақ дәлірек айтқанда, микробиома деген не өзі? Мұны мини-экожүйе деп елестетіңіз, дейді Джастин Сонненбург, Стэнфорд университеті Медицина мектебінің микробиология және иммунология профессоры.

«Тропикалық орманды аналогия ретінде келтіруге әбден болады. Бұл жерде де жан-жануарлардың көптеген түрі барлық пішіндер мен өлшемдерде кездеседі, тек айырмашылығы  –  микроскопиялық ауқымында.  Олар дененің әр тұсында шоғырланып, осы күрделі қауымдастықтарды құрайды», – дейді ол.

(Созылмалы шаршау синдромы жұмбақ болса, шешімін ішек микробиомаңыздан іздеп көріңіз.)

Көзге көрінбес осы әлемнің маңызын айта берсек, бітпейді. Олар денені патогендік микроорганизмдердің енуінен қорғап қана қоймай, иммундық жүйенің белсенділігін арттыруға, тағамды қорытуға көмектеседі. Осы аталғандар – олар атқаратын қызметтердің бірен-сараны ғана. Ішек микробтарының көпшілігі пайдалы болғанымен, кейбірі зиянды да болып келеді. Бірақ қолайлы микробиотаның өзі бұзылған жағдайда ашытқы инфекциясы сияқты проблемаларды тудыруы мүмкін.

Негізгі микробиомалардың ішіндегі ең көп зерттелгені – ішек. Енді соның  денсаулығымызға қалай әсер ететініне және біздің оған қаншалықты әсер ете алатынымызға тоқталайық.

Ішек микробиомасының осы суретіндегі адам нәжісінің үлгісінде E. coli-ден шамамен 50 есе ұзын үлкен бактерияны байқауға болады. Қазіргі таңда ғалымдар бұл микробтардың біздің денсаулығымызға, салмағымызға, көңіл-күйімізге тіпті мінезімізге әр тұрғыдан көрсететін ықпалын зерттеп жатыр. МИКРОГРАФ: МАРТИН ОГГЕРЛИ, NAT GEO IMAGE COLLECTION

Ішек микробиомасы дегеніміз не?

Ішек микробиомасы ішек жолдарында, сонымен қатар асқазанда өмір сүретін барлық микробиотадан құралады. Алайда көпшілігі тоқ ішектің ең ұзын бөлігінде орналасады.

Бұл кішкентай организмдер, әсіресе бактериялар денеге көмірсуларды, ақуыздар мен қанттарды пайдалы қоректік заттарға ыдыратуға және тоқ ішектегі талшықтарды өңдеуге көмектеседі.

«Біз ішіп-жейтін, бірақ қорытып сіңірмейтін кез келген нәрсе асқазан-ішек жолы арқылы дистальды ішекке барып, микробтардың көпшілігі орналасқан жерге жеткенде микробиоманың қорегіне айналады», – дейді Кливленд балалар клиникасындағы балалар гастроэнтерологиясы, гепатологиясы және тамақтануы  бөлімінің микробиома зерттеушісі Гейл Кресси.

Ішек микробиотасының денсаулыққа тигізер әсері ойлағанымыздан да күрделірек. Кей жағдайда тіпті зиян тигізуі де мүмкін. Көптеген зерттеу ішектегі белгілі бір бактериялардың шектен тыс мөлшері немесе жетіспеушілігі  қант диабетінің туындауымен тығыз байланысты екенін көрсетті; мысалы, талшыққа бай өнімдерді тұтыну микробиотаның әртүрлілігін арттырып, қандағы глюкозаны төмендетеді және адамдарға бір салмақта ұзақ уақыт тұрақтауға көмектеседі.

Алайда ішек микробиомасы теңдестірілген кезде «бактериялар ағзаға пайдалы көптеген молекулалар мен метаболиттерді шығарады», – дейді Кресси. Мысалы, «қанның ұюына ықпал ететін витамин» деп танылған К дәруменін көбінесе ішек микробтары өндіреді. Біздің денемізге тері, шаш және тырнақ жасушаларын жаңартуға көмектесетін фолий қышқылы да ішек микробиомасы арқылы түзіледі.

