Қазанның салқын түні. Түрікменстандағы Каспий теңізінен тар құрлық бөліп тұрған ойпаң – Қарабұғазкөл ойпаты жақтағы шалғай дала. Жұлдызды аспан астындағы бір топ адамға ай жарығы түсіп тұр. Балқан уәлаятының қоршаған ортаны қорғау департаментінің басшысы – Әзиз Тәңріғұлиев «көлік шамдарын өшіріңдер» деген белгі берді. Шамасы, аймақта үш браконьер жасырынып жүрген сияқты. Әзиз бен қорықшылардың бірі Хосейн алда келеді. Шамдары алыстан жалт-жұлт етеді. Жел гуілдеп тұр, қатты суық. Ештеңе табылмаған соң, шағын топ кейін қайтты.
Осынау қиырда, қорқынышты жерде біз не істеп жүрміз?
Барыстар. Мысықтектестердің ішіндегі осы Panthera pardus tulliana Анадолы, Қап таулары, Таяу Шығыс пен Орталық Азияда ғана кездеседі. Тәжікстан мен Өзбекстанды қамтитын Орталық Азиядағы тарихи таралу аймағының 70%-дан астамынан айырылған бұл барыстың бүгінгі популяциясы шағын әрі шашыраңқы. 500-700 дарақтан тұратын ең үлкен популяциясы – Иранда. Екінші орында – 60-қа жетпейтін популяциясы бар Түрікменстан. Мұндағы барыстар негізінен Көпетдағ, Сүнт-Хасардағ жоталары бойындағы Түрікменстан–Иран шекарасында, сондай-ақ Иран–Ауғанстан шекарасындағы Бадхыз мемлекеттік табиғи қорығында мекендейді.
2019 жылы Түрікменстанның солтүстік-батысындағы Балқан жотасында (Ұлы, Кіші) тұзақ-камералар 7-10 барыстан тұратын, көбейіп келе жатқан кішкентай популяциясын анықтады. Содан бері Қарабұғазкөл ойпатында тағы бірнешеуі көзге түсіпті. Кейбірі Қазақстан аймағында да байқалған.
Негізі 2018 жылы күзде Үстірт мемлекеттік табиғи қорығында камера арқылы Қазақстанда да парсы барысы бар екені алғаш анықталды. XX ғасырдың соңына дейін Қазақстанда барыстың бұл түрі байқалмаған еді. Тек соңғы 20 жыл ішінде оның бар екені үш рет анық тіркелді. Өкінішке қарай, барлығы да заңсыз өлтірілген жануарлар болып шықты. Біріншісі – 2000 жылы Жамбыл облысынан, тағы екеуі 2007 және 2015 жылдары Маңғыстаудан табылған. Фотоның бәрі ұқсас: тұзаққа түскен аңды олжалаған адамдар ыржиып тұр.
Барыс 2018 жылы тағы көзге түскен соң бұл түр «Қазақстанда әлі де бар» деп танылды. Алайда маңғыстаулық мектеп оқушылары мақтанышпен «тау шері» атап кеткен барыстың 2021 жылы «Қызыл кітапқа» енгізіле салысымен, Үстірт қорығында көзге түскен жерінен солтүстікке қарай 220 км жерден, Бейнеуге жақын маңнан өлексесі табылды. Қалай өлгенін нақтылау мүмкін болмады, бірақ көпшілік «тау шері» қолдан өлтірілген деп санайды.
Парсы барысы барыстардың ішінде ең үлкені саналады. Аталығының салмағы 90 кг-ға жетеді. Салмағы 60 кг-дай болатын, шағындау келетін аналығын жас еркегімен шатастырып алуыңыз мүмкін. Олар әдетте іңірде не түнде белсенді. Сосын табиғатынан өте сақ болғандықтан, адам көзіне түсе бермейді.
Түрікменстанда барыс шөлейттен бастап, таулы-бұталы жерлерде, теңіз деңгейінен төмен Қарабұғазкөлде де, Көпетдағ шыңдарында да мекендейді. Олар жүретін жерлердің флорасы суық шөлді экожүйеге тән: бұтатектестер, жусан, пістелі селдір тоғайлар мен аршалар.
