3Қар

Күйеу там кесенесі

Үш жүз алпыс екі әулиелі Маңғыстаудың дархан даласында орналасқан Күйеу там кесенесі – XII-XIII ғасырлардағы ескерткіштердің бірі.

Кесене ашық далада, Маңғыстау облысының Маңғыстау ауданындағы Сенек ауылынан 40 км солтүстік-батыс бағытта, Шопан-ата қорымының батыс жағында орналасқан. (https://mangystau.inmap.kz/kz/places?title=kuyeu_tam_kesenesyi_724)

Үлкенге құрмет, кішіге ізет – дана ата-бабамыздың ықылым заманнан бері ұстанып, сақтап келе жатқан керемет дәстүрі. Күйеу там кесенесі сол дәстүрдің айғағы деуге болады.

Аты айтып тұрғандай, бұл кесене Шопан атаның Баһадүр деген күйеу баласына қойылған. Сондықтан Шопан атаның басына барып, зиярат етуге ниеттенгендер алдымен Күйеу тамға келіп аялдайды. Адамдар бұл жерге ақ байлап, садақа тастайды. Бұл дәстүрдің мәні күйеу балаға деген үлкен құрметтен бастау алған. Содан кейін ғана төмендегі Шопан ата қорымы және жер асты мешітіне барады.

Шопан ата – ХII–ХIII ғасырларда өмір сүрген, сопылық ағымды таратушылардың бірі.

«Шопан» дегенде неліктен «қойшы» сөзі бірінші болып тілге оралады?

Аңыз бойынша Шопан ата Ахмет Ясауи сопының шәкірті болған және күндердің бір күнінде ұстаз өзінің барлық шәкіртін жинап, дүние жүзіне ислам дінін, сопылық идеяны уағыздауға тапсырма береді. Шәкірттер уағыз жасайтын жерді анықтау үшін садақтарын тартады.  Шопан атаның жебесі осы Маңғыстаудағы Баян деген байдың жеріне түсіпті. Шопан ата әлгі байдың қойын бағуға жалданады. Бірақ Баян оның мұнда келуінің негізгі мақсатын түсініп, Шопан атаға өз қызын тұрмысқа береді. Жылдар өтіп, Шопан ата осы жерде жерасты мешітін салады. Сол себепті де «шопан» сөзі халық ұғымында «қойшы», «қой бағушы» ретінде қалған.

Күйеу там ескерткішінің сырты төртбұрышты сағана түрінде, қарайым үлгіде қаланған. Кесене қабырғаларында түрлі жан-жануардың бейнесі, адам қолының таңба-ізі, көкке ұмтылған барыс, алақан, қылыш пен қанжар суреттері ойылып салынған. Қазіргі таңда кесене жергілікті маңызы бар қасиетті орындар қатарында.