6Дек

Отбасымен демалуға болатын Дубайдағы 10 орын

Дубай – отбасылық демалысқа керемет қолайлы қала, бұл жақтан әртүрлі жастағы саяхатшыларға арналған ерекше әрі қызықты орындарды табуға болады. Бас айналдыратын таңғажайып аттракциондар, танымдық мұражайлар, акуапарктер мен әдемі жағажайлар балалармен қатар, өздеріне де тамаша демалыс іздеген ата-аналарға ғаламат әсер сыйлайды. Ендеше біз сіздерге жанұялық саяхатты ұмытылмастай өткізуге болатын 10 ерекше орынды ұсынбақпыз.

Dubai Miracle Garden

Дубайдағы Ғажайып бақ аты айтып тұрғандай, мұнда келген туристерді әр басқан қадам сайын әдемі гүлдер топтамасымен таңғалдырады. Саябақта 250 миллионнан астам өсімдік түрі қолданылып, ерекше композициялар жасалған. Олардың қатарында Микки Маус мүсінінен бастап, Гиннесс рекордтар кітабына енген қосқабатты Airbus A380 ұшағына дейін бар. Сонымен қатар мұнда әлемдегі ең ұзын, 22 миллион өсімдіктен тұратын гүлді қабырға орналасқан. Жалпы, бақта серуендеп жүріп, бұдан да басқа ерекше дүниелерді тамашалай аласыз. Саяхатты жоспарлағанда Miracle Garden-нің мамырдан қыркүйекке дейін жабық болатынын ескерген жөн. Өйткені бұл мезгілдегі Дубайдың ауа райы ашық алаңдардағы демалыс үшін тым ыстық болады.

Дубай аквариумы  

Әлемдегі ең ірі океанариумдардың бірі әйгілі Dubai Mall сауда орталығында орналасқан. 10 миллион литр суы бар аквариумда 50 метрлік туннель салынған. Оның ішімен жүріп, суасты тіршілігін, яғни 30 мыңнан астам теңіз жануарын тамашалауға болады. Аквариумның үстіндегі хайуанаттар бағында пингвин, жылан және басқа да жануарларды жақыннан көруге мүмкіндік бар. Мұнда балаларға арналған танымдық қойылымдар мен қызықты шоулар тұрақты өткізіліп тұрады. Сондай-ақ сіз аквариумның алып сыртқы панелінен балықтар, скаттар мен акулаларды басқа жерге бармай-ақ тегін көре аласыз.

IMG Worlds of Adventure

Бұл – фильмдер мен мультфильмдерді ұнататындарға арналған ерекше тематикалық ойын-сауық саябағы. Ол Marvel және Cartoon Network әлемінде саяхаттап жүргендей әсер сыйлайды. Бұл жақтан аттракциондардың қарапайым түрін де, нағыз экстремал түрлерін де таба аласыз. Аумағы 28 футбол алаңымен тең саябақта кафе, мейрамханалар мен кәдесый дүкендері де бар. Сондықтан мұнда бір күннің өзін толықтай қызықты өткізуге болады. 

Kite Beach

Дубайдағы отбасылық демалысқа арналған ең танымал жағажайлардың бірі. Мұнда кіру тегін. Инфрақұрылымы өте жақсы дамыған жағажайда судағы түрлі ойын-сауық пен ойын алаңдары бар. Ашықсаңыз, фудтрактерден дәмді тағамдар мен сусындар таңдап алуға болады. Жағажайда құтқарушылар жұмыс істейді. Сондай-ақ онда Wi-Fi, киім ауыстыру кабиналары, душтар мен тегін дәретханалар да қарастырылған.

Дубай субұрқағы

Әлемге әйгілі әуендердің ырғағымен биікке көтерілетін су биін жүзетін платформада 20 дирхамға немесе жағалауға жақын орналасқан мейрамханалар мен кафелерден көруге болады. Әртүрлі жастағы көрерменнің бәрін ерекше әсерге бөлейтін керемет шоу күндіз сағат 13:00 және 13:30-да, ал кешке жұмыс күндері 18:00-ден 22:00-ге дейін, демалыс күндері 18:00-ден 23:00-ге дейін әр 30 минут сайын болады. Шоу, әсіресе, күн батқаннан кейін әсерлі көрінеді, десе де күндізгі уақытта да қуанышты көңіл күй сыйлайтыны анық. Субұрқақты тамашалау сәтін сіз Бурж-Халифаға көтерілумен, Dubai Mall-ды аралаумен немесе Даунтаунда серуендеумен тамаша үйлестіре аласыз.