Жазы аптап ыстық, температурасы 40°С асатын алқаптарда да тіршілік етеді. Сондықтан күндіз күш үнемдеп, су көздеріне барынша жақын әрі ауасы салқын жартастар арасында жатады. Жылдың салқын мезгілдерінде күндіз белсендірек. Алысқа жортуы, үлкен аумақты шолуы, мысалы, Түрікменстаннан Қазақстанға өтуі де осы кездері болады.
Барыстар өте «аумақшыл», сондықтан басқа үлкен мысықтар сияқты бірін-бірі өлтіруі де сирек құбылыс емес. Аталығы да, ұрғашысы да өз аумағын қориды. Шекара белгілеп, жұбын табу үшін несеп шашу, тырнақ іздерін салу, нәжіс қалдыру сияқты белгілер арқылы бір-бірімен байланысқа түседі. Жас аталықтар ондай белгі қалдыра қоймайды, әсіресе басқа үстем аталыққа тиесілі аймақта. Мекен ететін аумағының көлемі аулайтын азығы мен басқа барыстар санына тәуелді. Иранда жүргізілген зерттеулер олардың аумақтары әртүрлі – орташа 100 км2 құрайтынын көрсетті. Дегенмен жас аталық кейде жемтік пен жұп іздеп, «тау шері» сияқты әлдеқайда алыс қиырға кетуі мүмкін.
Жұптасу кезеңі – қаңтар-наурыз аралығы. Әдетте жалғыздыққа бейім барыстар бұл кезде жұптасу үшін 7 күндей бірге жүреді. Үш айдан кейін туады. Әдетте әр аналық 1-3 күшік (алан) туады. Оларды енесі 100 күннен кейін сүтпен қоректендіруін тоқтатады, бірақ қамқорлығын жалғастырады. Аландары енесінің қасында екі жылдай жүріп, нені қалай аулау керектігін үйренеді. Шамамен екі жасында жыныстық жағынан жетіліп, жұптасу мен жаңа ұрпақ әкелу сабақтастығын жалғастырады.
Түрікменстан мен Қазақстанда парсы барыстарының қорегіне үстірт арқары (Ovis vignei), тауешкі (Capra aegagrus), қабан (Sus scrofa), қарақұйрық (Gazella subgutturosa), үнді жайрасы (Hystrix indica), сондай-ақ кекілік (Alectoris chukar), қоян (Lepus spp.) және ауған шақылдағы (Ochotona rufescens) кіреді.
Алайда жабайы жемтігі аз жерде мал мен итке де шабуы адаммен тікелей қақтығысқа әкеледі. Әйтсе де Түрікменстандағы малшылардың көбі барыстарға «кешіріммен» қарайды: қойын барыс жеп кетсе, оны «төлем» деп түсінеді, яғни барыс мекендейтін жерлерде мал жайғаны үшін «ақысын» төлеуге дайын.
Түрікменстанда аңшылыққа тыйым салынса да, браконьерлік өршіп тұр. Аңшылар бұл аймақта барыс барын білген бойда қорғалатын аумақтың сыртына тұзақ орнатуға кіріседі. Ал барыс терісінің саудасы астыртын жүреді.
Барыстың негізгі азығы – үстірт арқары мен тауешкінің етіне сұраныстың артуы да алаңдатпай қоймайды.
2023 жылдың қысы мен көктемінде Түрікменстандағы Бадхыздың солтүстігінде екі барыс – еркегі мен ұрғашысы өлтірілген. Сондай-ақ 2022 жылы Балқанабат пен Қарабұғазкөлдің оңтүстік жағалауы аралығында тағы екі барыс өлтірілді деген қауесет бар.
«Тау шерінің» өлімінен бір жыл өткенде, 2022 жылы Қазақстандағы Үстірт қорығында тағы бір барыс көзге түсті. Ал 2023 жылдың көктемінде Қызылсай өңірлік табиғи паркінің инспекторы телефонына бір барысты (дәл сол алдыңғысы болуы мүмкін) түсіріп алған. Шамамен сол кезде қыста түрікмен-қазақ шекарасынан Қарабұғазкөлге параллель теміржолдан батысқа қарай бірнеше шақырымда барыс өткені жайлы хабар алдық. Бұл дәл сол қабылан ба, әлде басқасы ма?
