16Ақп

Жер қойнауынан алынған энергия әлемді қуат көзімен қамтамасыз ете ала ма?

Қазіргі таңда Италиядағы геотермалды электр стансалар үйлерге жылу беріп отыр. Бірақ бұл стратегияны кең ауқымды климаттық шешімге айналдырудың біршама қиындығы бар.

Суреттегі салқындатқыш мұнара Италияның Лардерелло жерінде, Сассо Писано ауылының сыртындағы Enel Green Power геотермальді кешенінде орналасқан. Әлемдегі ең көне геотермальді электр стансасы да осы Лардереллода. Бұл энергия көзі алғаш рет 1904 жылы шамға қажетті қуат көзі ретінде пайдаланылған болатын, ал қазіргі таңда геотермалды қуат Италиядағы таза энергия өндірісінің шамамен 5 пайызын құрайды.
ФОТО: CLARA VANNUCCI, BLOOMBERG/GETTY IMAGES

ЛАРДЕРЕЛЛО, Италия. Күздің таңғы салқынында Тосканадағы Лардерелло маңының тұманды ландшафты бұл аймақтың неліктен Valle del Diavolo, яғни Ібіліс аңғары деп аталатынын тағы есіме салды. Тіпті Данте Алигеридің «Тозақ» өлеңіне шабыт болған көрініс те дәл осы жердегі бу мен газдарды шығаратын жердің табиғи жарықтары деседі. Фумарола мен гейзер деп аталатын жанартаулық саңылаулар ауаға ақша бұлттар шашады.

Тоскананың басқа бөліктеріндегі төбешікті, жүзімдіктер мен кипарис жамылған жолдардан айырмашылығы, мұндағы ландшафт ақ түтін шығаратын ондаған сұр салқындатқыш мұнарамен көмкерілген. Valle Secolo геотермалды стансасындағы көлемі автомобильдей болатын турбинаның гүрілі жер жарады, дегенмен ол 1 км тереңдіктен көтерілетін буды аймақтағы 150 000 отбасын қамтамасыз ететін энергияға айналдырады.

Valle Secolo-ға қоса тағы 33 Тоскана геотермалды қондырғысын басқаратын Еуропадағы ең ірі геотермалды оператор Enel Green Power компаниясының геологі Джеффри Джудетти: «Бу неғұрлым көп өндірілген сайын, мұнай цистерналары да соғұрлым аз қозғалады», – деді. Осы жер астынан Тосканадағы бүкіл электр энергиясының шамамен 30 пайызы алынады. Өндіріс процесі аяқталған соң қалған бу маңайдағы аудандар үшін су қыздыруға жұмсалады.

Жуырда болған оқиғаларға байланысты, жерастынан алынатын бұл энергияның маңызы біз ойлағаннан да жоғары болып шықты. Ресейдің Украинаға басып кіруіне байланысты Италияның ресейлік отынға тәуелділігі үлкен бір мәселеге айналып, соғыс кезінде елдегі электр энергиясының құны күрт өсті. 2022 жылы Италиядағы тұрмыстық электр энергиясының бағасы рекордтық көрсеткішке жетті. Зауыттар өндірісті қысқартса, үй шаруашылықтары мүмкіндігінше жылуды азайта бастады.

Алайда Джудеттидің айтуынша, үздіксіз қайнап тұратын жергілікті бу мен геотермалды қондырғылардың арқасында Лардерелло ауданының тұрғындары қысты жылы үйде өткізді.

Италия Геотермал одағының президенті Бруно Делла Ведова аталмыш ресурс басқа аймақтардың да қажетіне жарайтынына сенімді. Италия үкіметінің 2015 жылғы есебіне сәйкес, елдің көп бөлігін жерасты көздерінен алынатын энергиямен қамтамасыз етуге әбден болады.

Әлем жаңғырмалы энергия көздеріне көшуді жоспарлап отырғанда, Тосканадағы ғасырлық тарихы бар геотермалды ресурс өндірісі елдің энергетикалық болашағы үшін үміт отын жақты.

