20Қаз

Қызғылт бірқазан

Материал Toyota Kazakhstan компаниясының қолдауымен дайындалды.

Қызғылт бірқазан (Pelecanus onocrotalus) – елімізде кездесетін бірқазандар тұқымдасына жататын екі түрдің бірі. Қазақстан Республикасының «Қызыл кітабына» І санатта енгізілген, жойылып кету қаупі төніп тұр.

Ал әлем бойынша Халықаралық табиғат қорғау одағының (IUCN) «қызыл» тізіміне «жойылу қаупі төмен» деген санатпен енгізілген.

Ну қамыс өскен су қоймаларының бойында кездесетін сулы-батпақты жерлерді, батпақтар мен таяз суларды мекендейді.

Фото: Ерболат Шадрахов

Қазақстанға ақпанның аяғынан мамырдың басына дейін ұшып келеді. Қазақстанда бұрындары Сырдария өзенінің төменгі ағысы мен Арал теңізінде ұялайтын болған. Алайда қазір ең ірі үйірі Каспийдің солтүстік-шығыс жағалауында, Сырдария өзенінің орта ағысында, Балқаш көлінде, Іле және Тентек өзендерінің атыраптарында, Сасықкөл, Қара ертіс өзенінің аңғарында ұялайды. Ал суық түсе салысымен қазан-қараша айларында олар Таяу және Орта Шығысқа, Жерорта теңізіне, Солтүстік Үндістанға, тіпті кейбірі Африкаға қарай қанат қағады.

Фото: Ерболат Шадрахов

Елімізде азаюына әсер ететін негізгі факторлар: су деңгейінің төмендеуі, азық-түліктің азаюы, судың пестицидтермен, басқа да ауыр металдармен ластануы. Сондай-ақ су жағасындағы қамысты отау, бақылаусыз балық аулау мен құстарды үркіту де олардың тіршілік ортасына  қайта келмеуіне себеп болып жатады.

Бірқазандар – әрі жүзе алатын, әрі ұзақ қашықтыққа ұша алатын ірі жыл құсы. Жарғақ табандары жүзуге жақсы мүмкіндік береді. Сирек ұя салады. Олар өте көпшіл, үлкен үйір өмір сүреді. Топ болып, сыналап ұшады.

Фото: Сергей Савви

Тұмсығының астында аулаған азығын жинауға арналған тері қалташасы бар. Таң ата жорыққа шығып, қорегін іздеп 100 шақырымға дейін ұшуы мүмкін. Қызғылт бірқазандар күніне 1-1,5 кг балық жейді. Балық негізгі азық қоры саналғанымен, онымен шектеліп қалмайды. Табылмаса, кез келген жеуге жарамды тіршілік иесін тамақ ете алады. 6-8 дарақтан тұратын топпен таға тәрізді тізбек құрып, азықты бірге аулайтын кездері де болады.

Қанатының ұзындығы – 64-77 см, құйрығы – 14-21 см, табаны – 13-15 см, тұмсығы – 30-45 см. Әтештері мекиендеріне қарағанда ірірек, салмағы 10 кг-ға дейін жетеді. Сирақтары қысқа болғанымен, өте күшті.

Фото: Ерболат Шадрахов

Әтештерінің мойыны ішке қарай иіліңкіреген, ал мекиендерінің тұмсығы қысқарақ әрі тік болып келеді. Әдетте жылына 1-3 жұмыртқадан сәуір-мамыр айларында салады. Ұясын жапырақтар мен қамыс сабақтарынан жасайды. Жұмыртқаларды әтеші де, мекиені де басады. Балапандар 33-39 күнде жарып шығады. Алғашында олар түксіз болады, алайда көп ұзамай қарақоңыр мамығы өседі. 2-2,5 айдан соң қауырсындана бастайды. Жыныстық жағынан 3-4 жасында жетіледі.

Материал Toyota Kazakhstan компаниясының қолдауымен дайындалды.