Біз осы сұрақтардың жауабын табу үшін Қазақстанда Биоалуантүрлілікті зерттеу және сақтау орталығы (BRCC), Қазақстан биоалуантүрлілігін сақтау ассоциациясы, бірнеше мемлекеттік серіктес, соның ішінде Үстірт қорығы, Қызылсай өңірлік табиғи паркі және Кендірлі-Қайсан қорығы, Маңғыстаудағы қоршаған ортаны қорғау органдары мен Қазақстан Республикасының Шекара қызметтерімен, ал Түрікменстанда Қоршаған ортаны қорғау министрлігімен бірлесе жұмыс істейміз. Сондай-ақ National Geographic қоғамы мен Segre қорының қолдауымен «ұмыт қалған» ерекше ландшафт – Балқан/Үстіртті қорғауға, қауіп-қатерлерге қарсы тұруға және табиғи сабақтастықты жақсартуға бағытталған жобаны бастадық.
Біз ерекше қорғалатын жаңа аумақтарды (Түрікменстандағы Ұлы және Кіші Балқан қорығын), сондай-ақ Қарабұғазкөл бойында 1800 шаршы шақырым қаумал құруға көмектесіп, бар қорықтарды (Қазақстандағы Үстірт және «Қызылсай» МӨТП) нығайтып, малшылар қауымымен жұмыс істеп, браконьерлікпен күресу арқылы үстірт арқары мен қарақұйрықтың және олардың басты жыртқышы – барыстың ежелгі көші-қонын қалпына келтіреміз деп үміттенеміз.
Түрікменстан мен Қазақстан арасындағы шекара қоршауы үстірт арқары мен қарақұйрық көші-қонын тежеп, барыстың әрі-бері өтуін қиындатқандықтан, жабайы жануарлардың қозғалысына мүмкіндік беру үшін шекарада саңылаулар жасау қарастырылады деп сенеміз.
Бұл жерлерге басқа да қауіп төніп тұр. Климат өзгерісі өлкені айтарлықтай өзгертті: Түрікменстанда да, Қазақстанда да малшылар су тапшы деп шағымданады. USAID мәліметіне сай, 2021 жылы Маңғыстауда 225 үйдің малы жартылай не толықтай қырылып қалған. Түрікменстанда құру ұсынылған Үстірт қаумалының басым бөлігінде мал жоқ, бұл оның шалғайлығына ғана емес, су тапшылығына да байланысты. Су тапшылығы тұмса табиғаттағы тіршілік иелерінің икемділігі мен бейімделгіштігін одан бетер күрделендіріп отыр.
Балқан қоршаған ортаны қорғау департаментінің орынбасары Уәли Насыров тұзақ-камераны ашып, флешкартасын берді; бірден телефоныма салдым. Біз сәуірде орнатқан камераларды тексеру үшін Қарабұғазкөлден 150 метрге биікте тұрған тік жарқабақтан төмен түстік. Экранымда әуестігі басым арқарлардың – құлжасы мен төлдерін ерткен ұрғашысының – бірнеше күн бұрынғы бейнелері шыға келді.
Камераларда барыс жоқ, бірақ негізгі қорегі жүргенінің өзі – маңызды көрсеткіш. Солардың түскен ізімен жүру оңай.
Үстірт – эрозияға ұшыраған төбелер мен таяз ойпаңдар қоршаған, биікте жатқан ежелгі теңіз табаны. Мұнда жерүсті тұщы су көздері аз, ал түрлі көлемдегі көптеген таяз, аса тұзды суқоймалары шашыраңқы орналасқан. Оларға апаратын сүрлеулер бар. Аң мен құс сол жақтарда жиналады. Браконьерлер де.
Әзиз 140 000 шаршы шақырымды бақылауға жауапты 8 қорықшыдан тұратын топты басқарады, бұл – орасан үлкен аумақ. Орталық Азияда ерекше қорғалатын аумақтарда 1000 шаршы шақырымға 10 шақты инспектордан келеді. Үш жаңа ерекше қорғалатын аумақ – Ұлы Балқан қатаң қорғалатын табиғи қорығы мен Кіші Балқан, Қарабұғазкөл-Үстірт табиғи қаумалдарын құру – браконьерлікпен күресе алатын кемі 20 қорықшыны қосып, бақылауды жеңілдету үшін далада бекеттер қою керек деген сөз.
