Табиғат дүниесінің барлығында, тіпті ағаш қабығында да керемет сұлулық бар. Бір фотограф бұған жаңа көзқараспен қарайды.
Авторы: Энни Рот
Фото: Седрик Полле
Хош иісті гүлдер, түрлі түсті жапырақтар, иілген әсем шыбықтар – ағаш пен бұтаның бізді тәнті ететін тұстары. Ал қабығы ше? Одан резеңке, даршын, дәрі-дәрмек сияқты көптеген зат жасалса да, қабығына көп ешкім қызықпайды. Француз фотографы Седрик Полле жағдайды өзгертуге бел буды. Оның қабыққа қызығушылығы 1999 жылы Англияда ландшафт дизайнын зерттей жүріп, кәрі еменді көргенде басталды. «Еменнің дал-дұлы шыққан діңі менің ағаш қабығы әлеміне көзімді ашты», – дейді ол. Содан бері жер жүзін кезіп, ең жарқын үлгілерді түсіріп жүрген ол фотосуреттері көрерменнің қабықты жай шикізат не жабын емес, маңызды дүние деп қабылдауына ықпал етерінен үмітті. Сыртқы қорғаныш қабығы ылғал сақтау, температура өзгерісі мен жәндіктерден қорғау секілді көптеген қызмет атқарады. Оның ағаш пен олар өсетін экожүйелер амандығын сақтаудағы, түптеп келгенде, адамзат тіршілігіндегі маңызы аса зор.