27Нау

Ғажайып қабықтар

Табиғат дүниесінің барлығында, тіпті ағаш қабығында да керемет сұлулық бар. Бір фотограф бұған жаңа көзқараспен қарайды.

Авторы: Энни Рот
Фото: Седрик Полле

ОКОТИЛЛО, Джошуа-Три ұлттық паркі, Калифорния
Аш аңдарды үркітетін тікенек қаптаған мына жартылай суккулентті шөл өсімдігінің қабығында өзенге ұқсайтын сары жолақ иректелген жолдарды кесіп жатыр.

Хош иісті гүлдер, түрлі түсті жапырақтар, иілген әсем шыбықтар – ағаш пен бұтаның бізді тәнті ететін тұстары. Ал қабығы ше? Одан резеңке, даршын, дәрі-дәрмек сияқты көптеген зат жасалса да, қабығына көп ешкім қызықпайды. Француз фотографы Седрик Полле жағдайды өзгертуге бел буды. Оның қабыққа қызығушылығы 1999 жылы Англияда ландшафт дизайнын зерттей жүріп, кәрі еменді көргенде басталды. «Еменнің дал-дұлы шыққан діңі менің ағаш қабығы әлеміне көзімді ашты», – дейді ол. Содан бері жер жүзін кезіп, ең жарқын үлгілерді түсіріп жүрген ол фотосуреттері көрерменнің қабықты жай шикізат не жабын емес, маңызды дүние деп қабылдауына ықпал етерінен үмітті. Сыртқы қорғаныш қабығы ылғал сақтау, температура өзгерісі мен жәндіктерден қорғау секілді көптеген қызмет атқарады. Оның ағаш пен олар өсетін экожүйелер амандығын сақтаудағы, түптеп келгенде, адамзат тіршілігіндегі маңызы аса зор.

КЕМПІРҚОСАҚТЫ ЭВКАЛИПТ. Батыс Ява, Индонезия
Аты дөп қойылған бұл ағашты Полленің сүйікті ағашы деуге болады. Ақ түстің нәзік реңктерін көрсететін гүлдерінен айырмашылығы, оның қабығы түстердің барлық спектрін қамтиды.
ЖЫЛАН ТӘРІЗДІ МАНЗАНИТА. Беркли, Калифорния
Жыл сайынғы түлеу кезінде «алтын» штатқа тән бұл бұтаның қабығы қағаз секілді шиыршықталып, өсімдіктің өсуіне мүмкіндік береді.
БОСУЕЛЛИЯ ЭЛОНГАТА. Сокотра, Йемен
Ғасырлар бойы парфюмерия мен хош иісті заттарда қолданылатын ингредиент – ладан осы ағаштың қабығын моншақ сияқты безендіретін шайырдан алынған.
ҚҰЛПЫНАЙ АҒАШЫ. Антиб, Франция
Қаланың Тюрет ботаника бағында өсетін осы бір сирек кездесетін гибрид ағаштың ескі күрең қабығы өздігінен жиырылып, астынан жаңа қабат пайда болады.