Дубай – жылдың кез келген мезгілінде де демалуға қолайлы қала. Мұнда ешқандай ауа райына қарамастан, демалысыңызды есте қаларлықтай қызықты өткізуге көптеген мүмкіндік бар.
Құм төбелерге серуен
Құмды дөңдерде серуендеу кез келген туриске ұмытылмас әсер мен керемет эмоциялар сыйлайтыны сөзсіз. Өйткені бұл саяхатта сіз табиғаттың таңғажайып құбылыстарымен қатар, көз жауын алар көркем көріністер мен бай мәдени дәстүрлермен танысуға мүмкіндік аласыз. Жол талғамайтын көлікпен шөл далаға сапар шегіп, құмды төбелердің сұлулығын емін-еркін тамашалауға болады. Сондай-ақ сіз жолда бедуин ауылындағы ерекше таңғы ас немесе кешкі асқа тап болуыңыз әбден мүмкін. Егер солай боп жатса, хош иісті кофе ішіп, қыранмен аң аулау өнерін өз көзіңізбен көресіз. Әрине, шөл даладағы бұл саяхаттан ешкім құр қол қайтпайды. Себебі саяхатшылар таңертеңгі және күн батар алдындағы ең әдемі көріністі босқа жіберіп алмай, фотоға түсіп алуға тырысады.
Шөл далаға саяхат туралы толық ақпаратты http://www.visitdubai.com сайтынан біле аласыз.
Пальма Джумейра үстінде парашютпен секіру
Егер сіз демалыстан барынша адреналин іздейтін жан болсаңыз, мұндай экстремал қадамның сізге ұнайтыны сөзсіз. Бұл ғажап әсерді парашюттен секіріп қана емес, Дубайдың ең әйгілі ландшафтарының бірі атақты Пальма Джумейраның үстінен ұшып өткен кезде де сезіне аласыз. Мұндай мүмкіндікті ұйымдастырушылар – Skydive Dubai компаниясы. Егер бұрын парашютпен секіріп көрмесеңіз, оны тәжірибелі нұсқаушымен тандемде жасасаңыз болады. Сондай-ақ сізге бес адамдық топпен секіретін тағы бір қызықты нұсқаны ұсына аламыз. Экстремал шытырман оқиғаны жақсы көретін достар үшін – бұл тамаша мүмкіндік.
Шөл даладағы кемпиң
Бұл – ашық аспан астында түнеп, қол созым жердегі жұлдыздарға қарап, қиялға шомуға мүмкіндік беретін ерекше демалыс түрі. Қаланы сәл артқа тастасаңыз, жарқыраған аспан сұлулығын тамашалай аласыз. Мұнда мегаполистің у-шуға толы қарбаласын бір сәтке ұмытып, емін-еркін табиғатпен тыныстауға болады.
Түннің ашық, тынық болатынына көз жеткізу үшін алдын ала ауа райын тексеріп алған жөн. Сондай-ақ жылы киімдеріңізді алуды да ұмытпаңыз. Дубайдың аптап ыстығына қарамастан, шөл далада түн суық болуы мүмкін. Сондықтан өзіңізбен қалыңдау жемпір не жеңіл сырт киім ала салғаныңыз жөн.
Егер шөл даладағы кемпиңге қосылғыңыз келсе, Дубай астрономдар қауымдастығының веб-сайтына кіріп көріңіз. Олар жұлдыздарды бақылаумен қатар, аспан денелері туралы қызықты деректер беретін іс-шараларды жиі өткізеді.
Әл-Кудра велосеруендері
Әл-Кудра велосипед жолы – салауатты өмір салтын ұстанатын жандарға арналған ұзындығы 86 шақырымға созылған трасса. Бұл жол Дубайдан небәрі 30 км қашықтықта орналасқан. Мұнда жетудің ең ыңғайлы шешімі – жеке көлікпен келу. Ал автомобиль жүргізушілері үшін арнайы тұрақ қарастырылған.
Тек қана велосипедшілерге арналған бұл трасса бірнеше бағыттан тұрады. Сондықтан қауіпсіздікке алаңдаудың қажеті жоқ. Сонымен қатар веложол керемет табиғат көріністерімен де танымал. Сапар барысында антилопалар мен аравиялық тік мүйізді бөкен сияқты жергілікті жануарларды кездестіруге болады.
Маршрут Әл-Кудра көлінің жанынан өтеді. Бұл жерде демалып, қарақулар мен қоқиқаздарды тамашалай аласыз. Велосеруеннен кейін тұраққа оралғанда, душ қабылдап, жақын маңдағы дәмханадан тамақтануға мүмкіндік бар.
Парасейлиң: керемет көрініске куә болу
Дубайдың жағажайларындағы парасейлиң – бұл табиғаттың көркем көріністерін Парсы шығанағының биігінен тамашалауға мүмкіндік беретін ерекше демалыс түрі. Қатысушылар арнайы парашютпен қайыққа троспен бекітіліп, су үстінен шамамен 150-200 метр биіктікке көтеріледі. Мұндай сәтте уақытты қызықты өткізіп қана қоймай, әдемі панорамаларды жоғарыдан өз көзіңізбен көре аласыз. Сонымен қатар Айн-Дубай айналмалы дөңгелегі, әйгілі желкен пішіндес қонақүй Бурдж-әл-Араб, Марина көрінісі тұсынан да парасейлиңмен айналысуға болады. Арнайы дайындықты қажет етпейтін бұл демалыс түрі кез келген жастағы саяхатшылар үшін қолайлы. Әрі парасейлиң –ерекше кездесуге немесе маңызды күнге арнайы ұсынуға болатын таптырмас сыйлық.
Кайт-Бич жағажайындағы су спорттары
Ұзындығы 2,3 шақырымды құрайтын Кайт-Бич – Дубайдағы ең танымал жағажайлардың бірі. Ол шезлоңда жайбарақат жатып демалғанды ұнататындар мен спорт әуесқойлары үшін жайлы мекен саналады. Отбасылық демалысқа ыңғайлы фудтрактар, кафе және ойын алаңдарынан басқа, Кайт-Бичте белсенді демалысқа арналған көптеген мүмкіндік бар. Мұнда сіз вейкбордиң немесе кайтсерфиңмен айналысып, сап-бордпен жүзуді үйрене аласыз. Сонымен қатар жағажайда волейбол ойнап, жүгіру жолағында жаттықсаңыз болады. Айта кететін жайт, жағажайға кіру тегін.