Авторы: Эрик Алт
Фото: Инго Арндт
Тұмса табиғат фотографы Инго Арндт өміріндегі алғашқы үлкен құмырсқа илеуін бала кезінде, осыдан жарты ғасырға жуық уақыт бұрын Германиядағы үйінің маңындағы орманда әкесімен серуендеп жүріп көрген. Орман ішіндегі бір бұрылысты айнала бере 1,5 метрлік құмырсқа илеуіне тап болды. Төбесі шырша қылқандарымен жабылған төмпешікте бірі кіріп, бірі шыққан құжынаған құмырсқа.

Арндт мұқият зерттегісі келсе де, ерекше жағымсыз иіс жақыннан зер салуға мұрша бермеді. Өткір иіс мұрнын сірке суындай жарып жібере жаздады. «Сол бір иіс өмір бойы есімде қалып қойды», – дейді ол.
Есейген соң Арндт көп уақытын фотосурет түсіруге арнады. Кейін әйелі екеуі Германияның ауылдық жеріне көшіп келіп, қарағайлы ормандарында серуендеп жүргенде айналадағы табиғат Арндтың илеулер мен олардың кіп-кішкентай инженерлеріне деген қызығушылығын қайта оятты. Дене тұрқы жарты сантиметрдей болатын жәндіктер осындай үлкен құрылымдарды қалай тұрғызады? Неге олардан өткір иіс шығады?

Арндтың өз сұрақтарына жауап іздеуге құралы да, тәжірибесі де жеткілікті еді. Илеулерді жоғары айырымды камера және макрообъективпен суретке түсіріп, оларды зерттеушілермен бөлісе бастады. Илеу салушылар шынымен де ерекше болып шықты. Бұлар – ғылыми тұрғыдан, барлық «негізгі түрдің» (экожүйені біріктіріп тұратын организмдер) ішіндегі ең кішкентайының бірі – Formica тұқымдасына жататын қызыл орман құмырсқалары еді.
Табиғат қорғау мамандары піл мен акула сияқты негізгі түрлерге ерекше назар аударады, себебі олардың мінез-құлқы экожүйенің көптеген аспектісіне әсер етеді. Олар жойылса, экожүйенің бейімделуі қиынға соғады. Қызыл орман құмырсқалары әдетте Еуразияның қоңыржай бөлігі мен тайга ормандарында кездеседі. Бірақ кейінгі онжылдықтарда ормандарды отау, урбандалу, орман өрттері, сондай-ақ климат өзгерісі кесірінен жиі болатын құрғақшылық, температураның көтерілуі сияқты факторлар әсерінен құмырсқа илеулері азайып барады. Бұл құмырсқалардың таралу аймағындағы бірқатар елде, соның ішінде Германияда, оларды заңмен қорғалатын түрлер қатарына енгізуге әкелді.
Бүгінде Арндттың түсірген суреттері осы жәндіктердің түрлі өсімдік пен жануар түрлерімен симбиотик қарым-қатынас орнатудағы таңғажайып қабілетін көрсетеді. Осылайша, ол жасырынып жатқан жәндік әлемінің ғажайыптарын ашты.

Үлкен илеулер екі бөліктен тұрады: бірі жер бетінде, екіншісі жер астында. Қызыл орман құмырсқалары оларды топырақты үңгіп, қылқан жапырақтар, жапырақтар, қабықтар мен бұтақтарды жинау арқылы жасайды. Әрбір илеу үлкейген сайын жаңа кіреберістер, дәліздер қосып отырады. Бұл ұяларда 30 000-нан 16 млн-ға дейін жәндік тіршілік ететіндіктен, әлемдегі барлық құмырсқа түрінің ішіндегі ең үлкен жерүсті илеулері болып саналады.
Құпиясын бүгіп жатқан осы қоғамды тереңірек зерттеу үшін Арндт Франкфурттағы Сенкенберг табиғат тарихы музейі жанындағы зерттеу институтының энтомологі Бернард Сейферт пен Вөрзбүргтегі Юлий Максимилиан университетінің зоологі, профессор Эмеритус Юрген Тауцтың жәрдеміне жүгінді. Олар Арндттың фотосуреттері құмырсқалардың ормандағы тіршілікті таңғажайып түрде басқаратынын қалай көрсеткенін түсіндіруге көмектесті.
Мысалы, құмырсқалар өз құрсақтарының артқы бөлігіндегі у безінде құмырсқа қышқылын өндіреді. Илеу салғанда микробқа қарсы қасиеттері бар ағаш шайырын жинап, оған микробқа қарсы өз қышқылын себеді. Сөйтіп, микробқа қарсы екі зат қосындысын илеудің барлық жеріне таратып, бактерия мен саңырауқұлақ патогеніне қарсы қолданады.
Құмырсқа қышқылын өзге зиянкестерді, мысалы, шырша ормандарындағы жойқын зиянкестің бірі – қабықжегілерді (subfamily Scolytinae) жоюға пайдалануға болады. Ағаштарды әлсіретіп, жоюға әкелетін қабықжегінің азаюы бітелерге жақсы. Құмырсқалар бітелерді «сауып», өздерінің негізгі қорегі балшырынды алады.
Арндт құмырсқалардың бүркуіне кезекке тұрған үлкенірек жануарларды да фототұзақ арқылы суретке түсірді. Бір суретте орман қарғасы (Garrulus glandarius) илеуге қонып, құмырсқалардың шабуылдауына мүмкіндік беру үшін құйрығын жайып, жайбарақат тұрғаны бейнеленген. «Құмырсқалар орман қарғасын жау санап, қышқылын шашады», – дейді Тауц. Құстарға зиянсыз болғанымен, токсин олардың үстіндегі паразиттерін – кенелер мен биттерді әлсіретуге не өлтіруге жеткілікті. Мұндай әрекет көптеген құстың саулығын сақтауға көмектеседі.
Жағымсыз иіспен жүруге дайын кейбір шақырылмаған қонақтар көбірек артықшылыққа ие. Құмырсқалар әлеуметтік жәндік ретінде колониялар құрып, күрделі қоғам ұйымдастырады. Бірақ олардың илеуінде кене, өрмекші, шыбын сияқты түрлі жәндіктер де өмір сүреді. Олар – илеуді баспана ету үшін қулыққа барған басқыншылар. Мысалы, жапырақжегі (Clytra quadripunctata) жұмыртқаларын илеу маңына тастаса, материал жинайтын жұмысшылар оны илеуге байқаусызда әкелуі мүмкін. Сөйтіп, жұмыртқа, содан кейін дернәсілдер, ақырында құрттар – барлығына илеу иісі сіңеді. Осылайша, олар илеу иелерінің анықтауынан жалтарып, баспананы тіршілік ету үшін пайдаланады. Бір зерттеуде ғалымдар бір илеуден орта есеппен оннан астам түрлі түрді табуға болатынын растады.
Арндттың жобасы осы жәндіктердің өз ортасында болып жатқан тіршілікке әсер етуінің таңғаларлық әрі ерекше тәсілдерін көрсетеді. Ол құмырсқаларға кедергі келтірмеуге тырысса да, кейде үйге оралғанда үстінде өрмелеп жүрген құмырсқаларды тауып алып, илеуіне қайтарады.
Ескерту: Толығырақ иллюстрациялы материалды журналымыздың ақпандағы санынан оқуға болады.
Сізге мына материал да қызықты болуы мүмкін: «Құбыжық» теңіз бетінде не істеп жүр?