21Ақп

Ет жейтін өсімдіктер

Бұл жыртқыш өсімдіктер ерекше жолмен дамып, күйдірмейтін спрейлерден су сіңірмейтін заттарға дейінгі инновацияларға жол ашты. Құмыра өсімдіктерінің тағы қандай жасырған жұмбағы бар?

Құмыра пішіндес мына тропикалық гүлдің тайғанақ өскіндері азықты дәл ауызына салып береді. Жыртқыш өсімдік тұзағына түскен ұсақ жәндіктермен қоректенеді.
ФОТОГРАФИЯ:  ЭЛЕН ШМИТЦ, NAT GEO суреттер қоры

Етқоректі жыртқыш өсімдік адамзаттың қиялына шарықтатып, «Аддамстар әулеті», «Қорқыныш дүкені» сынды әйгілі классикалық фильмдерде етқұмар құбыжық кейпінде көрсетіледі.

Олар шынайы өмірде соншалық қанқұйлы болмаса да, тартымдылығы жағынан кем түспейді.

«Біз әдетте өсімдіктер азық-түлік тізбегінің ең төменгі сатысында тұрады деп ойлаймыз», – дейді Франциядағы ғылыми зерттеулер Ұлттық орталығының ғалымы Лоранс Гоум. Дегенмен азығын құрығына алдап түсіру мен ас қорыту қабілетіне ие жыртқыш өсімдіктер «қыбырлаған жәндік атаулыны тамақ қылуымен табиғат заңын төңкеріп жіберді».

Құмыра пішінділер – осындай алуантүрлі жыртқыш өсімдіктердің ең үлкен тобы. Басқа етқоректі туыстарынан – шыбынжегі, шықшөп пен дүңгіршектерден – құрған тұзағына қарап ажырату оңай. Олардың бір мезгілде қусырылатын жапырақтары іші сұйыққа толы қуыс жасайды. Ал ондағы сұйық ұсақ тіршілік иелерін, негізінен жәндіктерді қорытуға көмектеседі.

Етпен қоректену эволюциясы

Саррацения тұқымдас 800 өсімдікті баптаған Калифорниядағы Сьерра колледжінің  астробиолог әрі ботанигі Барри Райстың айтуынша, мұндай күрделі жапырақ түзу үшін құмыра-өсімдіктер «зат алмасуға өте көп қор» жұмсайды. Дегенмен осының арқасында олар тіршілікке қолайсыз аймақтарда – жаңбырдан көз ашпайтын тау шыңдары, батпақ немесе минералды шөгіндіге толы құмдауыт жерлерде өсе береді. Пайдалы нәрі аз мұндай ортада жәндіктерді жеу арқылы өсімдік өзіне керек азотты сіңіреді.

Фото: ЭЛЕН ШМИТЦ, NAT GEO Суреттер қоры

Жәндіктер сары құмыра-өсімдіктің күләпарасындағы шырынға келеді. Зерттеулер көрсеткендей, гүл жұпары аңқыған құмыраларға ара мен көбелек, ал май қышқылы иісін шығаратындарына шыбын мен құмырсқа үйір

Райстың айтуынша, етқоректілік тиімді стратегия екені соншалық, ол туыспайтын өсімдіктер арасында да бір-біріне тәуелсіз түрде дамыған. «Бұл – конвергентті эволюцияның жарқын мысалы», – дейді ол.

Ажал қақпаны

Барлық етқоректі өсімдік «азық аулаудың өзара ұқсас, гравитацияға негізделген механизмін қолданады», – дейді Австралиядағы Виктория корольдік ботаникалық бағының ғылыми қызметкері Аластер Робинсон.

Біріншіден, жәндікті өзіне қызықтыру қажет. Бұл үшін олар тәтті шырын бөледі не жарқын түстерімен арбайды. Гоум мен оның әріптестері 2023 жылы жарық көрген мақалада кейбір өсімдіктер өзі шығаратын жұпарды түрлердіру арқылы түрлі жәндіктерді тартатынын жазды. Олар гүл жұпарын шығаратын құмыра-өсімдіктер аралар мен көбелектерді көбірек ұстайтынын, ал майлы қышқыл иісін бөлетіндеріне шыбын мен құмырсқалар көп тұтылатынын байқады.

Азулы құмыра (Nepenthes biclacarata) мен ұста-құмырсқа (Camponotes schmitzi) арасында өзара тиімді қарым-қатынас орнаған: өсімдік шамамен 30 шақты құмырсқаға баспана болады, ал олар өсімдік ішіндегі сұйықтыққа түскен, шіри бастаған ірі жәндіктерді жойып, тазалығын қамтамасыз етеді,
ФОТО: КРИСТИАН ЗИГЛЕР

Құмыраның ернеуіне тап болған жәндікке кері қайту жоқ. Құмыраның ернеуі тайғақ екені баршаға мәлім. Өсімдіктердің қозғалыс механизмін зерттеп жүрген Англиядағы Эксетер университетінің зерттеуші ғалымы Ульрик Бауэрдың айтуынша, көпшілігінің құрамы «тефлонды тақтайдың жылтыр беті» сияқты бірнеше қабат балауыз кристалынан тұрады. Ал енді бірі жәндікті автомобильдің сулы асфальтта сырғанағанындай, құмыраның ішіне тура түсіретін тайғақ болады.

