25Там

Ұмытылған соғыс. АҚШ-тың Ресей жерінде соғысқан кезі болды ма?

Америка әскерінің Ленин сарбаздарымен шайқасқаны туралы дерек тарих  кітаптарының көпшілігінде болмауы мүмкін. Алайда ұмытылған қақтығыс екі елдің қарым-қатынасына әлі де сызат түсіріп келеді.

1919 жылы, 7 қаңтарда түсірілген мына фотосуретте Иллинойс штаты Цицерон қаласының тумасы, жауынгер Альфред Шак Ресейдің қарлы алқабын артқа тастап, Усть-Паденга  шіркеуіне көз тігіп тұр.  «Ақ аюлар» деген атпен танылған Американың  339-шы полкінің жауынгерлері І дүниежүзілік соғыс тұсында және одан кейін де Ресейдің коммунистік күштеріне қарсы соғысқаны туралы білетініміз әлі күнге мардымсыз.
Фото:  МИЧИГАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ BENTLEY ТАРИХ КІТАПХАНАСЫНАН 

1918 жылдың маусымында Мичиганнан соғысқа аттанған Альфред Шак Францияда немістермен соғысамын деп ойлады. Алайда жарты жылдан кейін ол Ресейдің солтүстігінде, қар құрсанған даладағы православ шіркеуін бақылап тұрды. Бұл шіркеудің ішінде немістер немесе АҚШ-тың басқа  сыртқы жаулары  емес,  Қызыл Әскердің большевиктері бекініп жатқан болатын.

Шак сияқты тағы  5000 АҚШ жауынгерінің (көбі Мичиганнан) І дүниежүзілік соғыстың соңына қарай Ресейдегі Азамат соғысына араласқаны – Америка әскери тарихының көпке беймәлім бір тарауы. Тіпті  елдің екі бірдей президенті – 1972 жылы Ричард Никсон, 1984 жылы Рональд Рейган «АҚШ пен Ресей бір-бірімен ешқашан соғысқан емес» деп қателесіп айтты. Десе де, Архангельсктің субарктикалық аймағында, Фаренгейт бойынша -40 градус суықта болған осы бір оғаш майдан екі елдің қарым-қатынасына ондаған жыл бойы кері әсерін  тигізіп келді.  

Ресей билігіне 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін Владимир Ленин бастаған большевиктер келді де, оның соңы коммунистер («қызылдар») мен ұлтшылдар («ақтар») арасындағы соғысқа ұласты. Ішкі дағдарысты ауыздықтай алмаған соң, 1918 жылы Ленин Германия және орталық держава (Аустрия-Венгрия және Осман империясын қоса алғанда) елдерімен бейбіт келісімге қол қойып, Ресейді І дүниежүзілік соғыстан шығарды. Одақтас елдерге Мәскеудің қатардан шығуы ауыр соққы болды. Өйткені орталық державалар енді орыс майданына алаңдамай, бар күшін Парижді шабуға шоғырландыра алатын еді. Тығырыққа тірелген Ұлыбритания, Франция және басқа одақтастар 1918 жылы  Ресейдегі азамат соғысына ықпал ету әрі шығыс майданын қайта ашу қамымен әскерін Ресейдің солтүстігі мен Сібірге аттандырды. 

Шеклтон киіндірген «Ақ аюлар» Мичигандағы Кэмп-Кастерде әскери дайындықтан өткен  85-ші дивизияның 339-шы полкінің басқа сарбаздары сияқты қатардағы жауынгер Шак та Цицерондағы (Иллинойс штаты) үйінде ештеңеден хабарсыз жатқан еді. Оларға алдымен Англияға, кейін ол жақтан Францияға аттануға бұйрық берілді. 1918 жылы 17 шілдеде полк Нью-Йорктен трансатлантикалық  жорығына аттанып жатқан кезде ғана президент Вудро Вильсон Франция мен Ұлыбританияның қысымынан кейін, амалсыз (кейін жақын кеңесшісіне жазғанындай «жүрегі қан жылап тұрып») Ресейдің ішкі ісіне араласуға ресми шешім қабылдады. «Одақтастар  бір ай бойы  Вильсонды большевиктерге қарсы тұруға үгіттеді, – дейді  Лафайет қаласындағы Луизиана университетінің тарих ғылымдарының профессоры Карл Ричард.  – Ол Парижге неміс  снарядтары түсе бастаған кезде амалсыз келісті».

