3Қар

Көгілдір шығанақ

Киелі Маңғыстау өлкесінде көпке танымал емес, бірақ нағыз табиғаттың тылсым күшімен өмірге келген туындылар өте көп. Шатқалдар, ерекше бейнелі жартас, өрнекті сай, табиғи тирамису, бір-біріне ұқсамай түзілген жыралар.

Мәселен, маңғыстаулықтарға «Голубая бухта» немесе «63 шақырым» атауларымен танымал Көгілдір шығанақ – ерекше сұлулығымен туристердің жүрегін жаулаған жабайы жағажайлардың бірі.

Ерекшелігі сонда, мөлдір таза суы мен алтын түстес топырағы шебер үйлескен туристік аймақты жартастар толықтырып, пейзаждың бояуын қанықтыра түскендей.

Маңғыстаудың інжу-маржаны саналатын бұл жағажай Ақтаудан Форт-Шевченкоға барар жолда орналасқан. Өз көзіммен көремін деген жандар үшін нақтылап кетсек, Форт-Шевченкоға 63 шақырым жол жүріп, солға бұрылу қажет және қара жолмен тағы 10 шақырым жүрсеңіз, керемет пейзаж көрінісі ашылады. Ең бастысы, жағажайға жол талғамайтын көлікпен барғаныңыз жөн. Жағажайға ең жақын ауыл – Қызылөзен. Ол солтүстікте Көгілдір шығанақтан 33 шақырым жерде, ал Түпқараған түбегі 30 шақырым жерде орналасқан.

Таулы-жартасты мекен – осыдан бірнеше жыл бұрын тек жергілікті тұрғындарға танымал демалыс орны болған, ал қазір туристердің де сүйікті орны. Әсіресе, күн жылыда демалушылар шатыр тігіп, бірнеше күн аялдайды. Себебі жаздың жайдары күндерінде теңіз суы ерекше көгілдір түске боялады.

Сонымен қатар жағажай айналасында дала өсімдіктері, бұталар және жусандар жайқалып өседі. Ал күзде мұнда жидек теруге болады.

Құмды жағажай болғандықтан жылан, тасбақа, кесірткелерді жиі кездестіресіз. Аққулар, жабайы қаздар мен үйректерді көруге болады.  Сәт түсіп жатса, шығанақ маңына жайылып келген қарақұйрық не ақбөкен үйірін де алыстан көріп қалуыңыз мүмкін.

Жағажайға жақын жерде тағы бір қызықты нысан бар. Жұрт арасында «Чертов палец» атанып кеткен бұл жер дайвинг спортына әуестер үшін таптырмас орын, себебі бұл жердің суы мөлдір әрі тазалығымен ерекшеленеді.   Мальдив аралдарынан кем түспейтіндей осы «Көгілдір шығанаққа» келіп жатсаңыз,  демалыстан соң артыңызда қоқыс қалдырмау қажеттігін де еске сақтаңыз. Табиғаттың тазалығы, айналып келгенде, баршамыздың игілігіміз екенін ұмытпайық.

Фото: Ерболат Шадрахов