Материал Toyota Kazakhstan компаниясының қолдауымен дайындалды.
Бұйра бірқазан (Pelecanus crispus) – бірқазандар тұқымдасына жататын, сыртқы көрінісі мен тіршілік ету қалыбы ерекше құс. Ұя салатын жыл құстарының қатарына жатады. Сырт келбеті қызғылт бірқазанға ұқсайды. Басы мен желкесінде бұйра қауырсындары бар, алқымындағы тері қапшығы қызғылт сары, аяқтары қара сұр, көзінің айналасы ақшылдау.
Ұзындығы – 160-180 см, салмағы – 9-14 кг, ал қанатының құлашы 3 метрге жуықтайтын бұйра бірқазанның 2020 жылғы дерек бойынша Қазақстанда 1880–2000 шамасында жұбы ұя басады. Алакөл, Қорғалжын, Науырзым қорықтарының, Сарықопа мен Торғай қаумалдарының суқоймаларында қорғалады. Әлем бойынша саны 11400– 13400 төңірегінде.
Бұйра бірқазан IUCN (Халықаралық табиғат қорғау одағы) Қызыл кітабының «жойылып кету қаупіне жақын» санатына енген сирек құс. Ол Еуразияның оңтүстік бөлігіндегі көлемді суларды мекендейді. Ал елімізде Батыс Қазақстанда, Қостанай, Ақмола, Шымкент облыстарында және Зайсан қазаншұңқырының маңында тіршілік етеді.
Бұл құс көбіне көктемде ұя салып, жазда балапандарын өсіріп, күзде жылы жаққа қоныс аударады. Ұя салатын жерлерін көбіне тыныш, адамдардан алыс батпақты жерлер мен аралдардан таңдайды. Көшіп-қону кезінде олардың саны кейде 300-ден асады, бірақ ұя салатын жерлерге шағын топтармен немесе жеке-жеке келеді.
Олар негізінен ұяларын қамыс үйінділері мен қалқып жүретін су өсімдіктерінің үстіне салады. Ұя салу процесімен бірқазанның мекиені айналысады, ал аталығы оған қажетті материалдарды тасиды: шөп, тас, бұтақтар, тіпті ұзындығы 1 метрге дейін, ал жуандығы 5-7 см болатын үлкен таяқтар да қолданылады. Әтеш бірқазан бір тәулікте 25-40 рет ұяға керек-жарақты әкеле алады. Ұясын өз саңғырығын қолдана отырып, биік әрі ретсіз үйінді түрінде 3-4 күнде салып бітеді.
Бұйра бірқазандардың жұптары тұрақты. Жыныстық жағынан үшінші жылы жетіледі. Шағылысу процесі ұя салу барысында басталады. Құсойнақ кезінде әтеш бірқазан қанатын жайып, мекиеннің айналасында жүреді, бірде жақындап, бірде алыстайды. Су ішіне кіріп, біраз қашықтыққа жүзіп кетеді, қайтадан келіп аналықтың кеудесі мен мойнына жанасып, тұмсығымен оның қауырсындарын реттейді. Одан кейін бірқазандар жұптасады. Бұл процесс тәулік уақытына қарамастан, кейде тіпті түнде де 15 минуттық үзіліспен қайталанады.
Бұйра бірқазандар әдетте 2-3 жұмыртқа салады. Ақ түсті, қабығы кедір бұдыр жұмыртқаларының ұзындығы – 86-102 мм, ені – 53-65 мм, ал салмағы – 143-195 г. Мекиені негізінен жылына бір рет жұмыртқалайды.
Балапандар 39–40 күн ішінде жұмыртқаны жарып шығады. Бастапқыда олардың қауырсындары болмайды және көзі көрмейді. Терісі қызғылт, тұмсығының төменгі жағы ашық түсті, ал жоғарғы жағы қаралау болады. Балапандар өте жылдам салмақ қосады. Қауырсыны шықпаған болса да, салмағы ересек құстың өлшеміне дейін жетеді. Олар бірнеше аптадан кейін қанаттанып, өздігінен ұша бастайды.
Бұйра бірқазандар негізінен 2,5–3 кг болатын балықтармен (әдетте сазан, табан балық, алабұға, аққайран, қылыш балық) немесе шабақтармен қоректенеді. Олар әдетте таңертең немесе кешкісін су бетінде жүзіп жүріп, тұмсығын суға батырып, азығын аулайды. Қызығы, бірқазандар балықты жаппай аулау үшін топ болып әрекет етеді, бір-біріне көмектеседі. Бұйра бірқазандар аштыққа төзімді. 3-4 күн қоректенбеу олардың денсаулығына еш әсер етпейді.
Судың және топырақтың химиялық заттармен ластануы, қамыс шабу және өртеу, ұя басқан кезінде мазалау, балық қорының азаюы, қаскерлік (браконьерлік) – бұйра бірқазандардың азаюына әсер ететін негізі факторлар. Жыртқыш құстар, түлкілер және басқа жыртқыш жануарлар бірқазан жұмыртқалары мен балапандарына қауіп төндіруі мүмкін.
Бұйра бірқазандардың өмір сүру ұзақтығы – 35-40 жыл.
Бұйра бірқазан – табиғаттың керемет жаратылыстарының бірі. Оларды сақтау мен қорғау болашақ ұрпаққа осы ерекше құсты табиғаттың бір бөлігі ретінде көрсету үшін маңызды. Бұйра бірқазанның тіршілік ортасын қорғау арқылы біз экожүйенің тепе-теңдігін сақтап, табиғаттың байлығын арттыра аламыз.
Фото: Ерболат Шадрахов, National Geographic Qazaqstan
Автор: Сандуғаш Асылханқызы
Қызыл кітапқа енген басқа да түрлерді біле жүріңіз: Үкі
Материал Toyota Kazakhstan компаниясының қолдауымен дайындалды.