339-шы полк «ақ аюларының» алғашқы легі Архангельсктегі Ақ теңіз портына 1918  жылы 6 қыркүйекте британдық HMT Somali , HMT Tydeus және HMT Nagoya кемелерімен жеткізілді. Америкалық жауынгерлер әуелде Франциядағы немістермен соғысамыз деп ойлады. Кеңес большевиктерімен шайқасатындарын олар кейін білді. Фото:  МИЧИГАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ BENTLEY ТАРИХ КІТАПХАНАСЫНАН

БЫЛҒАРЫ ҚОЛҒАПТАР МЕН ЖҰПАР ИІСТІ ШЫЛЫМДАР

 «Аюлар» Архангельсктегі Ақ теңіз айлағына 1918 жылы 5 қыркүйекте келіп түсті. Мұнда жеткенше испан тұмауы кеме бортында болған ондаған адамның өмірін қиды. Сол уақыттары Сібірдегі ақтарды қолдауға тағы 8 мыңдай америкалық  жауынгер жіберілді. Бұл кезде Архангельск ағылшындардың бақылауында болғандықтан, 339-шы полкке большевиктерге шабуыл жасап, оларды қаладан шамамен 300 шақырымнан (200 миль) әріге шегіндіру туралы бұйрық берілді.   

Одақтастар әскері жауды Мәскеуден 700 шақырымға жуық (450 миль) қашықтықта орналасқан Усть-Паденгаға дейін тықсырды. Қатардағы жауынгер Шактың  шіркеуге қарап тұрған суреті 1919 жылы 7 қаңтарда  дәл осы жерде – Америкалық әскердің Ресей аумағында бұрын-соңды құрған ең алдыңғы шебінен түсірілген. Осыдан үш апта бұрын Қызыл әскер тұтқындаған шіркеу қызметшісін Кеңесті жақтаушылар өлтірген болатын. Сол кездің газеттері оның басы кесіліп, іш-құрылысын алып тастаған денесіне қамыс тығып, қатырып қойғаны туралы жазды.  

Ресей, 1918 жылғы 29-қыркүйек. Солтүстік Ресей ормандары мен батпақтарын басып өткен 339-шы полк жауынгерлері қысқа мерзімді демалыстан соң, «қызылдарды» талқандау үшін азамат соғысы жүріп жатқан Ресейдің Обозерск маңында кетіп барады. Америка әскерилері Эрнест Шеклтонның идеясымен тігілген арнайы бәтіңке киген. Бұл аяқкиім қарда ыңғайлы болғанымен, солтүстік Ресей батпақтарына келгенде өте қолайсыз болып шықты. 
Фото: МИЧИГАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ BENTLEY ТАРИХ КІТАПХАНАСЫНАН
Қатардағы жауынгер Чарльз Мок бөренелерден асығыс жасалған бекіністе күзетте тұр. Сол кездің бір большевик-жауынгері айтқандай, америкалықтардың бекінісі «Қызыл армияның сауатсыз сарбаздары мен командирлері үшін алынбас қамал» болып есептелді.
339-шы полк пулеметшілері блиндаж жасау үшін бөрене кесіп жатыр.  Ресей жауынгерлері Америка әскері жақсы жарақталғанына, шоколадты батон және «шынтаққа дейінгі тері қолғаппен»  қамтылғанына назар аударған.

