28Янв

Еменшіл сұлыкеш

Еменшіл сұлыкеш (Emberiza aureola) бір кездері сонау Финляндиядан бастап, Сібір арқылы Қиыр Шығысқа (Камчатка, Куриль аралдарына) дейін кең таралған сарыторғайдың бір түрі еді. Қыстау аймақтары Оңтүстік-Шығыс Азияны, соның ішінде Үндістан, Қытай және Таиландты қамтитын. Олардың саны миллиондап саналатын, бірақ соңғы уақытта саны күрт азайып, жойылу қаупі төніп тұр.

Еменшіл сұлыкештің дене тұрқы шамамен 14–15 см, салмағы 17–23 грамм. Негізгі ерекшелігі мойын тұсында алқа іспеттес қара қауырсындары болады. Аналықтары мен жас құстарының түсі күңгірттеу, бозғылт сарғыш болып келеді.

Азаю себептері

1980-жылдардан бастап еменшіл сұлыкештің саны үш ұрпақ алмасқанша (шамамен 11 жыл ішінде) 84,3–94,7%-ға төмендеп кеткен. Негізгі себебі Қытай мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде жаппай ауланғандығы – «күріш құсы» саналып, азық ретінде пайдаланылған.

Екінші себебі – ауыл шаруашылығы, урбанизация, батпақты құрғату әсерінен табиғи ортасының азайып кетуі.

Үшінші себеп – климат өзгерісі. 1997 жылы Қытай елі бұл түрді жаппай аулау мен саудалауға қатаң тыйым салды. Сонда да сұлыкештің саны тез төмендеп келеді. 2017 жылы Халықаралық табиғат қорғау одағының (IUCN) мәліметі бойынша «Жойылу қаупі жоғары» (Critically Endangered, CR) санатына енгізілді. Егер жағдай дәл осы қарқынмен жалғаса берсе, жақын онжылдықтарда сұлыкештің бұл түрі жер бетінен мүлде жойылып кетуі мүмкін.

Тіршілік ортасы

Қамыс, қоға, өзен аңғарларында тіршілік етеді. Шығыс ареалында – ылғалды шалғындар мен батпақтарды, батыс ареалында өзен жағалауларын мекендейді. Көзге түсе бермеуі мүмкін, бірақ ұябасар кезеңінде олардың өзіне тән әсем үнін естуге болады. Біз осы сұлыкешті Ертісті зерттеп жүргенде, 2023 жылы, Павлодар облысында өзенге жақын қамыстан кездестірген едік. 2024 жылы дәл сол аумақтарды су басуы себепті оларды байқай алмадық. Дегенмен аталған өңір сұлыкештердің ұя салуына әлі де болса қолайлы деп ойлаймыз. Қазақстанда  аз зерттелгендіктен, еменшіл сұлыкештің жағдайы белгісіз күйде қалып отыр.

Еменшіл сұлыкеш экожүйенің нәзік те маңызды индикаторы. Осы түрді сақтау үшін, ұя салатын, қыстайтын және миграция жолындағы бірнеше елдің бірлескен іс-қимылы маңызды. Бұл құстың жойылуына жол бермеу болашақ ұрпаққа табиғат байлығын сақтап қалудың маңызды қадамы болар еді.

Қызыл кітапқа енгізілген Бұйра бірқазан туралы да біле жүріңіз

Автор: Бекжан Бердіқұл, орнитолог

Фотолардың авторы: Құдайберген Әміреқұл