Dubai Parks and Resorts

Бұл жоба аясында үш саябақ желісі біріккен. Олар: киномандарға арналған Motiongate, әйгілі құрастырғыштар жанкүйерлеріне Legoland және жақында ашылған испандық футбол командасын сүйетіндерге арналған Real Madrid World. Сондай-ақ онда 2-ден асқан кішкентай қонақтарға арналған су сырғанақтары бар. Егер барлық ойын-сауық түрімен танысуға бір күн жеткіліксіз деп ойласаңыз, сол аумақтағы жергілікті қонақүйлердің біріне орналассаңыз болады.

Әл-Фахиди ауданы

Бұл тарихи ауданда серуендеу – Дубайдың өткеніне үңіліп, тарихымен танысу үшін тамаша мүмкіндік. Мысалы, монеталар мұражайына бас сұқсаңыз, Таяу Шығыстан жиналған көне әрі сирек қазынаны өз көзіңізбен көре аласыз. Бұл мұражай интерактивті экспозициясымен жас келушілерге ерекше ұнайды. Өйткені ондағы сенсорлы экрандарға қол тигізіп, қаржы тақырыбына қатысты қызықты деректерді білуге болады. Эмират тарихымен танысу сапарын XIX ғасырдың соңында салынған Саид әл-Мактумның үйінде жалғастыруға болады. Билік еткен әулеттің бұрынғы резиденциясы бүгінде мұражайға айналған. Онда қала өмірін баяндайтын артефактілер мен фотосуреттер қойылған. Ата-аналарға айта кетер жағымды жаңалық – мұражайға кіру тегін.

Green Planet

Green Planet – төрт қабаттан тұратын ерекше зообақ. Бақ орталығында 25 метрлік ағаш өсіп тұр. Оның бұтақтарында лемурлар мен маймылдар ойнап жүреді. Саябақ аумағында барлық жан-жануар өз қалауынша қозғалып, құстар емін-еркін ұшып жүреді. Сондықтан иығыңызға кенеттен тотықұс қона қалса, таңғалмаңыз. Сонымен қатар Green Planet-те күн сайын сағат 13:00-де тропикалық жаңбыр жауады. Саябақта балаларға  дәрістер мен шеберлік сыныптары ұйымдастырылады, ал ата-аналарға арналған йога және медитация сеанстары бар. Green Planet-тің ресми сайтынан өтетін іс-шаралар кестесін алдын ала бақылауға болады. 

Aquaventure Waterpark

Бұл – Дубайда орналасқан әлемдегі ең үлкен аквапарк. Айта кетсек, Aquaventure Waterpark тағы да бірнеше рекордқа ие: мұнда отбасылық рафтингке арналған әлемдегі ең ұзын әрі  ең биік  TornadoWAVE су сырғанағы бар. Аквапарк аумағында экстремал ойындарды ұнататындар үшін жүзден астам аттракцион жұмыс істейді. Нағыз адреналинді сезінгіңіз келсе, Leap of Faith тік, мөлдір қабатты құбыры арқылы акулалар мен скаттары бар аквариумның ішінен өтсеңіз болады. Ал тыныш, жайлы демалысты қаласаңыз, ұзындығы екі шақырым болатын «жалқау өзен» жанында тамаша уақыт өткізе аласыз. Сондай-ақ Aquaventure балаларға арнайы Splashers интерактивті аттракционын ұсынады.

Болашақ мұражайы

Бұл мұражай ересектерге де, балаларға да қызықты болатыны сөзсіз. Оның экспонаттарының арасында ертегі кейіпкерлерін еске түсіретін (болашақ болжамымен жасалған) роботтар бар. Мысалы, мұражайда робот-ит бар, ал төбеде ұшатын дельфин қалықтайды. Сондай-ақ мұражайда келешекке сапар шегіп, планетаның 50 жылдан кейінгі көрінісін тамашалауға мүмкіндік беретін арнайы залдар бар.