(Неліктен кейбір адамдар спортпен айналысқанды ұнатады? Бұған микробиомасы себеп болуы мүмкін)

Әйтсе де, әркімнің  ішек «саулығы» түсінігі әртүрлі болғандықтан, ол дененің күрделі бөлігі деп есептеледі. Майо клиникасының медицина және физиология профессоры Пурна Кашяптың айтуынша, ішектің саулығы микробиота құрамының әртүрлілігімен ерекшеленсе де, оны бағалаудың әмбебап өлшемі жоқ. Біреу үшін «қалыпты» нәрсе басқа біреуге олай көрінбеуі мүмкін.

Мұнда суреттелген сары таяқшалар – Escherichia coli – тамақтан улануға себеп болуы мүмкін. Бірақ олардың көпшілігінің негізінен зияны жоқ, ал пайдалысы көп. E.coli адамның ішегінде жүріп, К мен В12 сияқты дәрумендерді өндіру, патогенді бактерияларды жою сияқты маңызды қызметтерді атқарады. МИКРОГРАФ: МАРТИН ОГГЕРЛИ, NAT GEO IMAGE COLLECTION

Ішек-ми супермагистралі 

Ішек микробиомасының тағы бір күрделі элементі – оның «ішек-ми өсі» арқылы жүретін мимен байланысы. Бұған қатысты көптеген жаңа зерттеулер бар.

Ішек дененің жүйке жасушалары арасындағы байланысты қамтамасыз ететін серотониннің 90-95% шығарады. Ағзамыздың ұйқы, көңіл-күй және ас қорыту сияқты функцияларын реттеуге көмектеседі. Ішек микробиотасы мазасыздық пен депрессияның пайда болуында маңызды рөл атқаратын дофамин мен триптамин сияқты нейротрансмиттерлер мен химиялық заттарды өндіруге де қатысады.

«Нағыз дәріхана іспетті. Ішектерімізде дәрі шығаратын шағын зауыттар орналасқандай, – дейді Сонненбург. – Ішек микробтары шығаратын жүздеген, мүмкін мыңдаған қосылыстар бар, олар дәрі секілді қанымызға сіңеді».

Ішектің тіпті өзіндік энтеральды жүйке жүйесі бар, ол көбінесе организмнің «екінші миы» деп аталады. Оның құрамында мида кездесетін көптеген нейротрансмиттерлер бар. Олар ауруды сезінуге және иммундық жүйенің белсенділігін арттыруға көмектеседі. Сонымен қатар қоректі ас қорыту жүйесі арқылы жылжытады.

«Ол қажет болғанда мидан тәуелсіз түрде де жұмыс істей алады. Егер сенің ішегіңді толықтай кесіп алып, оны үстелге қойсам, ол бәрібір өз бетімен қозғалысқа түсетін еді» – дейді Кашяп.

«Ішек пен ми арасындағы байланысты адамдар зерттеулерден әлдеқайда бұрын байқаған болатын», – дейді Кашяп. Мәселен, кейбір адамдардың қобалжығанда немесе күйзеліске түскенінде диареяға ұшырайтынын байқадыңыз ба? Депрессия кезіндегі іш қату да осыған дәлел бола алады.

Крессидің айтуынша, зерттеулер аутизм, паркинсон және альцгеймер сияқты әртүрлі нейродегенеративті аурулардың дисбактериозбен немесе ішек микробиотасының теңгерімсіздігімен тікелей байланысын  көрсеткен.

Ішек пен ми арасындағы супермагистраль қалай жұмыс істейді? Бұл себеп пен салдар байланысының ықпалы ма, әлде жай ғана өзара байланыстылық па? Зерттеушілер мұны әлі анықтау үстінде. Жоғарыда айталғандай, біз депрессиямен немесе басқа аффективті бұзылыстармен ауыратын адамдарда іш қату жиі кездесетінін білеміз. «Алайда бұл ішек дисбактериозының кесірінен бола ма, әлде көңіл-күйдің бұзылуы салдарынан ішек дисбактериозы туындай ма? Осы сұрақтың жауабы әлі белгісіз», – дейді Кресси.

