25Дек

ТАРИХИ ҒИБАДАТХАНАЛАР

Италияның ауылдық жерлеріндегі ғибадатханалар, капеллалар мен киелі орындар – турист қаптаған қалалардан жырақта тынығу үшін таптырмас шешім.

Фото: Андреа Фразетта

ДЭВИД ГАГРЧИЧ киелі Ла Вернаны алғаш рет 1994 жылы барып көрді. Хорватиядағы жартылай итальян, жартылай хорват отбасында өскен Гагрчич ол кезде небәрі 14 жаста еді. Тоскана тауларының етегінде орналасқан монастырь оның өмірін мәңгілікке өзгертті. Ол католиктік діни қызметкер ретінде ант беріп, 2001 жылы қасиетті орынға бір жылға оқуға оралды. Тосканада жиырма жыл және Иерусалимде бір жыл қызмет еткеннен кейін ол тауға католиктік діни қызметкер ғана емес, онымен қоса Ла-Вернаның викары Давид аға ретінде оралды.
1260 жылы Әулие Францисктің алғашқы ізбасарлары негізін қалаған бұл қасиетті орын – жүздеген ғибадатхана мен монастырдың ішіндегі Италия жұртшылығы үшін ашықтарының бірі.

Ортағасырлық монастырьлар құдайы қонақтарын әрдайым күтіп, барлығына қауіпсіз орын ұсынатын. «Әулие Бенедикттің бұйрығы бойынша, қонақтарды Мәсіхтің өзіндей күту керек», – дейді The Sacro Speco («қасиетті үңгір») қасиетті орнының басшысы Dom Маурисио Вивера. Лацио тауларының орта тұсындағы жартасқа салынған бұл монастырь VI ғасырдың басында Әулиенің оқшауланып өмір сүрген орны еді. «Әулие Бенедикттің бұйрығы, – деп қосады Вивера, – бәріне, монастырьға тек сұлулығына тамсану үшін келгендерге де қатыс­ты. Ол тек сәлемдесумен шектелуге болмайтынын айтқан: қолыңызда барын үйіп төгуге міндеттісіз. Әулие Бенедикт нұсқауының жалпы мағынасы осында жатыр».

(Инктердің жоғалған қаласына сапар)
Гагрчичтің бағалауынша, Тосканадағы Касентинеси ормандары ұлттық паркінде Фальтерона тауы мен Кампиньяда орналасқан Ла Верна жыл сайын шамамен 600 000 келуші қабылдайды және мұның бәрі Әулие Францискпен тығыз байланысты. Бір ақсүйек 1213 жылы бұл тауды мұқтаждарға пана болатын орын ретінде Әулиеге сыйға тартқан көрінеді. Әулие Франциск бұл маңайға үңгір мен жартас арасында ой жүгіртіп, тау кезуге жиі келетін. Ол дәл осы жерде, 1224 жылы, стигмата (Мәсіх-
тің айқышқа шегелену кезінде алған қолдағы, аяқ пен бүйірдегі жарақатын қайталау) жасаған деседі. Автотұрақтан небәрі жеті-ақ минуттық жер сізді ғасырлық серуенге шығарады, ал күміс самырсын мен шамшат ағаштардың қалың шатырымен көмкерілген толқынды таулар күзде алтындай жарқырайды. Келушілер жартастың баурайындағы монастырьға жеткенде, XIII ғасырға – Франциск қайтыс болған соң ізбасарлары құрылысты енді бастаған кезге қайта оралғандай болады.
Келушілер жартастан 89 баспалдақ төмен түсіп, мүк басқан тастарға жетеді. Олардың біріне 1220 жылдары Фрацисктің қолы тиген. Ұзынқұлақтың айтуынша, ол Мәсіх айқышта қайтыс болған кезде шыққан дауыстай – ортасынан ойылған белгілі бір тасқа дұға етуді жөн көрген. Гагрчич үшін Ла Вернаның нағыз киелі орны жоғарыдағы монастырь емес, дәл осы жер. Ла Вернадағы көздегеніміз, «шіркеу­ден қонақ үйге көшу», – дейді Гагрчич.
Италияда монастырьлардың тек кейбірінде түнеуге рұқсат берілген. Бұлттар арасында қалқып тұрған Сакра-ди-Сан-Мишель Пьемонт Альпінде, одан 960 м төмендегі Суза Алқабының үстінде орналасқан. Оның бұралған мұнара қабырғалары тауға біткен пейзажды құшағына орап алғандай көрініс береді – бұл шапанымен сенушілерді аймалаған Әулие Мәриямның ежелгі портретімен үндесетін архитектуралық символ. Жергілікті гид Элиза Равариноның айтуынша, монас­тырь 1622 жылы таратылғанымен, Росмина орденінің діни қызметкерлері рухани ұшқынды қайта жағу үшін XIX ғасырда қайта көшіп келген көрінеді. Бүгінде зияратшылардан бөлек осынау таңғажайып мекенге әуес саяхатшылар мен аңғардың ежелгі жолымен жүріп көргісі келетін жаяу жүргіншілер де тұрақты келушілер қатарында.

Авторы: Джулия Бакли

Материалдың толық нұсқасын журналымыздың 2025 жылғы қаңтардағы санынан оқи аласыздар

Мына материалды да оқып көріңіз: Нөл градусты табу жолы