11Янв

Көріп жатқан түсіңізді басқару мүмкін бе?

Айқын  түс көру – адам өзінің түс көріп жатқанын білетін күй. ОСКАР БУРРИЭЛДІҢ ФОТОИЛЛЮСТРАЦИЯСЫ, ҒЫЛЫМИ ФОТО КІТАПХАНА

Айқын түс көру ұйқысыздық пен алаңдаушылықты азайтады, тіпті адамдарға қайғы-қасіреттерін жеңуге де жәрдемдеседі. Алайда бұл көпшілігімізге өздігінен келе бермейді.

Егер сіз түсіңізде кинода жүргендей сезінсеңіз, сонымен бір мезгілде фильм көріп отырғандай әсерде болсаңыз, онда сіз «тізгінделген» түс немесе айқын түс (lucid dream) көрген болуыңыз әбден мүмкін. Әйтсе де оның осылай аталатынын немесе денсаулығыңыз бен әл-ауқатыңызға қандай пайдасы бар екенін білмеуіңіз кәдік.

Қарапайым тілмен айтқанда, «тізгінделген» түс – адам өзінің түс көріп жатқанын білетін және оған белгілі бір дәрежеде бақылау жасай алатын немесе түсі екенін сезіне отырып, оның өрбуін пассивті түрде бақылай алатын күй. Түс көріп жатқан адам түсіндегі өміріне әсер ете алады, ол түсіндегі оқиғаға араласып, түсін жаңа сценариймен көруі мүмкін. Encephale медицина журналының 2023 жылғы санында жарияланған зерттеуге сәйкес, бұл әсіресе қорқынышты түстерді жиі  көретіндерге пайдалы болуы мүмкін. Зерттеулер сондай-ақ айқын түс адамның алаңдаушылығын азайтып, ұйқысыздықты жеңілдетуге көмектесетінін анықтады.

Монреал университетінің психология профессоры, When Brains Dream кітабының авторы Антонио Задра: «Айқын түс көретін кей адамдар түстерін өзгерткісі келмейді, олар түстерін зерттеп, оның өздігінен қалай өрбитінін көргісі келеді» – дейді.  «Бұл – ақыл-ойыңызды зерттеу және психикаңыздың әртүрлі бөліктерімен әрекеттесу мүмкіндігін ашу тәсілі».

Остиндегі Техас университетінің когнитив нейробиологі әрі зерттеуші профессоры Бенжамин Бэрдтің пайымынша, айқын түс көрудің көңіл көтерушілік те мәні бар. «Бұл бір виртуал шындық секілді нәрсе».

Lucid немесе айқын түс көру тарихы

Түс көруді саналы сезіну хақындағы толғамдар ғасырлар бойы қалыптасқанымен, 1913 жылы ғана нидерланд психиатры Фредерик Ван Ейден өз тәжірибесіне сүйене отырып, lucid яғни айқын түс көру терминін енгізді. 1970–1980 жылдары зерттеушілер, соның ішінде Стэнфорд психофизиологі Стивен Лаберж айқын түс REM ұйқысы кезінде орын алатын құбылыс екенін анықтады. Ол ұйықтап жатқандардан айқын түс көре бастағанда көздерін белгілі бір жолмен қозғалтуын сұрау арқылы дәлелденді.

Тибет буддизмін ұстанушылар түс көру йогасы деп аталатын тәжірибе арқылы адамдардың айқын түс көруді үйрене алатынына бұрыннан сенген.

Тибеттік буддизм ғалымы әрі Шарлоттсвиллдегі Вирджиния университетінің Пайымдау ғылымдары орталығының зерттеу директоры Майкл Шихи: «Түс көру йогасы дегеніміз – айқын түс көру. Айырмашылығы, түс көру йогасында сіз түс көріп жатқанда арнайы ойлану әдістерін қолданасыз. Ұйықтап жатқанда не істеп жатқаныңызды біліп жатасыз және әдетте ояу кезде істей алмайтын нәрселерді істейсіз», – дейді.

Бұл арнайы әрекеттер арқылы түсіңізге ерекше нысандарды енгізіп, тұрған жеріңізді немесе төңірегіңізді өзгерту не болмаса бір затты басқа нәрсеге айналдыруға болады деп түсіндіреді ол.

