7Авг

Ақбас тырна

Материал Toyota Kazakhstan компаниясының қолдауымен дайындалды.

Ақбас тырна (Grus virgo)  –  тырнатәрізділер отрядына жататын ірі құс. Еліміздің «Қызыл кітабына» V санатта енгізілген, саны тұрақты. Әлемде кең таралған, Халықаралық табиғат қорғау одағының қызыл тізімінде «жойылып қаупі төніп тұрған жоқ» деген санатта тұр.

Ақбас тырна – тырналардың ішіндегі ең кішісі. Оның ұзындығы 85–100 см, биіктігі 76 см, ал қанат құлашының ұзындығы 155–180 см. Салмағы 2–3 кг. Кәдімгі сұр тырнадан сәл ғана кішірек, сыртқы бітімі, түсі ұқсас. Ересек құстың денесі мен төбесінің түсі сұр; басы, мойны қара; көздері қызыл, көзінің артында аппақ қауырсыны болады. Жас құстар қатты ерекшеленбейді, бірақ негізінен бозғылт, ал басындағы қауырсындардың шоқтары қысқалау келеді. Қанатының ұштары қара болғандықтан сұр құтанды еске салуы мүмкін, бірақ оларды өзгеше дене құрылымы мен тырналардың ұшқан кезде бастарын ұзартып, тіке ұстайтынан айыруға болады. Жыныстық диморфизм айқын емес, бірақ қоразы біршама үлкенірек. Балапандардың түсі ақшыл сұр, басы толықтай дерлік ақ, тек төбесі қоңыр, басының бүйірлері, иегі, тамағы сарғыш болады.

Фото: Ерболат Шадрахов

Қазақстанда Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстарындағы далалы және шөл-шөлейтті аймақтарды мекендейді.

Ақбас тырна кең, ашық, шөлді жерлерді, егістіктерді, әдетте судан онша алыс емес жерлерде тіршілік етеді. Қыста құрғақ жерлерге қарай ығысады. Сулы-батпақты жерлерде қоныстанатын басқа тырналардай емес, ақбас тырналар маңайда өзен-көл бар болса, үш мың метр биіктікке дейінгі таулы аймақтарда да өмір сүре береді. Ұя салу үшін аласа әрі өсімдіктері сирек ашық, тегіс, сәл биіктеу, төбелі ландшафтыны таңдайды. Үлкен, шулы үйір болып қоныс аударады.

Фото: Ерболат Шадрахов

Өсімдіктермен де, жануар тектес азықпен де қоректенеді. Негізгі азығы өсімдіктердің әртүрлі бөліктерінен, жержаңғақтардан, бұршақ тұқымдастардан, дәндерден, жәндіктерден және басқа да ұсақ жануарлардан тұрады. Олар күндіз, негізінен таңертең немесе түстен кейін тамақтанады.

Сізге мына материал да қызық болуы мүмкін: https://nationalgeographic.kz/2024/05/30/aqqujryqty-subuerkit/

Сақалтай туралы да біле жүріңіз: https://nationalgeographic.kz/2024/04/22/saqaltaj/

Материал Toyota Kazakhstan компаниясының қолдауымен дайындалды.