19Сен

Прозопагнозия

Иллюстрация: МАТЬЕ БУРЕЛЬ

ОТЫЗ КӨЗ қызыл іңірге қадала қарап тұр. Бір сағаттан соң ғана көкжиектен көтеріліп келе жатқан әлсіз түтін байқалды. Сұлба жақындап, үлкен, қанатты әрі бұлшықетті нәрсеге айналды: шөл тырналары, әсем қызыл қалпақтарын санамасақ, сұр бұлтқа ұқсайды. Олар біз тұрған контейнерді айналып өтіп, екі-үштен не бесеуден топтасып, Небрасканың орталығындағы Плат өзеніне қонды.
«Бұл құстардың үлкен бір тобы сияқты», – деп түсіндірді Crane Trust табиғат қорғау тобының гиді. – Бірақ олар көші-қон кезінде шағын топтармен жүреді».
– Олар бір-бірін қалай таниды? – деп сұрадым. – Олар бізге бір-бірінен айнымайтындай көрінгенімен, өздері үшін әрқайсысы әртүрлі екеніне сенімдімін, – деп жауап берді жасыл пальто киген әйел.
Мен жүзін зерттеу үшін оған бажайлай қарадым: көздерінің арасы алшақ, қысқа ақ шашты, тәмпіш мұрынды екен. Ол мен фургонда сөйлескен, маған иттерінің суретін көрсеткен әйел ме? Қасында бір-біріне ұқсайтын екі әйел тұрды. Үшеуі де өз серіктерімен жүр. Тырналар қараңғыға сіңіп, ғайып болғаннан кейін, біз лашықтан үнсіз шығып, лай соқпаққа түстік, сақтықпен басқан қадамдарымыздың дыбысын бақалардың құрылдаған хоры басып қалды.

Маған адамдар да тырналар сияқты бір-бірінен айырғысыз көрінеді, мұның неден екенін жақында ғана түсіндім. Мен прозопагнозия немесе «бет соқырлығы» деп аталатын неврологиялық ауытқумен туғанмын. Кей адамдарда бұл кемістік ми жарақатынан соң пайда болады, бірақ көп жағдайда ол геннен беріледі. Дамитын прозопагнозия деп аталатын түрі халықтың 2–2,5 пайызында кездеседі. Бұл біздің өміріміздің барлық дерлік аспектісіне, танысудан дос табуымызға дейін әсер етеді. Алайда көбіне бұл диагноз қойылмайды. Себебі мен секілді адамдар басқалар да әлемді өздері сияқты көреді деп ойлайды. Біз өзгелердің бет-жүзді бірегей әлпет ретінде қабылдап, есте сақтайтынын білмейміз де. Мысалы, 90-жылдардың соңында «бет соқырлығы» терминін енгізген Билл Чойсер бірде жолдасынан: «Телешоуларда актерлердің бет-әлпетін тым жақыннан көрсете беретіні несі? Киімдерін көрмесек, оларды қалай ажыратамыз?» деп сұрапты.

Бала кезімде дос табудан қиналатынмын. Бүгін біреумен тіл табыссам, келесі күні танымай қалатынмын. Кейін сыныптастарым мені кісікиік, «бірде көл, бірде шөл» адам деп ойлайтынын аңғардым. Жалғыз­сырамас үшін кітапты серік еттім. Бір ғана емес, көп досым болса, солармен жақын аралассам деп армандадым.
Колледжде стратегиямды түбегейлі өзгертіп, барлығына бейтаныс адам сияқты емес, керісінше, досым секілді қарауға көштім. Маған назар аударған адамның бәрімен сөйлесе беруді шығардым. Осылай 20 жыл өте шықты. Мен бәрін танитынмын, бірақ түрлері ерекшелеу не дауыстары қатты шығатын бірнеше жақын досым мен жігітімнен басқа ешкімді жөнді танымайтынмын. Бұл ерекше жағдай болуы мүмкін деген ой басыма кіріп те шықпапты.

Өзіме 40 жасқа дейін кітап жазып шығуым керек деп талап қойып, 39 жасқа толған соң көп ұзамай өмірімдегі күлкілі оқиғаларды қағазға түсіре бастадым. Сол кездері Washington Post-та жұмыс істегендіктен, түрлі марапаттарға ие болған журналист достарыма жазғандарымды жібердім. Оқып болған соң, олар маған сұрақтарын жаудырды: Сіз неге үнемі адасып жүресіз? Қалайша кіммен сөйлесіп жатқаныңызды білмейсіз? Неліктен сіздің өміріңізде бұлыңғырлық пен шатасу көп?
Басқа адамдар невропатологке барар ма еді, бірақ мен ғылыми жазушы ретінде зерттеуге қатысуды жөн көрдім. Харвард ғалымдарының бір зерттеуі миды сканерлегеннен кейін бет-әлпетті тану бойынша 30 сағатқа жуық қарқынды жаттығуларды қамтыды. Одан үйренгенім көп болғанымен, сол дағдыларды шынайы өмірде қолдана алмадым. Мен осы кезге дейін миымның ерекшелігіне әбден дағдыланып, кейбір мәселелердің шешімін табуға үйренгенмін. Мен де, басқа да көптеген бет-жүзді ажырата алмайтын адамдар осылай өмір сүріп жатыр. Біз бейімделе аламыз.

Мен бұл күндері көп нәрсе талап етпеймін, тек адамның аты-жөні жазылған бейджик болса болды. Мен прозопагнозиясы бар балалар мен басқа да неврологиялық ақаулары бар адамдарға алаңдаймын. Адам миы мен ақыл-ойының танылмаған ерекшеліктеріне ие жандарға әлемді жайлы ету үшін қоғам ретінде не істей аламыз?
Бөлмемізге әлдеқашан оралсақ та, бар ойым тырналарда. Ұйықтар алдында газет ақтарып, олардың да бір-бірін ажырата алмайтынын білдім. Бірақ дауыстары бірегей екен. Әрбір құстың өзіндік үні бар, дауыстары шақырымнан асады. Тырналар көші-қон кезінде өз әулетінің мүшелерін көзімен емес, құлағымен таниды екен.

Тырналардың бәрі маған бірдей болып көрінсе де, бір құстың «ашулы кларнет» сияқты дыбыс шығарғанын аңғардым. «Ол өз әулеті қайда қонып жатқанын жаратпай тұрған сияқты», – деді жасыл күртеше киген досым. Нақтылау мүмкін емес, бірақ мен оның айтқаны рас деп ойладым. Әлем – сананың какофониясы, әркімдікі қайталанбас, бірегей. Бірақ түсінігіңіз мол, ашық, жолы болғыш жан болсаңыз, көптің арасынан басқаның ерекше үнін ести аласыз. Сол түні мен тырналармен терең байланысымды сезініп, кейде көзім ұятқа қалдырса да, білмекке құмарлығым мені алысқа бастайтынын ұғынып, алаңсыз ұйқыға кеттім.

Автор: Сади Диңфелдер. Оның бірінші кітабы – «Мен сені танимын ба? Прозопагнозик репортердің көру, есте сақтау және елестетеу ғылымына саяхаты» деп аталады.