14Ақп

Жауының терісінен бұйым жасаған…

Ат үстіндегі сақ бейнеленген алтын айылбас. Б.з.б. V ғасырда парсылармен соғысқан көшпелі тайпаның дәстүрлерін ежелгі грек тарихшысы Геродот жазып қалдырған.
СУРЕТ ҚҰҚЫҒЫ: АЛЬБОМ, ALAMY STOCK СУРЕТТЕРІ

2400 жыл бұрын грек тарихшысы айбарлы сақтардың жеңілген жауының терісінен түрлі бұйым жасағаны туралы жазған. Ғылым мұның тіпті де әсірелеу емес екенін көрсетіп отыр.

Сақтар жебе салатын қорамсағын шынымен адам терісінен жасаған болып шықты. Бұл жаңалық Геродот 2400-дей жыл бұрын жазып кеткен, жұрт жиі күмәндана қарайтын деректерді растап отыр.

Жақында PLOS ONE журналында мақаласын жариялап, жаңалық ашқан зерттеушілер: «Нәтижелеріміз Геродоттың жан түршігерлік мәліметін растаған сияқты», – деп мәлімдеді.

Геродоттың б.з.б. V ғасырдағы еңбектеріне сенсек, сақтар алғаш өлтірген жауының қанын ішіп, жауларының бас терісін сыпырып қана қоймай, «оң қолының терісін сыпырып, тырнағын жұлып алып, қорамсасын содан жасаған; адам терісі қалың әрі жылтыр, аппақ келеді екен».

Зерттеушілер Украинаның оңтүстігінде табылған 2400 жыл бұрынғы 13 сақ обасындағы 45 былғары және екі тері қалдығын талдағаннан кейін, қорамса туралы болжамды растады. Олар пептидтік массалық дактилоскопиялық талдау жасап, қалдықтардағы ерекше ақуыздарды тексерді (былғары болса коллаген, тері болса кератин), сонда 45 былғары қалдығының 36-сы нақты қай жануардан алынғаны анықталды: екеуі анық Homo sapiens-ке тиесілі екен. Адамнан алынған екі үлгі де, Геродот сипаттағандай, қорамса ретінде қолданылған.

«Бізде екі-ақ үлгі бар, бұл әйтеуір жалғыз не мүлдем жоқ болғаннан гөрі  жақсы, – дейді Италияның Падуа университетінің археологі Маргарита Глеба. – Демек Геродоттың сөзінің жаны бар: сақтар расында да адам терісінен мәдени жәдігерлер жасаған».

Зерттеушілер сақ обаларынан табылған 2400 жыл бұрынғы былғары мен терінің 47 үлгісінің кемі екеуі адамнан алынғанын анықтады.
Фото: МАРИНА ДАРАГАН

Енді зерттеушілер әлгі былғары адамның нақты қолынан алынған-алынбағанын әрі қарай анықтайын десе, үзіктері тым ұсақ боп шықты. Дегенмен келешек ДНҚ талдауларының арқасында ол да белгілі болуы мүмкін.

Глебаның айтуынша, адам терісі қорамсақтың тек үстіңгі бөлігі үшін пайдаланылған, ал төменгі бөліктері ірі қарадан не түлкі сияқты аңдардан алынған «кәдімгі» былғарыдан жасалған.

«Олар көбіне әртүрлі жануардың және кейде адам терісінен жасалған былғарыны араластырып қолданған, – дейді ол, – яғни қолда бардың бәрін кәдеге жаратқан».

Жауынгер көшпенділер

Геродот әйгілі «Тарихтарының» тоғыз томының біреуін тұтастай осы сақтарға арнаған; б.з.б. V ғасырда еңбегін жазып жатқан тұстағы замандастарын ол «Қара теңіздің солтүстігін мекендейтін көшпенділер» деп сипаттаған. Алайда сақтарға және олармен өзара байланысты көшпенді топтарға қатысты археологиялық деректер Украинадан Қытайдың батысына дейінгі Еуразия даласын түгел қамтиды.

