12Янв

Әлемнің ең көне ер-тоқымы

Археологтер қауымын Қытайдан табылған салт атты әйелдің қабіріндегі былғары ер-тоқымның көнелігі де, иесі кім болғандығы да таңғалдырып отыр.

Мыңдаған жыл бұрын көмілген Яңхайдан табылған тоқым былғарыдан жасалған, ішіне сабан мен жүн толтырылған. Сапалы болса да оны жергілікті малшылар қолданған, яғни қымбат болмаған. ПАТРИК УЕРТМАНН

Осыдан 2700 жыл бұрын Қытайдың солтүстік-батысындағы қуаң аймақтарда тұрған малшы әйел аң терісінен тігілген шапан, жүн шалбар және былғары етігімен бірге жерленген. Нағыз шабандоздай киінген әйел жатқан көрден былғары ер де табылды.

Тұрпан маңындағы Яңхай зиратынан табылған б.д.д. 700–400 жылғы әзірге ең көне саналатын бұл ер тарихта мұндай құралды кім, қандай мақсатта пайдаланғаны жөніндегі сеніп келген болжамдарымызға жаңаша қарауға мүмкіндік беріп отыр.

«Азиядағы археология зерттеулері» журналында жарияланған зерттеудің жетекші авторы, Цюрих университетіндегі Патрик Уертманның айтуынша, бұл бір «тосынсый болды». Органикалық компоненттері ыдырап кететіндіктен, ер-тоқым сирек табылады. Басқа ат әбзелі, мысалы, жүген, ауыздық жиі кездеседі, бірақ олар ер-тоқым пайдаланылғанының нақты белгісі бола алмайды.

Яңхай зиратындағы қабірден ер-тоқымы және атқа мінуге арналған киімімен бірге табылған қаңқа шамамен 2700 жыл бұрын өмір сүрген малшы әйелдікі болса керек. PATRICK WERTMANN

Алғашқы ер

Яңхайдағы бұл жаңалықтан бұрын ең көне ер-тоқым Қазақстан мен Ресейдің Алтай аймағында, Яңхай мен Тұрпанның солтүстігіндегі Пазырық мәдениетіне тиесілі еді. Ол жәдігерлер б.д.д. V ғасырға тиесілі деп топшыласақ та, Уертман Пазырық мәдениетінде ер-тоқым одан бірнеше ғасыр бұрын пайда болған деп санайды.

«Атқа міну Қытайдың солтүстік-батысына Пазырық өңірінен келген болса керек, ер-тоқым да сол жолмен келген болуы мүмкін», – деді ол. Алайда ертерек үлгілер табылмайынша (не б.д.д. V ғасырдан деп саналатын жәдігерлер жайлы жаңа дерек анықталмайынша), Яңхай ер-тоқымы әзірге әлемдегі ең көне болып санала береді.

Ер-тоқым Қытайдың солтүстік-батысындағы қуаң аймақта, Шыңжаңның Тұрпан ауданында орналасқан темір дәуіріне тиесілі Яңхай зиратындағы қабірден табылған. Яңхайлар қой-ешкі жайғанға жылқыны пайдаланатын отырықшы халық болған.

Ыңғайлы ер-тұрман

Аймақтың құрғақ климатының арқасында сақталған Яңхай ер-тоқымы атқа мінудің алғашқы технологиясы мен оны жасаған қоғам жайлы мол түсінік береді. Оның ортасы (оқпаны) бос қалдырылып, сабан, марал және түйе жүні толтырылған қанат тәрізді екі жағы сыртқы жиегімен бірге тігілген. Осылайша, ат омыртқасына түсетін салмақты жеңілдеткен.

(Салт атты қазақ бүркітшісінің ғажап фотосына қараңыз)

Мұндай дизайнның пайда болуы «салт аттының жайлы отырысы мен қауіпсіздігіне, жылқының денсаулығына деген қамқорлық артқанына меңзейді», – деді Уертман. Ердің отыруға жайлы бола түскенінің арқасында алыс жерлермен байланыс орнатыла бастады. Уертманның зерттеуінде: «Сақ дегдарларының қорымдарынан табылған «жастау» олжаларға қарағанда, бұл көне ер арзанырақ материалдан жасалған және оны қарапайым әйел пайдаланған, – деп атап өтеді. – Дегенмен бұл ершінің шеберлігін төмендетпейді».

Адам баласы қашан атқа мініп, қай кезде ер-тұрманды пайдалана бастағанын кесіп айту қиын. Бір зерттеу атқа міну қазіргі Румынияда, Болгарияда және Мажарстанда б.д.д. 3000 жылы бастау алды дейді. Ер-тоқым пайда болғанға дейін адам атқа я жайдақ, я көпшік салып мінген.

Яңхай ер-тоқымы ерді тек әскери мақсатта ер азаматтар пайдаланған деген болжамдарды да жоққа шығарып отыр. «Әйел қабірінен ер-тоқымның табылуы салт атты малшылардың мал бағу, сапарлау сияқты күнделікті тұрмысына әйелдер де араласқанын айғақтайды», – деді Уертман.

АТ ПЕН ӨНЕР

HERITAGE IMAGES/GETTY

Аттар мен шабандоздар – ежелгі Қытай өнерінде көп кездесетін сюжеттер. Ең көне екі сюжет – б.д.д. 1191-1148 жылғы қола аттар; олардың үстіне ер-тоқым емес, жай көпшік салынған. Ал б.д.д. 770-256 жылдардағы қола айнада Яңхайдан табылған тоқымға ұқсас ер-тоқымы бар салт атты біреу бейнеленген. Цинь әулетінің (б.д.д. 246-208) атақты аттарының ер-тоқымдары сақтарша сәнделген. Ең әйгілі әрі ең түрлі-түсті мүсіндер Таң әулеті кезіндегі (б.д. 618-907) мүсіндер болуы керек. Осы уақытқа дейін мұнда көрсетілгендей ер-тұрман мен үзеңгі жиі бейнелене бастайды.

Автор: БРЕЙДЕН ФИЛЛИПС