Бүгінде браконьерлікпен күресу үшін адам капиталымен бірге қолжетімді технология, соның ішінде Conservation X Labs Sentinels сияқты жерсерікке байланысқан тұзақ-камералар да біраз нәрсені өзгерте алатыны анық.
Көлікпен келе жатып, Үстірт бойын мекендеген тайпалардың көне қорымдарының біріне аялдадық. Олардың бірінен арқар, тауешкі мен ақбөкеннің петроглифтерін таптық.
Қорғауға алынса, қалпына келуі мүмкін. Ойпаңнан шығып бара жатып, ұсақ мал баққан екі малшыға кезіктік. Көпетдағ қорығының ғылыми жетекшісі Ақнабат Потаева Түрікменстанда кездесетін түрлі
жабайы мысықтар бейнеленген кітапшасын шығарып, малшыларға сұрақ қоя бастады. Біреуінің жүзінде сәл өзгеріс пайда болып, бірер күн бұрын барыс көргенін айтты. Бір қойын әкетіпті. Қолын сілтеп, Қарабұғазкөлдің оңтүстік жағалауына қарай нұсқады. Сол жаққа барып, камера орнатуға қолайлы жер іздедік. Өмірінің 40 жылын барыс мекендейтін Көпетдағ тауларында жұмыс істеуге арнаған Стас Фатеев қорқаудың жолағына ұқсайтын бір іздерді көрсетті.
Парсы барысын құтқару оларға тәуелді басқа да түрлер мен экожүйелерді құтқару дегенді білдіреді. Бұл сондай-ақ адамдарды да құтқару деген сөз.
Маңайдан маң басқан түйелер өтіп барады. Салт атты малшының бізге амандасқысы келмеді.
Жойылып бара жатқан жануарларды қайтарудан күдер үзетін сәттер де болады. Оларды адамның тойымсыз ашкөздігі қырып барады. Кейде табиғат тілін тапқан әрі онымен үндестікте өмір сүруге болатынын айғақтайтын адамдар да кездеседі.
Ақмұрат малын Ұлы Балқанның етегінде жаяды. Ақнабат одан: «Барыстан қорықпайсың ба?» деп сұрады. Ол: «Жоқ. Бұнда парсы барысы бұрыннан бар. Адамға тимейді. Әкем бұлаққа барғанда барыс кезігіп қалса, «амандас, өзіңді таныстырып, суға келгеніңді айт» деп үйреткен. Барыс түсінеді де кетеді. Мен сөйтемін: барысқа амандасамын, ол кетіп қалады».
Тұзақ-камераларды қосып кеткен соң, көп ұзамай, соңғы бірер айда бір барыс келіп, бірдеңе айтқысы келгендей-ақ камераға қарап отырды. Біз олардың көпшілігі Түрікменстан мен Қазақстандағы Үстіртке қайта оралады деп үміттенеміз.
Автор: Таня Роузен.
Т.Роузен – 2013 жылдан бері National Geographic зерттеушісі. Ол Орталық Азияның ірі мысықтарын қорғау саласында жұмыс істейді.
Бейкоммерциялық National Geographic қоғамы Орталық Азиядағы парсы барысын зерттеуді 2023 жылдан бастап қаржылай қолдап келеді.
Фото және бейнежазбалардың авторлық құқығы қорғалған. Автордың жазбаша келісімінсіз көшіріп басуға болмайды
Ірі мысықтар
Тарихи деректер қазақ жерін ірі мысықтұқымдастардан қазіргі ілбіс қана емес, оның жолбарыс, барыс және қабылансынды туыстары да мекен еткенін айғақтайды. Сырдария, Шу, Іле өзендері мен Балқаш өңірінің қамысты қорысында жортқан Тұран жолбарысы, ХХ ғасырдың ортасына қарай мүлдем жойылған. Ал барыс пен қабылан табиғи-антропогендік ықпалдар кесірінен қазақ жерінен алыстап кетті. Жақын туысатын осы ірі мысықтар туралы мәліметтер оң жақта берілген. Тұран жолбарысының өлшемдері туралы деректер аз әрі әрқилы болғандықтан, орташа мәні берілді.
Тұран жолбарысы туралы көбірек білгіңіз келсе: Тұран жолбарысының тұлыбы