Түс көргеннен кейін «өзіңіздің ойыңыз бен ойлау тәсіліңізді қаншалықты оңай өзгертуге болатынын немесе өз жағдайыңызды қалай қабылдайтыныңызды түсіне отырып, когнитив икемділікті сезуіңіз мүмкін. Сіз жаңа мүмкіндіктерді, перспективаларды жағдаяттық нәтижелерді көре аласыз», – дейді Шихи.

Айқын түстің артықшылықтары

Иллинойс штатының Эванстон қаласындағы Солтүстік-Батыс университетінің нейробиологі Кен Паллердің айтуынша, айқын түстердің нейробиологиялық негіздері әлі терең зерттелмеген. Бірақ бастапқы зерттеулер ойлау мен проблемаларды шешу, сондай-ақ эмоциялар сияқты атқарушы функцияны реттейтін мидың префронтал қыртысы мен сенсорлық ақпарат пен зейінді өңдеп, біріктіруде маңызды рөл атқаратын париетал қыртысында белсенділіктің артқанын көрсетеді.

Мидағы электрлік белсенділікті өлшейтін электроэнцефалограммаларды (ЭЭГ) пайдалана отырып, зерттеушілер айқын түс көру ояу әрі жылдам (REM) ұйқы күйіне де тән ми белсенділігінің аспектілерімен бірге «сананың ұйқылы ояу (гибридті) күйін көрсететінін» байыптады.

Анық түс көрудің ықтимал артықшылықтарына келетін болсақ, Бэрд олардың ғылымидан жеке және терапевтікке дейін болатынын айтады.

«Дәстүрлі түрде түс көруді зерттеу өте қиын болды – сіз түс туралы хабарларды мидағы физиологиялық оқиғалармен байланыстыруға тырысасыз», – дейді Бэрд. REM ұйқысы кезінде көздің қозғалысы мен айқын түс көру үшін әзірленген әдістер арқылы зерттеушілер айқын түс көрудің басталуы мен аяқталуын нақтылай алады, «субъективті және ми физиологиясы туралы есептерді дәл үйлестіруге мүмкіндік беретін бұл нәрсе бұрын мүмкін емес еді», – деп түсіндіреді ол.

Жеке алғанда айқын түс көру шығармашылықты арттыруы және өздері туралы беймәлім нәрселерді білуге көмектесуі арқылы адамдардың жан саулығына ықпал етуі мүмкін. «Олар дағдыларды игеріп, мәселелерге жауап тауып, рухани өзгерісті бастан кеше алады», – дейді Паллере.

Кристофер Мазурек орта мектепте оқып жүргенде айқын түс көру жайында естіп, оны бір жарым жыл бойы оқыған кітабына сүйене отырып жасауға тырысты. Ол 2018 жылы Солтүстік-Батыс колледжінің студенті ретінде Паллердің зертханасында ерікті болып жүрген кезінде алғаш рет түсін тізгіндей алды. Зертханада мақсатты жадты қайта жандандыру әдісі қолданылады, онда адам ұйықтап жатқанда айқын түс көру үшін белгілі бір дыбыстарды пайдаланады.

Бұл әдістерді қолданған соң Мазуректің айқын түсі емдік сипатқа ие болды: ол түсінде жақында дүниеден озған ата-әжесімен сөйлесе алды. «Керемет нәрсе, қайғымды жеңуге көмектесті, – дейді қазір Солтүстік-Батыс университетінің ғылыми қызметкері болып істейтін Мазурек. – Бұл өте қызықты әрі пайдалы тәжірбие болды».

Айқын түс адамдарға өз дағдыларын қолдануға мүмкіндік береді. Зерттеулер айқын түстерде моториканы жаттықтыруды спорттағы немесе шынайы өмірдегі ойындардың нәтижесін жақсартатын ақыл-ой жаттығуларының бір түрі екенін анықтады.

Сонымен қатар айқын түстер терапевтік деңгейде ұйқысыздық пен түнгі қорқынышты еңсеруге көмектесетіні анықталды. Қорқынышты, жайсыз түстерді жиі көретін жандар айқын түс көруді үйренсе, оның түс екенін, бастан кешіп жатқан оқиғаның шындыққа жанаспайтынын аңғарып, түсінің нәтижесін өзгерте алады. Бұл оларға белгілі бір шешімге немесе емдеуге қол жеткізуге көмектесетін мықты трансформациялық тәжірибе болуы мүмкін», – деп түсіндіреді Бэрд.