Сонненбург та осы тұжырыммен келіседі. «Біз мұны түсіну үшін әлі көп зерттеулер жасауымыз керек», – дейді ол.

Микробиоманы қалай жақсартуға болады?

Егер ішек микробиомасы біздің саулығымыз үшін айрықша маңызды болса, онда оның саламаттылығын қалай сақтаймыз? Асқазан тұмауынан немесен тым көп жеп ойған тәтті торттан кейін микробиоманың тепе-теңдігін қалай қалпына келтіре аламыз?

Сіз не жесеңіз, сол ішектегі микробиомаңызға әсер етеді. Мысалы, ағзаңыз қанты жоғары, талшығы аз тағамдарды тез сіңіреді. Мұндай тамақтан ішек микробиотасы тұтынатын қоректік зат көп қалмайды. Қорытылмайтын қант қалдығын патогенді бактериялар қорек қылуы мүмкін. Ал антибиотиктер пайдалы бактерияларды да, зиянды бактерияларды да өлтіруі мүмкін.

«Бірақ ішек микробиомасы төзімді болып келетіндіктен, адам дұрыс тамақтана бастаса немесе зиянды дәріні қабылдауды тоқтатса, салыстырмалы түрде тез қалпына келеді», – дейді Кресси.

Бұл ұзақ мерзімді дұрыс тамақтану ғана ішек микробиомасын шынымен жақсарта алатынын білдіреді. Сарапшылар дәнді дақылдарда, көкөністерде және бұршақ дақылдарында кездесетін күрделі көмірсулар сияқты талшық мөлшері жоғары тағамдарды тұтынуды ұсынады. Сондай-ақ рационыңызға кимчи, айран сияқты ашытылған тағамдарды қосу керек, себебі олардың құрамында ішектегі микробиотаның әртүрлілігін арттыруға қабілетті тірі микроорганизмдер – пробиотиктер бар. Қантты азайтып, талшықты өнімдерді көбірек жеңіз. Мысалы, шырын ішудің орнына көбірек жеміс жеуге болады.

Дегенмен пробиотик өндірісі мәселесінде әлі күнге бір тұжырым жоқ. Миллиардтаған қаражат айналатын бұл сала көп жағдайда микробиома проблемаларының әмбебап шешімі ретінде жарнамаланып жатады.  Бірақ ақиқаты әлдеқайда күрделі, өйткені ішекті пробиотик қабылдауға көндіру оңай емес.

(Пребиотиктер, пробиотиктер, постбиотиктер арасындағы айырмашылық неде?)

«Бұл жағдайда пробиотиктерді жаңа мектепке ауысқан, бірақ сыныпта ешкімді танымайтын баламен салыстыруға болады. Оны бұл топтан шығарып жіберуі мүмкін, өйткені бұл қауымдастықтағылардың бәрі бір-біріне бұрыннан үйренісіп алған», – деп түсіндіреді Кашяп.

Шынтуайтында, Кашяптың Америка гастроэнтерологиялық қауымдастығына сілтеп айтуынша, пробиотиктердің көптеген ауруды емдеуге арналған дәрі ретіндегі клиникалық сынақтары пайдалы болған жоқ. Пробиотиктер нарығы да тұтынушыны сансырататын әртүрлі және әрқилы сападағы өнімдерге толы.  Пробиотиктер АҚШ-та дәрі болып есептелмегендіктен, көбінесе АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасы қадағалай бермейді.

«Егер пребиотикалық немесе пробиотикалық қоспаларды қабылдау ойыңызда болса, ең алдымен дәрігермен кеңесіңіз. Олардың кейбіреулері иммуносупрессивті препараттар сияқты адамдарға зиянды болып шығуы мүмкін», – дейді Кресси. Егер соған қарамастан, тағамдық қоспаларды қабылдап көргіңіз келсе, Кресси ұсынған келесі онлайн-ресурстар тізімінен ақпарат іздеп көріңіз: consumerlab.com, probiotics.com, және National Institutes of Health website.

Автор: Кристина Стербенс