20Нау

Әз Наурыз құтты болсын!

Қадірлі оқырман, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі құтты болсын!

Халқымыз жыл басына балаған Наурыз қытымыр қыстан кейінгі табиғат-ананың оянуын, барша тіршілік иесі мен қоршаған ортаның қайта жандануын білдіреді. Бұл күннің табиғат цикліндегі маңызы аса зор екенін білетін бабаларымыз оған ежелден-ақ әз-Наурыз деп айрықша мән бергені, жаңару мен берекеге үміт етіп, тілек тілегені мәлім. Ендеше, біз де мәртебелі оқырманға жақсылық, бақыт һәм бақуатты ғұмыр тілейміз.

Сонымен бірге жақсы жаңалығымызды да бөліскіміз келеді. Сүйікті журналдарыңыз National Geographic Qazaqstan да наурыздағы нөмірін жылмен бірге жаңартып, жаңа дизайнда ұсынып отыр. Жаңаша безендіру материалдардың мазмұнына, графикалары мен фотоларына әсерлі рең беріп, тың көзқараспен оқуға септігін тигізетініне сенімдіміз.

Әдеттегідей, бұл жолғы нөмірімізде де табиғаттағы тіршіліктің, көзден таса өркениеттің беймәлім болып келген жұмбағын ашқан, таным көкжиегін кеңейтетін іргелі зерттеулер, ғылыми жаңалықтар, ғажайып фотосуреттер мен инфографикалар беріліп отыр.

Ойыңыз өрістеп, қиялыңызға қанат бітсін!

Құрметпен,

бас редактор Еркін Жақып