8Шіл

Көзге «күйік» болған қайран киік

Киіктің санын шектеу (реттеу) керек пе? Реттеу керек болса, онымен кім немесе қандай мекеме айналысуы керек? Бұл сұрақтың жауабы әзірге басы ашық күйінде қалып отыр.

Кеше, шілденің 7-сі күні астанада Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті ұйымдастырған, ғалымдар мен қоғам белсенділері, шаруалар мен аңшылық ұйымдар өкілдері қатысқан дөңгелек үстелде «Киік санын реттеу керек пе, жоқ па?» деген сауал төңірегінде әралуан пікір айтылды.

Алдымен сөз алған ресми орган – Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Нұрлан Қылышбаев өз баяндамасында киікке қатысты қазіргі жағдайға жалпы шолу жасай келе, Зоология институтының ғалымдары әзірлеген бионегіздемеге сәйкес, киік санын реттеу ұсынылып отырғанын айтты. Өйткені, басы көбейген киік санына орай сол аумақтағы азық қорының жетіспеушілігі байқала бастады. Соның салдарынан мал баққан, егін салған шаруалардың жеріне, жайылымына түсу арқылы ауыл экономикасына зиян келтіруде.

Бұл сөзді дөңгелек үстелге Батыс Қазақстан облысы шаруаларының атынан келген Бауыржан Сабанов та, ақмолалық диқандардың арызын жеткізген Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдiхалықов та қостап, киіктен қалай жапа шегіп жатқандарына кеңінен тоқталды. Олар да киік даланың киесі екенін жақсы түсінетінін, оның өсіп-өнуіне қарсы еместігін, бірақ қолындағы малы мен егініне қарап отырған халықты да түсіну керектігін алға тартып, оңтайлы шешім қабылдануы қажеттігін баса айтты.

Н.Қылышбаевтың сөзіне қайта оралсақ, киік тығыздығының артуы ашатұяқтыларда кездесетін эпизоотиялық аурулардың таралу ықтималдығын да күшейткен.  Осындай негізгі себептерге байланысты шаруалары шырылдап жүрген, саны шектен тыс өсіп кетті делініп отырған Батыс Қазақстандағы Орал популяциясының 10 пайызын және Қостанай, Ақмола облыстарын қамтитын Бетпақдала популяциясының 2,5 пайызын аулау арқылы азайту ұсынылып отыр. Бұдан күтілетін негізгі нәтиже – ауыл шаруашылығының жайылымдық және егістік жерлеріне түсетін қысым азаяды, киік популяцияларының санын реттеу тетіктері пысықталады әрі оның саны оңтайлы межеге дейін біртіндеп жеткізіледі.

Айта кетелік, 2022 жылғы санақ бойынша, еліміздегі киіктің жалпы саны 1 млн 318 мың болса, соның 801 мың басы – Орал,  489 мың басы – Бетпақдала, 28 мыңы Үстірт популяциясына тиесілі.

Антропогендік ықпал ескерілмеген

Білім және ғылыми министрлігі Ғылым комитетінің «Зоология институты» РМК Териология зертханасының меңгерушісі Алексей Грачев киік санына қатысты жоғарыдағы деректерді келтіре отырып, оның өсім қарқыны айтарлықтай жоғары, жылына 40 пайыз екенін атап өтті.

Дегенмен, Үстірт популяциясының саны әлі де қауіпті төмен деңгейде тұрғанын алға тартқан ол бірқатар мәселеге назар аударды. Мәселен, антропогендік ықпалды ескергендегі киік санының оңтайлы деңгейі қандай межеде болуы керектігі анықталмаған. Киік аулауды регламенттейтін нормативттік-құқықтық актілер жоқ. Яғни, аңшылық шаруашылықтарға квота бөлу тетіктерін, киік өнімдерін кәсіпшілік мақсатта пайдалану ақысын қарастыру керек. Киік дериваттарының айналымын бақылау механизмдері де жоқ деуге болады.