Большевиктер америкалықтарды пулеметпен шіркеу қоңырауынан атқылады. Фото түсірілген сәттен 14 күн өткенде лейтенант Гарри Мидтің взводы  Шак тұрған бекініске орнықты. Келесі күні, яғни  19 қаңтарда Мид пен оның сарбаздары Американың Ресейдегі жорығының ең қайғылы жеңілісіне себепкер болды. Лейтенант Мидтің немересі Присцилла Мид атасының осы тарихи оқиға туралы жазып қалдырған күнделігін сақтап қалған.

«45 градусты көрсеткен қақаған суықта Қызыл әскер 1300 жауынгерімен шабуылға шықты. «Мен таңғы 05.30-да артиллерия дауысынан ояндым, – деп жазды Мид. – Не болғанын білмекке сыртқа атып шыққанымда, тура штабымыздың үстінде бытыралы снаряд жарылды. Бекіністі қорғаған 47 сарбаздың 25-і қаза тауып, 15-і жараланды». Лейтенат Мидтің айтуынша, сол күннен кейін шашы ағара бастаған. Сірә, майданның қарсы шебіндегі шіркеу қоңырауынан бақылаған орыс әскері үшін одақтастар жасағының тұрмыс жағдайы кісі қызығарлық болған сияқты. Қызыл әскер Александр Быков өз естеліктерінде қарсыластарының «байлығын» тізіп жазған. «Америкалықтар… берік бекініс, ағаш үй салды, ор қазып, байланыс желісін жасады. Бекіністері Қызыл әскердің сауатсыз командирлері мен сарбаздары үшін алынбас қамал деп есептелді, – деп мысқылдай жазды ол. –  Шинель,  шынтаққа дейін келетін былғары қолғаптар киген, әр сарбаздың бес жүн жамылғысы, күртешелерінің қалтасында шоколадты батондар..,  шеккендері жұпар иісті шылым».

АҚШ әскерінің байланыс корпусы түсірген фотода шамамен 1918–1919 жылдардағы орыс артиллериясының шабуыл бейнеленген. Америка мен Ресей әскерінің қақтығысы АҚШ-та іс жүзінде ұмытылып кетті. Бірақ ол Украинаға басып кіргелі оқшауланып жатқан Ресейде қайта жаңғыра бастады.
Фото: МИЧИГАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ BENTLEY ТАРИХ КІТАПХАНАСЫНАН

Ұмықан жоқ, кешірмеді де

Америкалық жауынгерлер шамамен 1919 жылдың алғашқы айларында «Ресейде не істеп жүрміз?» деген сұрақ қоя бастады. І дүниежүзілік соғыс былтыр, 11 қарашада аяқталды. Енді шығыс майданын ашудың қажеттілігін жоқ. «Одақтастар әуел бастан большевиктерден гөрі, немістерден көбірек қауіптенді. Бірақ бейбіт бітімнен кейін Ресейде қалудың мақсаты Кеңес өкіметін құлату болды», – деп түсіндіреді Карл Ричард.  

АҚШ  президенті Вудро Вильсон Конгресске және жергілікті халыққа америка сарбаздарының не себепті Ресей аумағында қалып қойғаны туралы ештеңе айтпады. Үлкен соғыс аяқталғанымен, әрі қарай ілгерілеуге мүдделілік бар еді. Алайда Ресейдегі азамат соғысының беталысына ықпал етуге талпыныс бос әурешілік екені анық болғанда, 1919 жылдың 15 маусымында америкалық  әскер Архангельскті тастап шықты. Шетелде соғысқан майдангерлер миссиясы араға он жыл салып, орыс жерінде қалған 86  сарбаздың сүйегін тапты. 27 жауынгер әлі күнге із-түссіз жоғалғандар санатында.