Жерден энергия алу

Исландия мен Кения елдері өз геотермалды ресурстарын игеріп жатқанда, Италияда бұл саланың дамуы тоқтап қалды. Оған себеп – орнату процесінің үлкен шығындарынан бөлек, тау-кен өндірісі дұрыс қадағаланбаған жағдайда туындайтын үлкен экономикалық және экологиялық шығындар. Ал жаңа зауыттар денсаулық мәселесіне байланысты жақын маңдағы елдімекендердің қарсылығына жиі тап болады.

Лардерелло қаласындағы Enel Green Power компаниясының Sasso 2 геотермалдық қондырғысының жұмысшысы
ФОТО: CLARA VANNUCCI, BLOOMBERG/GETTY IMAGES

Делла Ведованың айтуынша, Италия қолайлы геотермалды аймақта жатыр. Африка тектоникалық тақтасы Еуразиялық тақтамен түйісетін жерде орналасқан Италия түбегі балқытылған тау жыныстары Жер бетіне қарай ығысатын күрделі геологиялық жүйенің ең басында тұр.

Джудеттидің айтуынша, Лардереллоның астында жердің ішкі қабаты мен кастрөлдің қақпағы тәрізді сазды тау жыныстарының арасында тереңдігі жарты қилометрден 4,2 км-ге жететін бу мен судың орасан зор қоймасы бар. Жоғары температураның арқасында резервуардың ішінде бу түзіліп, айтарлықтай көп мөлшерде энергия бөлінеді.

Жердің өзегінен бөлінетін жылу іс жүзінде шексіз болғанына қарамастан, ғаламшарымызда оны қыздыратын сұйықтық мөлшері шектеулі.

«Уақыт өте келе қоймадағы қысым мен ағын бәсеңдейді, соған байланысты өнімділігін де жоғалта бастайды», – деді Делла Ведова. Оның айтуынша, бөлінген судың көп бөлігі жер астына қайта сіңіп кеткенімен, Лардереллоның қуаты жыл сайын 20 мегаваттқа қысқарып жатыр. Аталған қуат шығынының басым бөлігін жаңа қондырғылардың тиімділігін арттыру арқылы қалпына келтіруге болады деген күннің өзінде, болашақта жерасты суларын сақтап қана қоймай, оларды тұрақты пайдаланып отырған абзал.

«Геотермалды ресурстарды орынсыз пайдалана беруге болмайды, оларды тиімді түрде игеру жолдарын қарастыруымыз керек», – дейді Делла Ведова.

Геотермалды энергияның тарихы

«Геотермалды энергияны біз ойлап тапқанбыз», – дейді кейінгі 32 жыл бойы осы салада жұмыс істеп келген жергілікті техник Джорджио Симони. 1904 жылы Лардереллодағы жер қойнауындағы жылудан қуат алатын генератор арқылы бес шамды алғаш іске қосқан да, одан он жыл өткен соң әлемдегі алғашқы геотермалды зауытты салдырған да италиялық ақсүйек Пьетро Гинори Конти болатын.

Қазіргі таңда қондырғыларын қуаттау үшін Enel Green Power-дің бұрғылаған өндіру ұңғымаларының саны  507-ге жетті. Бұрын мемлекет меншігінде болған компания 1990 жылдары жекешелендірілді, ал 2010 жылы Италия үкіметі ережелерге өзгеріс енгізіп, басқа да жеке компанияларға геотермалды ресурстарды зерттеу мен өндіруге мүмкіндік берді. Дегенмен араларында жаңа қондырғылар орнатқан тек Enel ғана.

Мұндай жер асты қоймаларын іздеп тауып, сол жерге қондырғы орнату керек деп айту оңай, ал істеу қиын. Делла Ведова геотермалды қойма іздеуді пациенттен қан алу процесіне ұқсатады: медбикелер сәтімен түсер деп инелерді кез келген жерге сұға бермейді ғой, олар керекті тамырды мұқият іздейді. Джудеттидің айтуынша, жеткілікті мөлшерде электр энергиясын өндіру үшін қойманың температурасы мен қысымының қаншалықты қолайлы екенін жай зерттеудің өзіне миллиондаған доллар кетеді, ал зерттеу күткендегідей нәтиже беруі екіталай.