Сақтарды зерттеген, бірақ аталған зерттеуге қатыспаған Германиядағы Лейпциг қаласының Макс Планк атындағы эволюциялық антропология институтындағы археолог-генетик Гуидо Гнекки Русконенің пікіріне сай, олар б.з.б. 900 жылдары Шығыс Қазақстандағы Алтай тауларынан шыққан.

Грек тарихшысы сақтардың жаугерлігі әмбеге аян болғанын және қысқа садақтары соғыста да, аңшылықта да тіршілігінің маңызды бөлшегі болғанын айтып кеткен.

Сақтардың ең таңғаларлық жерлеу бұйымдарының бірі – Украинадағы Товста Мохлядан табылған алтын алқа – б.з.б. IV ғасырға тиесілі 1 кг зергерлік бұйымда жануарлар мен көшпелі өмір көрінісі бейнеленген.
Фото: МАРГАРИТА ГЛЕБА

Зерттеуге қатыспаған Оксфорд университетінің археологі, сақтар бойынша сарапшы Барри Канлифтің айтуынша, Геродот сақтар туралы мәліметті шамамен б.з.б. 444 жылы Қара теңіздің солтүстік жағалауындағы грек отары – Олбияға барған сапарында жазған болса керек.

«Ол сонда бірталай адаммен сөйлесіп, әңгімелер жинап, біріктірген», – дейді Канлиф. Нәтижесінде, Геродоттың айтқандары рас болуы мүмкін, бірақ кей дәстүр сақтардың бәріне ортақ болмаған болуы кәдік: «Ол тек бар естігенін жазып шыққан».

Канлифтің болжамына сай, адам терісін қорамсаққа пайдалану жебелерге тылсым қуат дарытуды білдірген болса керек: «Жауыңыздың бір бөлшегі де, сәйкесінше, күші де – сіздің қолыңызда».

Тарихтың атасы ма, өтіріктің атасы ма?

Рим шешені Цицерон Геродотты «тарихтың атасы» деп атаған, бірақ оны классикалық ғалымдар «өтіріктің атасы» деп те атаған. Өйткені алтын қазатын түлкідей үлкен құмырсқалар, қанатты жыландар, грифондардан алтын ұрлайтын жалғыз көзді еуропалықтар нәсілі секілді талай даулы жазба қалдырған.

Бірақ соңғы жаңалық Геродотты ақтап беріп тұр, дейді аталмыш зерттеуге қатыспаған Бард колледжінің классикалық зерттеулер бойынша құрметті профессоры Кәролин Деуалд.

Сақ жауынгері бейнеленген алтын дулыға
Фото: УКРАИНАНЫҢ ТАРИХИ ҚАЗЫНАЛАР МУЗЕЙІ

Мысалы, The Cambridge Companion to Herodotus пен «Тарихтар» нұсқаларының редакторы Деуалд Геродоттың алтын қазатын құмырсқалар туралы әйгілі сипаттамасы суырларды білдіретін парсы сөзінен шыққан деген зерттеулерді атап өтеді, ал олар кейде Гималай бөктерінде алтын ұнтағын қазып алатын болған.

Тағы бір мысалда археологтер ежелгі Мысыр портынан тапқан кеменің қалдықтары Геродоттың «құрылысы ерекше кемелер» туралы сипаттамасына дәл келеді. Ал сақ обаларынан кендір табылғаны, Геродот сипаттап кеткендей, көшпенділердің шөп шегіп алып «қуанғаннан айғайлайтын» ырымына меңзейді.

Деуалдтың айтуынша, Геродот өзара үйлеспейтін талай жазба қалдырған және оларды біреулердің айтуы бойынша жазған: «Ол барлық деректі ескере алатын «шынайы» тарихты жазу мүмкін емес деп санаған».

Автор: ТОМ МЕТКАЛФ