Ғылымның отбасылық өмірді кешірек бастауға мүмкіндік бергеніне талай жыл болды.
Енді туу көрсеткішін арттырудың ұтымды тәсілдері пайда болуы ықтимал.
Эбони Камилла Чиллис 48 жасқа толардан екі апта бұрын перзентханаға жатып, тұңғыш сәбиін дүниеге әкелуге дайындалды.
Чиллис ана болғысы келетін. 20-30 жасында отбасылық бақытты елестететін. «Бірақ ондай бақыт бұйырмады». Пандемия кезінде әбден ойланып, бала тууды жоспарлады. Жасы қырықтан асқан оның сынама нәтижесі аналық жасушасының зиготаға айналу ықтималдығы 1%-ға жетпейтінін көрсетті. Сосын ол аналық жасуша донорын іздеді. Лайық донор табылған соң, ұрықты жатырына көшіруге әзірленді. Оған дейін екі апта бойы және алғашқы триместрде де күн сайын прогестерон гармонын ектіріп отырды.
Өткен қаңтарда Чиллистің қызы дүниеге келді. Мейірбике нәрестені анасының кеудесіне жатқызды. Сәби қомағайлана емуге кіріскенде, бұрынғы қорқыныш бұлты сейілді. «Бәрі жақсы болады» деп ойлады.
Чиллистің оқиғасы – ондаған жылдан бергі өзгерістің бір мысалы. Уақыт өткен сайын ата-ана болуды кейінге қалдырып жатқан адам қарасы көбеюде. АҚШ-та 1970 жылы тұңғыш сәбиін босанған әйелдердің орташа жасы 21,4 болса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 27,3 жасты құраған. Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (CDC) деректеріне сай, 1985-2022 жылдары 40-44 жас аралығындағы әйелдердің туу көрсеткіші тұрақты өсіп, мың әйелге шаққанда 4-тен 12,5-ке дейін ұлғайған. 2022 жылы 45 жастан асқан әйелдердің туу көрсеткіші әлі де төмен қалпында, мың әйелге шаққанда 1,1-ден келеді. Бірақ былтырғымен салыстырғанда 12%-ға артқан. Әр елдегі көрсеткіш өзгеше болғанымен, әлемнің көп бөлігінде осындай үрдіс байқалады.
Әйелдер бұрын да егде шағында босанатын. Мысалы, АҚШ-та 1940 жылы 40-44 жастағы әйелдердің, тіпті 45-тен асқандардың туу көрсеткіші 2022 жылғыдан сәл жоғары еді. Алайда ол кездері әйел әдетте 3-ші, 4-ші не 5-ші баласын дүниеге әкелетін.
Бүгінде адамдар кешірек үйленеді, кейде тіпті тұрмыс құрмайды. Бұл таныс жағдай: жүктілікке қарсы дәрі-дәрмекке қолы жететіндер бала өсіру жауапкершілігін мойнына жүктемес бұрын, білім мен мансапқа басымдық береді. Бұл орайда әйелдер мүмкіндігінің кеңейіп, гендерлік рөлдің артуы да маңызға ие. Ал экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) секілді көмекші репродукция технологияларының дамуы бала көтеруі қиын адамдарға мүмкіндік сыйлап отыр. Нәтижесінде, әлемде кемінде 12 млн бала ЭКҰ арқылы дүниеге келіп, адамзат репродукциясын түбегейлі өзгертті. Қазір ғалымдар зерттеудің жаңа бағыттарын қарастырып, одан әрі дамытуға кірісіп кеткен.
ЭКҰ арқылы бойға біткен алғашқы сәби 1978 жылы 25 шілдеде Англиядағы Олдхэмде дүниеге келді. Аналық жасуша мен ұрықты Петри тостағанында ұрықтандырып, пайда болған эмбрион әйел жатырына салынды. Алғашқыда бұл әдісті жатыр түтіктері бітеліп қалғанда қолданған, кейін жүктіліктің басқа мәселелеріне де пайдалана бастады. Осындай тәсіл арқылы өмірге келген балалар қоғам мен БАҚ қызығушылығы мен алаңдаушылығын қатар тудырды. Репродукцияға бұлай араласуға қатысты туабітті кемістік қаупінен бастап, діннің көзқарасына дейінгі түрлі пікірлер айтылды. Бірақ мұндай үдеріс жаппай қабылданып, қалыпты жағдайға айналуы үшін көп уақыт кеткен жоқ.