Айқын түс көруге машықтану

Сіз табиғи түрде айқын түс көрмейтін  (көп адам көрмейді) болсаңыз, оны әртүрлі әдістер арқылы үйрене аласыз, әрине, кемшіліктер де болуы мүмкін.

Sleep Advances журналында жарияланған зерттеуде зерттеушілер айқын түстер жайындағы пікірталас форумындағы 400 жазбаны талдап, оң әсерлерімен қатар жағымсыз тұстарын да тапты. Жақсы жағы – көптеген адам ұйқысы жақсарғанын, жақсы көңіл күйде оянатынын әрі жайсыз түстердің азайғанын айтты.

Жағымсыз тұсы – адамдар өздерін сал секілді сезінгенін, айғайлай немесе қозғала алмайтынын, я болмаса өңі әлде түсі екенін ажырата алмай жататынын, ұйқы сергектік сыйламайтынын мәлімдеді.

Монреал университетінің ұйқы медицинасының озық зерттеулер орталығының когнитив нейробиологі Ремингтон Маллетт: «кей адамдар түстерін тізгіндеуді қажет етпейді де, олар жай ғана ұйықтағысы келеді», –- дейді.

Сарапшылардың айтуынша, анық түс көруге бел бусаңыз, оның басты шарты – түсіңізді жақсылап есте сақтау. «Түстерді жазып алатын күнделік бастасаңыз, түстеріңізді жақсы есте сақтай бастайсыз», – дейді Маллетт.

Айқын түс көру үшін қолданылатын әдістер әртүрлі дәрежеде көмектеседі, бәріне бірдей тиімді деп айту қиын. «Бұл үйренуге болатын дағды, алайда адамдар  оны әлдеқайда жеңіл етіп көрсеткісі келеді», – дейді Задра.

Әбден дәлелденген техникалар қатарына күні бойы немесе ұйықтап жатқанда орындалатын когнитив әдістер жатады.

Шындықты тестілеу техникасының көмегімен сіз күні бойы белгілі бір уақыт аралығында бір сәт тоқтап, өзіңізден бұл түсім бе, әлде өңім бе деп сұрайсыз, содан кейін әдеттегі әрекетіңізге көшесіз, деп түсіндіреді Задра. Биыл жарияланған зерттеулерге сай, бұл «шындықты тексеру» сайып келгенде «өң мен түс шындығын ажыратуға сеп болатын түстің бір бөлігі болуы мүмкін. Бұл өз кезегінде айқын түстерді көрсетеді».

Айқын түс көрудің мнемоникалық индукциясы деп аталатын техникасына күні бойы түс көру жаттығуы мен саналы күйді елестету кіреді, әрі өзіне: «келесі жолы түс көргенде ұйықтап жатқанымды білемін» деп айту керек.

«Ояну-төсекке оралу» техникасының көмегімен адам шамамен алты сағаттық ұйқыдан кейін оятқыш қояды, шамамен 30 минут ояу болады, содан кейін айқын түс көру ниетімен қайтадан төсекке оралады. Сезімдерден туындаған айқын түс көру әдісі (Senses Initiated Lucid Dream) деп аталатын тағы бір әдіс шамамен бес сағаттық ұйқыдан кейін оянып, қайта ұйықтамас бұрын бір нәрсе қарау, қимыл жасау, тыңдау арқылы көру, есту және физикалық сезімдерді белсендіру қажет болады.

2023 жылы жүргізілген зерттеу осы үш әдістің ішіндегі ең тиімдісі күні бойы түсті қайталау екенін көрсетті.

Сынақ пен қателік арқылы қайсысы сізге сәйкес келетінін көре аласыз. Немесе: «сіз олардың бәрін бірге қолдана аласыз», – дейді Бөрд, «себебі олар бірге жұмыс істей алады».

Жиілігіне қарамастан, айқын түстер адамдарға «өз түстерінің мазмұнынын бақылап басқаруға» көмектеседі, – дейді Маллетт. Бұл пайдалы, «түстердің әсері өңімізге айналуы мүмкін» деп тұжырымдайды ол.

Автор: Стейси Колино