9Ақп

Жануарлар әлемінің ғажайып суреттері

Бүгін Астанадағы Ұлттық музейде National Geographic-тің «ЖАНУАРЛАР ӘЛЕМІНІҢ ҒАЖАЙЫП СУРЕТТЕРІ» (The Greatest Wildlife Photographs)  деп аталатын фотокөрмесі ашылды. Көрменің ашылу рәсіміне National Geographic Qazaqstan журналының жанашырлары мен серіктес ұйымдардың, мемлекеттік органдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

«Бұл көрме баршамыз смартфонға телмірген, табиғаттан ажырап бара жатқан дәл бүгінгі уақытта өте өзекті әрі үлкен маңызға ие. Мұндағы әрбір жануардың ғажайып фотосуреттері бүкіл адамзат осы табиғаттың бір бөлшегі екенін ұғынуға, түйсінуге көмектеседі. Айналамызды, хайуанаттар әлемін таныстырады, олардың экожүйедегі орны туралы ойлантады. Сондықтан астаналықтарды осы көрмені келіп көруге, балаларын әкеліп көрсетуге шақырамын», – деді ашылу рәсімінде сөйлеген Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Ал қоғам қайраткері Дархан Мыңбай National Geographic Society түрлі саладағы зерттеу жобаларына жыл сайын гранттар бөлетіндігіне, оны қазақстандық азаматтар да, соның ішінде фотографтар да жеңіп алып, елімізде керемет зерттеулер жасауға болатынына назар аударды. Көрме жастарды осындай өзіне де, қоршаған ортаға да пайдалы, игілікті істерге шабыттандыратынын атап көрсетті.

Ал көрмені ұйымдастырушы KAZMEDIA HOLDING компаниясының басшысы, National Geographic Qazaqstan журналының бас редакторы Еркін Жақып мұнда қойылған суреттің әрбірінің артында үлкен оқиға бар екеніне, әрбір фото жанкешті еңбекпен түсірілгеніне тоқталды. Тіпті фотографтар өміріне қаншама рет қауіп төнсе де мақсаттарынан айнымай, қайталанбас ғажайып сәттерді фотоға түсіретінін айтты.

Табиғат суреттерінің майталман редакторы Кэти Моранның жетекшілігімен әзірленген бұл көрмеде National Geographic журналының беттерінен таңдап алынған хайуанаттар әлемінің ең үздік суреттері ұсынылған. Сурет авторларының қатарында National Geographic-тің Майкл «Ник» Николс, Стив Уинтер, Пол Никлен, Беверли Жубер, Дэвид Дубиле және басқа да ең танымал фотографтары бар.  Көрмеге қойылған суреттер фотографияның даму эволюциясын көрсете отырып, фототұзақ, қашықтан түсіру және суасты технологиясы сынды инновациялар қалай фотографтарға тұмса табиғаттағы тіршілік ортасына жол ашқанын көрсетеді.

Іс-шара барысында National Geographic фотографтарының фото түсіру барысынан арнайы дайындалған бейнероликтер де көрсетілді.

«Жануарлар әлемінің ғажайып суреттері» фотокөрмесі Ұлттық музейде ақпанның  25-іне дейін ашық болады.

National Geographic 130  жылдан астам уақыт бойында тұмса табиғатты фототаспалау өнерінің ізашары һәм насихатшысы бола отырып, жануарлардың табиғатта түсірілген ерекше суреттері арқылы аудиторияның талай буынын баурады. Солтүстік бұғысының бейнесі алғаш рет жарық көрген 1903 жылдан бері жаңа көкжиектерді ашқан National Geographic Society жарияланымдары көркемөнердің, ғылыми және техникалық жетістіктердің теңдессіз туындыларын жасай отырып, мақсат межесін ұдайы биіктетіп келеді.  

National Geographic Society туралы

National Geographic қоғамы – ғылымның, зерттеулердің, білім мен оқиғаларды баяндау күшін біздің әлемнің ғажайыптарын жазып көрсету және қорғау үшін қолданатын жаһандық коммерциялық емес ұйым. National Geographic 1888 жылдан бастап батыл адамдар мен жасампаз идеяларға инвестициялап, барлық жеті құрлықта жұмыс істеу үшін 15 000-нан астам грант беру арқылы зерттеулер шекарасын кеңейтіп келеді. Білім беру бастамалары арқылы жыл сайын 3 миллион студентті қамтып, өзіндік тәжрибе, әңгіме және мазмұн арқылы дүниежүзілік аудиорияның назарын аударады. Қосымша ақпарат алу үшін www.nationalgeographic.org сайтына кіріңіз немесе Instagram, Twitter және Facebook желілерінде бізге жазылыңыз.

Фотолардың авторы: Ерболат Шадрахов