Осы аталмыш бастапқы экономикалық кедергіге байланысты кей елдер мен жеке кәсіпорындар геотермалды зерттеуді қолға ала бермейді. Италия Жер ғылымдары мен ресурстары институтының геологі Адель Манзелла айтпақшы, ұзақмерзімді шығындар «шамалас, тіпті кей жағдайда басқа жаңғырмалы технологияларға қарағанда арзан» шығатынына қарамастан, мұндай тәуекелге екінің бірі бара бермейді.

Бу мәселесі

Тосканадағы геотермалды салқындату мұнараларынан бөлінетін шығарындылардың денсаулыққа әсері жергілікті тұрғындарды алаңдатып отыр.

«Бізде қалалық көлік немесе химия өнеркәсібі болмағанымен, қатерлі ісік пен өлім-жітім деңгейі жоғары», – дейді Велио Арезцини, екі геотермалды қондырғыдан бірнеше шақырым қашықтықта орналасқан Аббадия Сан-Сальваторе ауылының 75 жастағы тумасы.

Алыпсатарлық әрі ластаушы геотермал энергияға қарсы NOGESI желісінің өкілі Ареццинидің  уайымы Аймақтық денсаулық дақтау дгенттігінің 2012 жылғы зерттеуінде тіркелген жергілікті денсаулық ауытқуларына негізделген. (Кейін 2016 жылы жүргізілген зерттеулер салқындатқыш мұнаралардың өлім немесе ауру қаупінің жоғарылауына қатысын жоққа шығарған болатын.)

Делла Ведованың бұл жағдайда адам денсаулығына бір емес, көптеген фактордың жиынтығы әсер етеді, мәселен, геотермалды ыстық нүкте орналасқан алқаптарда сынап сияқты қауіпті химиялық заттар экожүйеге табиғи түрде енеді. Оның айтуынша, жер астындағы буды ұстап қалу арқылы, керісінше, жер бетіндегі шығарындыларды азайтуға да болады, өйткені ластаушы заттарды жинайтын жер қабаты буды өткізбейді.

Enel Green Power күкіртсутек пен сынап шығарындыларын азайту үшін өз нысандарына арнайы жүйелер орнатты. Дегенмен 2019 жылы жүргізілген зерттеуге сәйкес, бұл шығарындылардың ықтимал әсерін одан әрі зерделеу қажет.

Қоғамдық пайдалану

Марио Танда есімді 56 жастағы фермер Монтеротондо-Мариттимодағы ірімшік зауытына қарай ағып жатқан сұр құбырды көрсетті. 800 метрдей қашықтықта Энельдің отбасының тәркіленген жеріне салдырған Нуова-Сан-Мартино геотермалды қондырғысы ауаға будақ-будақ бу шығарып жатыр.

«Әрбір өндірістік цикл энергия қажет етеді», – деді Танда. Әкесі кезінде геотермалды қондырғы құрылысына қарсы болғанымен, Танда керісінше 2007 жылы 800 қойының сүтінен пекорино ірімшігін жасау үшін арзан жылу орнату мақсатында фермасын құбыр жүйесі арқылы қондырғыға жалғап алды.

Тағы бірнеше шақырым қашықтықта, Сассо-Писаноның 71 жастағы тұрғыны Эдо Вольпи сыра қайнатумен айналысады, ал Монтеротондо-Мариттимода Джакомо Антерминелли жылыжайларында цуккини мен қияр өсіреді. Екеуі де өндірістерінде жақын маңдағы қондырғылардан келетін қалдық жылуды пайдаланады.

«Бұл энергияны біз пайдаланбасақ, бәрібір босқа кетер еді», – деді Танда. Италия мен басқа елдер таза энергияға көше алмай жатқандықтан, ғаламшарымыздың қайнап жатқан ішкі бөлігі қазір олар үшін таптырмас «құтқарушы арқан» іспетті.

Авторы: Агостино Петрони