5Сен

Қабыну процесі

Жалпы қабынудың арты жақсы емес. Жарақат алу немесе инфекция салдарынан болатын терінің қызаруы, ауырсыну, қызу немесе ісіну кезінде қабынуды болдырмауға бағытталған диеталарды, қоспаларды, дәрі-дәрмектер мен салауатты өмір салты туралы әртүрлі кеңесті қарап көріңіз.
«Адамдар қабынуды жағымсыз нәрсе деп ойлайды», – дейді Аустралияның Мельбурн қаласындағы Дикин университетінің нутрициология психиатриясының сарапшысы Вольфгаң Маркс.

Қабыну адам денесінің кез келген жерінде болуы мүмкін. Жылытқы мен жылу камерасын пайдалана отырып жасалған сурет осының дәлелі. Фото Гилес Прайс


Дегенмен шындық әлдеқайда күрделі: қабынудың пайдалы тұсы да бар. Жүздеген жыл бойғы дауласу мен зерттеулерден кейін ғалымдар қабынудың жау ғана емес, жанашырымыз да бола алатынын білді. Бұл физиологиялық процесс іс жүзінде инфекция­­ны жояды, қатерлі ісіктің жайылуына жол бермейді, жараларды емдеп, вакциналардың ұзақмерзімді қорғанысын қамтамасыз етеді. Шын мәнінде, қабынудың ағзаның күнделікті қызметіне тигізетін кейбір әсері болмаса, тірі қалмас едік.
«Адам денсаулығының әрбір аспектісі қабынуға әсер етеді, – дейді Калифорния, Пало-Альтодағы Стэнфорд университетінің иммунологі Бали Пулендран. – Қабынудың сәйкес түрі мен деңгейі болмаса иммун жүйесі патогендерге қарсы тиімді иммунитет қалыптастыра алмайды».
Алайда басқа биологиялық реакциялардағы секілді басты қатер қабынудың деңгейіне байланысты болады. Бастапқы инфекция немесе жарақат жазылғаннан кейін қабыну жағдайы созылмалы түрде жоғары деңгейде сақталса, ол жүрек, қатерлі ісігі, диабеттің 2-типі, тіпті депрессия немесе Альцгеймер ауруы сынды созылмалы дерттерге әкеп соғуы мүмкін. Жас ұлғайған сайын осы аурулардың жиі кездесуі сол қабыну деңгейінің жоғарылауына байланысты. Тіпті ол иммун жүйесінің ағзаның өз тіндеріне шабуылын тудыруы мүмкін, оның арты құздамалық артрит сынды аутоиммундық ауруларды, сондай-ақ склероз бен Крон ауруын қоздыруы мүмкін. Кейбір зерттеушілер созылмалы қабыну мен ұзақ емделетін Covid-тің арасында қандай да бір байланыс бар-жоғын зерттеп жатыр.
Соңғы 20 жылда ауқымды, бірақ көбінесе бір-біріне қарама-қайшы келетін тұжырымдар мен денсаулыққа жанама әсерлерді саралай келе, ғалымдардың процесті терең зерттеуге құлшынысы артты. «Бүгінде біз қан тамшысындағы 10 мың ақуызды өлшей аламыз. Түсінгеніміз – қабыну ошақтары өте көп әрі оларға түрлі медиаторлар әсер етеді», – дейді Ұлттық қартаюды зерттеу институты, ішкі зерттеулер бағдарламасының қызметкері, гериатр әрі эпидемиолог Луиджи Ферруччи.
Мұндай терең талдамалар мынадай түсінікке әкеп тірейді: «қабыну» деген бір ғана сөзді мағынасыз» деуге болады, себебі ол ауруды толық сипаттамайды әрі белгісі өте көп. Ревматологтер, иммунологтер, хирург-ортопедтер, вакцинологтер: аталған мамандардың әрбірі дербес бірақ ұқсас молекулалар жиынтығын, молекулярлық әрекеттесулерді және симптомдар мен нәтижелерді сипаттағанда осы сөзді қолданады. «Қабыну сөзі қолдануға ыңғайлы. Біз ол жайлы дауласуды тоқтатпай келеміз, бірақ бұл негізгі ойдың мәнін көмескілеп, шатастыра түседі», – дейді Пулендран.
Зерттеушілер қабынуды тиімді пайдалануды жақсы меңгере бастады. Оны емдеу ісінде түрлі дәрі-дәрмектер шығып жатыр,диета мен басқа да тыйымдар бойынша нұсқаулықтар жетілдіріліп келеді. Соның арқасында көп дерттің алдын алуға, тиімді емдеуге болады. Осы инновацияларды баршаға бірдей қолжетімді арзан ету – кезек күттірмейтін міндет.
Қабыну жақсы не жаман болмайды, жағдайға қарай бізге тек қажетті мөлшері керек. Біз одан түбегейлі арылуды көздемейміз. Бұл – біз бақылауда ұстап үйренгіміз келетін нәрсе ғана.

Қабыну құтқарады

Бактерия немесе вирус ағзаға енген кезде иммундық жүйе шұғыл, сондай-ақ ұзақмерзімді қорғаныс құрады. Ағзаның бірінші лектегі қорғаныс шебі: лейкоциттер.

АҒЗА ИНФЕКЦИЯМЕНҚАЛАЙ КҮРЕСЕДІ?

1.Жедел әрекет қызметі. Қанда айналып жатқан триллиондаған лейкоцит қабынған аумаққа 15–20 минутта шоғырланады.

2.Шабуылға көшу. Денедегі макрофагтар (грек тілінен аударғанда «үлкен жұтқыштар» деген мағынада) жиылып, бактерияларды іздеп жүріп «жеуге» көшеді.

3.Қосымша күш шақыру. Макрофагтар цитокиндер деп аталатын, қан тамырларын кеңейту қабілетіне ие ағуыздар­­ды бөледі. Қысқа өмір сүретін нейтрофилдерді қоса алғанда, жасушадағы аққандар легі араласып, шабуылды үдетеді.

4.Барлау деректерін алмасу. Шабуыл саябырлағанда деректерді жинайтын дендритті жасушалар патогендер туралы ақпаратты жақын орналасқан лимфа түйініне жолдайды.

5.Ұзақмерзімді қорғаныс. Кемік майына жиылған Т- және В- жасушалары лимфа түйінінен алынған ақпаратты қолдана отырып, B жасушалары алдағы шабуылдардан қорғайтын антиденелер түзеді.

Қабынудың пайдасы мен зияны туралы кеңірек National Geographic Qazaqstan журналының тамыз айындағы санында жарияланған іргелі зерттеу мақаласынан оқи аласыз.