24Шіл

Шопан ата

          Шопан ата жер асты мешіті мен қорымы – Маңғыстауға табан тіреген жанның ең алдымен барып көретін, зиярат ететін киелі орындарының бірі, сопылық сәулет өнерінің үлгісі.

          Ол Маңғыстау облысының Қарақия ауданына қарасты Сенек ауылынан солтүстік батысқа қарай 20 шақырым жерде бағзы Хорезм керуен жолының бойында орналасқан. Қорымда ортағасырлық түрікмен және қазақ мәдениетіне тән көне қоршаулар, сандықтас, қойтас, құлпытас тәрізді түрлі ескерткіш бар.  

          Жартастан ойылып жасалған мешіт бір-біріне жалғасқан 12 шағын бөлмеден тұрады. Әр бөлме әртүрлі мақсатқа пайдаланылған. Мәселен, бірі діни рәсімдер өткізуге, екіншісі балаларды оқытуға, ал енді бірі тұрмыстық қажеттілікке арналған. Мешіттің көлемі 7,1х5,1 метр болып келетін үлкен залына төбеден тесілген диаметрі 1,5 метр ойық арқылы жарық түседі.

Бөлменің дәл ортасындағы ұзындығы 1,5-1,8 метр ағаш қойылған жер киелі саналады. Сол жақ қабырғаның астынан тереңдетіп қазылған қабірханада Шопан-ата жерленген. Ал сыртқа шығатын есіктің тұсындағы екі қабір Шопан-атаның қызы мен зайыбына тиесілі. Орталық залдың оңтүстік және батыс қабырғасынан зиярат етушілерге арналған екі кең бөлме ойылып жасалған.

          Мешіт ауласында құдық пен кейінірек салынған екінші бір мешіт көрінеді. Кіреберіс тұста зәулім тұт ағашы өсіп тұр. Жұрт арасында оны үш рет айналсаң, бүкіл ауру-сырқаудан арыласың деген сенім орныққан.  Ағаштан шығысқа қарай басқа да жерлеу орындары бар.

          Ел арасына тараған аңыздарға сүйенсек, Шопан ата – Қожа Ахмет Иасауидің шәкірті, Бекет атаның ұстазы болған әулие кісі. Ол ұстазының нұсқауымен Маңғыстау өлкесіне сопылық ілімді таратқан.

          Аңыз бойынша, бір күні Қожа Ахмет Иасауи оқу аяқталған соң шәкірттерін жинап алып, әрқайсына жебелерін шаңырақтан асыра атуды тапсырады. Кейін олар өздерінің жебесі қадалған жерге барып, мешіт тұрғызып, сопылық ілімді насихаттауы керек. Сәйкесінше Шопан атаға тиген орын Маңғыстау даласы болған екен.

          Қазіргі мешіт тұрған жер сол заманда Баян деген байға тиесілі болыпты. Мешіт салуға келген Шопан ата оның қойын бағып беруге келіседі. Ақысын бай әр ақ қозы туған сайын төлеуді ұсынады. Бірақ бір отар ақ қой жиналып қалғанына қарамастан, Баян бай Шопан атаға ештеңе татырмапты. Сараңдығы күшейіп, келер жылы қара қозылар ғана туса, төлеймін дегенді айтады. Сөйтіп келесі жылы қораға қара қозылар қаптаған екен. Мұны көріп қайран қалған бай Шопан атаның тегін адам емес екеніне көзі жетіп, бар байлығын берген деседі. Кей аңыздарда Шопан ата оның қызын алғаны да айтылады.

          Шопан-Ата мешітіне жыл сайын әр тараптан көптеген зияратшылар келеді, оның есімі бүкіл елге белгілі. Жолаушылар әйгілі Бекет-Ата қасиетті жерасты мешітіне сапарын Шопан-Ата қорымына барудан бастайды. Бұл дәстүр баяғыдан бері жалғасып келе жатыр. Аңыз-әңгімелерде Бекет-Ата мешітте түнеп жатқан кезде түсіне Шопан ата бейнесі еніп, аян берген делінеді.

Фото: Ерболат Шадрахов