Солтүстік Ресей майданында қаза болған сарбаздардың бейіті.  1918 жылғы 16 қыркүйекте суретке түсірілген. Он жылдан кейін шетелде соғысқан майдангерлер миссиясы  Ресей жерінен 86 сарбаздың сүйегін тапты, 27 жауынгер әлі күнге  із-түссіз жоғалғандар санатында.
Фото: МИЧИГАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ BENTLEY ТАРИХ КІТАПХАНАСЫНАН

Филлип Найтли 1975 жылы жарық көрген «The First Casualty»  (Алғашқы құрбан)  атты кітабында Америка қоғамы 1919 жылдары экспедиция туралы ақпараттан мақұрым болғанын жазды. «Басылымдар бұл әскери қимылдар туралы мүлдем аз жазды, – дейді Филлип Найтли – Сол кездегі газет оқырмандары ғана емес, осы заман студенті де интервенцияны басу жолындағы отандастарының  рөлі туралы тарих кітаптарынан тұшымды ақпарат таба алмайды».  Найтли тіпті Columbia Encyclopedia 1943 жылы  «Америка әскері одақтастар мен большевиктер арасындағы әскери қимылдарға қатысқан жоқ» деп жазғанын да еске салды.

Сондықтан болар, Ресей көшбасшысы Никита Хрущев 1959 жылы Лос-Анджелесте 20th Century Fox студиясындағы кездесуде одақтастар Ресей аумағына басып кіргенін еске алғанда, оны ешкім түсінбеді.  Хрущев:  «Сіздердің қарулы басқыншылықтарыңыз біздің елдеріміздің қарым-қатынасында бұрын-соңды болмаған ең келеңсіз оқиғаның бірі болды», – деген еді сол кезде.

Контр-адмирал Кемп Толли 1969 жылы Америка қоғамына: «Құрама штаттарда елеусіз, тіпті әлі күнге дейін мәні жете түсінілмеген осы «қалта соғысы» АҚШ-Кеңес қарым-қатынасының тұтас бір кезеңінің бұзылуына әкелді. Ал Кеңес Одағында бұл әлі күнге ұмытылған жоқ, кешірмеді де», деп мәлімдеді.     

Керісінше, одақтастардың бір кездері басып кіргені қырғи-қабақ соғыс уақытында Ресей тарихы мен насихатында айрықша рөлге ие болды. Тіпті батысқа достық рәуіштегі Михаил Горбачевтің өзі одақтастарды сынағанда осы оқиғаны бетке баспай тұра алмады.

Ғасыр бұрынғы ишарат па?

Кеңес Одағы құлағаннан кейін осы бір түсініксіз қақтығыс туралы ақпараттар Ресейдің өзінде де көмескі тартты. Бұған Батыс елдерімен жақындасуға деген үміт ықпал еткен болуы да мүмкін. Алайда соңғы 15 жылда ресми Мәскеу мен Уашингтон арасындағы қарым-қатынастың нашарлауы жағдайында тарихтың осы беті қайта жаңғыртыла бастады.         

Одақтастардың әрекетіне Ресей тарапынан баға берген Алексей Сухановский «The Bayonet Decides»  атты кітабында «Кеңес Үкіметімен бірге оның идеологиясы да жойылды» деп жазды.  «Бүгінде Ресей мен Батыс арасындағы қарым-қатынастың ушығып тұрғанын ескерсек, бұл оқиғаны осыдан 105 жыл бұрынғы ескерту деп бағалауға болады».  Алексей Сухановский Кеңес Одағы тұсында Архангельск аймағында оқытылатын оқулықтарда 1918-1919 жылдардағы басқыншылық туралы арнайы бөлім болғанын, онда барлығы анық жазылғанын айтты. Бұл бөлім жуырда жергілікті мектеп бағдарламасына қайта енгізілген.   Егер АҚШ-та бұл оқиға ұмытылып  кеткен болса, Ресейде жадыны жаңғырту саяси жағдайларға байланысты жүріп жатқан сыңайлы. «Ақ аюлар» жорығы Құрама штаттар мен Ресей қарым-қатынасындағы барлық келеңсіздіктің түп негізі  болды деу, әлбетте дұрыс болмас. Алайда тарихшы Карл Ричард айтпақшы: «әу баста-ақ бәрі сәтсіз басталған еді».

Автор: Андреа Прада Бьянки

Материалда қолданылған фотолар МИЧИГАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ BENTLEY ТАРИХ КІТАПХАНАСЫНАН