«Осы жайттарды ескере отырып, институт киіктерді пайдалануға салынған тыйымды 2025 жылға дейін ұзартуды және киік санын 2022 жылы өкілетті органның мамандандырылған ұйымының күшімен эксперименттік тәртіпте реттеуді ұсынады», – дейді А.Грачев.

Оның айтуынша, популяциядан алынуы (атылатын киік саны) тиіс киік саны Батыс Қазақстандағы Орал популяциясы санының 10 пайызына дейін, соның ішінде текелерінің  5%-ын, аналықтарының 47,5%-ын және биылғы төлінің еркек-ұрғашысын қоса алғанда, 47,5%-ынан аспайтын мөлшерін қамтуға тиіс. Ал Қостанай, Ақмола облыстары аумағында Бетпақдала популяциясынан оның жалпы санының 2,5%-ынан  аспайтын мөлшерде алу ұсынылады.

Ғалымдар сондай-ақ киіктің санын реттейтін ең оңтайлы кезең биологиялық һәм экономикалық тұрғыдан қыркүйектің 15-і мен қарашаның 30-ы аралығы деп отыр. Өйткені көктемде өрген лағы бұл кезде әжептәуір жетіліп, енесіне аса тәуелді болмайды.

Киік санын реттеумен қай мекеме айналысуы керек?

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Нұрлан Қылышбаев киік санын реттеу туралы шешім қабылданған жағдайда, киік аулау қызметін «Охотзоопром» мекемесіне жүктеу қарастырылып отырғанын айтты.

«Ғылыми қорытындыға сәйкес, киік санын реттеу оның биологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, өкілетті органның мамандандырылған ұйымының күшімен жүргізілуге тиіс. Киік санын реттеу нәтижесінде алынған, табиғи жолмен өлгендерінен жиналған, браконьерлерден және кеденде тәркіленген мүйіздерді өкілетті органның мамандандырылған ұйымына оларды міндетті түрде түгендеу және таңбалай отырып жинауға мүмкіндік беру қажет», – дейді комитет төрағасы.

Алайда оның айтқанына аңшылық ұйымдардың қарсы уәжі бар екен. Мәселен, «Охотзоопром» соңғы 20-30 жылда киік аулаумен емес, қорғаумен айналысып келген мекеме. Оның киік ату тәжірибесі де, материалдық базасы да жоқ. Мұндай міндетті орындау үшін оған бюджеттен қаржы бөлініп, қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етілуі керек. Бұл қып-қызыл шығын. Сондықтан, киік атуды осы іспен кәсіби тұрғыда айналысатын аңшыларға беру керек дейді аңшылық шаруашылық өкілдері.

Ал осы дөңгелек үстелге қатысқан «Шопан ата» қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев та «бұл мәселе бизнестің шаруасы, оған мемлекет араласпай, тек бақылау қызметін атқаруы керек» деген пікір білдірді.

«Охотзоопром» мекемесінің киік ату тәжірибесі, қажетті материалдық базасы жоқ екендігін мойындаймыз деген комитет төрағасы Н.Қылышбаев бүгінгі талқылаудың мақсаты жан-жақты пікірлер мен ұсыныстарды қарастыру екенін айтты.

Атуға болмайды

Табиғат жанашыры Сәкен Ділдахмет киік санын қолдан реттеу мақсатында атуға болмайды деп есептейді. Оның айтуынша, киіктердің соңғы 10-20 жылда табиғи тіршілік аумағы, олардың өрісі, миграциялық жолдарындағы жерлер жеке меншікке беріліп кетті немесе жолдар салу арқылы бұзылды. Сондықтан, алдымен мына мәселелердің шешімін табу қажет.

«Біріншіден, киіктер жайылатын жерлер, олардың табиғи көші-қон жолдары жеке меншікке беріліп кеткен болса, «ҚазҒарыштың» ғарыштық мониторингін қолданып, ревизия жүргізу арқылы қайтарып, қалпына келтіру керек.