Кейде пациенттің аналық жасушасы жасына не басқа себеппен жарамсыз болатындықтан медицинаның басы-қасында жүргендер аналық жасуша донорлығын зерттеуге кірісті. Осындай жолмен туған алғашқы сәби 1984 жылы дүниеге келді. Los Angeles Times газетінің 3 ақпандағы басты бетінде «Донордың баласын көтерген әйел» деген мақала жарияланды. Оқырмандар сәбидің анасы кім екенін түсінбей дал болды. Ал 1992 жылы наурызда жас әйелдің аналық жасушасын пайдаланған 52 жастағы кантри-әнші Джони Мосби Митчелл босанды. Сол кезде әнші ЭКҰ арқылы бала тапқан АҚШ-тағы ең егде ана атанды.
Таяуда сөйлескенімде ол аналық жасуша донорлығын алғаш жүзеге асырған, Оңтүстік Калифорния университетінің сол кездегі дәрігері Марк Зауер туралы газеттен оқығанын еске түсірді. Митчел сөйтіп Зауердің көмегімен Морган есімді балалы болды. Бұл оқиғаны бүкіл баспасөз жарыса жазды.
Донордың аналық жасушасымен жүкті болу оқиғалары жатыр жұмысына, тіпті, меноүзілістен кейін де жастың қатысы шамалы екенін дәлелдеді. Басты мәселе – денедегі басқа жасушаларға қарағанда әлдеқайда тез қартаятын аналық без. Аналық без қоры аналық жасуша саны мен сапасына жауапты. Уақыт өте ол күрт азаяды. ДНҚ сапасы бұзылып, хромосомалық мәселелер жинақталып, жүктілікті қиындатады, түсік тастау ықтималдығын арттырады.
Зауер ЭКҰ-ға қатысты бастапқы зерттеулерін танымал медициналық журналдарда бірлескен авторлықпен жариялады. Lancet журналында шыққан «50 жастан кейінгі жүктілік» атты зерттеуінен соң БАҚ назарына ілігіп, оған әлемнің түкпір-түкпірінен пациенттер ағылды.
Аналық бездің салыстырмалы түрде тез қартаюы – көптен бергі құпия. Бірнеше теория бар: «Меноүзілістің қандай да бір эволюциялық артықшылығы болуы мүмкін деген әңгіме айтылады», – дейді Аделайда университетінің (Аустралия) биомедицина профессоры, әйелдердің репродуктивті биологиясын зерттейтін Ребекке Робкер. Келесі теория мынадай: медицина өмір сүру жасын ұлғайтқанға дейін көп адам 40-тан кейін қайтыс болатын. Олай болса, неге басқа дене мүшелері ұзақ сақталып, шәует түзілуі бұзылмады?
Аналық жасуша донорлығы мен жұмыртқаны қатырудың кең таралған тәсілі егде тартқан әйелдерге өзінің не басқа біреудің жастау аналық жасушасын қолдануға мүмкіндік берді. Бірақ алда-жалда ғалымдар биологиялық сағатты бәсеңдетудің не кері айналдырудың, осылайша әйелдердің жүктілік қабілетін ұзартып, аналық бездің тозуынан туындайтын теріс әсерлерді азайтудың жолын тапса не болмақ?
Кейінгі жылдары көптеген зерттеуші осы сұрақтың жауабын білмекке талпынды. Маңызды жаңалықтың бірін 2016 жылы репродукция ғылымының профессоры Францеска Дункан Оңтүстік-батыс университетіндегі әріптестерімен бірге анықтады. Олар аналық без уақыт өте қатайып, «талшықтана» түсетінін аңғарыпты. «Аналық без – өте құбылмалы», – дейді Дункан. Фолликуланың өсуі, овуляция кезінде аналық жасуша шыққанда фолликуланың жарылуы, шықпай қалған ооциттердің өлуі және қайта сіңірілуі секілді көп себеп бар. Мұның бәрі тіндер үнемі қалпына келетінін білдіреді. Бұл фиброз, яғни тыртық қалдырады. Дункан мен басқа ғалымдар, арасында Робкер де бар, аналық безді «жұмсартатын», жүктілік қабілетті ұзартатын ықтимал ем-шараларды зерттейді. Science Advances журналында 2022 жылы Робкердің тең авторлығымен шыққан мақалада антифиброзды дәрілер 15 айлық тышқанның овуляциясын ұзартқаны айтылған. Бұл 50 жастағы адаммен тең.