Ішке түскен соң қашып шығуға 2 нәрсе кедергі: құмыраның ішкі бойын торлаған қылшықтар төменге тарта береді. Екіншісі – сұйықтық толы шұңқыр, оның жабысқақтығы соншалық, сұйықтықтан гөрі сусыма құмға ұқсайды. Бұл сұйық зат ажалдың да белгісі, өйткені құрамындағы ферменттер мен микробтар қорыту процесіне кіріседі.

Борнеода таулы жерлерде өсетін кейбір етқоректі өсімдіктер сол ортаға бейімделу үшін өз рационын өзгертуге дейін барған. Олар жәндік жеудің орнына кеміргіштердің тезегін жинап, содан бөлінетін майлы сұйықтықтарды азық ретінде сіңіреді.

Малайзия тауларының эндемигі – жойылу қаупі төніп тұрған Nepenthes rajah өсімдігіне 12 тостаққа дейін сұйықтық сыяды. Ағаш жертесері мен егеуқұйрықтар өсімдік қуысына нәжісін тастап, оны фосфор, азот секілді қоректік заттармен қамтамасыз етеді.
ФОТО:  КРИСТИАН ЗИГЛЕР

«Бұл – қоректік заттардың таптырмас балама көзі, себебі таудың басына қарай жәндіктер азая береді», – дейді Аластер Робинсон. Ол 2022 жылы жануарлардың нәжісі тауда өсетін етқоректі өсімдіктерге далалы аймақтардағы туыстастарына қарағанда, 2 есе артық азот сіңіруге мүмкіндік беретінін көрсетті. «Тезегінен қоректік зат алуға болатын жануарлар – ең оңай олжа», – дейді ол.

Қатерлер мен ғылыми жаңалықтар

Құмыра-өсімдіктер жылдан-жылға сиреп барады. Қазіргі таңда Nepenthes  тобына жататын 68 өсімдік түрі Халықаралық қоршаған ортаны қорғау одағының (IUCN) «қызыл» тізіміне «жойылу қаупі аса жоғары», «жойылу қаупі төніп тұр» және «осал» деген санаттарда енген. Сондай-ақ Sarracenia тобындағы 3 өсімдік АҚШ-тың Жойылу қаупі төнген түрлер туралы заңымен қорғауға алынған.

Ең негізгі қатерлер – ауыл шаруашылығы мен пальма майы өндірісі үшін жер жыртудың нәтижесінде тіршілік аумағының тарылуы мен климат өзгерісі. Одан бөлек, өсімдік саудасы үшін арнайы жинап алатындар бар. «Nepenthes тобындағы өсімдіктердің үштен біріне қаскерлік қауіп төндіріп отыр, – дейді Робинсон. – Жыртқыш өсімдіктер арасында әсіресе осы топқа жататындарға қатер көбірек»

Nepenthes rajah өсімдігіндегі маса дернәсілдері
ФОТО: КРИСТИАН ЗИГЛЕР

Құмыра-өсімдіктердің жойылуы олардың экожүйесін ойсыратып қана қоймай, адамзат игілігіне қолданылатын инновацияны да азайтады. Олардың кей қасиеті біршама жаңалыққа жол ашты, мәселен, күйдірмейтін спрейлер мен өнеркәсіптегі су сіңірмейтін заттарды ойлап табуға осы өсімдіктер арқау болған.

Райстың айтуынша, жыртқыш өсімдіктер туралы «біздің білмейтініміз әлі де көп».

Ғалымдар олардың әртүрлі экологиялық қарым-қатынастарын, тосқауыл құру механизмдерін үнемі зерттеп, жаңа түрлерін де тауып жатады. Өткен жылы үндістандық ғалымдар тобы Nepenthes khasiana бөлетін шырында нейротоксиндер барын дәлелдеді. Ал 2022 жылы ғалымдардың тағы бір тобы Индонезияда құмырасы жер астында өсетін Nepenthes pudica деп аталатын жаңа түрді анықтады. Сол жылы Бауэр мен оның әріптестері Борнео мен Сейшель аралдарында өсетін, бір-біріне туыстығы жоқ екі өсімдіктің бірдей механизммен азық аулайтынын байқады. Жаңбыр тамшысы тиген кезде олар қақпағы трамплин тәрізді жәндіктерді тура құмыраның аузына қарай лақтырады.

«Құмыра-өсімдіктер туралы көп сұрақтарымыз жауапсыз қалып отыр, – дейді Бауэр. – Бізге әлі көптеген зерттеу жасау керек».

Құмыра-өсімдіктер тіршілік ортасының тарылуы, климат өзгерісі мен экзотикалық өсімдіктер саудасы салдарынан жойылып кетудің алдында тұр.
ФОТОГРАФИЯ:  ТОМАС ПЕСЧАК, NAT GEO суреттер қоры

Авторы: Санди Оң

Oops...
No slides found, please add at least one Slide Template to the choosen language.