Екіншіден, ешбір ғылыми негіздемесіз салынған жолдарды қайта тексеріп, олар киіктің табиғи жолдарын бөгейтін жерлерде қайтадан экодуктар салу қажет. Экодуктар киіктің ғана емес, басқа да аңдардың еркін миграциясына мүмкіндік береді. Ал киіктердің табиғи өріс аудару жолдары Қазақстанның 10 облысын қамтиды. Мал басы 40-50 милн болған Кеңес өкіметі кезінде киіктер малмен бірге емін-еркін жайылып жүрді, егіске түскен жоқ. Яғни, ол заманда киіктердің табиғи өріс жолдары бұзылған жоқ.

Үшіншіден, киіктердің ауруларын кешенді түрде зерттеу керек. Өкінішке қарай, 2015 жылы пастерелезден қырылғаннан кейін де оның шығу себептері зерттелген жоқ. Күні ертең тағы сондай індет шықса, қазіргі киік санынан оп-оңай айырылып қалуымыз мүмкін. Сондай-ақ киіктердің өрісінде скважиналар орнатып, суат мәселесін де шешу керек. Өйткені, шаруалар киік малдың суатына да ортақтасатынына шағымданып жатыр», дейді С.Ділдахмет.

Ол сондай-ақ дамыған елдерде жабайы жан-жануарлармен қатар өмір сүруге бейімделгенін, олар тарапынан келуі мүмкін шығындар тиісті құқықтық нормалармен реттелгенін  атай отырып, біздің елде де осындай мүмкіндіктерді ескеруге болатынын, шаруаларға киіктен келген шығындарды өтеу бойынша сақтандыру шарттарын, субсидия сияқты тетіктер қарастырылуы қажеттігін айтады.

 

Батыстағы киікті Бетпаққа көшірсек…

«Шопан ата» қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев киік мәселесі өте ауқымды шаруа екенін, оған Үкімет жақсылап дайындалу керектігін, биыл 80 мың тұрмақ, одан әлдеқайда аз бөлігін де игере алмайтынын, бұған қажетті қуаттылықтар жетіспейтінін атап көрсете отырып, батыстағы киікті Бетпақдалаға қарай айдауды ұсынды.

«Әр нәрсенің обалы бар. Киіктің санын реттейміз деп атуға кірісіп, оны дұрыс ұқсата алмасақ, обал деген сол болады. Сондықтан, батыстағы киікті Бетпақдалаға қарай айдайық. Бұған біздің «Шопан ата» шаруалар қауымдастығының батыс өңірдегі, орталықтағы барлық мүшелері көмектесуге дайын», – деген А.Садырбаевтың бұл ұсынысына Зоология институтының ғалымы Константин Плахов «неге көрмеске, мұны да байқап көруге болады» деп жауап қатты.

А.Садырбаев сондай-ақ диқандардың егістіктерін киік келетін тараптардан қорғау үшін киік бойындай ғана қоршаулар салу мүмкіндігін қарастыруды да ұсынды. Оның айтуынша, киік өз бойындай ғана кедергінің өзінен өте алмайды екен. Жаратылысы сондай.

***

Біз шілденің 7-сі күні nationalgeographic.kz  сайтымызда дөңгелек үстел туралы аңдатпа материалымызда «киік тағдырына қатысты нақты шешім осы талқылаулардан кейін қабылдануға тиіс» (қараңыз:  «Киік тағдыры талқыланатын күн» деп КИІК ТАҒДЫРЫ ТАЛҚЫЛАНАТЫН КҮН – nationalgeographic.kz ) деп жазған едік. Алайда дөңгелек үстелдің модераторы болған журналист Сергей Понамаревтің іс-шара басталмай тұрып ескерткеніндей, алда әлі талқыланатын мәселе көп екендігі анық болды. Сондықтан,  осы материалымызда дөңгелек үстелде айтылған негізгі ойларды барынша ықшам беруге тырыстық.

National Geographic Qazaqstan редакциясы бұл тақырыпты тұрақты назарында ұстап, материалдар беруін жалғастыра береді.

Осы тақырыпқа қатысты мына мақаланы да оқи отырыңыз:  Ақбөкеннің Африкадағы гнудан несі кем? – nationalgeographic.kz