Массачусетс жалпы ауруханасының репродукция биологі Дэвид Пепин аналық бездегі фолликуладан бөлінетін беймәлім, бірақ маңызға ие антимюллерлік гармонды (AMH) зерттеп жатыр. Оның пайымдауынша, AMH-ті модулдеу жүктілік қызметін қосуға не өшіруге көмектеседі. Пепин AMH-ның синтетикалық нұсқасын жасап шығып, оны жануарларға сынап көрді. AMH жоғары деңгейге жеткенде фолликулдардың өсу белсенділігіне тосқауыл қоятынын анықтады. Ол жеткілікті дозада гармон берілсе, онда «белсенді фолликулдар азаяды да, қалғаны өсіп-жетілуге шамасы жетпейтінін» айтады. Нәтижесінде, AMH жүктілікке қарсы дәрі ретінде қолданылады. Емдеу аяқталғанда, жүктілік қабілет қайта оралады, тіпті күшейе түсуі мүмкін. Фолликулдар қайта өседі. Ем кезінде олар жиналып қалғандықтан, әдеттегіден көп мөлшерде бөлінеді. Аналық жасушасы жетіспейтін әйел осындай кезде ЭКҰ жасатса, жүкті атану ықтималдығы күрт артады. AMH арқылы емдеу аналық бездің үздіксіз белсенділігін тоқтатып, оның тозуын бәсеңдетуі ықтимал.
Бірақ ғалымдар жүктілік қабілетін не аналық бездің саулығын ешқандай амал айтарлықтай ұзартпайтына бір ауыздан келіседі.
Эбони Камилл Чиллис күнде ертеңгісін сәбиін құшақтап, қызы болғаны үшін оған алғыс айтады. Армандаған жолмен ана атанбаса да: «Бойымды бұрын-соңды бастан өткермеген тұтастық пен бақыт сезімі билейді», – дейді осы күніне риза Чиллис. Ал оншақты жыл табиғи жолмен бала көтере алмай, донордың аналық жасушасы мен күйеуінің ұрығын пайдаланып 50 жасында босанған Сюзи Трокслер: «Ғажайып», – дейді.
Дегенмен кей зерттеуші мен дәрігер ата-ана болуды кейінге қалдыруға сақтықпен қарайды. Үлкен тәуекелдің бірі – қуаныш әрдайым нәсіп болмайтыны. CDC деректері 2020 жылы ЭКҰ арқылы жүкті болып, тірі сәби туғандар 37%-ды құрағанын көрсетті. 40 жастан асқан ЭКҰ қолданушылар арасында бұл көрсеткіш едәуір төмен. Сәтті оқиғалар адамға балалы болуды кейінге қалдыруға болады деген сенімділік ұялатуы мүмкін. Жас ұлғаюы ерлердің ұрпақ сүю қабілетіне де әсер етеді. «Еркектердің ұрық сапасы 40-тан асқан соң едәуір төмендейді», – дейді Пепин. Ондай ұрық әйелді жүкті еткенімен, ДНҚ-ның зақымдануы бала денсаулығына теріс әсер етуі мүмкін.
IVG мен жасанды құрсақ бірнеше, бәлкім, ондаған жылдан кейін жүзеге асар. Бірақ мұндай технологиялар дамыған сайын медициналық һәм этикалық дилемма да туындайды. Көптеген тәуекел бары да анық.
Қазақстан: туу саны артып келеді
Әлем бойынша туудың жиынтық коэффициенті әр әйелге 1999 жылғы 2,7-ден 2021 жылы 2,3-ке төмендесе, Қазақстанда бұл көрсеткіш, керісінше, тұрақты өсіп келеді. Ана болу жасының ұзаруы секілді АҚШ-қа тән кейбір құбылыс бізде де бар екеніне қарамастан, көпбалалы болу үрдісі әлі де сақталып отыр.
Қазақстан халқының саны Ұлттық статистика бюросының 2023 жылғы 14 қарашадағы мәліметі бойынша 20 млн-ға жетті. Бұл – мемлекет те, жалпы халық та көптен күткен ақжолтай жаңалық. Өйткені жер көлемі бойынша әлемде 9-шы орында тұрған Қазақстан үшін тәуелсіздігін жариялаған 1991 жылғы 16 млн төңірегіндегі меже әлбетте аз еді. Оның үстіне, 1999 жылғы санақтың қорытындысы ел халқының саны 15 млн-ға төмендегенін көрсеткен болатын.
Біз журналымыздың осы санындағы іргелі зерттеу тақырыбы ана болу, аналардың репродуктивті жасын ұзарту мәселелеріне арналғандықтан, негізгі мақалаға орай еліміздегі әйелдердің ана болу жасына қатысты көрнекі деректерді ұсынғанды жөн көрдік.
Әлемдік жалпы үрдіске сай, Қазақстанда да өткен ғасырдағымен салыстырғанда қазір әйелдердің туу жасының орташа межесі ұзарып келе жатыр. Мәселен, 1999 жылы туған барлық әйелдің орташа жасы 26,5 болса, 2022 жылы ол 29,5-ке дейін артқан. ХХ ғасыр соңында ең жоғары туу көрсеткіші 20-24 жас аралығындағы аналарға тиесілі болса, 2022 жылы 25-29 жас аралығындағы аналар ең жоғары үлеске ие болды. Одан бөлек, алғашқы баласын дүниеге әкелген аналардың орташа жасының 2018 жылғы 25,2 жастан былтыр 26,5-ке көтерілгені де қазақстандық әйелдер де бала тууды кешеуілдетіп жатқанын көрсетеді.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, Қазақстанда бала туудың жалпы коэффициенті 1999 жылғы мың әйелге шаққанда 54-тен өткен жылы 88-ге дейін тұрақты өскен. Осы жылдар ішінде ең көп бала туу 2020 және 2021 жылдары байқалды. Аталған жылдары туу көрсеткіші сәйкесінше 94 және 98 болды. Ал туу деңгейінің өскенін дәл көрсететін туудың жиынтық коэфициенті 1999 жылы әр әйелге 1,8 баладан келсе, 2022 жылы 3 баладан келді.
Әлемнің басқа елдерінде, мәселен, АҚШ-та 30-34 және 40-44 жастағы аналардың көпбалалы болуы сиреп, бірінші баласын дүниеге әкелуі жиілеп жатса, Қазақстанда керісінше үрдіс байқалады. 1999 жылдан бері аталған жас санатындағы әйелдердің тұңғыш баласын туу үлесі азайып, төртінші, бесінші және одан кейінгі сәбилерін тууы, әсіресе 2016 жылдан бастап тұрақты түрде өскенін аңғаруға болады. Сонымен қатар, көпбалалы болу үрдісі тіпті 20-24 жастағы әйелдердің төртінші баласын тууы 1999 жылғы 0,9 пайыздан 2022 жылы 2,2 есеге артқанынан да көрінеді.
Осы үрдістің – көпбалалы болуға ұмтылыстың – басты себептерінің бірі ретінде Экономикалық зерттеулер институтының жетекші сарапшысы, демограф Шынар Пазылбекқызы мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктер мен жәрдемақы мөлшерінің артуын көрсетеді. «Пандемия кезінде кейбір елдерде туу деңгейі азайса, бізде керісінше, туу көрсеткіштері рекордтық межеге жетті. Мұны көптеген сарапшы індет кезіндегі оқшауланумен байланыстырады. Бірақ екінші себеп ретінде сол кезбен тұспа-тұс келген, 2020 жылдың қаңтарынан бері жүзеге асып жатқан көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақыны да айтуға болады. Әртүрлі жас санатындағы аналардың төртінші және одан кейінгі балаларын туу көрсеткішінің күрт көбеюі осы болжамымызды дәлелдей түсетіндей. Әрине, көпбалалы болуға деген ұмтылыстың дәл себебін сол жылдары туған әйелдерден сауалнама алу арқылы ғана біле аламыз», – дейді ол.
Қазақстанда ЭКҰ арқылы, яғни экстракорпоралды ұрықтандыру арқылы тұңғыш сәби 1996 жылы 31 шілдеде дүниеге келген. Содан бері елімізде 32 000-нан астам бала жарық дүние есігін ашқан.
Ал мемлекет тарапынан «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасы іске қосылғалы, яғни 2021 жылдың 1 қаңтарынан бері 20 мыңнан астам пациентке экстракорпоралды ұрықтандыру бағдарламасы жүргізілген.
Екі жылда бағдарлама аясында 8 мыңнан астам әйел жүктілігі жөніндегі есепке тұрып, 4500 отбасында аңсап күткен 5000-нан аса бала дүниеге келді.
Мақаланың толық нұсқасын журналдан оқи аласыз.